Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7412 0 пікір 7 Маусым, 2011 сағат 08:30

Мұхтар Мағауин шығармаларындағы қазақ мүддесі

Қарағанды облыстық Жайық Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасындағы жастардың «Бота» интеллектуалдық орталығында «Қазақ мүддесі: М. Мағауин мысалында» атты дөңгелек үстел болып өтті. Бұл шараны ұйымдастыруға мұрындық болған - Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің философия және психология факультетінің оқытушысы Қаршыға МҰҚЫШ.Жиылған жұртшылық жазушы Мұхтар Мағауиннің соңғы жылдары жазылған шығармаларын талдады. Атап айтқанда: «Қыпшақ аруы», Қылмыс», «Подонок», «Соңғы сөз», «Келде-мұнара». Енді осы пікір алмасуға қатысқандардың сөздеріне құлақ түрелік.

Қаршыға МҰҚЫШ (жүргізуші):

- Қазір бізде көркем сөз, оның ішінде проза жанры, өмірден алшақтап кетті, жазушылар қоғамның тамырын дөп басып, өмір шындығын бейнелей алмай отыр деген пікір бар. Шынында да, Совет өкіметі кезінде белгілі бір идеологияның сойылын соққан жазушылардың еркіндікке шыққан мына заманда не жазарларын білмей дағдарып қалғаны да рас. Бірақ қай заманда өмір сүрсе де өзінің жазушылық ұстанымына адал, алған бағытынан таймайтын, номенклатуралық биліктің ығына жығылмайтын, мәңгілік өлшемдерді темірқазық қылып алған жазушылар болады. Сондай жазушының бірі де бірегейі - Мұхтар Мағауин. Енді осы жоғарыда аты аталған шығармалар негізінде М.Мағауин феноменіне зер сала үңіліп көрсек.

Қарағанды облыстық Жайық Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасындағы жастардың «Бота» интеллектуалдық орталығында «Қазақ мүддесі: М. Мағауин мысалында» атты дөңгелек үстел болып өтті. Бұл шараны ұйымдастыруға мұрындық болған - Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің философия және психология факультетінің оқытушысы Қаршыға МҰҚЫШ.Жиылған жұртшылық жазушы Мұхтар Мағауиннің соңғы жылдары жазылған шығармаларын талдады. Атап айтқанда: «Қыпшақ аруы», Қылмыс», «Подонок», «Соңғы сөз», «Келде-мұнара». Енді осы пікір алмасуға қатысқандардың сөздеріне құлақ түрелік.

Қаршыға МҰҚЫШ (жүргізуші):

- Қазір бізде көркем сөз, оның ішінде проза жанры, өмірден алшақтап кетті, жазушылар қоғамның тамырын дөп басып, өмір шындығын бейнелей алмай отыр деген пікір бар. Шынында да, Совет өкіметі кезінде белгілі бір идеологияның сойылын соққан жазушылардың еркіндікке шыққан мына заманда не жазарларын білмей дағдарып қалғаны да рас. Бірақ қай заманда өмір сүрсе де өзінің жазушылық ұстанымына адал, алған бағытынан таймайтын, номенклатуралық биліктің ығына жығылмайтын, мәңгілік өлшемдерді темірқазық қылып алған жазушылар болады. Сондай жазушының бірі де бірегейі - Мұхтар Мағауин. Енді осы жоғарыда аты аталған шығармалар негізінде М.Мағауин феноменіне зер сала үңіліп көрсек.

Бақытжан РАҚЫМЖАНОВ, философия ғылымдарының кандидаты, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМу-дың аға оқытушысы:

- М.Мағауиннің жазушылық кредосының алтын тіні - ұлттық мүддеде жатыр. Ол өзінің әйгілі, жұртшылық тарапынан талай дау-дамай туғызған, «МЕН» атты ғұмырбаяндық хамсасында «МЕН деген - Қазақ. Менің жауым - Қазақтың жауы» деп өз ұстанымын ашық айтады. Кейбір үстірт ұққандар жазушының өзіндік «Менін» өзімшілдік «мен» - Эго-менмен шатастырып біраз бастары қатты. Қаламгердің қай шығармасын алсақ та, ұлттық мүдде  бірінші орында тұрады. Егер жазушы Совет өкіметі кезінде осы позициясын бүркемелеп, астарлап, әртүрлі әдеби әдіс-тәсілдер арқылы жеткізген болса, ендігі бұғаудан босаған еркін заманда ашық айтатын болды. Оған дәлел, әсіресе, бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған «Қылмыс», «Подонок» атты шығармалары.

Омар ЖӘЛЕЛ, Е. А.Бекетов атындағы ҚарМу-дың философия және психология факультетінің аға оқытушысы:

- Бақытжанның сөзінің жаны бар. Шынында да, осы аты аталған екі шығарманың прототиптерін жұрттың бәрі біледі. Шығармаға негіз болған оқиғалар нақты өмірден алынған. Оқиғалар көпшіліктің көз алдыңда өрбіді. «Қылмыс» атты әңгімедегі бас кейіпкердің аты «Алпамыс» деп тегіннен-тегін алынып отырған жоқ. Батырлар жырындағы Алпамыс пен бүгінгі Алпамыстың арасында ұқсастықтар көп. Екеуі де ел үшін туған ерлер. Айырмасы - эпостық Алпамыс елдік жолында бар мұратын хасыл қылған асыл ер. Тәңірі жүктеген қарызы мен парызын абыроймен атқарып, халқының мақтанышы мен мерейіне айналған тұлға. Ал әңгімедегі талантты тарихшы-ғалым Алпамыс, боламын деп, бола алмай қалған, қате басқан ғапыл ісінің нәтижесінде басын жойып тынған; сөйтіп, ерекше талант пен қабілет беріп жаратқан, жарата отырып нар көтерер парыз бен қарыз жүктеген Алланың аманат жанын сақтай алмаған трагедиялық тұлға. Сол үшін де ол - қылмыскер. Ұлттық мүдде тұрғысынан алып қарағанда ол өз ұлтына өлшеусіз зиян шектірді. Бірақ, бұл - қылмыстың жеңілі. Ең үлкен қылмыс - жесір қалған әйел, жетім қалған ұл; сол ұлдан болашақта өз халқына жау - Подоноктың өсіп шығуы. Осы қылмысы үшін «...қапада өтіп кеткен аруақты көрден сүйрей-сілкіп тұрғызып, қатал жауапқа тартқың келеді екен. Өйткені, ұлтқа қарсы қылмыс - кешусіз, ешқашан ескірмейді» дейді ашынған қаламгер. Әрбір талантты тұлға өзін ұлттық мұрат-мүдде тұрғысынан түйсінгенде ғана, өзінің қабілет-қарымын, талантын ерекше сый, сыбаға деп қана қарамай, Тәңірі тарапынан берілген қарыз, аруақтың аманаты деп түсінер еді. Түсінген адам ғана ғапыл істен сақ болар еді. Жазушының шығармалары оқырманды сөзсіз осындай ойларға жетелейді... Талантты тарихшы, болашағынан көп үміт күттірген, қазақтың шынайы тарихын жазып, отар елдің құлдық санадан арылуына демесін болуға тиіс Алпамыстың жарының аты - Мара... Үнді-Будда әфсанасындағы шайтанның (демон) аты. Болашақ Будда, ал әзірге Сиддхартха Гаутаманың санасы нұрланып, көкірек көзі ашылар алдында азғыратын шайтан. Бұл есімді тандауда да үлкен рәміздік мән бар ғой деп ойлаймыз. Орыс қолды, орысша тәрбиеленген, үлкен партия қызметкерінің қызы. Ұлттық санада тәрбие алған Алпамысқа мүлде қарама-қарсы тұлға. Бірақ жігітті еліктірді, сүйді, сүйгізді... Кейіннен Алпамыс опат болғаннан кейін, жетім ұл, болашақ Подонок, нағашыларының қолында тәрбиеленді...

Қаршыға МҰҚЫШ:

- Енді жазушының келесі бір соқталы шығармасы «Қыпшақ аруы» туралы сөз қозғасақ. Қалың көпшілік тарапынан резонанс тудыратындай бұл шығарманың ерекшілігі неде деп ойлайсыздар?

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, сазгер, «Қазақстан-Қарағанды» телерадиокомпаниясының тележурналисі:

-  «Қыпшақ аруы» - жазушының өзі айтқандай «Ата-бабалардың сұлулық пен тазалық, мінез бен парасат, құт пен кие туралы ұғымының мәңгілік көрінісі». Жазушы бұл шығармасында қазіргі мен өткенді жалғастыруға ұмтылады. Өйткені «Қазақ қазіргі советтік-отарлық құлдық санадан құтылуы үшін өзінің ата-бабаларының даңқты тарихын тануы керек. Біздің кім болғанымызды. Қазақ қана емес, қалың жұрт та» («Қылмыс»). Шынында да біз кім болғанбыз? Талантты мүсінші Саржан. Совет кезеңінде өмір сүрген. Идеологиялық тапсырыстарды орындап табысқа жеткен. Атағы да баршылық. Бірақ өз-өзіне көңілі толмайды. Істеген ісіне, сомдаған мүсіндеріне. Еуропаша білім алған. Жаны да, қаны да қазақ. Бірақ ұлттық өнердің тұңғиығына бойлауға тарихи санасы кемшін. Сөйтіп жүргенде кездейсоқ Жазушымен кездеседі. Жазушы-ұлттық мәдени кодтың иесі. Мүсіншіге жол нұсқайды (Қыпшақ өнерінің озық үлгісі - балбал тастар арқылы). Саржанның эпопеясы осы кезден басталады. «Қыпшақ аруы» - тас мүсін - Саржанның өз-өзін табуға көмектеседі. Өнердің құдіреті. Ұлттық өнердің кереметі де сол емес пе: қатарынан асып туған мүсіншінің сана түкпірінде бұғып жатқан архетиптерін, кодтарын оятады. Қазақша айтсақ - аруағын оятады, тірілтеді. Балбал тас - аруақтың жер бетіндегі бейнесі. Аруақ-тірі. Балбал тастың айналасында ұшып жүр. Қыпшақ аруы - Айсұлу бегім -12 ғасырда жасаған Кебек ханның ортаншы ұлы бедізші Саржанның жары. Баладан қайтқан. 30 жасында. Сол кезде мүсіні қашалған. Өзі аруаққа айналған. Саржан жарының ғана емес, өзінің де мүсінін жасаған. Екеуі де қайтыс болғаннан кейін, өздері аруаққа айналып, балбал тас мүсіндері қол ұстасып, иық түйістіріп ежелгі Қыпшақ қонысында 600 жыл тұрған. Сайын даланың құты да, иесі де, айбары мен айдыны да өздері болған. Кейіннен ежелгі қыпшақ жұртының басынан бақ тайғанда Саржанның мүсіні қиратылған. Ақыры рухы 20 ғасырдағы талантты мүсінші Саржан Көбеков ретінде қайта туған. Қазақша айтсақ, Саржан - аруақ қонған, аруақты ер. Енді өзінің де, жары - Айсұлу бегімнің де мүсінін толық қашап шығуы керек. Сонда ғана аруақ толық тіріледі. Қалпына келеді. Осылайша мүсінші өнердегі ең биік мұратына ұмтылады. Өнердің шыңына жеткенде ғана сурет, жансыз мүсін тірілмек. Сөйтіп өзін-өзі жоғалтып таба алмай жүрген мүсінші Саржан Көбеков «мазмұны да, формасы да ұлттық» бірегей өнер туындысын жасау арқылы өзін табады. Жарымен қауышады. Кауышады да аруаққа айналып 12 ғасырға бір-ақ өтіп кетеді. Әрине, совет кезеңінде реалистік роман дәстүрінде тәрбиеленген оқырман үшін мұның бәрі мистика, елес болып көрінуі заңды. Жазушы бұны да алдын ала қарастырған. Реалист оқырманның кейпіндегі рөлді Жазушы өзі атқарады. Таң қала отырып, өз бойындағы күмән мен тұманды, сезік пен сескеністі қатар жеңе отырып, өзі де әрең сенеді, оқырманды да сендіреді.

Мартбек ТОҚМЫРЗА, сатирик, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМу-дың журналистика кафедрасының оқытушысы:

-«Қыпшақ аруы» - жазушы қиялының жемісі. Қиял арқылы даңқты бабаларымыздың заманына өтіп, сол ерлікке толы, жарым дүниені билеп отырған, сән мен салтанат, байлық пен дәулет кенересіне жеткен шын өмірді тірілтеді. Тірілте отырып кеше кандай едік, бүгін қандай болдық, болашақта тағдырымыз не болмақ деген алаң мен уайым, күдік пен үміт аралас сауалдарын қояды. Жазушы отарлық-құлдық санадан әлі де болса арылып болмаған қазақ оқырманынын тарихи-ұлттық санасын қалыптастырудың ең бір ұтымды әдісін пайдаланған. М.Мағауин қолданған әдеби әдіс-тәсіл Батыс әдебиетінде ішінара болса да қолданылады. Мысалы, 19 ғасырда өмір сүрген ағылшын жазушысы Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» (1891) атты шығармасында осыған ұқсас тұстар бар. Суретші салған кейіпкердің жаны суретке көшіп, сурет иесімен бірге қартаяды. Кейіпкер жасаған бүкіл күнә мен бассыздықтардың табы мен таңбасы суреттің бетіне түсіп отырады.

Қаршыға МҰҚЫШ:

- Жазушының келесі бір шығармасы - «Келде-мұнара» деп аталады. Ұлттық тұрғы, адами болмыс, адамзаттық мәдениет тарапынан кең келемде қарастырар болсақ, бұл шығарма - әрі ескі, әрі жаңа, өзгеше сыпатта жазылған. Тіпті, көне тарих қойнауларын ақтарғанына қарамастан, бұл шығарманы футурологиялық (болашақты болжау туралы ғылым) десе де болатын сияқты. Бұл хақында Сіздер айтасыздар?

Бүркіт НҰРАСЫЛ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМу-дың филология факультетінің 5 курс студенті:

-      Адамның бас сүйегінен мұнара тұрғызу -       барып тұрған жауыздық, адамды қорлаудың, үркітіп-қорқытудың шегі. Жазушының бала кезінде Әбіш ақсақалдан естіген «Қабанбай батыр» жыры көңілінде өшпес із қалдырады. Қырғыздар қазақтардың басынан келде-мұнара тұрғызады. Ал қазақтар ше? Жоқ! Атамаңыз, - Әбіш ақсақал шошып кетеді. - Қазақтар ондайға ешқашан да бармаған. Яғни, шектен шыққан жауыздық қазақтыққа жат. Бірақ осы кісілігіңнен тапқан пайдаң кәне дейді жазушы. Қол жиып, есе қайтаруға барған хан Абылай қырғыз ханы Садырбаланың сегіз ұлымен қоса басын шауып, тоғызыншысын, кенжесін, тірі қалдырады. Абылай хан екені рас болса, тұқымымды құртпайды, сені тірі қалдырады. Ал сен осы көргеніңді ешқашан ұмытпа, -дейді ақтық сөзге мұрсат алған Садырбала хан. Сонда Абылай «әттеген-ай» деп бармағын шайнапты. Кейіннен ханның осы аяушылығы алдынан шығып, Кенесары мен Наурызбайдың басын жалмайды. Қазақтардың кісілігі кімге дәрі? Халықаралық, мемлекетаралық, ұлтаралық қатынастарда кісілік бар ма өзі, - дейді жазушы. Әрине, жоқ. Келде-мұнараны алғаш тұрғызған Әмір Темір. Кейіннен ақ нәсілді Еуропа Теміріңнен де асып кетті. Адам өлігі тау боп үйілді. Ағылшындар мен испандар қос Американың жергілікті халқын тұтастай қырып салды. Бірақ Әмір Темірдің бұл саладағы біріншілігіне адамзат ешқашан жете алмайды. Өйткені әлем қазір Темір сызып берген жобамен жылжып келеді. Бірінің бастарына бірі тояр емес. Дария боп аққан қанға сусыны қанар емес. Қайта араны ашыла түскен. Еңді ең соңғы келде-мұнара қалды дейді жазушы. Ол - әзірше айналып тұрған жер шары. Адамзат осы қарқынынан таймаса, жер шары енді бір 500 жылдан кейін тау боп үйілген алып келде-мұнараға айналмақ. Бұл шығарма - ескерту. Нәпсісін тыя алмай, аждаһаның аранына бірте-бірте жұтылып бара жатқан адамзатты арашалап қалуға жасалған ұмтылыс.

Қаршыға МҰҚЫШ:

- Енді бүгінгі пікір алмасуымыздағы соңғы шығарма қалды. Ол - «Соңғы сөз» деп аталады. Қауіп пен қатерге толы жазушылық ғұмырында өзінің ақтық сөзін ойланбайтын қаламгер кемде-кем. Көбі - ол сөзді соңғы демі таусылар сәтте айтады. Ал Мұхтар Мағауин - алдын ала айтып отыр. Шын сөзі. Риясыз көңілден шыққан сөз. Бұл сөзге сенетініміз - бұл сөздер жазушының өмірлік ұстанымы, азаматтық позициясы. Бұл «соңғы сөз» Мағауин шығармашылығының өн бойында алтын желі боп тартылған. Оны көзі қарақты оқырман біледі. Ендеше, бұл шығарманы талқыға салуды кейінгіге қалдыра отырып, қаламгердің «соңғы сөзін» тұтастай оқып шығайық. Әрі бұл біздің дөңгелек үстеліміздің қорытынды сөзі де болсын.

«О, жаңа өспірім ұрпағым! Алаш ұраны бәрінен де жоғары! Туған халқыңның ұлттық мүддесі бәрінен биік! Кеуделерінді көтеріңкі ұстандар. Бабалардың бар мұратын берік тұтыңдар. Байырғы мекен, байтақ қонысты сақтаңдар. Ынтымақ, мейірден айырылмаңдар. Аруақтың аманаты ұмытылмасын. Сонда мәңгілік салтанатқа жетесіңдер!»

Осыншама ұзақ өсиет айтуға мүмкіндік таппасам, екі-ақ ауыз сөз: «Қайран Қазақ! Ежелгі ерлігіңді тап! Қасиетіңді қалпыңа келтір!» Ақырғы тәсілім сәтте оған да дәрменім жетпей қалса, міне, алдын ала айтып қойды деп есептеңіз: «О, Тәңірім! Қазақ елін қолдай гөр!...»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445