"Не верю!"
Топырағың торқа болғыр Кәністәнтін Сергейұлы Станиславский актер қауымын "Не верю!" - деген айғаймен оқытуды үйретіп кетті. Қашан "Верю!" - естілегнше азапқа түсіп үйрендік.
Кешегі ДебАтқандарды көріп отырып "НЕ ВЕРЮ!" - өз аузымнан да шығып кетті. Не деген жасандықұмар, жасандыжерік, жасандытуар ел болып барамыз?!
Билік түгіл соған қарсы тұрмақ оппозицияның өзі сол жасанды сценаридегі рольге разы сияқты. Менің ФБтағы жазғандарымды оқып жүргендер болса оу баста-ақ осы сайлауға бас тіккен азаматтарға "Қарсыластың ойын тәртібін қабылдады" - деп қынжылып едім. Енді не болды?
Айналып кетейіндер, жасандылық біздің кәсіпке тән қылық. Бірақ біз жаңағы "Не верю!" - деген айғай шықпас үшін сендіреміз. Сахнадағы бізге сенген соң Сіздер көрермен залында отырып бірде күлесіз, бірде жылайсыз. Сөйтіп біз алдымызда отырған шағын топты иландыра аламыз. Ол топ біздің жасанды өмірді шынайы сүргенімізге риза болады, соған дайын болып келеді. Өнер адамын саясатқа тықпалап жібергілерің келеді қайсыбірлерің. Онда не ұтасыз? Біздің сөзіміздің дуалы кезі сахнада ғана. Белгілі, дайын аудиторияда ғана. Экономикалық, құқықтық білім жоқ бізде. Кейде бір ұтымды ой, тұшымды сөз айтып қалсақ, ол - эмоцияның, бастағы мидың, санадағы білімнің нәтижесі ғана. Бірақ, ел-жұрттың хал-ахуалын бір кісідей ұғамыз, сол үшін шырылдаймыз. Саясаткерге көпшілік элокторат болса, бізге олар - Мәртебелі көрермен! Көрерменсіз өнер тұл! Сондықтан елдің мұңы мен жоғын жоқтаймыз.
Ал, мынау не болды сонда?! Ел түгіл шағын топ, топ емес тобыр ертетін ертегі айта алмай кеттіңдер ғой!
Біреулер отыз күн ұстаған оразасын пешкеш қылып, қайта-қайта еске салады. Біле білсеңдер күллі ҚАЗАҚ ОТЫЗ ЖЫЛ ОРАЗАДА ! Айтарын айтпай, ғайбат кетпей, өз қолын өзі кеспей, "сен" деспей, белдеспей тұтылып отыр. Биліктің сценариі бойынша би билеп сенгендеріміз, сенейік дегендеріміз жүр.
Не дебАтсыңдар сонда? Сайлау өткен соң не дебАтасыздар? Сол эфир керек пе еді өзі? Бас қарсылас келмейтінін естігенде бас тартуға болмас па еді?...
Уатсап пен инстаграм, ютубтан одан да жақсы таралым жасауға болатын еді ғой.
Миым жетпеді, қойылым сәтсіз болды. Не верю!
Асқар Наймантайдың facebook парақшасынан
Abai.kz