Сенбі, 23 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 5533 18 пікір 24 Маусым, 2019 сағат 17:03

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күрделене түсті

Қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы Иран төңірегінде қалыптасқан ахуалды талдау осы өңірдегі тұрақсыздықтың күрделі сипат алып отырғанын көрсетуде.

Соңғы күндері АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күрделене түсті. Ислам Республикасының әскерилері Құрама Штаттардың ұшқышсыз аппаратын 20 маусымда атып құлатқаннан кейін бұл қадамды «аса үлкен қателік» деп бағалаған Д.Трамп дереу ИИР-дің үш бірдей нысанына қарымта шабуыл жасауға әмір берді. Бірақ, ол шабуылды бастауға 10 минут қалғанда райынан қайтты. Осы аралықта күллі жаһан іштен тынып, шиеленістің соңы ушығып кетпей ме деп қатты алаңдап отырды. Ресей Президенті В.Путин кез келген шиеленіске араластындай Мәскеудің «өрт сөндіретін топ емес» екенін, дегенмен соғысты бастау кем дегенде өңірлік апатқа әкеп соғатынын ескертті. Шынында да, бұл өңірдегі оқиға оқ-дәріге толы қоймаға жақын араға найзағай ұшқыны түсіп, тұтануға шақ қалғандай әсер қалдырды.

Ирандық әскерилер елдің әуе кеңістігіне енген америкалық ұшқышсыз аппаратты нысанаға алар алдында оған ескерту жолдағанын, алайда тиісті жауап алынбағанын, сондай-ақ аппарат қасында ұшып келген отыз шақты адам тиелген ұшақты атпағанын хабарлады. Америкалықтар ирандықтардың соңғы аталған шешімін құптап, қаперіне алғандай сыңай танытты.

Дегенмен, АҚШ Президенті Д.Трамп пен Мемлекеттік хатшы М.Помпео 25 маусымда Иранға жаңа санкция түрлері салынып, қысым одан әрі күшейтілетінін жарыса мәлімдеді.

АҚШ Президенті Д.Трамптың бастамасымен былтыр Құрама Штаттардың Тегеран мен алпауыт елдер арасында Иран ядролық ісі жөнінде 2015 жылы жасасылған Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимыл жоспарынан (ЖҚБІЖ) біржақты шығуы, одан кейін Иранға санкциялық қысымды күшейтуі, биыл ИИР-ді келіссөз үстеліне отырғызу мақсатында Оман шығанағына әскери күштерін жіберуі өңірдегі онсыз да тұрақсыз жағдайды шиеленістіре түсті. Вашингтонның аталған көпжақты шарттан шығуына қатысты Тегеран АҚШ-ты өзі қабылдаған міндеттемелерін орындамады деп айыптады. Д.Трамп бұл шартты тарихи қателік деп бағалап, оған қатысушы өзге де мемлекеттерге ЖҚБІЖ-ден шығуға кеңес берді. Еуропа елдері көп жылдар бойы табанды келіссөздер арқасында (Американың да қатысуымен) қол жеткізілген халықаралық құжаттан шығудың дұрыс бола қоймайтынын жеткізіп, өзінің Вашингтонның ықпалынсыз, дербес саясат жүргізетінін көрсеткісі келді.

Дегенмен, Вашингтон ИИР мұнайын импорттауға қатаң тыйым салып, оның әріптестеріне осы елмен сауда жасаспау керектігі бойынша шектеулер енгізді. Тегеран бұл қысымдарды «экономикалық соғыс» немесе «экономикалық терроризм» деп атап, оларға орай тиісінше қарымта жауап берілетінін ашып айтты.

ЖҚБІЖ-ге дейін Иранның санкцияларды айналып өту тетіктері бар еді, ал соңғы санкцияның тегеуріні қатты сезілді. Алдыңғы санкциялар тұсында әлемдегі нөмірі бірінші экономика елінің талабына онша құлақ аса қоймай, Иранмен ашық, кейде жасырын сауда жасасуын тоқтатпаған Бейжің бұл жолы ұстамды кейіпке көшті. Әлбетте, Қытай Иранмен арадағы шамамен 35-40 миллиард доллар болатын саудадан гөрі АҚШ-пен арадағы көлемі 600 миллиард долларға жуық сауданы сақтау жағына таңдау жасайтыны айқын.

Нәтижесінде, ИИР-дің мұнай экспортынан түсетін табыстың күрт азаюы салдарынан Иранның ішкі саяси-әлеуметтік жағдайы құлдырай түсті. Ел Президенті Х.Рухани санкция кесірінен елдегі жағдайдың Иран-Ирак соғысы кезіндегі ахуалдан да қиындағанын ашық мойындады. Ақшаның құнсыздануы рекордтық деңгейге жетіп, тұтыну заттарының бағасы жүз пайызға дейін шарықтады.

Осындай қысылтаяң уақытта АҚШ өз қысымына екпін қосу, Иран тарапынан болады-мыс делінген қауіпті сейілту, өңірдегі тұрақтылықты сақтап тұру мақсатында Таяу Шығыс өңіріне әскери күштерін жіберді. Алайда, АҚШ күштері Оман шығанағына келгелі өңірдегі тұрақтылық шайқала түсті. Соңғы кезде Норвегия мен Жапонияның танкерлеріне жасалған шабуылға АҚШ Иранды кінәлады. Ал, Иран мұны бірден жоққа шығарып, оқиғаны «күмәнді» деп бағалады әрі бұл әрекетті АҚШ және оның одақтастары тарапынан жасалған арандату деп мәлімдеді. Британия, Сауд Арабиясы бастаған кейбір елдер бұл іске Тегеран кінәлі десе, Еуропа одағы, оның ішінде Германия, сондай-ақ Ресей, Қытай оны кінәлауға дәлелдердің жеткіліксіз екенін алға тартып, мән-жайды әлі де зерделей түсу керек деген пікір білдірді. Танкерлерге ие елдер Иранға ешқандай айып тақпады. Кейбір сарапшылар танкерлерге шабуыл жасалуына сақтандыру қорларынан ақша өндіріп алу үшін танкерлер иелерінің өздері де мүдделі еді деген ой білдірді. Мұндай әрекет халықаралық саудада кездесіп тұрады.

Сонымен қатар, осы оқиғаға АҚШ-тың тікелей қатысы бар болуы мүмкін деген пікірлер де бой көрсетуде. Бұл сөздің жаны жоқ деуге болмайды. Тегеран сес көрсеткендей, Һормуз бұғазы жабылған жағдайда мұнай бағасы шарықтай түседі. Бұл қатпарлы мұнай экспорттайтын АҚШ үшін қолайлы жағдай болғандықтан, Ақүй түрлі тәсілдермен ИИР-ді бұғазды жабуға итермелегісі келеді. АҚШ о бастан осы өңірде Израиль мүддесі тұрғысынан әрекет ететіні ешкімге жасырын емес. Иранның үлкен күшке ие болуы ең алдымен Израиль мүддесіне кереғар. Мұның, халықаралық қатынастар саласындағы талдаушылардың пікірінше, бірқатар себептері бар. Біріншіден, Иран – Ислам Республикасы. Израиль Палестинада тұрғындарды жаппай қырғынға ұшыратып, үлкен қылмыс жасап отыр деп Тегеранның ашық түрде дүркін-дүркін айыптауы дүниежүзінде Израильдің беделіне нұсқан келтіреді. Ирандық сарапшылардың пайымдауынша, израилдықтар бұған қарсы исламды жаман атты көрсету бастамасын қолға алған. Ислам атауымен террористік ИЛИМ-нің (ДАИШ) құрылуы, оның серкесі йаһуди болуы, Сириядағы жаралы ИЛИМ содырларына Израилдың көмектесуі, тіпті қару-жарақпен қамтамасыз етуі, күмәнді топқа қарсы жүргізілген соғысқа алпауыт елдер араласқанына қарамай, ұзаққа созылуы, тоз-тозы шыққан террористер серкелерінің қолға түспеуі, жазаланбауы сияқты «күмән тудыратын» деректер ИИР БАҚ-тарында жиі-жиі айтылады. Екіншіден, кішкентай мемлекеттің өңірде үстемдікке қол жеткізуі үшін ірі мұсылман елдерінің жік-жікке бөлініп, қырқысқаны «тиімді». Мұндай жоспар нәтижесіз де емес. Бұл ретте, ресми Тегеран Эр-Риядты Тель-Авив мүддесін көздейді деп жиі айыптайды. Үшіншіден, Палестинаны толыққанды мемлекет етіп құруға жол бермеу жөнінде Израильдың мүддесі бар. Осы тұрғыда, Ливандағы Иран қолдау көрсетіп келе жатқан «Хезболла» қозғалысы - Израильдың басты жауларының бірі. Төртіншіден, Иранның өңірдегі стратегиялық одақтасы – Сирияның қазіргі режимін құлату жөніндегі АҚШ бастаған Батыс елдерінің талпынысы сәтсіз аяқталғаны мәлім. Есесіне Мәскеумен одақтасып соғысқа қатысқан Иран мәртебесі біршама көтеріле түсті. Бұл да – Сирияның іргесіндегі Израильға тиімсіз жағдай.

Қалай болғанда да, танкерлерге жасалған шабуыл Ақүй үшін өз «жемісін» берді деп айтуға болады. Оқиға салдарынан танкерлерді сақтандыру бағасы артты. Нәтижесінде мұнай бағасы едәуір көтерілді.

Шиеленісті қолдан жасай отырып әрі оны сылтауратып, АҚШ өңірде әскери күштерін нығайтуға мұрсат алады. Бұл өз кезегінде мынадай бірқатар мүмкіндіктер мен басымдықтарға жол ашады:

1. Өңірдегі жағдайды бақылауға алады. Бұл – өз мүдделеріне сай оқиғаны түрлі сценарийлер бойынша қалауынша өзгерте алады деген сөз.

2. Өңірдегі мұнай тасымалына бақылау жасайды. Жасырын мұнай саудасына кедергі келтіреді. Бұл мұнай экспортына тәуелді әрі АҚШ санкцияларын айналып өткісі келетін Иран экономикасына әжептеуір соққы болмақ.

3. Өңірдегі жағдайдың ушығуына орай араб елдері АҚШ қаруын сатып алуға мүдделі болады әрі америкалық әскери мамандарға сұраныс артады. Осылайша, Вашингтон өңірдегі қару-жарақ нарығын өз қолына алып, Ресей, Қытай сияқты бәсекелестерінің алдын орайды.

Енді жаһан жұршылығы Америка Иранға қарсы соғысты бастай ма деп алаңдап отыр. Осы орайда, Ирак, Оман сияқты елдер Вашингтон мен Тегеран арасында медиаторлық қызмет атқаруға тырысуда. Сонымен бірге, өткен аптада Жапонияның Премьер-министрі С.Абэ Тегеранға сапары кезінде АҚШ пен ИИР-дің келіссөз жүргізуі үшін араағайындық жасауға әзір екенін жеткізді. ИИР лидері бұған ыңғай танытпады. С.Абэмен кездесу барысында ИИР Президенті Х.Рухани Иранның ешбір елге соғыс бастамайтынын, егер басқа бір мемлекет Иранға соқтықса, тиісінше тойтарыс беретінін айтты. Осы тұста АҚШ басшылығы да Иранға қарсы соғыс ашпайтынын мәлімдеді.

Шындығында да, АҚШ үшін дәл қазір Иранға қарсы соғыс отын тұтату бірнеше себептер бойынша тиімсіз. Біріншіден, Таяу Шығыста соғыс болуы Палестина-Израиль қатынасындағы біршама мәселелердің Тель-Авив мүддесі тұрғысынан шешілуін қиындатады. Екіншіден, АҚШ-тың өңірдегі әскери күштері және стратегиялық одақтастары Иран зымырандары жететін аймақтарда орналасқан. Шабуыл болған жағдайда оларды қорғауды толықтай қамтамасыз ету әзірше мүмкін болмайды. Үшіншіден, Иран әскери қуаты жағынан АҚШ-тан әлдеқайда кем түссе де, шабуылға тойтарыс беруге айтарлықтай қауқары бар ел деп бағалануда. Тіпті, соғыс ел бірлігін арттыратын факторға айналып, кері әсерге алып келуі ықтимал. ИИР-ге шабуыл жасалған жағдайда, ел режимін ауыстыруға халықтың қолдау көрсететініне Вашингтонның тап қазір көзі анық жетпей отыр. Осыған қарамастан, «қызуқанды» Д.Трамптан кез келген әрекетті күтуге болатынын жоққа шығаруға болмайды. Сарапшылардың пайымдауынша, қазір АҚШ Президенті айналасында исламға, оның ішінде Иранға қарсы топ (Президент кеңесшісі Дж.Болтон, Орталық барлау басқармасының Иран жөніндегі оперативтік орталығының басшысы М.Д'Андреа және т.б.) жиналған. Олар қайткенде де Ислам Республикасына кешіктірмей соғыс бастауға құштар. Бірақ, бұл іс тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Себебі, Құрама Штаттар дәл қазір шабуыл жасаған жағдайда, Иранның қарымта шабуылынан АҚШ-тың өңірдегі әскери базалары мен одақтастары зардап шегер еді. Осы орайда, бейресми деректер бойынша, америкалықтар Иранның компьютерлік қорғаныс жүйесін істен шығару мақсатында кибершабуыл жасау мүмкіндігін қарастыруда.

АҚШ Иранның қитығына тию үшін түрлі амалдарға барудан тайынбайтынын байқатуда. АҚШ-пен келіссөзге отырып, арақатынас мәселелерін талқылауға Иранның лидері А.Хаменеидің шешімін күту қажет болады. Әзірге ондай ыңғай байқалмай отыр.

Қазірше АҚШ қысым арқылы Солтүстік Корея көсемін келіссөзге келуге итермелегендей тәсілді Тегеранға да қолданғысы келеді. Алайда, «сөзінде тұрмайтын» АҚШ-пен келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеген ИИР Солтүстік Кореяға қарағанда сақ әрі сауатты саясат жүргізіп отыр.

Бұдан басқа, Вашингтон түрлі қысым жасау арқылы Тегеранды ЖҚБІЖ-ден шығуға итермелейді. Иран аталған шарттан шыққан жағдайда, оны «өз міндеттемелерін орындамады, ядролық қару жасауға ниетті» деген айыппен өзге де қысым шараларын қолдануға кең мүмкіндік туады.

Осы ретте, ИИР шарт шеңберінен шығатын алғашқы қадамын жасай бастады. 18 маусымда ИИР Атом қуаты ұйымының өкілі Б.Камалванди 27 маусымда ел аумағындағы байытылған уран қорын 300 кг.-ға арттырып, шарт шектеулерінен шығатынын мәлімдеді. Ол егер шарт тараптары (Франция, Британия, Германия) америкалық санкцияларды орындаудан бас тартса, өз міндеттемелерін орындауға оралуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Бұдан алда тараптар алдында орасан зор ауқымды дипломатиялық келіссөздер тұрғанын аңдаймыз. ЕО-ның дәл осы бағытта тәуелсіз саясат жүргізуі екіталай екенін ескерсек, көп жағдай АҚШ-қа байланысты болмақ. Ал, АҚШ қысым шеңберін барынша тарылтуды қалайды.

Америкадағы 2020 жылғы сайлаудан кейін Трамптың биліктен кетуі қазіргі қалыптасқан тығырықтан шығуға жол ашады деген болжам бар. Бұл енді осы алпауыт елдің тізгінін қандай саясаткер ұстайтынына байланысты болмақ. Әйтпесе, егер Д.Трамп қайтадан президент болып қалса немесе сол типтегі шалт қимыл жасаудан тайынбайтын саясаткерлердің бірі билікке келсе, онда Таяу Шығыстағы АҚШ пен ИИР арасындағы текетірес ұзаққа созылуы мүмкін деп болжам жасауға болады. Бұл ретте, АҚШ Иранға қысымын күшейту арқылы саяси-әлеуметтік жағдайдың нашарлауынан туындайтын ішкі толқуларға иек артады. Кейбір сарапшылар Иран билігінің ішкі қарсыластары (олар әр жылдары жаппай шеру ұйымдастыру арқылы өздерінің бар екенін көрсетті) қазіргі жағдайды пайдаланып, жеңіске жеткен жағдайда өңірдің өркендеуі үшін жаңа мүмкіндік ашылады деген пікір білдіруде.

Дегенмен, Орта Азия елдері, соның ішінде Қазақстан құрлық ортасында орналасқан өз аумағы үшін ашық мұхиттағы халықаралық сауда жолына шығатын ең жақын бағыт ретінде қалып отырған Иран мен оның төңірегіндегі ахуалдың тұрақты болуына әрқашан мүдделі екендігі кәміл.

Дәуірбек Дүйсебай, шығыстанушы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364