Бақтыбай АЙНАБЕКОВ. Баяғы хаттың қысқаша баяны
Құрметті оқырманның жадында болар, осы жылдың үшінші айы, яғни 7 наурыз күні жазылған «Елбасына хат жаздым, құлағадар бол, жамағат» деген проблемалық мақалам араға үш күн салып, «Абай.kz» порталында жарық көріп, одан біраз БАҚ көшіріп басып, мақала Елбасы атына жолданған болатын. Мақалада мынадай ұсыныс-пікір айтылған еді;
Құрметті оқырманның жадында болар, осы жылдың үшінші айы, яғни 7 наурыз күні жазылған «Елбасына хат жаздым, құлағадар бол, жамағат» деген проблемалық мақалам араға үш күн салып, «Абай.kz» порталында жарық көріп, одан біраз БАҚ көшіріп басып, мақала Елбасы атына жолданған болатын. Мақалада мынадай ұсыныс-пікір айтылған еді;
«...Жоғарыдағы келтірілген жауап хат Діни комитет пен оның бүгінгі таңдағы қызмет істеу қабілет дәрежесін көрсетсе керек. Сіз өткен жылы Діни агенттік ашу жөнінде өте орынды ұсыныс айттыңыз. Бұл ұсынысты 2000 жылы, қазір өзгеріп кетпесе, Үкіметтің 06.05.2000 жылғы діни ұйымдармен байланыс жөніндегі Кеңес хатшылығы Ережесіндегі «Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу талабын» басшылыққа алып, сол кездегі Кеңес хатшылығы Төрағасының орынбасары Т.Сауранбековтың атынан Діни Агенттік ашу жөніндегі барлық сметалық шығындарын жазбаша көрсетіп Президент Әкімшілігінің сол кезегі жетекшісі С.Қалмырзаевтың алдына шығарған болатынбыз. Бүгінгі Діни комитетте отырғандар тым болмаса Сіз айтқан осы ұсынысты қолдап кетуі керек еді. Ондай қимыл көрінбейді. Комитеттегілер бір министрліктің қолтығында тығылып алып күндерінің өткеніне мәз. Ал бізге бүгінгі таңда ел тағдыры үшін жұмыс жасайтын Діни агенттік ауадай қажет. . Қазір еліміздегі тіршілік ана сүтіндей ақ, ана тілегіндей таза болып тұрған жоқ. Ішкі діни ақуал ел егемендігін барынша қауіпті жағдайға әкеліп тіреп отыр. Бұл жағдайды қазір кім жөнге сала алады, мұнымен түпкілікті кім айналысуы тиіс?.. Ендігі жерде Республика мұсылмандары діни басқармасының қазіргі бетімен кеткен жайына, Елбасы ретінде өзіңіздің тікелей араласуыңызға тура келетін сияқты...
«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты» демекші, кезінде Үкімет діни басқарма Жарғысы талаптарын бұза отырып, бұл діни ұйымға дінсіз адамды басшы етіп қойып, қазір соның барынша зардабын тартып отыр деп білемін. Бұған қосымша жоғарыда айтып кеткеніміздей дәл қазір, шолақ ойлы оншақты дін дүмшелері таныс-тамырларын салып Өзіңіздің маңыңызды орағытып жүргенін де көріп біліп отырмыз. Дінді саясатқа айналдырғысы келетін бұл «белсенділердің» екі-үшеуінің шет елден қаржыланып отырғанын БАҚ беттері күн құрғатпай сөз етуде. Мен білетін бұл «белсенділердің» ішінде дәстүрлі Ислам дінінің қамын жан-тәнімен ұғынатын жан байқалмайды. Бірі Құдайдан қорықпай, жай ғана Әбсаттар құсап атақ қуаласа, екіншісі дінді бизнес көзіне айналдырып, байығысы келетін діннен мүлдем сауатсыз мұнапықтар. Дін - Алланың ісі, саясат - адамның ісі. Саясат - сағат сайын өзгеруі мүмкін, дін - мәңгілік. Осылардың арқасында бұрын үш жүзге, руға бөлінсек, енді түрлі дін мен ағымға бөліне бастадық. Дін мен саясатты қосқысы келіп жүргендердің бұл мақсаты үрей тудырады. Бұл өте қатерлі қадам, қоғамға бүлік салады. Мұндай қауіп қатерді көре біле тұра үнсіз қалсақ, Алла алдында да, Отан алдында да қылмыс болып саналады. Бұл ретте қазіргі араб елдерінде орын алып отырған толқулар мен қабат көрші қырғыз, өзбек елдерінде орын алған қанды қырғындардан да сабақ алуымыз керек».-деп жазылған еді.
Осы Ашық хат түрткі болып ой салды ма, әлде елдегі діни ақуал мәжібүрледі ме, араға ай салмай Елбасы қол қойған, Мәдениет министрлігі құрамындағы бүгінгі күнге дейін өз қызметін дәрмесіз көрсетіп келген Діни комитет таратылып, орынына Республикалық Діни агенттік құрылғандығы туралы Жарлығы жарық көрді. Жаңа агенттік төрағалығына Қ. Лама Шәріп мырзаның төраға болып бекігендігін естідік. Кеш те болса бұл агенттіктің құрылуы елдегі ушығып тұрған діни ақуалдың саябырсуына нақтылы ықпал жасайды және Конституциядағы «дін мемлекеттен бөлек» деген тұжырым орынына «мемлекеттің дәстүрлі діні - Ислам, әлемдік діндер ғана мойындалады» деген тұжырым енгізуге күш салады деген ойдамын. Бұлай етпеген жағдайда еліміздегі есепсіз діни ағымдар мен әлем мойындамаған жаңа діндерден құтылуға жол жоқ...
Мен бүгін Елбасы атына жазылған жоғарыдағы Ашық хатта айтылған, бұдан он бір жыл бұрынғы үкіметтің Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңесі Төрағасының орынбасары Т. Сауранбековтың атынан дайындалған сол ұсыныс хаттың көшірмесін «Абай.кз» сайтында жариялағанды мақұл көріп отырмын. Кезінде республикалық жоспарлау комитеті тарапынан қаржы жетімсіздігіне байланысты қолдау таппай кері қайтарылған бұл ұсыныстың, қазір зардабын ел тартып отыр. Ұсынысты мақала етіп жариялаудағы мақсат - дер кезінде қолға алынған бұл өткір мәселені қолдауда Үкімет дәрменсіздігін көрсетумен бірге, жаңадан ашылып жатқан құрылым, діни агенттік қызметкерлеріне де зияны бола қоймас деген ағалық жанашырлық.
Республика Елбасы Аппаратының
Басшысы С.Қалмырзаев мырзаға
ДІНИ АГЕНТТІК ҚАЖЕТ
Құрметті Сарыбай Сұлтанұлы!
Республика Үкіметінің 6 мамыр 2000 жылғы Үкімет жанынан «Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес Хатшылығын құру туралы» қаулыға сай құрылған консультативтік кеңесші орган өзі іске кіріскен уақыттан бері құрылымдық жағынан нақтыланып, кадрлар құрамы іріктелініп, жоспарлы шараларды іске асыруда.
Дегенмен, көрші елдерде діннің саяси күшке иелік етуі, діни экстремизмнің өріс алуы, өз республикамыздың ішінде орын алып отырған қазіргі ахуал осы Кеңес Ережесінің 6-шы бап 2 тармағындағы «...Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу» талабын басшылыққа алып, Діни агенттік құруға негіз болар мына төмендегі нақтылы жағдайларды назарыңызға саламыз;
Бірінші, осы жылы 1 қыркүйек күні өткізілген Қауіпсіздік Кеңесі жедел штабы мен Қауіпсіздік Кеңесі ведомствоаралық комиссия кеңесінің тероризм мен экстремизмге қарсы шаралар белгілеген отырысында алынған хаттаманың 11 пунктінде Үкімет жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес хатшылығына он пункттен тұратын нақтылы міндеттер жүктелді.
Ол міндеттер Прокуратура, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Экология министрлігі мен Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігімен бірігіп нақтылы жоспарлар мен шаралар белгілеп оны іске асыру. Мұны құрылымы әлсіз консультативтік-кеңесші орган қалайша іске асырмақ?
Екінші, аталынған хаттамаға сай қазір мұсылман елдерінде діни оқу орындарында оқып жатқан студенттерді мемлекет өз жарлығымен қайта шақыртып алуда. Елге оралған сол студенттер қайда оқуын жалғастырады, қайда орналастырылады. Бұл мәселемен Білім және ғылым министрлігі айналысуға заңды құқығы жоқ. Сонда үкімет тарапынан, қандай құқықтық басқару органы айналыспақ?
Үшінші, «Діни сенім бостандығы және діни бірлекстіктер туралы» Заңның 4 тарауы діни ұйымдарды мемлекеттен бөлген. Бұл кешегі тоталитарлық жүйе, атейстік мемлекет үшін қажет еді. Біз қазір «Дін мемлекеттен бөлек» деген сөзден құтылуымыз қажет. Біздің елде дінді мемлекеттен бөлуге ешбір негіз жоқ. Олай болса, біздің мемдекетімізде Дін туралы Заң жобасын әзірлеумен қай ведомства және кім айналысуы тиіс?
Төртінші, Республика Конституциясындағы «Қоғамдық бірлестіктер Заң алдында бірдей» - деген бапты бетке ұстап, қазір шет елдерден ағылған түрлі ағымдағы миссионерлер діни жүйеге өз үстемдігін орната бастады. Қазір республикамызда 40-қа жуық конфессияға жататын 839 діни бірлестіктер мен оқу орындары жұмыс жасауда. Өткен жылы 13 науырыз күні Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі өткізген «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» әзірленген жаңа заң жобасын талқылаған «Дөңгелек столға» орай дәстүрлі емес діни ағым басшылары Алматыдағы адам құқығын қорғау жөніндегі Хельсинкі Комитетіне даурықтырып арыз түсірді. Содан дайындалған Заң жобасы да, оны әзірлеген министрлік те өз үндерін өшірді. Сонда бізді кімдер басынып отыр?
Бесінші, соңғы уақытта дәстүрлі емес діни ағымдардың көбеюімен діни насихаттың бізге бейтаныс бөгде түрі өріс ала бастады. Жаңа діни ағым насихатшылары мемлекеттік оқу жүйесіндегі оқушылар мен студенттерді өз қауымдастықтарына шақыру, шіркеулерге тарту мәселелерімен ашық айналысуда. Алматы, Мәскеу, Ыстықкөл тағы бақа қалаларда жастар фестивальдерін өткізді. Оқушылар мен студент жастардың бастарын біріктіріп, айтулы санаторийлар мен демалыс үйлерінде көп күндік діни семинарлар ұйымдастырды. АҚШ, Канада, Швеция, Албания, Австрия, Оңтүстік Корея т.б, елдердің оқу орындарына жолдамалар берілуде. Ендеше бетімен кеткен осы бейбастықты жоюмен мемлекеттік дәрежеде белгілі бір құзырлы орган айналысуы керек.
Алтыншы, республикада заңды тұлғалар (ТОО, АОО, түрлі серіктестіктер, компаниялар, бірлестіктер) бәрі заңды тұлға ретінде тең құқыққа иелік етеді. Заңда АОО, ТОО, түрлі серіктестіктер, компаниялар т.б.- ауыл шаруашылығы, өндіріс, сауда, транспорт, құрылыс жүйелеріне жат, діни бірлестіктер - саяси идеологиялық ұйымдар екені өз дәрежесінде ескерілмеген. Оларға жәй заңды тұлға демей, идеологиялық күш ретінде қарап, бұқаралық ақпарат құралдарына министрлік арқылы лицензия берген сияқты, діни бірлестікті тіркеуді де мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан қарап, қазірдің өзінде діни Кеңес Хатшылығы жанына ақпарат алмасу және статистика бөлімін құрып, сол бөлімнің берген лицензиясымен тіркеуді заңдастырған мақұл. Өйткені жаңа діни ағымдардың қаржыландырушылары шетелдік алпауыт елдерде жатыр. Бұл бөлімге қазіргі кезде ІІМ, Прокуратура, МҚК тағы басқа министрлік пен ведомстволар жанынан құрылып жатқан діни ұйымдармен жұмыс істейтін бөлім кадрларын дайындауды да міндеттеген жөн.
Жетінші, «Ауған синдромы», наркобизнес тағы басқа қимылдардың да соңғы тірелер жері - дін болып көрсетілуде. Дін болған соң сол жұмыспен айналысатын құқықтық құзырлы орын керек емес пе?
Сегізінші, қазір Қазақстанда көші қон мәселесі өріс алып, көрші елдердегі ағайындар ата жұртына оралуда. Онымен көші қон агенттігі тыңғылықты айналысып отыр. Дегенмен, осы келімсектердің ішінде діни фанатиктермен, діни насихат жұмысын жүргізуді мақсат етіп келгендер де бар. Бұлармен кім жұмыс жасауы тиіс?
Тоғызыншы, дін - өте нәзәк, сонымен бірге ұйымдастыра білсе - үлкен саяси күш. Дінді өз ішінен қырқыстыру да елге қатер. 1997-1998 жылы елімізге Араб Корольдігі қажылыққа баратын тегін жолдаманы шүлен етіп таратты. Қажылық мұсылмандықтың 5-ші парызы. Осы парызды орындауға тіпті сүндетке отырмаған дінсіздер де барып қайтты. Бұл келешек дінді іштей қырқыстыруға жасалып отырған алғашқы қадам. Осыны кім ұйымдастырып отыр, оларда қандай мақсат бар, мұнымен кім айналысуы тиіс?
Оныншы, республикамызға мұсылман елдерінің назары ерекше ауа бастады. Нақтылы дәлел - Египет Араб Республикасының Президенті Хүсейін Мүбәрәктің тікелей қолға алуымен Алматыда Ислам мәдени орталығы салынуда. Дәл осындай Ислам мәдени орталығын басқа мұсылман бауырларымыз да салуға құлшыныс танытып отыр. Ертең бұл оратлықтарды кім қабылдап алып, жұмысына кім бақылау жасайды? Бұл жұмыстың бас бұйдасын кім ұстайды? Дін академиясы мен институты, ғылыми зерттеу орталықтары ашылған жағдайда ше?..
Бұл мәселереді қолға алып, жолға қою діни басқармалар мен Үкімет жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес Хатшылығының шамасы келер шаруа емес. Діни басқарманың шамасы келмейтіні - дін қазіргі Заң бойынша мемлекеттен бөлек. Ал көтеріліп отырған дінге қажетті мәселелердің көпшілігіне тікелей Үкіметтің араласуы қажет. Ал Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес хатшылығының шамасы келмейтіндігі - бұл атына сай консультативтік кеңесші орган ғана, өз жұмыс Ережесінде көрсетілгендей ақпараттық деректер банксін қалыптастырумен ғана шектеледі. Оның үстіне штаты да мардымсыз - 4 адамнан тұрады.
Бір мысал, осыдан төрт жарым жыл бұрын Республика Үкіметі жанында Дін істері жөнінде Кеңес жұмыс істеп, оның Төрағалығын Премиьер- Министрдің орынбасары атқарған еді. Кеңесте екі бөлім, жалпы саны 15 адам қызмет жасаған. Бұл Кеңес Қазақстан териториясында қалыптасқан дәстүрлі діни ағымдармен ғана жұмыс жасаған. Қазіргідей бізге қызметі беймәлім дәстүрлі емес діни ағымдар мен діни экстремизм өріс алып отырған кезеңде «Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының Президенті құрады» деген Конституциялық Заңды басшылыққа алып, Мемлекеттік құқытық басқару органын құру қажет-ақ. Бұл ұсыныс Республика көлемінде қалың бұқара тарапынан да көптен көтеріліп келе жатыр. Көп мысал келтірмей-ақ, бүгінде біздің хатшылыққа консультанттық қызметке шақырылған журналист Б. Айнабековтың «Діни комитет қажет» «Заң газеті»,22.11. 1997 жыл) және «Діни Комитет неге қажет?» («Заң журналы» №11,12 1999 жыл) мақаласы және «Дін Мемлекеттен бөлек пе? Республика Елбасы Н.Назарбаевқа Ашық хат» («Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің баспасы, Алматы, 2000 жыл) кітапшасында нақтылы деректер мен мысалдар келтіре отырып Үкімет алдына орынды мәселе қойған.
Мұндай ұсыныс Қазақстан мұсылмандарының өткен Ш Құрылтайында да көтерілді. Осы жағдайларды назарға сала отырып Үкімет жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес Хатшылығы негізінде ешбір министрлікке кіріптар болмайтын дербес Діни комитет немесе арнайы Агенттік құру жөнінде Үкімет алдына ұсыныс қоюыңызды сұраймыз.
Қазан айы, 2000 жыл