“Белгiлi” жайдың белгiсiз қыр-сыры
Жазылған жайдың жалғасы
Жазылған жайдың жалғасы
Құрметтi редакция! "Жас Алаш" қашанда әлiмжеттiктiң құрбандарына қол ұшын созудан және қазақтың мүддесiн қорғаудан жазбаушы едi. Мен адвокат ретiнде "Жас Алаш" оқырмандарын келесi жағдайлардан хабардар еткiм келедi. Бұл мәселеде "күштiнiң әлсiзге тiзе батыруы да", ұлтымыздың мүддесi де бар деп бiлемiн. Және бiр айтқым келетiнi - бiз өз тарапымыздан әрекет жасамасақ та, газеттiң бұдан бұрынғы сандарында мен көтергелi отырған мәселе турасында 2 бiрдей мақала жарияланды. Олар - "Сақалдылар мен шендiлер тартысы" және "Исматулла билiкке таласудан аулақ" - деп аталады. Өздерiңiз көрiп жүргендей, қазiр пара алып жатып ұсталған шендiлер, сыбайлас жемқорлық аясында iстi болған министрлер тағы да басқа шекпендiлердiң өкiлдерi баспасөз-конференцияларын өткiзiп, бұқаралық ақпарат құралдарын шулатып-ақ жатады. Ондай ой бiзде де болған. Алайда, осы мәселенiң басты "айыпталушысы" Исматулла ақсақал (ол кiсiнiң жасы жетпiске келгендiктен ақсақал деп отырмын) "Қарақан басымыздың қамы үшiн, ел iшiн дүрлiктiрудiң қажетi жоқ" деп тоқтатып қойған болатын. Сөйтiп, үн-түнсiз, ың-шыңсыз тергеу iсi аяқталуға таяған кезде, 20 сәуiр күнi "Хабар" арнасы бүкiл елге "Ақиқат" деген аты бар, алайда "заты" жоқ, яғни кiм түсiргенi белгiсiз ешбiр дерек-дәйексiз, өсек пен жаладан тұратын "деректi фильмiн" көрсеттi. Барлығымыздың шыдамымыздың жеткен жерi осы болды. Сол себептi, осы бiр шиеленiстi iстiң басы-қасында жүрген маман-заңгер ретiнде қылмыстық iстiң нақты жай-жапсарын "Жас Алаш" арқылы жариялағым келдi. Менiң қорғауымдағы Исматулла Абдуғаппар мен Саят Ибраев және басқа да бiр топ азаматтарға қарсы қылмыстық iс 2010 жылдың тамыз айында қозғалды. Сол кезден бастап, аталған адамдар қамауда жатыр. Қазiргi кезде қозғалғанына 9 ай өткенде, тергеу амалдары аяқталып, iс Алматы қаласының прокуроры мен сотына жолданды.
ҚР Конституциясының және ҚР ҚIЖК-нiң 19-бабына сәйкес, әр адам оның қылмыс жасағаны үшiн кiнәлiлiгi заңда көрсетiлген тәртiппен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз деп саналады. "Хабар" телеарнасында көрсетiлген деректi фильм - сот болар алдында көрсетiлгендiктен, сотта қазылық ететiн алқа билер үшiн айыпталушылар туралы алдын ала жағымсыз пiкiр қалыптастырып отыр. Айта кететiн мәселе, сот алқа билерi кәсiби заңгерлер емес, қарапайым адамдар, әртүрлi мамандық иелерi, ал сот үкiмi солардың көпшiлiк дауыс беруiне байланысты шығарылады. Заңды былай қойып, күнделiктi тәжiрибеде байқалатындай, кез келген қылмыстық хроникада қылмыс жасады деген күдiктi адамның толық аты-жөнi аталмайды және iстiң мән-жайы айтылмайды. Ал бұл жерде "Хабар" телеарнасы оның бәрiн былай қойып, тiптi қылмыстық iс материалдарында жоқ мәлiметтердi де айыпталушылар жасады деп көрсетiп жiберген. Егер деректi фильмдi көрген болсаңыздар, онда бiр топ адамның жерде жатқан адамды тепкiлеп жатқан көрiнiсi берiледi және Айдын есiмдi азаматты өлтiрдi деп, оның денесiн басқа бiр өз ажалынан өлмеген адамның денесiмен алмастырып қойған-мыс деген деректер келтiрiлген. Менiң қорғауымдағы азаматтарға қатысты қылмыстық iстi тергеу амалдары 7 сәуiр 2011 жылы аяқталды. Алайда ондай фактiлер қылмыстық iс материалдарында жоқ, яғни ол деректер бойынша менiң қорғауымдағы азаматтарға ешқандай айып тағылмаған. Бiрақ бағдарлама нақты "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" РҚБ-не қатысты, олардың жетекшiлерiне қарсы қозғалған қылмыстық iс негiзiнде түсiрiлгендiктен фильмдi көрген көрермен, әрине, осының бәрiн бiрлестiктiң адамдары жасады деген ойға қалады. Сонда журналист аталған деректердi қайдан және қандай жолмен алған және осы деректердi көрсетудегi мақсаты не? Негiзiнде ҚР ҚIЖК-нiң 80-бабы, ҚР Азаматтық кодексiнiң талаптарына сәйкес - қайтыс болған адамның немесе жәбiрленушiнiң заңды өкiлi болып бiрiншi кезекте оның заңды некеде тұрған жолдасы болып табылады. Қайтыс болған адам Айдын Тiлежановтың әйелi Сандуғаш Қиқымбаева болса, өзiнiң бұл оқиғаға еш қатысы жоқ екенiн айтады. Ең өрескелi, ведомствоаралық тергеу тобының қызметкерлерi Айдынның денесiн ешбiр туыстарына, оның iшiнде заңды өкiлi болып табылатын Сандуғашқа да ескертпестен, зиратын бұзу арқылы алып кеткен. Сол арқылы ҚР ҚIЖК-нiң 225-бабының 3-тармағы, 244-бабының талаптары өрескел түрде бұзылған.
Яғни жәбiрленушiнiң өкiлiн зиратты бұзып, дененi алатынын алдын ала ескертпеген, сараптама тағайындау туралы қаулымен таныстырмаған. Мен заңгер ретiнде бұл мәселенiң тергеушiлер тарапынан процессуалдық тәртiптiң қаншалықты өрескел бұзылғанын тiлге тиек етiп отырмын. Ал адамгершiлiк, моральдық тұрғыдан алып қарағанда, Айдынның жолдасы Сандуғашқа, басқа туыстарына осы жағдайлардың барлығы қалай әсер ететiнi ойластырылды ма? Неге "Хабар" телеарнасының журналистерi бүкiл елге жария етпей тұрып, осы жағын ойластырмады? Бiздiң қолымыздағы мәлiметтерге қарағанда, журналистер тек қана тергеу тобы ненi нұсқаса, соны түсiрген сияқты, өйткенi барлық жерде оларды полиция қызметкерлерi ертiп жүрген. Қазiргi кезде, мәйiттiң орны әлi ойсырап жатыр, дененi қазып алып кеткен тергеу тобының қызметкерлерi, оны керi көмiп ретке келтiрудi ойларына да алмаған. Осы заң бұзушылықтар бойынша Сандуғаш ҰҚК-ге арыз жолдаған. Және бiр айтпағым, фильмде сөз сөйлеген ведомствоаралық тергеу тобының жетекшiсi, IIМ-нiң басқарма бастығы, полиция полковнигi М.Құмарбеков өз өндiрiсiндегi қылмыстық iске байланысты, "Бүгiнгi күнге дейiн ҚР аумағында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдiкпен топ жетекшiсi Исматулла Абдуғаппар және топтың 6 белсендi мүшесi қамауға алынды" деп сұхбат бередi. Алайда нақты не үшiн айыпталып отырғандары туралы тiс жармады. Тергеу тобының жетекшiсi М.Құмарбековтiң "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" жетекшiлерiн ауыр, аса ауыр қылмыстармен айыптауы, алдын ала теледидар арқылы ол туралы фильм ұйымдастыруы - адвокат ретiнде менiң қорғауымдағы азаматтарды әлдекiмдер үшiн қоғамға аса қауiптi адамдар ретiнде көрсетуге тырысқан әрекет деген ойға қалдырды.
Байқасаңыздар, бiр күннiң iшiнде, яғни 2010 жылдың 21 тамызы күнi бiр адамның (Э.Махамбетова) арызы бойынша, одан бұрынғы Алматы қаласы Түрксiб аудандық IIБ қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулысы Бас прокуратураның бұйрығымен бұзылып, сол күнi IIМ-не жолданып, сол күнi Махамбетова Э., ҚР Қаржы полиция Агенттiгiне арыз жолдап, ол сол күнi ҚР IIМ-ге жолданып, ҚР IIМ-де сол күнi ҚР ҚК-нiң 126-бабы, 2 бөлiгiмен қылмыстық iс қозғалып, Исматулла Абдуғаппар қамауға алынып, сол күнi, IIМ-нiң 43 адамынан тұратын тергеу және жедел уәкiл қызметкерлерi тергеу жұмыстарына кiрiсiп үлгередi. Сенсеңiздер, осының бәрi бiр күннiң iшiнде, яғни 21 тамыз 2010 жылы болады. Кейiннен, 25.08.2010 ж., үш бiрдей Республикалық деңгейдегi мекемелер - iшкi iстер министрлiгi, Қаржы полициясы және ҰҚК қызметкерлерiнен тұратын жүзден астам ведомствоаралық жедел-тергеу тобы iске кiрiседi. Бұған дейiнгi елiмiздiң қылмыстық iс жүргiзу тарихында iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң бiр нашақордың арызы бойынша осыншалықты жедел қимылдағанын естiгендерiңiз бар ма? Осы жағдайлар менi ғана емес, iске қатысы бар адамдарды да - қылмыстық iс арнайы тапсырыспен жүзеге асырылып жатыр деген ойға итермелейдi, ал нашақордың арызы соған сылтау ғана болған. Менiң қорғауымдағы азаматтардың қандай ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандары үшiн айыпталып отырғандары "Хабар" арнасының көрермендерi, жалпы қоғам үшiн қызықты болар деп есептеймiн. Шындығына келгенде, менiң қорғауымдағы азаматтар қоғамға пайдалы iстерi үшiн айыпталып отыр. Ендi осыларға қысқаша тоқтала кетсем. Бiрiншi айыптаулары - ҚР ҚК-нiң 126-бап, 3-бөлiмi, яғни адамның бас бостандығынан ерiксiз айыру. Бұл жиырма шақты нашақорлар мен араққа тәуелдi адамдардың арызы бойынша қозғалды. Айта кету керек, осы арыз иелерi, яғни жәбiрленушiлердiң көпшiлiгi кейiннен тергеу органдарынан өз арыздарын қайта алды.
Себебi, олардың басым көпшiлiгi бұрынғы зиянды әдеттерiнен арылып, қазiргi кезде қалыпты өмiр сүруде. Мысалы, осы қылмыстық iс аясында Түркiстандағы рухани орталыққа iшкi iстер органдарының қызметкерлерi аяқ асты тексерумен келген кезде, онда отырған елу шақты адамның тек қана 3-еуi арыз жазады, қалғандары арыз жазудан үзiлдi-кесiлдi бас тартады. Айта кететiн тағы бiр мәселе, өзiнiң қызмет еткен соңғы 10 жыл көлемiнде осы рухани орталықтан жоғарыда аталған жиырма шақты емес, мыңдаған есiрткiге және араққа тәуелдi адамдар жазылып шыққан болатын және олардың өздерi мен туыстарының Исматулла Абдуғаппарға алғыстан басқа айтары жоқ. Олардың көпшiлiгi тiптi қылмыстық iс шеңберiнде куә ретiнде жауапталған да болатын. Қылмыстық құқықта - қылмыстың субьективтiк жағы деген болады. Яғни ол - қылмыс жасады деген адамның сол қылмысты жасаудағы ойы, мақсаты. Егер күдiктi адам өз әрекетiн қылмыс жасау үшiн емес, жақсылық, адамгершiлiк тұрғыда жасағаны дәлелденсе, ол қылмыстық жауапкершiлiктен босатылады. Яғни менiң айтпағым Исматулла Абдуғаппар елдегi бүкiл нашақор мен араққа тәуелдi адамдарды жай ғана қамап ұстау үшiн жинаған жоқ қой, оларды емдеп ақша таппағаны да тергеумен анықталып отыр. Ол кiсi нашақорлар мен араққа тәуелдiлердi "зiкiр ғибадаты" арқылы емдеудi мақсат тұтты және ол емi теориялық тұрғыда әлi зерттелiп, анықталмаса да, iс жүзiнде өз жемiсiн бердi де. Сонда ол адамды бiз не үшiн, қандай қылмыстық ойы, мақсаты үшiн соттамақпыз? Екiншi таққан ауыр қылмыстары, қылмыстық ұйым құру және басқару, яғни ҚР ҚК-нiң 235-бабы, 2-бөлiмi. Әдетте ұйымдасқан қылмыстық топ деген кезде бiздiң есiмiзге осы кезге дейiн сот үкiмiмен сотталған "4 ағайынды", "Қырықбаевтар", "Рыжий Алмаз" тағы басқалары сияқты, бұрын бiрнеше мәрте сотталған, мұздай қаруланған, адамдарды тонап және өлтiрген қарақшылар түседi. Осы жерде ескере кетер бiр жайт, кез келген қылмыстық топтың негiзгi мақсаты бiреу - ол аса көп көлемде ақша, қаражат табу. Бiздiң жағдайда тағылған айып олардың барлығынан да асып түстi. Себебi қылмыстық ұйым құру дегенiмiз - ұйымдасқан қылмыстық топ құруға қарағанда әлдеқайда, күрделi, әрi белсендi құрылымдық күш, оның iшiнде бiр емес, бiрнеше ұйымдасқан қылмыстық топ болуы шарт. Алайда тергеу барысында "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" қоғамдық бiрлестiгiнен, болмаса оның жетекшiсi мен белсендi мүшелерiне тиесiлi ешқандай құнды мүлiк, қаражат, болмаса үлкен көлемде қару табылған жоқ. Шетелге қаржы аудару немесе ол жақтан қаржы алу сияқты бiрде-бiр факт тiркелмеген. Олардың ешқайсысының тiптi банктiк есепшоттары да болмаған. Сонда ақшасы, қару-жарағы, басқалай да күштiк құрылымдарға тән белгiлерi жоқ ол не қылған қылмыстық ұйым, яғни синдикат? Үшiншi және ең негiзгiсi - ол, заңсыз дiни экстремистiк және қоғамдық бiрлестiктер құрып, азаматтардың арасында дiни алауыздық туғызды деген айыптаулары. Осы жерге Сiздердiң баса назар аударуларыңызды сұраймын. Бiрiншiден, "Сенiм.Бiлiм.Өмiр" РҚБ заңсыз құрылған жоқ. Ол осыдан 9 жыл бұрын заңды түрде Республикалық қоғамдық бiрлестiк болып әдiлет органдарында тiркелген және күнi бүгiнге дейiн өзiнiң заңды қызметiн жалғастырып келе жатқан ұйым. Мұндай ұйымды заңсыз және экстремистiк деп тану үшiн "Экстремизмге қарсы күрес туралы" ҚР Заңының 1-бабының, 6-тармағына сәйкес, заңды күшiне енген сот шешiмi болу керек. Маған күнi бүгiнге дейiн белгiлiсi - сот шешiмiмен экстремистiк деп танылған 14 ұйым бар, (Талибан, Хизбут-тахрир т.б.) бiрақ олардың iшiнде "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" РҚБ жоқ. Одан қала бердi менiң қолымда 2005 жылғы заңды күшiне енген сот шешiмi бар. Оған сәйкес, "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" РҚБ-iн экстремистiк ұйым деп тану туралы Маңғыстау облыстық IIД-нiң талап арызы толықтай қанағаттандырусыз қалдырылған.
Сондықтан да ешкiмнiң де бұл қоғамдық бiрлестiктi және оған қатысы бар адамдарды экстремистер деп атауына, ешқандай құқығы жоқ! Екiншiден, қандай дiндер арасында алауыздық туғызғаны анықталмаған. Тергеу аясында жүргiзiлген сараптама қорытындыларына сәйкес, "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" РҚБ-нiң және "АБЖаД" интеллектуалдық таным клубы өз қызметiн жүргiзу барысында - Ислам дiнiнiң уаххабилiк деп аталатын бағытын ұстанушылардың дiни нанымы мен сенiмдерiн қорлаған! Егер уаххабизмнiң елiмiзге тигiзетiн зияны туралы әңгiмелер мен нақты тарихи деректердi айту қылмыс болып саналатын болса, онда менiң қорғауымдағы азаматтар өз қылмыстарын толық мойындауға дайын. Себебi, ол азаматтар аталған дiни бағыттың зияндығы туралы зерттеулерiн осы кезге дейiн жай ғана емес, ғылыми түрде негiздеп келген болатын. Және олар өздерiнiң бұл көзқарастарынан ешқашан таймақ емес. Одан басқа, тергеу органдарының бұл айыптары соттан қолдау табатын болса, онда елiмiздегi журналистер мен саясаткерлердiң бiразы қылмысты болып шықпай ма? Мысалы, техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ибраевқа осы айып не үшiн тағылғанына тоқталайын, сенсеңiздер де, сенбесеңiздер де екi ауыз сөзi (фраза) үшiн;
1. "Бiз түрiкке де, арабқа да елiктемеуiмiз керек, қазақтың өз жолы бар", 2. "Ешкiм мешiтке барғанда салафит болайын, вахабит болайын не басқа да "ит" болайын деп бармайды. Ол бiр құдайды iздеп барады", болды, бас-аяғы осы. Осы екi ауыз сөзiн сарапшылар (сөзбе-сөз) "Келтiрiлген үзiндiде дiни алауыздық пен араздықты тудырудың белгiлерi - iс-әрекеттерiне жағымсыз баға беру арқылы ваххабизм, салафизм ағымы өкiлдерiнiң терiс-жағымсыз образдарын қалыптастыру, аталған дiни ағым өкiлдерiне әдеби тiл нормаларын сақтаған, бiрақ қоғамдық-iзгiлiк қағидаларына қайшы келетiн сөздер тобындағы екi түрлi мағынада: 1. Салафизм, вахабизм өкiлдерiн зат есiмдi зоосемантикалық метафора ретiнде қасқыр тұқымдас сүт қоректi үй жануарына теңеу;
2. Ауыспалы мағынада "Оңбаған, жауыз" сын есiм сөзi ретiнде оларға аса айқын терiс жағымсыз баға беру бар" деп, қорытынды берiп, тергеу тобы аталған қорытындыға сәйкес, Саят Ибраевқа ҚР ҚК-нiң 164-бабымен (дiни алауыздық туғызу) айып тағады. Бұл сараптаманың және айыптың негiзсiз екенiн филология ғылымдарының докторы, профессор А.Салқынбай толық дәлелдеп бердi. Осы орайда тағы бiр айта кететiн мәселе - ол қоғамдық бiрлестiктiң өз қызметiн ашық жүргiзгенiне тоқталғым келедi. Яғни "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" РҚБ мүшелерi елiмiздiң барлық аймағына барып ваххабизм мен салафизм туралы және дiни-ұлттық экстремизге қатысты лекциялар оқыды, ашық пiкiрталастар жүргiздi, ең қызығы осы қызметтерiнiң барлығы да тиiстi органдардың алдын ала рұқсаты, келiсiмi арқылы жүргiзiлдi. Бiрлестiк тарапынан ешқандай жасырын жұмыстар атқарылған емес. Оған дәлел - бiздiң қолымыздағы көптеген фото және бейнематериалдар. Онда бiрлестiк қатысқан, не болмаса ұйымдастырған жиналыстарда құқық қорғау органдары, прокуратура, iшкi саясат, әдiлет органдары, көптеген журналистердiң қатысуымен болған. Менi таңғалдыратыны - осынша жыл көлемiнде өз жұмысын қалтқысыз атқарып келген және негiзгi жұмысының бағыты экстремизммен күрес деп танылған қоғамдық бiрлестiктiң өзiнiң қызметi аяқ астынан - экстремистiк деп танылғаны, яғни сол бойынша қылмыстық iс қозғалғаны. Адвокат ретiнде менi таңғалдыратын және бiр жағдай - уаххабиттердiң дiни наным-сенiмiн қорлаған деп қылмыстық iс қозғағанымен, iс бойынша бiрде-бiр сол дiн өкiлiнiң арызының болмауы! Яғни ҚР қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң талаптарына сәйкес, тергеу тобының оларды жәбiрленушi деп танымауы. Сонда менiң қорғауымдағы адамдар құқығын бұзып отырған уаххабиттер деген кiмдер? Олардың "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" сияқты ұйымдары бар ма? Болса, неге сол ұйымдары бет-пердесiн ашып, "Сенiм. Бiлiм. Өмiр" сияқты ашық әрекет етпейдi?! Осы және осы секiлдi сұрақтар қылмыстық iспен толық танысқан кез келген көзi ашық жанды мазалайтыны хақ. Көре-бiле тұра, адамгершiлiк пен заңдық принциптердi өрескел бұзу фактiлерi шаш етектен екенi өз алдына бөлек әңгiме. Бұл мақаланы жазғандағы мақсатым - базбiр солақай, тапсырыс орындағыш, қарапайым кәсiби этикасынан баз кешкен БАҚ өкiлдерi қалыптастыра бастаған қоғамдық пiкiрдi бұзу, менiң қорғауымдағы адамдардың жазықсыз қараланып, сотталып бара жатқанын ел-жұртқа жеткiзу. Ал әдiл шешiмдi уақыт пен әдiл сот еншiсiне қалдырдық.
***
"... Теологиялық зерттеу жүргiзген С.Энчбай өз қорытындысында: "Вахабистiк - салафистiк "таза ислам" бағыты Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы ұстанған Әбу Ханифа мазхабына қайшы келе ме? Вахабистiк-салафистiк ислам iшiндегi дiни бағытты сынау немесе оны ұстанған адамдарға тiл тигiзу ислам дiнiне тiл тигiзу болып санала ма?" деген сұраққа: "Уаххабшылдық бағыт Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы ұстанған ханафи мазһабына қайшы. Уаххабшылдықты ұстанған адамдарды сынау исламға тiл тигiзу болып саналмайды", - деп жауап бередi. Ал сот психологиялық-филологиялық зерттеу жүргiзген Г.И.Мухатаева мен Д.Т.Рабилов теолог ғалымнан асып, өз саласына қатысты емес, яғни филологияға қатысты емес "дiни араздық пен алауыздықты қоздыру белгiлерi бар" деген қорытынды шығарады. Мұндай қорытындыны филолог сарапшылар емес, теолог сарапшылар шығаруы керек едi. (Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Б.Салқынбайдың сараптамасынан)
***
"Айдын өз ажалынан өлмедi, мәйiтi ауыстырылған" деген айыптау жанымды ауыртты. Құдай қосқан қосағым марқұм Айдынның сүйегiн қазып алып, тiрi жанға қиянаты жоқ азаматтарға жала жауып жатқанын естiгенде, жүрегiм су ете қалды. Жағамды ұстадым. Айдын сұраусыз жатқан адам емес қой, артында бала-шағасы, мына бiз қалдық. Неге маған ескертпедi имансыздар? Онысы аздай, күйеуiмнiң сүйегiн әлi күнге дейiн орнына қайта көмбеген. Бейiтi ойрандалып жатыр. Жала жабудан ғана тұратын "Ақиқат" деген фильмсымақты көргенде, үйдегi қызым Бибiнұр: "Әкем тiрi екен ғой, мама?! Тiрi болса, неге бiздi iздеп келмейдi?" деп жылап, әкесiн iздегенде, жанымды қоярға жер таппадым. Бала-шағамның көңiлiне алаң туғызып, жүрегiн жаралап кеттi. Әсiресе, енемдi, Айдынның анасын аяймын, оны да сергелдеңге салып қойды. Баласын өлiмге кiм қисын, ананың аты ана емес пе?! Қайын атам Айдынның мәйiтiн көрiп, баласы екенiне көзi жеткен болатын. Сонда бiздiң жанымызды ауыртып, аруақты қорлағандардың мақсаты не?"
(Сандуғаш Қиқымбаеваның баспасөз мәслихатында айтқаны).
Абзал Құспанов,
адвокат.
http://zhasalash.kz/kogam/4759.html