Айхан ШӘРІП . Елбасы Ислам елдерін модернизациялауды ұсынды
Кеше, Тәуелсіздік сарайында 7-ші Дүниежүзілік исламдық экономикалық форум салтанатты түрде ашылды. Бұл рәсімде алдымен, қасиетті Құран кәрімнің аяттары оқылып, жиналған қауым қазақ жерінде алғаш рет өтіп отырған иісі мұсылманның осынау экономикалық саммитінің сәтті болуын ниет етті. Осылайша Астана Малайзияның Куала Лумпуры, Пәкістанның Исламабады, Кувейттің Кувейті, Индонезияның Джакартасы сынды, бір Аллаға ғибадат еткен ислам әлемінің осындай құрылтайын ұйымдастыру құрметіне ие болған ірі орталықтарының қатарына қосылды. Жаһандық жиынға қатысу үшін 45 елден жиылған екі мыңдай қонақпен бірге, Малайзия үкіметінің басшысы Дато Шри Мохд Наджиб Тун Абдул Разак, Джибути президенті Исмаил Омар Гелле, Индонезия вице-президенті, доктора Боедионо және басқалары қазақ еліне ат арылтып жеткен.
Кеше, Тәуелсіздік сарайында 7-ші Дүниежүзілік исламдық экономикалық форум салтанатты түрде ашылды. Бұл рәсімде алдымен, қасиетті Құран кәрімнің аяттары оқылып, жиналған қауым қазақ жерінде алғаш рет өтіп отырған иісі мұсылманның осынау экономикалық саммитінің сәтті болуын ниет етті. Осылайша Астана Малайзияның Куала Лумпуры, Пәкістанның Исламабады, Кувейттің Кувейті, Индонезияның Джакартасы сынды, бір Аллаға ғибадат еткен ислам әлемінің осындай құрылтайын ұйымдастыру құрметіне ие болған ірі орталықтарының қатарына қосылды. Жаһандық жиынға қатысу үшін 45 елден жиылған екі мыңдай қонақпен бірге, Малайзия үкіметінің басшысы Дато Шри Мохд Наджиб Тун Абдул Разак, Джибути президенті Исмаил Омар Гелле, Индонезия вице-президенті, доктора Боедионо және басқалары қазақ еліне ат арылтып жеткен.
Кеше Елбасы айтқандай, қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы қадым замандардан тамыр тартады. Біздің байтақ даламызға ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Жаратқан Иеміз Қазақстанға аса бір жомарттықпен, тағылымды тарих, қолайлы жағрафиялық мекен берген. Осылайша еліміз ислам мен батыс өркениеттері арасында достық диалогқа дәнекер болудың тамаша мүмкіндігіне ие болды. Қазір ислам әлемі өзінің бөлінбес бөлшегі болып табылатын қазақ дүниесімен мақтана алады. Мұны ашылу рәсіміндегі сөзінде Дүниежүзілік исламдық экономикалық форумның төрағасы Тун Муса Хитам мырза да білдіре кетті (айтқандай, Муса Хитам Малайзияның жоғарғы марапатын - «Тун» титулын осы ел королі Янг Ди Пертуан Адонг қолынан елге сіңірген еңбегі үшін алған).
- Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында алған асулары мен қол жеткізген жетістіктері ғажайып, - деді мәртебелі мейман, - қазақ елінің 20 жылдық үдемелі даму үдерісінен кейінгі бүгінгі бет-бейнесі кез келген адамды таңғалдырады! Ал осы жас мемлекеттің жүзі жарқын елордасы - Астана қаласы көздің жауын алады. Бұл - Қазақстанның жетістігі мен жеңісі, осы елдің өзінің табиғи байлығын тиімді пайдалана білуінің айқын көрінісі! - деген ДИЭФ басшысы қазақтардың зор табыстарға жетуінің шарты қандай болғандығын қысқаша тұжырымдай кетті. Оның байламынша, «бөлінгенді бөрі жейді» дейтін қазақ елі сыртқы әлем үшін есігін айқара ашты, жекеленіп, кергуге емес, одақтасып, кірігуге ден қойды. Қазақстанда, оның ойынша, тілдік, діндік және басқа да рухани тосқауылдар ойдағыдай шешіліп келеді. «Сол себепті бүгін біз қазақтың дархан даласында бас қосып, осынау ауқымды іс-шараны өткізіп отырмыз! Бүгін біз жаһандық экономиканың өзгеруіне, көптеген ұлттар мен ұлыстардың бірігуіне куәгер болудамыз!» деді Тун Муса Хитам.
Дөңгеленген дүниенің әр шартарабынан жиылған мәртебелі меймандарға «Қазақ жеріне қош келдіңіздер» айтқан Қазақстан Президенті Н.Назарбаев осынау жаһандық форумды Астанада өткізуге шешім қабылдағаны үшін ДИЭФ Қорына және оның төрағасы Тун Муса Хитам мырзаға алғыс айтып, ілтипат білдірді.
Қазақстан көшбасшысы, әрине, араб әлемін жайлаған аласапыран тақырыбын айналып өте алмады. «ХХІ ғасырдың жаңа онжылдығы мұсылман үмбеті үшін ауыр сынақтармен басталуда, - деді жиналғандарды шола қараған Нұрсұлтан Назарбаев, - әлемдік қаржы дағдарысы, азық-түлік импортына тәуелділік, жастар мәселесі және басқа да түйткілді жайттар Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген дүрбелең туғызды. Тунис пен Мысырдағы саяси режімнің ауысуы, Ливия ұшыраған гуманитарлық зауал жүздеген мың босқындардың пайда болуына әкеліп соқтырды». Ол мұсылман үмбеті бастан кешіп отырған қиыншылықтарды жасырмай, ашық айтты. «Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдерінің көштің соңында қалуы анық байқалды, - деді Қазақстан Президенті, - бір жарым миллиардқа жуық адамды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр. Ислам дінінің діңгегі біртұтас екені бәрімізге ақиқат. Бірақ ислам әлемі даму үлгілерінің анағұрлым қайшылығы бар әртүрлі аймақты қамтиды» деді ол.
Осы орайда кеше Қазақстан көшбасшысы ДИЭФ мінберінен мұсылман қауымына қайырылып, Ислам әлемін модернизациялау-ды ұсынды. Әрине, бұдан «Ислам діні дағдарысқа ұшырады» деген қате һәм қатерлі түсінік тумауы керек. Елбасы осыны ұқтыруға асықты: «Исламның өзі дін ретінде ешқандай дағдарысқа түсіп тұрған жоқ! - деп нықтады Нұрсұлтан Назарбаев. - Бұл - қазіргі дүниедегі ең қарқынды тарап келе жатқан дін! Дағдарысты бастан кешіп отырған - Ислам дүниесінің бірнеше аймағы. Және де қоғамды модернизациялау исламның өзінің негіздерін бұрмалау деген сөз емес!» деген ол, Ислам әлеміндегі жаңғыру «алдымен, технологиялық, ғылыми және экономикалық дамуға байланысты» екендігін нақтылады. Елбасы жаңғыруға деген зәрулікті қайдан шығарып, айтып отыр?
- Әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын мұсылман әлемі өзінің экономика саласындағы әлеуетіне мүлдем сай келмейді, - деп түйді Н.Назарбаев. - Мысалы, үлкен сегіздіктің ішінде мұсылман үмбетінен бірде-бір ел жоқ. Бұл - ислам экономикасының әлемдік ауқымдағы нақты салмағының айқын көрінісі, - деген ол әлемнің әр қиырынан келген мұсылман қауымы ортасына бірнеше сауал тастады: Үздік жоғары оқу орындарының алғашқы жүздігінде қанша ислам мемлекеттерінің университеттері бар? Ислам дүниесінің ішінен соңғы жиырма жылда жаратылыстану және техника ғылымдары саласы бойынша Нобель сыйлығының қанша лауреаты шықты? Ислам әлемінде қанша жаһандық технологиялық инновация өмірге жол ашты? «Біз бұл сауалдарды алдымен өзімізге қойып, таяу болашақта лайықты жауабын беруіміз қажет деп санаймын!» деді Қазақстан Президенті. Әрине, тәубе дегізер жетістіктер де баршылық. Белсенділік, жаңалыққа құштарлық, әрекетшілдік идеологиясы мұсылман қауымына да тән. «Біз бүгінгі әлемде уақыт талабына толықтай жауап бере алатын мұсылман елдерін де көріп отырмыз, - деп атап өтті Мемлекет басшысы, - ақпараттық қоғамның, өнеркәсіптік және қаржылық саладағы техологияның жетілген үлгілері баршылық. Ислам әлемінде бәсекеге қабілеттіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отырған елдер де бар» деген ол, мұның барлығын өткен кезеңде ғана емес, болашақта да «Ислам әлемінің қарқынды және жедел дамумен тамаша үйлесім таныта алатындығының жарқын айғағы» деп бағалады. Әйткенмен, Н.Назарбаевтың нық байламынша, мұсылман елдерін айтарлықтай модернизациядан өткізуді қолға алмасақ, «тарихи тұрғыдан артта қалу тағы да жүз жылға созылып кетуі мүмкін!»
Сондықтан Елбасы осындай жаңғырудың дәл әрі теңгермелі үлгісін таңдап, бір жарым миллиард мұсылман үмбетінің дамуына ортақ үлес қосу туралы идея айтты.
Кеше ресми Астана мұсылман елдеріне бірлесіп жүзеге асыруды көздейтін бірқатар бастамаларды ұсынды. Оларды ел басшылығы былайша тұжырымдады. Қазақстан мемлекетінің басшысы «Исламдық Үлкен ондық (G10)» түзу туралы идеясын жариялады. «Ислам әлемі елдерінің экономикалық ынтымақтастығы шеңберінде жаңа бағыт қалыптастыру қажет, - дейді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, - бұл үшін Дүниежүзілік Ислам Экономикалық Қоры негізінде он жетекші мұсылман қауымдастығы елдері экономикасы тобына арналған сұхбат алаңын жасауды ұсынамыз» деген ол, мұсылман үмбетінің мол ресурстары «инвестициялық ынтымақтастық үшін қуатты қаржы көздерін қалыптастыруға мүмкіндік беретіндігіне» сенім білдірді.
Елбасының екінші ұсынысы - төрағалық тізгіні жыл ортасында Қазақстанның қолына табысталатын Ислам конференциясы ұйымының мүдделі елдерінің қатысуымен Халықаралық инновация орталығын құру болды.
Үшіншіден, Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша, Ислам әлемі елдерінде мемлекет ұстыны - шағын және орта бизнесті өркендетуді мақсат ететін ДИЭФ-тің арнайы жұмыс тобы құрылуы керек. «Бұл ретте, Ислам Даму Банкі жанынан шағын және орта бизнестің арнайы қорын құру мәселесін осы форумда талқылаған жөн болар еді, - деп тарата түсті ойын Президент, - біз исламдық қаржыландыру тетіктерін тарту тұрғысынан мұсылман елдерімен ынтымақтастық жасауға мүдделіміз». Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы ислам инвестициясының таяу жылдардағы өсу мүмкіндігі ондаған миллиард долларға дейін жетеді екен. Бұл мәселе кеше, форум аясында жеке талқыға салынды.
Н.Назарбаев мұсылман елдеріндегі алыс-беріс және барыс-келіс жайына да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, біздің елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтудің маңызды шарты - көлік-коммуникациялық және логистикалық желінің болуы. Осы тұста Елбасы Ислам Даму Банкіне Қазақстан-Түрікменстан-Иран, Парсы шығанағы темір жол құрылысын қаржыландыруға белсенді түрде қатысуды ұсынды. Жалпы құны бір жарым миллиард долларды, ал ұзындығы 963 шақырымды құрайтын бұл темір жол діндес елдердің қарым-қатынасына, экономикалық саудаға әсерін тигізер еді.
ДИЭФ мінберінен Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында, Ислам конференциясы ұйымы аясында, азық-түлік көмегін көрсету жүйесін әзірлеуді ұсынды. Осы орайда ол, ИКҰ мүше мемлекеттері үшін, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы - FАО үлгісінде, аймақтық қор құру идеясын ортаға тастады. Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық исламдық азық-түлік қорының штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыруды ұсынды.
- Біз келешекте бұл өте жақсы құрал болады деп санаймыз, - деді кейін журналистерге түсініктеме берген вице-премьер - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, - өйткені ИКҰ-ның көптеген елдерінде өте үлкен қаржылық ресурстар бар және олар азық-түліктің тұрақты жеткізіліміне мүдделі. Бұл - біздің Президентіміздің жақсы идеясы, біз оны іске асыру бағытында жұмыс істейтін боламыз!
Қазақстан көшбасшысы Н.Назарбаев елорда төрінен, жаһандық жиын мінберінен Ислам дінін әлі жалғасып жатқан қаралаудан қорғауға шақырды. Ислам дүниесінің көп бөлігінің басқа аймақтардан артта қалуын діннің өзімен байланыстыратын білгішсымақтар бар. Елбасы мұны «ақиқаттан мүлде алыс тұжырым» деп бағалады. Өйткені Исламның мәдени өрлеуінің арқасында орта ғасырларда әлемде математика, химия, астрономия, медицина, архитектура, философия және поэзия салалары ұлы жетістіктерге қол жеткізді. Ілім мен білімнің жаңа үлгілері ғасырлар бойы мұсылмандық Шығыстан христиандық Батысқа қарай жылжыған.
Тағы бір күрмеулі түйін: жаһандық ақпарат құралдарының көпшілігі Исламды «Батыстың ұлттық қауіпсіздігіне, мәдени және діни ұстанымына қауіп төндіруші» ретінде көрсетуін қояр емес. «Осылайша исламды саяси күш қолдануға, экстремизм мен терроризмге жол беретін дін деп ұқтырады, - деді Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, - мұндай жағдаймен ешқашан келісуге болмайды!» Ал Ислам мен терроризмді шендестіру дұрыс еместігін, лаңкестіктің ұлтаралық қылмыспен, сондай-ақ есірткі айналымымен және қару-жарақ контрабандасымен де тығыз байланысты екендігін халықаралық қоғамдастыққа насихаттау жағы осал. Демек, бұл олқылықтың орнын толтыратын жоба керек.
- Исламның болмысын бейбітшілік пен мейірімділіктің, төзімділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптастыруға баршамыз бірге күш салуға тиіспіз! - деп шарт түйді Елбасы, - ислам елдерінің ұлы ілімнің беделін түсіруге жаһандық және аймақтық деңгейде қарсы тұра алатын ортақ медиалық жобалар жөнінде ойланатын кез келді.
Көптеген сарапшылар ХХІ ғасырда ислам жер жүзі бойынша басымдығы бар дінге айналады деп санайды. Ендеше, терроризммен теліп, беделін түсіруге ұмтылу - Батыстың қорғаныштық реакциясы да болуы ықтимал.
Сөз соңында, Қазақ елінің көшбасшысы Қазақстанның «Ислам өркениетінің ажырамас бөлігі саналатын Орталық Азияның қарқынды әрі орнықты дамуындағы өзінің жауапкершілігін айқын сезінетіндігін» нықтады. Елбасы бүгінде Қазақстанның бүкіл әлемге «мұсылманы басым елдің де әлеуметтік-экономикалық жаңғыру мен демократиялық реформаларды табысты жүргізе алатынын» дәлелдеуге ұмтылып отырғандығын мәлімдеді.
Ашылу рәсімінде, сондай-ақ ДИЭФ қорының төрағасы Тун Муса Хитам, Малайзия премьер-Министрі Дато Шри Мохд Наджиб Тун Абдул Разак, Джибути президенті Исмаил Омар Гелле, Ислам Даму банкінің президенті Ахмед Мухаммед Али Аль Мадани, Тәжікстан премьер-министрі Ақыл Ақылов және Индонезия вице-президенті Боедионо сөз сөйледі. Ал пленарлық сессиясының қорытындылары бойынша 5 келісімге қол қойылды. Мәселен, стратегиялық әріптестік туралы келісімге AMANAHRAYA GROUP CAPITAL мен «Fattah Finance» АҚ-ы отырды. Ал Fattah Shop Company болса, HALAGEL (M) SDN BHD компаниясымен дистрибьюторлық туралы мәміле жасасты. Бұған қоса, өзара түсіністік туралы меморандумдарды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ы My E.G.Services Berhad-пен, ал «Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» MIMOS Berhad-пен бекітті. Ұлттық «KazNex Invest» енді қазақстандық-малайзиялық сауда палатасымен ынтымақтасатын болып, әріптестік туралы меморандумға қол қойды.
Мұның сыртында Ислам даму банкі 2011-2012 жылдары ауыл шаруашылығы, көліктік инфрақұрылымы, исламдық қаржыландыру секторын дамыту және басқа жобалар бойынша Қазақстан экономикасына шамамен 1,2 миллиард доллар инвестицияламақ. ИДБ-ның бұл ниеті бірнеше ай бойы әзірленген, кеше Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен осы банк басшысы доктор Ахмад Мухаммад Али қол қойған тиісті меморандумда көзделіпті.
7-ші Дүниежүзілік Исламдық экономикалық форум өз жұмысын бүгін де жалғастырады.
Айхан ШӘРІП
aikyn.kz