Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2943 0 пікір 27 Маусым, 2011 сағат 06:15

Дүйсенбек АЙБЕКОВ. ШЕРАҒАҢ НЕГЕ ШАМДАНАДЫ?

Қазақ тілі жөнінде: «Шырылдауын Шаханов шырылдайды, ал айлығын Айтбаев алады», - деп, әзілкеш Көпен Әмірбектің айтқан әзілі бар. Әзіл түбі - зіл. Ақиқаты да, астармен айтылса да, бұл анық сөз.

Қазақ тілі жөнінде: «Шырылдауын Шаханов шырылдайды, ал айлығын Айтбаев алады», - деп, әзілкеш Көпен Әмірбектің айтқан әзілі бар. Әзіл түбі - зіл. Ақиқаты да, астармен айтылса да, бұл анық сөз.

Жалпы, тіл мәселесінде саналы азаматтар­дың, әсіресе ақын-жазушылардың аянбай еңбек­теніп жүргендері аз емес. Кешегі кеңестік, тоталитарлық тар кезеңнің өзінде танымал сатирик ағамыз - Шона Смаханұлы Алматыны жаяу аралап, артынан жүздеген, мыңдаған қазақ тілінің жанашырларын ертіп, ертеңгі болашақ үшін бірнеше қазақ мектептерін ашуға қол жеткізгенін кім ұмытады?
Ал ана тіліне құрмет, оның өрісін ашу үшін айқас, тіпті, ата жаумен болса да шайқас майданының қандайына да қаймықпай қарсы тұратын бүгінгі көзі тірі классиктердің бірегейі - Шерхан Мұртаза бұл мәселеде жеке-дара, оқшау тұр.
Айбарлы, айдынды, арыстандай ашулы әрекет-сөздерімен небір дөкейлердің бөтегесін түсірердей қадамға барып, туған тілдің көсегесін көгертердей іс жасағанын бүгінгі ұрпақтың бәрі бірдей біле бере ме? Бар қазақтың Шерағасы мемлекеттік тіл жөнінде қандай мүмкіндіктер әперуге қайрат жасады екен? Әрине, бәрін бастан-аяқ болмаса да, кейбір қадау-қадау әрекеттерін бүгінде алып жазушы қалай деп ауызға алады? Бүгінгі әңгіме осы туралы. Шерағаң қазір Таразда тұрады. Жиі жүздесіп, әңгімелесеміз. Қайраткер тұлғаның пікірі қашанда салмақты. Ендеше, Шерағаның әңгімесіне сіз де құлақ түріңіз.
- Тіл туралы, қос азаматтық туралы менің пікірім әуелден-ақ белгілі. Бұл мәселелерге байланысты Ата заң қабылданар тұстағы додаға талай түскенмін. Жағым талып, жағам жыртылған. Сондықтан егжей-тегжейлі қайталап жатудың қажеті жоқ. Мен сол тұғырымнан тайған емеспін. Таймаймын да.
Туған тілге «жаны ашитын» депутаттар Парламентте аз ба, көп пе - оны Мәжілістің күнбе-күнгі жұмысынан байқауға болады. Парламент жұмысы бастан-аяқ тек орыс тілінде жүреді. Қазақшаға тыйым салған ешкім жоқ. Бірақ көп қазақтар орысшаға орыстардан да жүйрік. Сол «жүйрік» тілмен жүре бергісі келеді. «Ана тілімді аяқасты еттім-ау, бағын байлап, қорладым-ау» деп кеудесін намыс кернейтіндер некен-саяқ. Жоқтың қасы. Бұл үшін кімді кінәлайсың? Бағынышты құлдық психология сүйекке сіңіп қалған. Батпандап кірген дерт мысқалдап қана шығуы мүмкін.
Шынымды айтсам, мен сол Парламентте отырғанда Ресейдің Тамбов, не Новгород губерниясының жиналысында отырғандай болатынмын. Адасып келген адамдай, қазақша сөйлеген боламын. Оным орысшадан құралақан қалғандығым емес, тым құрыса титтей де болса, қазақ иісі білінсінші дегенім. Қазақша сөзімді көпшілігі басқаша бағалап, мені «ұлтшыл» дейді. Құқай еткісі келеді...
Иә, Шерағаң Парламенттің үш шақырылымында депутат болып сайланды.  Депутаттық сауалы, кейбір хаттары бар - Парламентте алпыстың үстінде сөз сөйлепті. Бәрі де қазақ тілінде айтылған. Бір жаманы - алғашқыда тыңдаушылары аз болған, бір жақсысы - біртін-біртін Парламенттен қазақ сөздерінің үні жиі-жиі шыға бастаған. Келешек қазақ Парламентін қалыптастыруға оң қадам жасалған.
- Мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінің жолы өте ауыр болды. Ауыр жолды жеңілдетудің ең пәрменді жолы - көпшілік талап еткендей, Ата Заңға өзгеріс енгізу. Одан кейін - мемлекеттік басшы қызметкерлердің, әсіресе қазақтардың қазақшасын қатаң бақылау. Ұлттық сананың оянуы, намыстың, рухтың тірілуіне жағдай жасау.
Ішкі Ресейде «тяжеловоз» дейтін ат болады. Тонна-тоннаны тірсегі қайыспай тартып кете беретін шомбалың - осы. Сол аттың бір жағына қосарлап, екінші жағына біздің көп жыл жем бермей, су бермей, әбден көтерем қылған, өлексе атымызды жексе не болады? О-оу, сен әуелі сол көтерем атты бапта, жемде, семіртіп, күйлендіріп алып, жек арбаңа. Ал, бұл күйінде жексең, құр әшейін салақтап, шомбал аттың көлеңкесінде босқа жүреді, бар жұмысты әлгі «тяжеловоз» атқарады.
Ашынған адам не айтпайды? Аш адам да аянып қалмайды. Ал ана тіліне, ұлттық намысқа шөліркеген кісі, ол өзі Шерағаңдай шамшыл, мінезді, қазақы адам болса, қалайша өткір-өткір сөйлемейді. Әрине, өтірік емес, көлгірсу емес, тура өңменіңнен өтердей, тиер жеріне жетердей дөп айтса, несі айып?
«Тілі бар халық - халық, тілі жоқ халық - балық», «Екі тіл тек қана жыланда болады» деген, тағы басқа да қазір баршаға мәтел болып кеткен, Шерағаңның қазақи шерлі көңілін жарып шыққан сөздер қаншама! Ұлттық намысы барларға әсер ететін осындай сөздерді көрнекі құрал ретінде жазып, биік жерлерге іліп қойса, шіркін! Ол үшін кімнен қорқып, үркуіміз керек? Не үшін?
- Өмір бойы екі омыртқамның арасына қадалып қалған қорғасын оқтай бірдеңе жұлынымды қысып, жүйке-тамырымды кеміріп тұрушы еді. Ол оқ - «ов» еді. Енді сол оқты біреу омыртқамнан суырып алып тастағандай жаным жай тапты.
Міне, Шерхан Мұртаза осылай дейді. Тәуелсіздік алған қазақ елінде бірінші болып тегіндегі бодандық, жасанды жалғауды жұлып тастаған да осы - Шерхан Мұртаза. Және өзі ғана емес, оның ықпалымен сол кезде айналасында жүргендер де Қайнар Олжай, Қали Сәрсенбай, Әділ Дүйсенбек, Еркін Қыдыр болып еркіндікке, тәуелсіздікке алдымен қол созды емес пе? Ал, Шерағаның ұлт мүддесі жолындағы бұл бастамасы бүгінде санасы ояу, көңілі сергек барша қазақтың бір ауыздан қолдауына ие болды.
- Бұдан бірнеше ғасыр бұрын болашақ өмір туралы Мөңке би былай деген екен:
Құрамалы-жалғамалы үйің болады,
Аумалы-төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Күнде бас қосқан жиын болады.
... Ала-шұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады...
Нострадамустың бір айтқаны келсе, бір айтқаны келмейді. Ал, баяғыда өткен Мөңке бидің айтқанының бәрі қазір келіп тұр. Ала-шұбар тілден арыла алмадық. Дүдәмалдау дін деген қаптап кетті.
Мұның бәрінің басты себебі; ұлттық рухтың азғандығынан. Рух азса, намыс тозады.
Мінеки, қанша жыл өтті, тіл тағдыры әлі додаға түсіп жатыр. «Мемлекеттік тіл» деп қарқарадай үкі таққан, сол үшін де талай найза, қылыш сынған дау әлі лаулап тұр. Басқа даулар бітеді. Тіпті соғыстар да тынады. Бір бітімге келеді. Ал мемлекеттік тілдің дауы бітпейді-ақ. Бұл неғылған қасірет?
Дәл қазір газет-журналдарға жазылу жүріп жатыр. Егер бір пәрмен шығып, кім қандай басылымға жазылып жатыр екен деп тексеріп кеп жіберсінші. Қазақшаға жазылмағандардың көбісі өзіміздің қазақ шенеуніктері болып шыға келеді. Мұны өзге ұлттың өкілдері көзімізге шұқып көрсетеді: «Әне, әуелі өзіңді түзеп ал», - дейді. Сонда намыс болса, ұялар едік. Намыс жоқ қой. Өйткені рух - дімкәс, шалажансар. Рух - өлі сүйектеніп кеткен.
Рухтың анасы - Ана тіліндегі кітап. Ана тіліндегі кітаптың уызынан ауызданбаған шенеу­нікте ұлттық рух қайдан болсын. Бірақ біздің қазақ - рухы берік ел. Сын сағатта бекитін, бірігетін ел. Осыны бүгінгі оқыған, орыстанған ұрпақ ұмытып барады. Қасіреттің үлкені де - сол!
Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің жасы сексеннен асқан кезі. Алып жазушы әзірге тың, ширақ, сергек. Шерхан Мұртаза - «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Ғабең анда-санда келіп тұрады. Әртүрлі әңгіме, әсіресе әдебиет, өмір, ұрпақ жөнінде жиі сөз болады. Ақыры, бас редактор ойындағысын айтты. Ағасына қолқа салды. - Ғабе, туған тілдің бүгіні, болашағы туралы қазір тек сіз ғана салмақты, соқталы сөз айтуыңыз керек. Сіз айтсаңыз, бұл мәселенің маңызы да, мәні де күрт көтерілуі тиіс...
Тіл жөнінде Ғабең баяндама жасады. Жазушылар одағының пленумында. Екі жарым сағат аяғынан тік тұрды. Бұл тек қазақ тілі туралы баяндау емес, бағыты, бағдары бөлек, терең, кең көлемді, келелі, келісті, өте керек әңгіме еді. Жиынға қатысып отырған Орталық Комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков жан-тәнімен ұйып тыңдады. Ұйғарым жасалды. Ұлттық мүдде, қазақы рух, намыс жайында бұрын-соңды мұндай өткір, ащы сөз ашық айтылмайтын. Енді көкейдегі, көңілдегі күпті, күдікті жайттың беті ашылды. Ал бұл әңгіме ұлт зиялыларына үлкен серпіліс беріп, қасаң санаға қызу қозғалыс туғызды.
- Қазақ тілінің өріс алуына, дамуына мемлекеттік құрылыстың басты-басты тетігін ұстап отырғандар үлгі көрсетсін. Әзір ондай үлгі жоқ. Елбасымыз әділін айтты: «Алдымен, екі қазақ бір-біріңмен қазақша сөйлес», - деді. Сорлатқанда, сол өкімет пен үкімет кеңселерінде қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлеспейді. Намыссыздықтан, ұлттық рухын отарлау саясаты сындырғаннан. Бірақ, билік маңайына енді келіп жатқандардың көбі қазақы тәрбиеден, жан дүниесі ұлттық намыс, рухтан  нәр алғандар екенін сезіп отырмын.
«Қазақ тілін білмейсің, сол тілде неге сөйлемейсің», - деп өзге ұлттардың өкілдерін күстаналайтын жөніміз жоқ. Әрине, мемлекеттік тілді меңгерген олардың өздеріне пайда.
Қазақ тілінің аз болса да, алға жылжығанын естігенде Шерағаң қатты қуанады. Облыстық «Знамя труда» газеті басшыларының бірі - бауыры, інісі Бекет Момынқұловтың (даңқты батыр Бауыржан Момышұлының немере інісі) бір әңгімесі есінен шықпайды. Осы газетте қызмет ететін журналистер топ-тобымен қазақ тілін оқытатын курстарға барыпты. Тіл сындырып, қазақша түсінуге, сөйлеуге үлкен ұмтылыс жасапты. Пейіл дұрыс, ниет түзу болса, тез-ақ үйреніп кетері анық. Қазақша білу, әсіресе орыстілді журналистер үшін аса зәру, өте керекті байлық.
Бекеттің әңгімесін түйіндей келе Шерағаң өз жанынан да бір мысал келтіріп қойды. «Егер Қазақстанды мекендейтін көп ұлттың әрбір азаматы қазақ елін, қазақты, оның тілін, салт-дәстүрін, мінез-құлқын, жер-суын жазушы Герольд Бельгерше түсініп, Бельгерше біліп, Бельгерше сыйлап, құрметтесе, онда бұл елде Құдай сүйгендер ғана тұрып, жұмақ орнар еді».
Бірақ Бельгерлер некен-саяқ қой. Есіктен кіріп, төр менікі дейтіндер көп. Шерағаңды шамдандыратын да, шалт мінез танытып, шаңдарын қағып тастайтыны да содан. Туа бітті, сүйекке сіңді әдет, дағды болса, одан енді шау тартқанда қалай арыла алмақшы?! Жоқ, Шерағаңды өз жаратылысынан өзгеше жасай алмайсыз. Ол - жалғыз, жеке-дара. Сонысымен қымбат, құнды, телегей-теңіз -  терең қазына...

Тараз қаласы

jasqazaq.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401