Абай ОМАРОВ. Орташа өмір сүру жасымыз «орташаға» жетпей тұр
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бүгінде әлем ғалымдарының басын қатырып отырған ең басты мәселенің бірі - адамзаттың неғұрлым ұзақ өмір сүруі болып отыр. Осыған орай, әлемдегі барлық ел халқының орташа өмір сүру жасын ұзартуға тырысуда. Айта кетер жайт, біздің еліміз халқының орташа өмір сүру ұзақтығынан басқа елдермен салыстырғанда «ұяттылау». ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 2009 жылы қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша күтілген көрсеткіш 68,6 жас болса, 2010 жылы 68,41 жас болған. Алайда, шындығында, бұл көрсеткіш 67,87 жасты құраған. Нәтижесінде еліміз өмір сүру ұзақтығының деңгейі бойынша әлем елдері арасында 152-орында тұр.
Ал әлем елдерінің арасында орташа өмір сүру жасының ұзақтығы бойынша Жапония 82,12 жаспен алдыңғы орында келеді. Мамандар өмір сүру ұзақтығының төмен болуының негізгі себептерін ерте өлім-жітімге, мүгедектікке әкеліп соқтыратын аурулардың пайда болуымен түсіндіреді. Осы орайда жыл өткен сайын түрлі аурудың «жасарып» бара жатқаны да мамандарды алаңдатып отыр. Өйткені қай ауру түрі болсын адамдар өмірін қысқартуға елеулі әсерін тигізеді. Бүгінгі күні халқымыздың өмір сүру жасының төмен болуына елеулі әсерін тигізіп отырған аурулардың бірі - остеопороз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, аталмыш ауру таралуы жағынан жүрек-қан тамырлар жүйесі, онкология, қант диабетінен кейінгі төртінші орынға ие көрінеді. Мамандар «халықтың өмір сүру жасының төмен болуына көбінесе остеопороз ауруы әсер етеді» дейді.
Гүлжан ҒАБДУЛИНА, Остеопороз дәрігерлері қауымдастығының президенті:
- Елімізде 50 жастан асқан әрбір үшінші әйел және жасы 70-тен асқан әрбір жетінші ер адам остеопениямен сырқаттанады. Бұл - остеопороз ауруы асқынып, жыл өткен сайын қанатын кең жайып бара жатқанының көрінісі.
Ал адамның остеопороз ауруына ұшырауының бірден-бір себебі - адамның дұрыс тамақтанбауы екен. Айта кетер жайт, жапондар ұзақ өмір сүрулерінің негізгі сыры ретінде дұрыс тамақтану мен салауатты өмір сүру дәстүрін және дамыған денсаулық сақтау жүйесінің арқасы деп мәлімдеген болатын. Сондықтан ұзақ өмір сүріп, қатерлі дерттерден сақтану үшін әрбір адам дұрыс тамақтануы қажет. Осы орайда мамандар «Әр отбасының үстелінде жеміс-жидек пен сүт тағамдары тұрса, остеопороз болмайды» дейді.
Алайда ерекше атап айта кетер жайт, халқымыз құрамында остеопороз ауруын туындатпайтын тағамдарды мөлшерінен аз пайдаланатын көрінеді. Мысал келтірер болсақ, Германияда жылына жан басына шаққанда 90 литр сүт ішілсе, Франция мен Ұлыбритания - 100 литр, Финляндияда 150 литрден астам сүт пайдаланады екен. Ал атакәсібі мал шаруашылығы болып, оның сүті мен өнімін жеп өскен қазақтың бүгінгі ұрпағы жылына бар болғаны 36 литр ғана сүт пайдаланады екен. Ал бұл күніне 100 мг кальций пайдалануға сәйкес келеді. Бұл көрсеткіш қалыпты жағдайдан тым аз.
Роза ШӘКИЕВА, Қазақ тағамтану академиясының емдік тағам зертханасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы:
- Тағам құрамында кальций тапшылығы остеопороздың өршуінің жалғыз ғана себебі емес. Сондықтан тұтынар тағам құрамында магний, фосфор, мыс, мырыш, дәрумендер, биофлавоноидтар, антиоксиданттар секілді басқа да тағамдық заттар белгілі бір мөлшерде болуы қажет. Дұрыс тамақтану арқасында сүйек тіндері жақсарады. 50 жастан асқан әйелдер мен ерлер үшін кальций қажеттілігі тәулігіне 1500 мг кем емес болуы керек. Ал еліміздегі әйелдер мен ерлердің 48 пайызы остеопороздан зардап шегеді. Остеопороз ауруына ұшырамас үшін ағзаға аса қажетті сүт, сүзбе, ірімшік, қышқыл сүт, балық пен жеміс-жидек, көкөністерді мол тұтынғаны жөн.
Елбасы қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 2020 жылға қарай 72 жасқа ұзарту туралы ғалымдар мен Үкімет алдына тапсырма қойды. Осы орайда мәселені шешуге бағытталған «Қазақстанның ересек тұрғындарының белсенді жас ұзақтығын қамтамасыз етуде қартаюға қарсы үлгі әзірлеу» және «Қазақстан Республикасында остеопорозды емдеудің кешенді бағдарламасын әзірлеу» жөнінде дайындалып жатқан бағдарламалар мен бағдарлама аясында атқарылып жатқан іс-шаралар аталмыш мәселені шешеді деп күтілуде.
Сан айғақ
Демограф-ғалымдар өткен 170 жыл ішінде дамыған елдерде өмірдің орташа ұзақтығы артқанын айтады. Олардың есебінше, жыл сайын орташа өмір сүру жасы үш айға артады. Германияда қазір ол көрсеткіш әйелдер үшін - 82, ерлер үшін 77 жас деңгейіне жетіп отыр. АҚШ-та 100 жасты еңсергендер саны 50 мыңды маңайласа, Германияда 6000 адамға сәл-пәл жетпейді екен. Ал біздің елімізде 2010 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша жасы 65-тен асқандардың саны 1,1 млн адамнан асып, жалпы тұрғындардың 7,14 пайызын ғана құраған.
Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ
http://www.alashainasy.kz/main/25041/