Сәрсенбі, 11 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 14984 4 пікір 13 Маусым, 2019 сағат 11:01

"Дипломмен ауылға" барып қарыз болған жастардың жанайқайы

Алматы облысында Дипломмен ауылға барған 135 маман мемлекетке 20 миллион теңгеден астам қарыз боп шықты. Бұл - олардың баспана алу үшін берілген несиелерін уақытында төлемегеннен қосылған үстемақы көрінеді. Алайда, ауылға барған жас мамандар 9 жылдан бері несиелерін уақытында төлеп келгендерін айтады. Сонда бұл қайдан шыққан қарыз?

Медина Дүйсембайқызы:

- 2010 жылы жұбайым екеуміз жұмысымызды Райымбек ауданына ауыстырдық. Күйеуіме 2 млн 268 мың теңге несие берді. Біз бұл ақшаға үй сатып алдық. Оның ай сайынғы төлемі 12 600 теңгені құрайды. Енді 7 жыл төлейміз. Бізде ол несиеге байланысты ешқандай құқық бұзушылық болмады, барлығын өз уақытында төлеп тұрдық. Ал, 2019 жылдың қаңтар айында бізге 697 мың теңге қарыздарыңыз бар деген хат келді.

Мединаның айтуынша, айыппұлдардың жартысына жуығы “Дипломмен ауылға” бағдарламасымен несие алғандарға тиесілі. Мәселен, 2010 жылы 260 жас маман несие алған. Олардың 135-і Райымбек және Кеген аудандарына барғандар. Несие сомасына қарай айыппұл мөлшері әрқайсысы үшін әртүрлі. Ал, екі ауданның “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша мемлекетке жалпы қарызы 20 миллионнан асады.

Айта кетейік, жас мамандарға несие жергілікті бюджет арқылы берілген. Бірақ, әкімшілік оны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы тапсырған.

Аталған қордың директоры Мади Ибадуллаевтың айтуынша, қарыз алғандар несиесін өз уақытында өтемеген. Нәтижесінде ол айыппұлға әкеліп соқтырған.

Алайда, Райымбек және Кеген аудандары әкімдіктері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ на есеп беріп отырған. Онда салымшылардың жалпы несие мөлшері, өтелген және қалған қарыздары көрсетілген. Алайда, онда үстемақы туралы еш мәлімет көрсетілмеген. Ал, мұндай ақпарат 2018 жылдың тамыз айынан бастап Алматы облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы атынан есептеле бастаған.

Мединаның айтуынша, олар 2010 жылы алған кредитті өздері төлеп отырған. Одан соң банкке барып, қордың атына ақша аударған. Ал, 2011 жылы оларға жұмыстан бухгалтерге өтініш жазып, қорға тиесілі ақшаны бірден ұстап қалатындай етіп жасаған. Содан бергі 9 жылда ешқандай алаңдаушылық болмағанын айтады.

Олардың мұндай  өтініштері әкімдіктерде тіркелген екен.

Ал, Алматы облысы Райымбек ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Ерлан Әлдибековтың айтуынша, департаменттің бухгалтерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау) әртүрлі сандар бойынша төлемдерді аударып отырады. Сонымен қатар, экономистер өздерінің мәлімдемесінде қызметкерлердің ақы төлеу мерзімін көрсетпегенін айтады. Сондықтан олар қалаған кезде ақша жіберген. Осылайша, адамдар бұл туралы білместіктен қарызға кірген көрінеді.

Жас мамандардың кейбірі бірнеше жүз мың, ал, кейбірінің қарызы миллионнан асады. Алайда, олар бұл айыппұлдарды төлеуден бас тартады.

Ал, олардың барлық қаржылай мәселесімен айналысқан бухгалтерлер мұндай істе өздерінің кінәсіз екенін және өздеріне ешқандай жауапкершілік алмайтындарын айтады.

Алайда, экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміндегілер мемлекеттің қаржаты қандай жағдай болса да қайтарылуы керек дейді. Олар қазір 10 адамның құжатын дайындап, сотқа жүгінгелі отыр.

Айта кетейік, бүгінде Кеген ауданында “Дипломмен ауылға” барған 81 жас маманға 12 миллион теңге айыппұл салынған. Ал, Райымбек ауданында 54 маман 8 миллион теңгеден астам қарыз болған...

“Дипломмен ауылға” бағдарламасы – экс-президент Н.Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылдан бері қолға алынған. Ол бағдарламаның мақсаты - ауылдық жерлерде жұмыс істеуге және тұруға келген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, ветеринария саласындағы мамандарға көмек көрсету. Ол үшін 70 АЕК көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді, сондай-ақ, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1500 АЕК-ке дейін 15 жылға , 0,01%.пайыздық мөлшерлемемен  несие беріледі.

Нұрбике Бексұлтанқызы 

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1639