Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2343 0 пікір 21 Маусым, 2011 сағат 06:19

Қуандық Шамахайұлы. Уәде

(сықақ әңгіме)

Таңғы тәтті ұйқысын қимаған Дүрмек енді тұру керек екенін, тіпті жұмысқа баратынын ойлағанда жыларман халге түсті. Бала кезінде осындай сәтте бақырып қоя беруші еді. Шешесі байғұс жаны қалмай елпектеп, жалғыз ұлын айналып-толғанып, жұбатып жататын. Енді, алпысты алқымдағанда ондай күн қайда? Дегенмен, «ауру қалса да, әдет қалмайдының» керімен ыңыранып, керіліп, оянғаны жайындағы хабарды үй ішіне жария етті. Сол сәтте келесі бөлмеден әйелі Гуляның :

-    Қане, телевизордың даусын бәсеңдетіңдер! Әкелерің  жексенбі күні жақсылап бір тынықсын, - деген қоңыр үні құлаққа келіп жетті.

(сықақ әңгіме)

Таңғы тәтті ұйқысын қимаған Дүрмек енді тұру керек екенін, тіпті жұмысқа баратынын ойлағанда жыларман халге түсті. Бала кезінде осындай сәтте бақырып қоя беруші еді. Шешесі байғұс жаны қалмай елпектеп, жалғыз ұлын айналып-толғанып, жұбатып жататын. Енді, алпысты алқымдағанда ондай күн қайда? Дегенмен, «ауру қалса да, әдет қалмайдының» керімен ыңыранып, керіліп, оянғаны жайындағы хабарды үй ішіне жария етті. Сол сәтте келесі бөлмеден әйелі Гуляның :

-    Қане, телевизордың даусын бәсеңдетіңдер! Әкелерің  жексенбі күні жақсылап бір тынықсын, - деген қоңыр үні құлаққа келіп жетті.

«Расында, бүгін демалыс екен ғой» деп ол өлген әкесі тірілгендей қуанып, көрпеге қайта оранды. Қырсыққанда ұйқысы келмей мазасы кетті. Өткен-кеткені еске түсіп, тағы еріксіз дөңбекшітеді. Дүрмектің жұмыс орны үйінің іргесінде. Осы күнге дейін таңғы сағат сегізден бұрын оянып көрмеген екен. Бала кезінде ойлаушы еді, есейген соң ерте тұрып, суық сумен жуынамын, далаға шығып жүгіремін, дене жаттығуларын жасаймын, секіремін анау-мынау деп. Сөйтіп маужырап жүргенде жиырмаға келді. Енді оқуды сырттай бітіріп, қызметкер болған соң бастайын деп шешті. Ол жылдар да өте шығып, жұмысқа орналасқан күні енді, алдымен үйлі-жайлы болайын, үйленейін, ерте тұру, шынығу қайда қашады дейсің, - деп тағы шегеріп тастады. Оған қосымша міндеттемелерді де мойнына жүктеді: үйленген күннен бастап темекіні тастау, бес уақ намаз оқу, әйеліне көмектесу, жыл сайын ораза ұстау.

Кешікпей Гулямен бас қосып,үш бөлмелі жайлы пәтерде түтін түтетті, балалы-шағалы болды. Жүрдек уақыт онымен де тоқтап тұрмады. Ұл есейді, қыз бой жетті. Енді міне, қарны қабақтай, беті табақтай болып жатқан кейіпі. Өмірінде бір мәрте ерте тұрып көрмеді, терлеп-тепшіп қара жұмыс істемеді, жауаптанған қызметі үшін де бас қатырмады, намаз оқу тұрмақ бес аттам жердегі мешіттің есігінен де сығалаған жоқ. Сөйте тұра демеушілердің ұшағына мініп, қажылыққа да барып көрді. Одан оралған соң осы сапарын жуып, арақ ішіп тойлады.

Өмірде не көрдің? - деп сұраса оның айтары көп-ақ. Бармаған тойы, жасамаған баяндамасы, жемеген тамағы, ішпеген арағы, таппаған ақшасы жоқ секілді сезіледі.

Дүрмек ақыры барлық арманын дәл қазір жүзеге асыруға бел байлады. Бірақ, кеше де өстіп ойлағанын есіне түсірді.Тұрып далаға шығып жүгірмекке бір оқталды да «Таң сәрі емес, тал түсте талтаңдап жүргенім ұят болар, ертең бастайын», деген ойға келіп, жуынуға кірісті. Алдымен суық суды ағатты да сәл бөгелді. Бірден суық сумен жуыну қауіпті болуы мүмкін. Денені үйретіп бірте-бірте бейімделмесе болмас. Суық суды алақанға құйып денесіне  тигізбек болды да райынан дереу қайтты. Жүгірмеген соң оның қажеті қанша? Ол жылы суға қолын малып, асықпай беті-қолын жуды. Ал, ертең бәрін ретімен түгелдей орындайтын болады.

Таңғы шай мен түскі тамақты қосып, ішіп-жей отырып, бүгін бір жаңа бастама жасауға әзірленумен болды. Сонда Гуля балаларына:

-    Бүгін тым құрығанда терезелерімізді жуып, тазартып, бір бөлменің обоиын ауыстырып алуға тырысайық, - деді.

Мұны естіген Дүрмек:

-    Не?! Барлық бөлменің қабырғаларын жаңартамыз. Терезелерді жуып қана қоймай, сырлаймыз. Еденге жаңадан линолиум төсейміз,-деп желпінді.

Әйелі оған:

-    Бәрін солай жасап алсақ, әрине, жақсы болар еді. Бірақ, оған үлгермейміз ғой. Сен өзің істемеген соң білмейсің. Ондай қыруар жұмысты ешкім де жарты күнде тындыра алмайды,- деген уәж айтты.

-    Мен жасаймын. Елдің бәрі сен емес қой. Мәдениетті, таза тұруды қазіргі заман талап етіп отыр. Үлгеруіміз керек. Түсіндің бе?

-    Түсінбейтін не бар? Бірақ, бір-жарым күнде ондай шаруаны тындыру қиын. Біртіндеп ретімен істеуге болады ғой.

-    Жоқ, бәріне үлгереміз. Түгел жасау керек, - деп Бақжалау барлық бөлмелердің обоиларын жұлып тастады да әйелі мен балаларына жұмыс бөліп берді. Өзі терезе жуатын болды. Сонымен бәрі өз істеріне қызу кірісіп кетті.

Дүрмек терезе алдында ойланып біраз тұрды. Кежегесі кейін тартып, жұмысқа зауқы соғатын түрі жоқ.

-    Әй, Гуля! Терезені немен тазалаймын? - деп айғай салды, сәлден соң.

-    Алдымен сабынды сумен жу. Сосын, құрғақ шүберекпен, қағазбен жақсылап ысып, сүрт! - деген қысқа кеңес келесі бөлмеден келіп жетті.

-    Ой, ол құрғақ шүберек пен қағазың қайда?

-    Ана қызың қайдан алды, сол жерден ал!

-    Әй, Гүлжан! Сен қағаз бен шүберекті қайдан алып жүрсің?

-    Папа, ана бір кішкентай тубочканың тартпасын ашыңыз...

-    Сөзді қой, қазір маған әкеліп бер!

Гүлжан әкесінің айтқанын екі етпей орындап, қайтарында келесі бөлмеге барып шешесіне:

-    Папам өзі істемегенімен қоймай, бізге кедергі жасайтын түрі бар. Кенжетай ағайдікіне жіберіңізші, карта ойнап келсін, - деді.

Дүрмек кәдімгі жұмыстағы, жалпы қоғамдық ортадағы ежелгі әдетінше қайта-қайта айғайлаумен болды.

-   Әй, Гуля! Әлгі сабынды суың қайда?

-   Ваннадан алмайсың ба?

-  Қашаннан бері ваннадан сабынды су ағатын болған-ей?! Әй, Гүлжан! Сен тез әкеліп бер!

-  Менің қолым тимейді, Самат әкелсін!

-  Мен де бос емеспін.

Қақсап болмаған соң ұлы барып, оған сабынды су жеткізді де:

-  Бәріміз жұмысты бөліп алдық емес пе. Ендеше, әрқайсымыз өз шаруамызбен айналысайық та,- деді.

-  Қарай гөр, мұны! Әкесіне ақыл айтпақ. Әй, Гуля, көрдің бе, мынаны?  Баланың тәрбиесіне неге мән бермейсің, сен осы?! Менің қолым үкіметтің жұмысынан бір сәт босамайды...

Дүрмектің терезе сүртуінен гөрі ентігуі басымдау болды. Ал, терезе әйнектері тазару орнына бұрынғыдан бетер айғыздала түсті. Жуан қарнын солқылдатып, ұзын тұра бойын имеңдетіп, бар күшімен ысқылап көрді. Екі қолы талып кетеді. Қап-қара жүзі қошқылдана қызарып, жүрегі аузынан шығып кете жаздап, өкпесі сырылдайды. Ысқылады. Сүртті. Бәрібір айғыз-айғыз, салтақ-салтақ.

Барын салып кірссе де түк бітіре алмады. «Аядай тар бөлмеге не үшін мұндай үлкен терезені қабат-қабатымен салды екен» - деп іштей қатты күйініп күйзелді. Жуып біткен соң оның жақтауларын сырлау керек екенін ойлағанда, тіпті діңкесі құрып кетті.

-  Гуля, бүгінше сырлауды қоя тұрайықшы, - деп жалынуға мәжбүр болды.

Әйелі қарсыласқан жоқ, «е, мейлі» деді.

Бір түрлі жеңілдеп қалғандай болып, бар дәрменімен әйнекті үйкелей бастады. Қара жұмыс көрмеген екі қолы илігер емес. Бәрін тастап төсекке құлай кеткісі келді де:

-  Гуля, мына күннің түрін қарашы!

-  Не болып қалды?

-  Ауа райы бұзылып, шаңдатайын деп тұр ғой.

-  Ендеше, шаңдатпай тұрып терезеңді тазалап таста.

-  Әй, онда қандай пайда бар?

- Неге?

- Жуған терезені былғап тастайды ғой. Біле тұрып пайдасыз сәтте жұмыс істеу деген ақымақтардың ғана әдеті. Бәрібір қайтадан жууға тура келеді. Сондықтан кейінге қалдыра тұрайық. Тамақ әзірлеңдер!

Балалары ақырын күліп, өзара ымдасты. Әйелі тамақ әзірлеуге кірісті. Ұлы мен қызы жұмысты қызу қолға алған сыңайлы. Тоқтайтын түрлері жоқ. Жүздерінен шаршаған кейіп байқалмайды. Істері өнімді болған сайын рахаттана түсетін секілді.

Дүрмек төсекке барып қисая кетті. Сол-ақ екен, ежелден иектеген жалқаулық енді оны тырп еткізбей басып алды да қозғалтпады. Әйелі тамаққа шақырғанда да мойны жар бермей алдына алдырып алып, жатып ішті. Ең тәуірі - ешкімді жұмсамай-ақ, өзі шайнап, өзі жұтты.

Тамақтан кейін шалқалай құлады. Осы сәтте әйелі келіп оның терезесін сүрте бастады.  Әйнектің шиқылы тура өзінің миын сүртіп жатқандай әсер етті.

-  Адамға маза бермей, не үшін әуіреге түсіп жүрсіңдер, қойсаңдаршы! - дегенде даусы баяулап барып, үні өшті.

Қатты ұйқыда жатып түс көрудің өзі оны шаршатын секілді. Біраздан соң жүрегі маза бермей кеудесін дүрсілдетіп ұра беретіні жанына қатты батты. «Не деген тынымсыз нәрсе». Сәлден соң биік құздан құлағандай күй кешіп, қимылсыз қалды. «Бұл жалған дүниеде ештеңеге үлгермедім. Енді о дүниеге барған соң бәрін нөлден бастаймын!» - деп Дүрмек қас-қағым сәтте ақырғы уәдесін берді де, мәңгілік «демалысқа» аттанып кетті.

Ертеңінде газеттер халыққа жарыса көңіл айтып, қазанамасында «марқұмның еңбексүйгіштік қасиеті жадымызда мәңгі сақталатын болады» - деп бадырайтып жазып жатты. Оған телевизия мен радио да қосылып айғайға сүрең қосып, бәрі марқұмның ерен еңбегін айтып тауыса алмай әуіре.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1489
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5531