Үміт сәулесін тудырған сайлау
Бұл сайлауға «халықты саяси шыңдау тәжірибесі» деген ат берер едім.
Сайлау қорытындысына көңілі толмай, «Даусымды жеп қойды», «Үмітімді сөндірді», «Бекер барған екем, осылай боларын білдім ғой», «Енді сайлауға бармаспын» деп ренжіп жатқандар көп. Одан бөлек өкпесі қара қазандай боп жүрген тәуелсіз бақылаушылар да табылып жатыр. «Таңғы сағат алтыдан барып, түн ауғанша сабылған еңбегім, түстенуге шықпай, дәретханаға бармай жүргендегі қайран тірлігім босқа кетті» - деп жатыр.
Биліктің шешіміне бас шұлғыған Қосановты жерден алып, жерге салып, қарғыс айтып жатқандар бар. Бұл өкпе-реніштің бәрі, бір жағынан, орынды. Өйткені бұл сайлаудың соңы екінші турды талап ететін бейбіт шеруге ұласуы керек еді.
Екінші жағынан, бір күндік белседілікпен демократия орнатқан ешкім жоқ.
Осы нәтиженің өзінен көп нәрсе алып тұрмыз.
1) Халықтың саяси белсенділігі артты.
2) Құқықтық сауаты ашылды.
3) Сайлаушы мен бақылаушының тәжірибесі күшейді (әсіресе бақылаушының маңызы және мүмкіндігімен таныстық).
4) Сайлау әділ болған жағдайда жеңіс кімнің жағына ауатынын көрдік.
5) Билік бүкіл ресурстары мен рычагтарын іске қосып, өзіне тәуелді құрылымдар армиясын іске қосып жатып, күмәнсіз картина көрсете алмады.
6) Келесі сайлауда мүмкіндігіміз анағұрлым артатынын байқадық. Себебі постназарбаевтық кезеңде билікке кім келсе де авторитаризм әлсірейді.
Әдеттегідей қоғамдық лидерлер дефициті әлі де бар. Бұл атқа жүз пайыз лайық болмаса да, географиясы мен биографиясы жағынан халықтың жағына шығады-ау деген бір адамымыздың солқылдақтық танытуының өзі бізге тәжірибе болды.
Ол үшін Қосановқа ренжудің де қажеті жоқ? Себебі, біз оның қандай деңгейдегі қысымға төтеп бере алмағанын білмейміз. Обективті-субьективті себептері бізге беймәлім боп қала береді. Әрине, табандылық көрсете алмағаны өкінішті. Билікпен алдын ала келісімге отырғаны да рас шығар. Бірақ мәселе онда емес. Себебі халық Қосановқа дауыс берген жоқ. Жалпақ жұрт оны танымайды. Сөйте тұра дауыс берді. Халық Қосановқа емес, жүйеге дауыс берді. Қосанов бұдан кейінгі науқандарға кандидаттығын ұсына қоймас. Бәйменов сияқты ол да биліктің бір бұрышынан орнын табар.
Ал халық жүйемен ары қарай күреседі.
Бірақ келесі жолы белсенділік сайлау күні ғана емес, кандидатты тіркеуден басталу қажет екенін көрдік. Бақылаушыларға келсек, қаншама тәуелсіз бақылаушылар жемісті еңбек көрсетті. Белсенді бақылаушылардың учаскелерінде Қосанов жеңіп жатты. Өзімнің ғана айналамдағы таныс-біліс жігіттердің арасынан сондай он шақты жігіт шығып, көрген білгендерін, келесі жолы ескеретін тәжіриелерін айтып жатыр. Республика бойынша сондай азаматтар қаншама. Олардың бәрі келесі сайлауда артынан талай «шәкірт» ертіп, тәжірибесімен бөлісіп, ықпалын күшейтеді деген сенімдемін.
Тәуелсіз бақылаушыларды тобын ұйымдастырып, олардың заңдық сауатын ашып, сайлау ережесімен таныстырған демократиялық ұйымдар, жекелеген белсенді азаматтар, тәуелсіз блогерлер, Азаттық радиосының ұжымы алғысқа лайық.
Сәкен Нұрқабекұлының facebook-тегі парақшасынан
Abai.kz