Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3386 0 пікір 10 Маусым, 2011 сағат 08:43

Ғалым Бақыткерейұлы. Дін - адамгершілік тірегі

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Адам баласы дін арқылы өзінің  тірліктен қажитын жанына тыным іздеп, баянсыз дүниеден берік тірек, мәңгілік тиянақ табуға тырысады. Бірақ, өкінішке орай қазіргі кезеңде бір дінбасыға бой ұсынып, бір діннің аясында  алаңсыз құлшылық ететін заман келмеске кетіп барады. Өйткені, жаппай сауаттылық, «жаппай ақылдылыққа» жол ашып, соның нәтижесінде, кім көрінген дін мәселелері жөнінде білгіштік танытып, «бас-басына би болған өңкей қиқым, бұзбады ма мінеки «діннің» сиқын» дейтін жағдайға туындады. Соның салдарынан дін өзінің мейрімділік, сабырлылық, бірігу, өркендеу, кемелдік тәрізді сипаттарынан айрылып,  өшпенділік, төзімсіздік, ыдырау, тоқырау, пендешілік сипаттарымен көбірек көрініс бере бастады.

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын!

Адам баласы дін арқылы өзінің  тірліктен қажитын жанына тыным іздеп, баянсыз дүниеден берік тірек, мәңгілік тиянақ табуға тырысады. Бірақ, өкінішке орай қазіргі кезеңде бір дінбасыға бой ұсынып, бір діннің аясында  алаңсыз құлшылық ететін заман келмеске кетіп барады. Өйткені, жаппай сауаттылық, «жаппай ақылдылыққа» жол ашып, соның нәтижесінде, кім көрінген дін мәселелері жөнінде білгіштік танытып, «бас-басына би болған өңкей қиқым, бұзбады ма мінеки «діннің» сиқын» дейтін жағдайға туындады. Соның салдарынан дін өзінің мейрімділік, сабырлылық, бірігу, өркендеу, кемелдік тәрізді сипаттарынан айрылып,  өшпенділік, төзімсіздік, ыдырау, тоқырау, пендешілік сипаттарымен көбірек көрініс бере бастады.

Мұндай жағдайда дін  өзінің қарапайым тартымдылығынан да айрылып,  көпшілік тарапынан оған қатысты жақтырмаушылықтың, тіпті жеккөрініш сезімдерінің пайда болуы заңды. Өйткені, сөздері мен істері үйлеспейтін, көкейге қорқыныш ұялатып, болашаққа қатысты зор алаңдаушылық тудыратын «ақиқатты» ұстанатын небір әсіре топтардың әрекеттеріне қарасаң,  жалпы діннен көңілің суйтыны рас. Сол себепті де қоғамда «көйлек көк, қарын тоқ, қызық көп мына заманда дінсіз де тым жақсы өмір сүруге болады ғой, осыларға не жетпейді екен, жұрттың мазасын алып»  деген көңіл күй өрістеп, «дін жоқ болса, ешқандай мәселе де жоқ» деген дінге қарсы пікір орныға бастайды. Соның нәтижесінде дінсіздікті ту еткен «коммунизм елесінен» шаққа арылған халық тағы  да бір дінсіз  қоғам құрып,  сол арқылы тағы бір «жарқын болашаққа аттанбақ» болады.

Бірақ, шындығына келгенде адам баласы үшін дінсіз қоғам құрмақ түгел, діннен тыс өмір сүруі де мүмкін емес. Өйткені, діни ұғым бойынша Алла бар, Ол біреу, Ол жаратылыс иесі, және де бәрі де Соның қолында.  Және бұл ақиқат ұғым болып табылады. Олай болса, адам баласы қаласа да, қаламаса да, мойындаса да, мойындамаса да  осы ақиқаттың  аясында, басқаша айтқанда діннің аясында өмір сүреді. Бірақ, кейбір жандар дін жөнінде қате  түсінікте болуы себепті «құдайға сенбесем, белгілі бір дінді ұстанбасам болды мен діннен аулақ боламын» деп ойлайды.

Бірақ, адам бұл дүниеге белгілі бір мерзімге келеді, және жақсылық пен жамандық арасында таңдау жасап өмір сүреді, және ақирет күні сол өмірінің қортындысы шығарылып ол өз істерінің түпкілікті бағасын алатын болады. Сондықтан да оның «дінді ұстанбасам болды мен діннен тыс боламын» деген түсінігі қате түсінік болып табылады. Ол қалай болғанда да ақиқат болып табылатын діннің аясында өмір сүріп, одан ешқайда да қашып құтыла алмайды. Бұл дүниеде қанша жерден шындықтан жалтарса да, ақирет күні ол діннің ақиқат, ал, ақиқаттың дін екенін түпкілікті мойындайтын болады.

Дін өзінің ақиқат болмысымен жақсылық жөніндегі шым- шытырық түсініктерді бір ізге салып, оны  бірден-бір тура жолға айналдыратын кемел ілімге айналса, ақиқат  өзінің дін ретіндегі көрінісімен адам жанына кір шалдырмай, оны үздіксіз тазартып отыратын, оның мәңгілік табиғатын жалғандық қоспалардан аршып, оны нұрландыратын нақты амалға айналады.

Дін- санамен танығанда ақиқат болса, жүрекпен танығанда ол махаббатқа айналады. Осы дүниемен ғана шектелген адамзат санасына ақиқатты  тану қиынға соғады. Өйткені, ол көбінесе игерген білімдері мен ашылған жаңалықтардың ауанымен үнемі құбылып, бүгін ақиқат деген нәрсесінен ертең күманданып, бас тартып отырады.

Ол білімге тәуелді болып,  білім арқылы дүниеден қисын іздейді. Ал, санасы шектеулі болған соң, оның алатын білімінің де ауқымы шектеулі. Сол себепті де  қандай дүниетанымнан болмасын белгілі бір қисынсыздық табуға болады. Сондықтан да тек білімге ғана тәуелді болған адам адасуға бейім тұрады. Сондықтан да діндар адам иманын білімге тәуелді етпей, иманды басшылыққа ала отырып қана өз танымын кеңейтуге тиісті. Имани негіздегі ізденістер ғана адаспаудың кепілі.

Білім арқылы адамның иманын жойып, оны ақиқаттан адастыру әрекеттері жүйелі   түрде жүргізілуде. Бірақ, кезінде иманды жоққа шығарған талай ілімдер мен білімдер уақыт өте келе көнеріп жайына қалды. Ал, иман болса әлі жас, әлі қуатты, әлі өміршең.

Мұндай жағдай қашанда да болған, және ақиретке дейін солай бола береді. Небір көкейге қонымды ілім-білімдер алдыдан шығып, жолды кесіп, адамның иманын үздіксіз сынаумен болады. Оларға алданып жолдан тайған  адам болса сол ілім-білімдермен бірге көнеріп, солардың қоқыстарының  астында тұншығып қала беретін болады.

Ал, діннан ажырамай, дінге берік табан тіреген адам құлшына құлшылық етеді. Ал, құлшына құлшылық еткен жанның жүрегінде  Аллаға  деген  махаббат  оты  жанып тұратын болады. Ондай жан дінді махаббат деп жүрегімен түсінеді. Ондай жанға күманданып тайғақтық таныту жат мінез. Себебі, Алланың барлығына да, діннің хақтығына да оның жүрегіндегі махаббат куә. Ондай жан жан-жүрегін нұрландырған Аллаға деген махаббатын ешқашанда, ешнәрсеге де айырбастауы мүмкін емес. Өйткені, ондай нәрсе бұл дүниеде жоқ!

Бірақ, дінге ішінен емес сыртынан көз салып, сол себепті де оның ішкі мәнін түсіне алмаған кейбір жандар дін жайындағы өздерінің үстірт те шала танымдарының құлы болуда. Осындай жандардың қатарындағы небір ғалымдар дінді жалған ілім деп дәлелдеумен келсе, небір ойшылдар  оны алмастыратын ілімдерді жетілдіруде. Ал, қоғамның бетке ұстар азаматтары болса сондай ілімдерді ұстана отырып, сөздерімен де істерімен де оларды қызу насихаттауда. Сол себепті де оларға сенім артқан қарапайым көпшілік   дінді надан халықты билеу үшін ойлап табылған, өркениетті жаңа заманға ілесе алмай аяққа оратылған жалған ілім деп түсінуде.

«Егер дін жалған болса, онда жұмақ пен тозақтың да жоқ болғаны, демек, өмір бойына талғажау болатын жұмақ үміті пен сананы буатын тозақ үрейінің де бекер болғаны. Ендеше, ескіліктің қалдығы болған тыйымдар мен шектеулерді серпіп тастап, еркін де ашық түрде жаңа заманға лайық жарқын өмір сүру керек.» Міне, осындай шолақ қортындыға келген әр адамның да көңіліне желік кіріп, ол өзінің кемшіліктері мен әлсіздіктеріне бой алдырып, алаңсыз азғындай бастайды.

Шындығына келгенде Алланы ескерусіз тастап, Оның дінін де айналып өтіп, бар мәселені олардың қатысынсыз-ақ шешуді ұсынатын мұндай ілім-білімдер адамдарды ақиқатқа жолатпай, оларды қаңғыртып қоятын жалған ілім-білімдер болып табылады. Осындай  жалған бағыттарда сөз сапырып, мәселелерді шешілмейтін қырларынан шексіз талқылап жүріп-ақ абырой-атақ жинап, тіпті кемеңгер атануға да болады. Және, осындай  «кемеңгерлерді» пір тұтып соңына ілесетіндер де көптеп табылып отырады. Өйткені, ақиқатты жаны қаламайтын жандардың басқа таңдаулары жоқ!

Мұндай жалған ілім-білімдердің қай-қайсысы болмасын қашанда адамгершілік құндылықтарды бетке ұстанады. Бірақ, шын мәнінде, адамгершілік мәселесіне діннен тыс қарап, оны діни танымсыз өркендету әрекеті тиісті нәтиже бермейтін бос әурешілік. Ғасырлар бойына небір ойшылдар адамшылық жайында ұлы сөздер айтып, соны негізге алған небір жарқын ілімдер ойлап тапты. Бірақ, олар сөз жүзінде ғана өрбіген адамгершіліктің небір асқақ көріністерін жасағанмен іс жүзінде, қарапайым өмірде ол ілімдерге сұраныс болмай, тірлік қисыны өз дегенін істеп, пендешіліктің тасы жоғары өрлеумен болды.

Оның басты себебі, күйкі тірлікте тұрмыс қамын, бас қызығын ойлап, одан әріге көп бойлай қоймайтын көпшілік үшін «адал бол, ар-ұятыңды сақта, адамгершілік парыздарыңды ұмытпа» деген құрғақ уағыз «бір құлақтан кіріп, екінші құлақтан шығып кететін», тіпті кекесін тудыратын жалтыр сөздер ғана болып қабылданады.

Мұндай әсем де асқақ сөздерге елігіп, өздерін осы адамгершілік тағлымға лайық ұстамақ болған жандар болса өмірде қосымша қиындықтарға душар болып, өздерінің лайықты істеріне қайтарым көрмей,  әділдіктен түңіліп сағы сынумен болады. Олай болса, адамгершілікті құрғақ насихаттайтын мұндай ілімдер, шын мәнінде, адамдарды ізгілікке тәрбиелейтін ілімдерден көрі  оларды әділдіктен түңілдіріп, адамгершіліктен жеріндіретін ілімдер болып табылады.

Бірақ, көптеген жандар  нақты, әрі қатаң талап етілетін, нәпсіге өте ауыр тиетін міндеттіліктері мен  тиымдары көп ақиқи діннен көрі осындай жалған ілімдерді  ұстанғанды жөн көрсе, пиғылы жаман екіжүзді жандар үшін ондай ілімдердің  бұрмалап, өңін айналдыруға қолайлылығы өте тиімді. Сол себепті де мұндай ілімдер халық арасында белгілі бір сұранысқа ие бола отырып,  талап-тыйымдары мол діндерге бәсекелес ретінде оларды қоғам тіршілігінен ығыстырушылар міндетін атқарумен келеді.

Мұндай бірнеше ілімдер бір-бірімен бәсекеге түсіп, көпшілік назарын өз артықшылықтарымен аулауға тырысқан кезде, дін қажетсіз болып, қоғам өмірінің бір түкпіріне ығысуға мәжбүр болады. Себебі, ондай ілімдер халықты жақсы тұрмыспен қамтамасыз етіп, дүние қызықтарын тамашалауға  жағдай жасауға уәде береді. Және осы бағыттағы нақты істермен айналысады. Сол себепті де мұндай ілімдермен салыстырғанда, санасын тұрмыс билеп, жеңіл өмірдің қызықтарын аңсаған көпшілік үшін талаптары ауыр, тиымдары көп діннің сұрқайы, тіпті  сұмпайы да болып көрінетіні сөзсіз.

Бірақ, діннен тайған қоғам бірте-бірте адамшылық бет бейнесін де жояды. Өйткені, дінсіз қоғамда адамгершіліктің өңі айналдырылып, адамгершілік ұғымы азғындықпен астасып кетеді. Өйткені, адамгершілік ілімінде адамның нәпсісін тиюға шешуші ықпал ететін ақирет есебі мен тозақ  ұғымы жоқ. Және ол адамға  «адамды алдасаң да Алланы алдай алмайсың» деген сенім бермейді. Сол себепті де адамдар «істеген істерім мен іштегі сырларымды адамдар білмесе болды» деп ішкі жан-дүниесіне көңіл бөлмей, біріңғай сырт көз үшін құбылып екіжүзділікке бой алдырады. Соның нәтижесінде  адамгершілік ұранын бетке ұстап, ар-ұяты күшті адал адам болып көрінуге тырысатын, бірақ, пиғылдары жаман, істері азғын екіжүзді жандар көбейіп, сондай жандар қоғамды билеп, адамзатты аздыра бастайды.

Мұндай іріп-шіри бастаған қоғамда  адамдарды адамгершілікке тәрбиелеу түгел, ол туралы ауыз ашу да ыңғайсыз бола бастайды. Өйткені, адамгершілік, ар-ұят қастерленбейтін жерде оны ұстану да, насихаттау да абыройсыз іс болып табылатын болады. Өйткені, дүние қызығына тойымсыздық танытып, бетімен кеткен   жеңілтек жандарды беретін түк қызығы жоқ жадағай, жетім адамгершілік ілімі еш қызықтырмайды. Сондықтан да адамгершілікті жаны сүйіп, оның жоғын жоқтайтын жандар күндердің күнінде шарасыздықта салынып, торыға бастайтын болады. Қанша айқайласа да «баяғы жартас бір жартас» болып, құрғақ айқай сөзі де, адал болған өзіде өтпей әбден сілесі қататын ондай жандар, ақыр аяғында адамгершіліктен  өздері де түңіліп, өздері де оған түкіретін болады.

Шын мәнінде, дінсіз адамгершілік таным бірте-бірте жамандықтың бет пердесі, оның қалқаны мен қаруына айналып кетеді. Сондықтан да құрғақ адамгершілікті сайлап, оны жамандыққа қарсы қамдап, жамандықтың бетін тойтарам деп жүрген адам әншейін күрестің көрінісін жасап жүрген зымиян, немесе, бар күшін босқа сарып етіп бейнетке қалып жүретін қияли адам. Кім қандай уәж айтса да жақсылық пен жамандықты,  халал мен харамды  ажыратып, қандай мәселені болмасын ақиқат тұрғысынан төте жолмен шешетін  діннен бас тарту, шын мәнінде, адамшылықтан бас тарту болып табылады.

Бәрін де біліп, бәрін де көріп, бәрін де естіп тұратын шексіз құдірет иесі Аллаға деген сенімі жоқ, жан-жақты жүйеленіп, нақты бекітілген шариғи заңдары да жоқ, және адамдарды қызықтырып, әрі қорқытатын   жұмақ пен тозақ тәрізді әсерлі тетіктері де жоқ, «ұзын арқан, кең тұсау» адамгершілік ілімі, шын мәнінде, адамдарды діннен тайдырып, бірте-бірте азғындықтың құшағына салатын өтпелі кезеңдік ілім болып табылады. Оны ұстанған адамдар оның тайғақ негіздерінде ұзақ уақыт тұрақтай алмай не азғындыққа ауып кетеді, не діннен пана іздейді.

Адамгершілік танымның діни таным негізінде қалыптасып, қашанда діннен нәр алып отыратынын түсінетін уақыт жетті. Қазіргі «өркениетті» заманда діннен ажыратылған адамгершілік ұғымы өзінің рухани тазалық, ар-ұят пен адалдық мәнінен айырылып, тек адам құқығын қорғау мағынасында ғана қолданыла бастады.  Ал, адам құқығын қорғау болса өз кезегінде рухани тазалықты, ар-ұят пен адалдықты аяусыз тапап жатқан азғындықты қорғауға айнала бастады. Бұл діннен ажыраған адамгершілік танымның  адасып өзінің шынайы мәнінен оңай айырылып қалатындығының айқын дәлелі.

Шын мәнінде, рухани тазалықтың, ар-ұят пен адалдықтың мызғымас тірегі дін. Сондықтан да имандылық пен адамгершілікті бір ұғым деп білген жөн. Ол екеуін ажыратып,  адамгершілікті жеке дара ілім етіп, оны дінге бәсекелес етіп, сол арқылы дінді  өмір сахнасынан аластау әрекеті не надандық, не болмаса адамзатқа жасалып жатқан зор қастандық болып табылады.


Ғалым Бақыткерейұлы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502