«Атамекен» экономика саласындағы қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге үлес қосуда
Қазіргі таңда Қазақстанда экономика саласындағы қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге, мемлекеттік органдардың рұқсат беру жүйесін және тексеру-қадағалау қызметін реформалауға ерекше мән берілуде. Кәсіпкерлер үшін аса маңызды бұл істерден «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы шет қалып отырған жоқ, біліктілік танытып, ел экономикасы үшін маңызды мәселелерді оңтайландыруға бар күшін салуда. Бұл сөзімізге «Атамекен» одағы» ҚҰЭП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың өкімімен ағымдағы жылдың 25 сәуірінде «Атамекенннің» Кәсіпкерлік қызмет саласындағы заңнаманы ырықтандыру жөніндегі жұмыс тобы құрылғандығы айқын дәлел бола алады.
Қазіргі таңда Қазақстанда экономика саласындағы қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге, мемлекеттік органдардың рұқсат беру жүйесін және тексеру-қадағалау қызметін реформалауға ерекше мән берілуде. Кәсіпкерлер үшін аса маңызды бұл істерден «Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы шет қалып отырған жоқ, біліктілік танытып, ел экономикасы үшін маңызды мәселелерді оңтайландыруға бар күшін салуда. Бұл сөзімізге «Атамекен» одағы» ҚҰЭП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың өкімімен ағымдағы жылдың 25 сәуірінде «Атамекенннің» Кәсіпкерлік қызмет саласындағы заңнаманы ырықтандыру жөніндегі жұмыс тобы құрылғандығы айқын дәлел бола алады.
Ал одан сәл бұрынырақ «Атамекен» одағы Төралқасының мәжілісі өтіп, онда қылмыстық заңнаманы одан әрі ырықтандыру мәселелері жөніндегі заң жобасы талқыланған болатын. Онда сөз сөйлеген «Атамекен» одағы» ҚҰЭП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев ырықтандыру тек қана қылмыстық заңнаманы ізгілендірумен шектелмеуі тиістігін атап көрсетті. «Атамекен» одағының қарауына бұл құжатты ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоганн Меркель ұсынған-ды. Оның айтуынша, заң жобасында экономика саласында жасалған қылмыстар үшін санкцияларды ізгілендіру, бас бостандығынан айырумен және келтірілген зиянға төленетін өтемақыны қосқандағы жауаптылықтың экономикалық шараларын ынталандырумен байланысты жазаны кеміту жөніндегі шаралар кешені қарастырылған.
Осыған байланысты Тимур Құлыбаев «бизнес сөз жоқ, қылмыстық жазаларды экономикалық санкциялармен алмастыруды қолдайтынын» жеткізді. «Алайда бұл медальдің бір жағы ғана», - деп атап өтті ол. Оның пікірінше, қылмыстық құқықты ізгілендіру - Мемлекет басшысы талап етіп отырған әлеуметтік-экономикалық жаңғыру процесінің бір бөлігі болып табылады. Сондықтан да қылмыстық құрамдауыштан бөлек ырықтандыруға экономикалық реттеу, салықтық қарым-қатынастар, инвестициялық ахуал, іскерлік ортаны қалыптастыру тәрізді мәселелер кіруі тиіс. Осыған байланысты «Атамекен» одағы» ҚҰЭП Төралқасының төрағасы: «Біздің көзқарасымызша, кәсіпкерлік қызметті құқықтық реттеудің әдіс-тәсілдерін салмақты түрде қайта қарастыратын мерзім жетті. Біз экономикада бизнесті іскерлік белсенділікке жетелеуді тежейтін емес, керісінше тартатын құқықтық жүйені қалыптастыруымыз қажет», - деп мәлімдеді. Осы орайда Т. Құлыбаев «Атамекенге» экономика саласындағы заңнаманы нақты ырықтандыратын ұсыныстар топтамасын әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы одан әрі ырықтандырудың перспективасы жайлы айтқан Құлыбаев, заңнамалық бастаманың мемлекеттік органдарға ғана тиесілігі және кейіннен дәл солардың мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы қалыптасатын ережені құратыны бизнес үшін проблема екендігін атап көрсетті. Бұған айқын мысал ретінде ол Салық кодексіне түзетулерді Салық комитеті, ал қылмысты қудалау туралы заң жобасын Қаржы полициясы әзірлейтін фактілерді келтірді. Сондықтан да Палата үшін өздерінің ұсыныстарын тәжірибеде енгізу бірінші кезектегі маңызға ие болып табылады. Осыған байланысты «Атамекеннің» жетекшісі басқарушы партияның экономикалық тұғырнамасына тікелей ықпал ету үшін «Нұр Отан» ХДП-мен өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап көрсетті. «Бұндай өзара іс-қимылға барлық негіз бар», - деген Т. Құлыбаев, Палатаның басқарма төрағасы партияның Саяси кеңесі бюросының мүшесі болып табылатынын, көптеген «атамекендіктер» түрлі деңгейлерде «Нұр Отанның» органдарына кіретіндігін айтты.
Сонымен қатар Тимур Құлыбаев шетелдік тәжірибеге, атап айтқанда Австрияның федералдық экономикалық палатасының тәжірибесіне назар аудартты. Бұл палата заңнамалық бастама көтеруде жеке құқыққа иелік етеді. «Перспективада, ұйымның кәсібилігінің шыңдалғанына қарай, экономикалық мәселелер бойынша заңнамалық бастаманың осындай құқықтарын Ұлттық экономикалық палатаға бөліп беру туралы мәселені зерттеуге болады», - деген ұсыныс айтты ол. Оның пікірінше, бұл функция қысқа мерзімде заңнаманы кешенді ырықтандыруға және елімізді экономика мен бизнесті дамыту бойынша лидерлердің қатарына шығаруға мүмкіндік береді. «Қазақстандық бизнестің жетекші бірлестігі ретіндегі біздің мандат пен біздің міндет - жеке сектордың дамуы, технологиялық және өндірістік тұрғыдан топ жару, инвестицияларды ынталандыру, қазақстандық экономиканы Еуропа мен әлемнің дамыған елдерінің деңгейіне шығару үшін барынша жайлы жағдай жасау», - деді Т. Құлыбаев.
Жалпы «Атамекен» одағының экономика саласындағы қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге айрықша мән беріп отырғандығы 12 мамырда өткен жоғарыда айтып өткен Кәсіпкерлік қызмет саласындағы заңнаманы ырықтандыру жөніндегі жұмыс тобының отырысында айқын білінді. Жетекшілері Т. Құлыбаевтың тапсырмасы бойынша «атамекендіктер» қылмыстық заңнаманың экономикалық қылмыстарды реттеу бөлігін жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын әзірлеген. Бұл орайда, атамекендіктер ҚР Қылмыстық кодексінің 22-ші бабы бойынша қылмыстық жазалауды әкімшілік құқық бұзушылықтық жауапқа тартумен алмастыруды ұсынып отыр. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 190-шы және 208-ші баптарынан «ірі мөлшерде пайда тапқаны үшін» деген ұғымды және сол үшін қарастырылатын қылмыстық жауапкершілікті алып тастап, тек ірі көлемде залал келтірген қылмыстар үшін ғана қылмыстық жауапкершілікті қалдыру ұсынылуда. Атамекендіктердің ұсынысы бойынша, экономика секторындағы қылмыстық жауапкершілік мемлекетке, қандай да бір ұйымға немесе жеке азаматтарға залал келтіргенде, зияны тигенде ғана қарастырылуы шарт. Бұдан бөлек, «Атамекен» одағы тарапынан экономикалық қылмыстар үшін айыппұл мөлшерін арттыруға қатысты жауаптылықтың жаңа түрін енгізу туралы ұсыныстар жасалатын болады. Мәселен, материалдық шығынды екі есеге дейін өтеп беру. Бұл негізінен әкімшілік жауапкершілік аясында аса ауыр емес 11 экономикалық қылмыстар бағытында қарастырылатын болады.
Осылайша «Атамекен» одағы экономика саласындағы қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге елдегі бизнес-қоғамдастықтың қара шаңырағы ретінде айрықша үлес қосып отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2020 жылға қарай «Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құруы тиіс» деген міндет қойғаны белгілі. Бұл межені кәсіпкерлікке барлық жағынан қолайлы жағдай жасағанда ғана бағындыруға болатынын билік жақсы түсініп отыр. Сондықтан да «бизнес еркін тыныстап, қанатын кеңге жая түсуі үшін» заңнамалық тұрғыдан барлық дүниелер қамтамасыз етілуде. Бұл күндері Парламент қабырғасында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Бұған қоса 12 мамырда өткен Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысында Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңға өзгертулер енгізілетін заң жобасын Парламентке 2011 жылдың соңына қарай енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Осының барлығы мемлекет тарапынан бизнес қоғамдастықа көрсетіліп жатқан теңдессіз көмек екені сөзсіз. «Бизнестің жол картасы-2020», «Өнімділік-2020» бағдарламаларын, сондай-ақ кәсіпорындар мен қаржы жүйесін дағдарыстан кейін қалпына келтіру бағдарламасын әзірлеуге тікелей атсалысқан «Атамекен» одағы бұл іске де бел шешіп кірісетіндігіне сенім мол.
Арман БАЙЕКЕ