Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 13246 18 пікір 14 Мамыр, 2019 сағат 13:44

Мирзиеев жемқорлықты жойып, қазақ спортын «нокдаунға» түсірді

Соңғы кездері бокс спортының басынан дау арылмай жүр. Әсіресе әуесқой бокстың басынан бақ тайды. Төрешілердің бұра тартуы мен бармақ басты - көз қыстылық әлемдік аренадағы бокстың беделін тым төмендетіп жіберді. Тіпті халықаралық Олимпиада комитеті боксты 2020 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алып тастау мәселесін де қарастырып жатқан көрінеді. 

Оған қоса, қазақстандық боксшылардың да нәтижесі нашарлап барады. Бұрын Азияда ғана емес, әлемдік деңгейде бокс державасы саналатын Қазақстан соңғы екі-үш жылда қарқынын бәсеңдетіп алды. Тіпті 2018 жылы өткен Азия ойындарында бірде-бір алтын медаль ала алмады. Сонымен қатар, Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) сегіз маусымына қатысып, барлығында жүлделі орыннан көрінген «Astana Arlans» командасы таратылды.

Ал қазіргі сәтте Азияның алыбы Өзбекстан болып тұр. Біздің боксшылар әлемдік додаларда осы елдің спортшыларынан жиі жеңіліп жүр. Мәселен, 2017 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында қандай "қызық" болғанын бәріміз білеміз. Өз жерінде өткен чемпионатта өзбек ағайындарымыз 10 салмақтың 9-ында алтын медаль алып, айды аспанға шығарған. Алаң иелерінен артылған жалғыз бас жүлде бізге бұйырды да, өзге 27 елдің боксшылары "алтынсыз" қалған.

Бұны бәріміз ала шапанды ағайындардың бұра тартуы деп білдік. Өз жерінде өткен құрлық біріншілігінің бар "алтынын" алып алғанын күлкі еткенбіз. Сөйтсек, бұл елдің боксшылары шынмен күш ала бастапты. Одан кейін өткен турнирлерде де біз өзбектердің алдын орай алмадық. Мәселен, биыл 16-26 сәуір аралығында Таиланд астанасы Бангкокта өткен ХХХ Азия чемпионатында Өзбекстаннан тағы жеңілдік. Біздің құрама Таиландта 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алды. Ал өзбектер 4 алтын, бір күміс, бір қола жүлдеге қол жеткізді.

Еліміз боксшылары 2017 жылдан бұрынғы үш кезекті Азия чемпионатында да командалық есепте көш бастаған. Атап айтқанда, 2011 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында екі алтын медаль, 2013 жылы Иорданияның Амман қаласында жеті алтын медаль, 2015 жылы Таиландтың Бангкок қаласында бес алтын медаль жеңіп алып, жалпы есепте жеңіске жеткен. Ал соңғы екі біріншілікте "өз ағаларымыз" үстемдік етіп жүр.

2018 жылы Индонезия елінде өткен XVIII Азия ойындарында біздің боксшылар бар болғаны екі күміс медалге қол жеткізді.. Ал өзбекстандықтар 5 алтын, 2 күміс жүлде жеңіп алды. Күміс алған екі қазақстандық Асланбек Шымбергенов (69 келі) пен Әбілхан Аманқұл (75 келі) екеуі де финалда өзбек боксшысына есе жіберді. Ақтық сында Асланбек Бобо Усман Батуровтан, ал Әбілхан Исраил Мадримовтан жеңілді.

Осы сәтсіздіктен кейін 12-18 қараша аралығында Ақтау қаласында өткен бокстан Қазақстан чемпионаты қорытындысына сай ұлттық құрама қайта жасақталды. Ал желтоқсанда бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері ауысты. Бокстан бас команданы тоғыз жыл жаттықтырған Мырзағали Айтжановтың орнына Ғалымбек Кенжебаев тағайындалды. Ұзақ уақыт Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырған Кенжебаев келгелі бас құрамада біраз өзгеріс болғаны рас. Бірақ, бұрынғы биікке көтерілу үшін әлі көп жұмыс істеу керек.

Ғалымбек Кенжебаев сәуір айында Таиландта өткен Азия чемпионатына мына боксшыларды апарды:

49 келі - Теміртас Жүсіпов - қола медаль
52 келі - Әнуар Мұзапаров - 1/8 финал
56 келі - Қайрат Ерәлиев - ширек финал
60 келі - Зәкір Сафиуллин - күміс медаль
64 келі - Санатәлі Төлтаев - қола медаль
69 келі - Асланбек Шымбергенов - ширек финал
75 келі - Тұрсынбай Құлахмет - алтын медаль
81 келі - Бек Нұрмағанбет - алтын медаль
91 келі - Василий Левит - қола медаль
+91 келі - Қамшыбек Қоңқабаев - күміс медаль

Бұл өткен жылы қараша айында қайта жасақталған Қазақстан құрамасының бірініші номерлі боксшылары. Тек жарақат алған Әбілхан Аманқұлдың (75 келі) орнына Тұрсынбай Құлахмет барды. Қызордалық боксшы Бангкокта керемет өнер көрсетті. Кәсіпқой боксшыларша көсілте сілтейтін жұдырықтарының арқасында алтын медаль жеңіп алды. Тіпті 2018 жылы Азия ойындарының финалында Әбілхан Аманқұлды жеңген өзбек боксшысы Исраил Мадримовты оңай ұтты.

Азия чемпионатынан кейін, мамыр айының басында Қызылордада бокстан ерлер арасындағы Қазақстан Республикасының V Спартакиадасы өтті. Сыр бойында 146 боксшы бақ сынады. Енді сол турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін атай кетейік:

49 келі
1. Асхат Жүсіпов (Нұр-Сұлтан)
2. Жомарт Ержан (Түркістан облысы)
3. Жандос Несіпжан (Алматы обл), Ермек Мәдиев (Жамбыл обл)

Бұл салмақта қазіргі таңда ең мықты боксшы Теміртас Жүсіпов екені сөзсіз. 2018 жылы еліміздің "ең үздік боксшысы" атанған Теміртас жақын арада бірінші номерді ешкімге бере қоймас. Бірақ жасы 31-ден асты. Біздің ойымызша, Жомарт Ержан оған бәсекелес болуға лайықты боксшы.

52 келі
1. Сәкен Бибосынов (Түркістан облысы)
2. Евгений Павлов (СҚО)
3. Абай Қуандықов (Ақтөбе обл), Азат Махметов (Нұр-Сұлтан)

Бұл салмақта Әнуар Мұзапаров негізгі құрамда өнер көрсетіп жүр. Бірақ Сәкен Бибосыновтың (1997 жыл) қарқыны жаман емес. Өткен жылы ғана ұлттық құрамаға алынған түркістандық боксшы жақсы өсіп келеді.

56 келі
1. Нұрбол Қалжанов (Маңғыстау)
2. Ілияс Сүлейменов (Нұр-Сұлтан)
3. Оразбек Асылқұлов (Ақмола обл), Нығметулла Молдашев (ШҚО)

Бұрынғы бапкер Айтжановтың сүйікті боксшыларының бірі Қайрат Ерәлиев "қартая" бастады. Ілияс Сүлейменов те жас емес. Демек, бұл салмақта енді шығып келе жатқан жас боксшылардың біріне сенім арту керек шығар. Ұлттық құрамада екінші номерлі боксшы - Оразбек Асылқұлов (1998 жылы туған).

60 келі
1. Саматәлі Төлтаев (Маңғыстау)
2. Әділет Құрметов (ШҚО)
3. Ерсұлтан Болат (Ақмола обл), Серік Теміржанов (Павлодар обл)

Маңғыстаулық егіз боксшылардың жетістігі жаман емес. Саматәлі Төлтаев бұл салмақта қазірше екінші номерлі боксшы. 32 жастағы Зәкір Сафиуллин Азия чемпионатында жақсы өнер көрсетті. Бірақ, 1999 жылы қарашада дүниеге келген Төлтаевтің болашағы зор. Қызлордада тәжірибелі Әділет Құрметовты жеңіп кетуі тегін емес.

64 келі
1. Ділмұрат Мижитов (Алматы)
2. Нұржан Мақашбаев (Алматы облысы)
3. Сабыржан Бекбергенов (Ақмола обл), Сабыржан Әбілов (Қызылорда обл)

Бұл салмақта маңғыстаулық егіз боксшылардың сыңары Санатәлі Төлтаев көшбасшы. Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар, түркістандық Бекдәулет Ибрагимов те үздік боксшы.

69 келі
1. Талғат Шайкен (Ақмола облысы)
2. Аятолла Тәкіжанов (Павлодар облысы)
3. Станислав Цой (Жамбыл обл), Қанағат Маралов (Нұр-Сұлтан )

"Қазақтың салмағы" атанған 69 келіде үздіктер аз емес. Абылайхан Жүсіпов бар, Асланбек Шымбергенов бар. Бірақ, соңғысы ірі турнирлерде "алтын" алмағалы көп болды. 2018 жылы Азия ойындарында, биыл Азия чемпионатында өзбек Бобо Усман Батуровтан жеңілді. Егер Абылайхан мен Асланбек жалғасты сәтсіз өнер көрсететін болса жастарға мүмкіндік берген жөн шығар. 2018 жылғы жасөспірімдер арасындағы Олмипиаданың күміс жүлдегері Талғат Шайкен секілді жастар өсіп келеді.

75 келі
1. Тимур Нұрсейітов (Нұр-Сұлтан)
2. Ермахан Жакпеков (ШҚО)
3. Ерсұлтан Советов (Қарағанды обл), Амандық Манашев (Атырау обл)

Бұл салмақтың көшбасшысы Әбілхан Аманқұл болғанымен, жанкүйер қауым Тұрсынбай Құлахметтің өнеріне тәнті болды. Әбілханды жеңген өзбек боксшысын Таиланд жерінде қуалап жүріп сабады. Бірақ Әбілхан өзін мойындатқан жас (21 жаста) әрі мықты боксшы. Алдағы уақытта екеуінің арасында қызу тартыс жүретін секілді.

81 келі
1. Нұрбек Оралбай (Нұр-Сұлтан)
2. Ерік Әлжанов (Маңғыстау)
3. Қуандық Жүсіп (Қызылорда обл), Дінислам Әбдешов (Түркістан обл)

Бұл салмақтың мықтысы - Бек Нұрмағанбет. 1998 жылы дүниеге келген Бек Азия чемпионатында еш қиындықсыз жеңіске жетті. Бірақ, Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Нұрбек Оралбайдың да қарқыны жақсы. Қазақ боксындағы тағы бір егіз боксшылардың сыңары Нұрбек биыл Қызлордада Спартакиада жеңімпазы атанды. Финалда тәжірибелі Ерік Әлжановты жеңді.

91 келі
1. Айбек Оралбай (Нұр-Сұлтан)
2. Оңталап Рахманов (Қызылорда обл)
3. Бекзат Нұрдәулетов (Маңғыстау), Абзал Құттыбеков (Түркістан обл)

Ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүрген егіздердің қатарында Айбек Оралбай да бар. 2000 жылы дүниеге келген Айбек пен Нұрбек қазақ боксының басты үміттері. Айбек Оралбай жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жеңімпазы. 91 келіде бірінші номерлі боксшы Василий Левит. Бірақ жасы 31-ге келген Левитті Таиландта кәріс боксшысы нокаутқа түсіріп кетті. Демек, 19 жастағы Айбектің Василиймен күш сынасатын кезі алыс емес.

+ 91 келі
1. Нұрболат Сермаханов (Нұр-Сұлтан)
2. Сержан Сейтімбетов (Ақтөба обл)
3. Данил Семенов (Қостанай обл), Нұрсұлтан Аманжолов (Жамбыл обл)

Бұл салмақта Қамшыбек Қоңқабаев көшбасшы. Қазіріше, оның орнына таласатын анық фаворит көрінбейді. Бірақ Нұрлан Сапарбай (1997 жылы туған), Нұрболат Сермаханов сынды жақсы боксшылар бар. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың күміс жүлдегері Дамир Тойбай да тәуір боксшы.

Бүгінге дейін спортта кіндік Азияның көшбасшысымыз деп жүріп Өзбекстанның қалай озып кеткенін байқамай қалыппыз. Енді сәп салып қарасақ, оңтүстіктегі көршіміздің бұл жетістігі кездейсоқ емес екен. Қайта мемлекет тарапынан спортқа оң көзқарас қалыптасуынан болса керек.

2018 жылы қаңтар айында Өзбекстан жастар құрамасы жастар арасындағы Азия Чемпионатында топ жарды. Азия чемпионы атанған жас футболшыларды марапаттау рәсіміне қатысқан Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев: «Біз спорттағы жемқорлықты жойдық. Міне, соның нәтижесі, жастарымыз құрлық чемпионы атанып жатыр», - деді.

Өзбек Президентінің осы сөзі орынды секілді сезіледі бізге. Спортты дамытудың жолы даурығып доллар шашу емес көрінеді. Ақша мен саясаттың әсері жүрген жерде спорттың көрер күні даурықпа ұрандар мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлық болмақ.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5402