"Ақ жол" партиясы "Алашқа тағзым" шеруін өткізуді ұсынды
"Ақ жол" демократиялық партиясы Қазақстан астанасында "Алашқа тағзым" шеруін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл туралы "Абай-ақпарат" хабарлайды.
Аталмыш шараны 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде, Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өткізу үшін қала әкіміне ресми ұсыныс хат та жолданған екен. Хатты партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жазған.
Онда шараның мақсаты мен өткізу кезеңдері тәптіштеп жазылған.
"31 мамыр Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Өзіңізге белгілі, сталиндік режим кезінде репрессияға ұшырағандардың басым көпшілігі Алаш-Орда қазақ ұлттық автономиясының және "Алаш" қозғалысының қатысушылары болғаны белгілі. Оның жүз жылдығына орай 2017 жылы шетелде және елімізде түрлі шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Алашорда көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы қозғалыстың тарихи маңыздылығын Қазақстан Тәуелсіздігінің хабаршысы ретінде бірнеше мәрте атап айтқан еді.
Осыған байланысты, "Ақ жол" демократиялық партиясы жыл сайын (ағымдағы 2019 жылдан бастап) Тәуелсіз Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтан қаласында 31 мамыр күні тотолитаризм жылдары репрессияға ұшыраған және құрбаны болған "Алаш" қозғалысының қайраткерлері мен қатысушыларының портреттерімен жүріп өтетін азаматтардың шеруін өткізуді жоспарлауда", деп жазылған Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Бақыт Сұлтановтың атына жолданған хатта.
Шараға жалпы көлемі 3-5 мың адамдай атысады деп жоспарлануда. Шерудің маршруты 3,5 км. Алаш арыстарын еске алу шеруін өткізу үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне арнайы өтініш те жазылған екен.
Abai.kz