Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 15146 7 пікір 27 Маусым, 2019 сағат 15:04

Арысқа қатысты Шойгудың "жанашырлығын" Ермекбаев неге жасырады?

Сурет КазТАГ-тың сайтынан алынды

Биліктің құзырлы құрылымдары Арыстағы апаттың салдарын зерттеп, зардабын жойып жатыр, қазір. Кеңес кезеңінен бері сақталып келген ескі-құсқы қару-жарақ қоймасы жарылды. Кей деректерге сенсек, ондағы оқ-дәрі, қару-жарақтың көлемі миллион тоннаға жуықтайды-мыс.

Аймақта төтенше жағдай жарияланып, түгел қала қауіпсіз аймаққа көшірілді. Қала қаңырап қалды.  Материалдық шығында айтпағанда, адам шығыны болды. 3 адам қаза тапты. 280-ге жуық адам жарақат алды. Олардың 75-і ауруханаға жатқызылды.

Қазір жарылғыш заттар, оқ-дәрілер мен снарядтарды залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. ІІМ-нің 1500 қызметкері, 190 техникасы мен 43 топқа бөлінген 500-ге жуық сапер жарылғыш заттарды жоюмен айналысуда. Арыс көшелерінен 5700 сраняд табылды деген ресми ақпарат тарады.

13 мыңнан астам адам эвакуациялық аймаққа орналастарылған. Олардың 7249-ы Шымкентте болса, 5938-і Түркістан облысында. Арыстағы апат пен қаланың қазіргі ахуалы жайлы бізді айтпағанда, әлемдік ақпарат егжей-тегжейіне дейін зерттеп жазды. Қайталап жатпайық...

Бұл осымен төртінші жарылыс. Арыстағы әскери қоймада Кеңес өкіметі кезеңінен, соғыс уақытынан бері сақталған ескі оқ-дәрілер мен қару-жарақтар болған екен. Қорғаныс министрлігі жарамдылық мерзімі өткен қалдық-салдықты жойып үлгермеген-міс. Ал былтыр бұл жұмыс үшін тендер берілмеген. Енді міне, 45 мыңға жуық адамы бар Арыс адами фактордан болған апаттың құрбанына айналып отыр.

Жоғарыда айттық, бұл орыстан қалған қару-жарақтар. Бұл орыстан қалған оқ-дәрілер. Ресейдің «Новая газета» дейтін сайтының әскери сарапшысы Павел Фельгенгауер дейтін адам Арыстағы апатқа қатысты пікір білдіріп:

«КСРО кезінде қару-жарақтың үлкен қоры сақталған. Оларды түгел атып, утилизациялау мүмкін болмады. Ресей Кавказда, Сирияда, Донбасста біршамасын пайдаланды. Ал Қазақстан ешкіммен соғысқан жоқ. Ешқандай шығын болған жоқ. Миллиондаған тонна жиналып қалды.  Қазақстанда оқ-дәрі, қару-жарақтың алып қоры бар. Өйткені Совет кезінде Қытаймен соғысуға дайындалған» депті.

Отыз жыл бұрын ойраны шыққан Совет одағынан енші боп қалған оқты орыстар соғысып жүріп, атып түгесіпті. Ал қазақтар ешкіммен соғыспаған соң, ол оқтар қоймада жатып шіріген екен. Енді сол шіріген оқты жоюға Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қауқары жетпей отыр-міс. Біздің сөзіміз емес, орыс ақпараты осылай деп жазған.

Орыстың «НТВ» дейтін арнасы «Ресей Қазақстанға Арыстағы жарылыс салдарын жоюға көмек ұсынды» (Россия предложила Казахстану помощь в ликвидации последствий взрывов в Арыси) деп ақпарат таратты. Жалғыз «НТВ» арнасы ғана емес,  «tvzvezda.ru», «Красная звезда» сайты, «regnum.ru», «РИА Новости» қатарлы біраз сайттар мен телеарналар осылай деп хабарлады.

Сөйтсек, Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу телефон соғып, Қазақстанның Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен сөйлесіпті. Сергей Шойгу жарылыс кезінде қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жарылыс салдарын жоюға көмек ұсыныпты.

Ақпар үшін айтайық, күні кеше ғана 26 маусымда Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев Қазақстан премьері Асқар Маминмен сөйлескен. «РИА Новости» ақпаратынша, біздікілер телефон соғыпты. ЕАЭО-ның жұмысы туралы, Қазақстан мен Ресейдің әрі қарайғы әріптестігі туралы әңгіме құрыпты. Орыс премьері Арыстағы апатқа қайғырып көңіл айтпапты. Өзі біліп «ләм-мим» демеген соң, Асекең де үндемепті. Бастығы былқ етпегесін Секең (Сергей Шойгу) Ермекбаев досына (қазақстандық әріптесі) «неғыса біз де көмектесейік» деп, емеурін білдірген көрінеді.

Дегенмен, Ермекбаев пен Шойгудың сөйлескені туралы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің ресми сайты ешқандай ақпар таратпады. Сөзіміз сұйық шықпасы үшін міне дерек:

Арыста жарылыс болған 24 маусымнан бері Қорғаныс министрлігі 6 ақпарат салыпты. Олардың екеуі ресми хабарлама екен тағы.

  1. Ресми хабарлама
  2. Қорғаныс министрлігі Арыстағы болған жарылыс салдарын жою жөнінде барлық шараларды қабылдайтын болады
  3. Ресми хабарлама
  4. Арыс қаласында орын алған жарылыс салдарынан қаза болған әскери қызметшіге қатысты ресми хабарлама
  5. ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери саперлері Арысты минадан тазарту жұмыстарын орындауда
  6. Қарулы Күштерге қарасты әскери полиция бөлімшелерінің қосалқы жасағы Арыста құқық тәртібін қамтамасыз етеді

Бұдан бөлек бір бейне ролик пен бір фото есеп жариялаған. Бұл сайттың қазақ тіліндегі нұсқасындағы мәліметтер. Ал орыс тілінде 8 материал жарияланыпты. Оның үшеуі ресми хабарлама. Министрлік сайтының орыс тіліндегі қызметі де бір бейне және бір фото дерекпен шектелген.

  1. Официальное сообщение
  2. Министерством обороны принимаются все меры по ликвидации последствий взрыва в Арысе
  3. Официальное сообщение
  4. Официальный комментарий касательно гибели военнослужащего в результате взрыва имевшее место в городе Арысь
  5. Военные саперы Минобороны РК работают в Арыси по разминированию
  6. Правопорядок в Арыси обеспечивает сводный отряд подразделений военной полиции Вооруженных Сил
  7. Официальное сообщение
  8. В городе Арысь продолжаются работы по ликвидации последствий

Жоғарыдағы ақпараттардың ішінін Қазақстанның Қорғаныс министрі Ресейдің Қорғаныс министрімен сөйлесіпті деген екі ауыз сөз табалмадық.

Қазақстандағы Ресейдің әскери обьектілері

Дегенмен Қазақстан қорғаныс саласында Ресеймен тығыз қарым-қатынаста екені жасырын емес. Байқоңырды бақыр тиынға жалдап отырғанын айтпағанның өзінде, Ресейдің әскери базалары біздің елдің аумағында орналасқан. Қазіргі таңда Ресейдің бұрынғы одақтас елдер аумағында орналасқан ең үлкен әскери базалары Қазақстанда екен. Ресейдің Қазақстаннан жалға алып, әскери обьектілер орналастырған жердің жалпы аумағы 11 миллион гектарды құрайды.  Осы 11 миллион гектар аумақта Ресейдің 7 ірі әскери обектісі бар. Біз білетінімізді жазайық:

  • Сары-Шаған сынақ полигоны. Әуе және зымыран қорғанысы сынықтарын жүргізетін стратегиялық полигон.
  • Приозерсктегі (Сары-Шаған) жеке радиотехникалық жеке бөлім.
  • Батыс Қазақстан облысындағы Новая Казанка ауылы. 20-ы Стратегиялық мақсаттағы Зымыран әскерінің жекелеген бөлімі (өлшеуші станциясы).
  • Қарағанды (Сарыарқа әуежайы). 171-ші әуе комендатурасы.
  • РФ Қорғаныс министрлігіне тиесілі 5-ші мемлекеттік сынақ полигоны (Байқоңыр ғарыш айлағы);
  • 4-ші мемлекеттік сынақ полигоны;
  • «Капустин Яр» полигоны (басым бөілі Ресей территориясында. Жарты аумағы Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында орналасқан);
  • БҚО-дағы 20-шы жекелеген сынақ станциясы және екі өлшеуші пункт (ИП-8, ИП-16);
  • Зымыран және әскери техникаларды сынайтын 10-шы мемлекеттік сынақ полигоны (Сары-Шаған);
  • 5580-ші сынақ жұмыстарын жүргізу базасы (бұрынғы 11-ші мемлекеттік сынақ полигоны немесе Ембі полигоны);
  • РФ ҚМ-не қарасты зымыран-ғарыштық әскерінің 3-ші жекелеген радиотехникалық бөлімі (Балқаш-9);
  • РФ ҚМ-нің жекелеген транспорттық полкі (Қостанай).

Қазақстан территориясында ресейлік әскери обьектілерді пайдалану тәртібі туралы 1995 жылғы мемлекетаралық құжат болған. 2006 жылы Қазақстан мен Ресей сол құжатқа азды-кем өзгерістер мен толықтырулар жасаған. Олар:

  • РФ Қорғаныс министрлігіне қарайтын 929-шы ұшу сынағын жүргізетін орталықты пайдалану туралы келісім (Қазақстан территориясында, БҚО, Атырау мен Маңғыстау облыстарында орналасқан 5 полигонды, обьектілер мен сынақ далаларын жалға алу құны 2005 жылға дейін 1,814 млн доллар болса, 2005 жылдан бастап 4,454 млн долларды құрады);
  • РФ Қорғаныс министрлігінің активіндегі 4-ші мемлекеттік-орталық полигонды пайдалану туралы келісім;
  • Ембі полигонын жалға алу және пайдалану туралы келісім;
  • Сары-Шаған мен Приозерск сынақ полигондарын жалға алу мен пайдалану туралы келісім.

Совет одағы ыдырағанда Қазақстан территориясында Ресейдің Қорғаныс министрлігіне тиесілі 2 зымыран дивизиясы қалған. Олар бұрынғы Семей және Торғай облыстарында орналасқан 38-ші және 57-ші зымырандық дивизиялар еді. Бұл дивизиялар Батыс «Сатана» атап кеткен 104 шахталық континенталды балистикалық Р-36М УТТ және Р-36М2 зымырандарымен жабдықталған. Бұл зымырандар ядролық оқтармен толтырылған.  57-ші дивизия 1995 жылы, 38-ші дивизия 1996 жылы таратылды. Барлық зымырандар 1996 жылы Ресейге шығарылды. Ал жер астына орналастырылған 148 жабдық 1999 жылы жойылған.

Қазіргі Семей қаласынан 70 шақырымда орналасқан Шаған аэродромындағы 79-шы әуе дивизиясы (бомбалағыш) 40 стратегиялық бомбалағыш ұшақтармен қамтылған. Онда Ту-95МС бомбалағыш ұшақтары болды. Бұл дивизия 1994 жылы таратылды.  Қазақстан Ресейге қайтарылған бомбалағыш ұшақтар мен 1996-2001 жылдар аралығында полигонды жалға алу ақысына Ресейден 26 Су27 истребительдерін алды.

Жалпы алғанда Қазақстан территориясында қалған барлық ядролық  зымырандар мен ұшақтар, әскери техникалар 1995 жылы Ресейге толық қайтарылды. 1991 жылы Семей полигоны жабылды. Совет одағы ыдырағанда көптеген полигондар толықтай Ресейдің меншігіне өтті. Ал кейбір обьектілерді Ресей жалға алу арқылы меншіктеп отыр.

Мысалы, Ембі полигоны қазір Ресейдің 11-ші сынақ полионы болған. Негізі 1960 жылы қаланған. Мұнда «Круг», «Куб», «Бук», «Тор», «Оса» және С-300В зениттік зымырандарды сынақтан өткізген. 1999 жылы таратылған.

2000 жылы полигон аумағында 5580-ші база құрылды. Бұл да Ресейдің 4-ші «Капустин Яр» полигонына бағынады. Сары-Шағаннан «Капустин Яр» ұшырған зымырандар осы Ембі базасына құлайды.  2010 жылы 5580-ші база тарқатылып, 2016 жылы жалға алу құқығы тоқтатылған. Бұл жер аумағы 300 мың гектарды құрайды.

Жоғарыда Ресей полигонына айналған қазақ даласының аумағы 11 миллион гектарды құрайды дедік. 2015 жылы мемлекетаралық келісімдер жасалып, 4 протокол қабылданған. Ол бойынша полигон аумағы 1,6 миллион гектарға қысқартылған.

Қайтарылған жерлердің денін кен орындарын ашуға пайдаланатын болған. Десе де, полигон болған жерлердің басым бөлігі ауылшаруашылық мақсатына берілмек болды.

Тағы бір дерек, Сары-Шаған полигонында ғана зымаранға қарсы қаруды сынақтан өткізетін жалғыз шетелдік полигон екен. Сары-Шағанда арнайы өшлегіш комлекс орналасқан. Тіпті мұндай сынақ алаңы Ресейдің өз жерінде де жоқ.

Балқаш көліндегі радиолокациялық станция – бұл Ресейдің меншігіне тиесілі. Ол Пәкістан мен Орталық Қытайдан төнетін зымыран соққыларына қарсы, Үндістан мен Үнді мұхиты акваториән, Бенгал бұғазының жарты бөлігін бақылауда ұстауға қауқарлы.

49-шы радиотехникалық бөлім (Балқаш-9, 1291, ОС-2 обьектілері)  ғарыш кеңістігін барлауға бағыттылған. Ол Балқаштың солтүстік-батысындағы Гүлшат ауылының маңында орналасқан. Комплекстің бір дегенде 1300 ғарыш обьектісін бақылайтын мүмкіндігі бар.

49-шы комлекс мемлекетаралық келісім негізінде жұмыс жасайды. Ондағы жер телімдері мен инфрақұрылымдар Қазақстанға тиесілі. Ресей пайдалану құқына ие. Инфрақұрылымдарды қаржыландыруды Ресей жүзеге асырады.

10-шы мемлекеттік ғылыми-сынақ полигоны (Сары-Шаған) Бетпақ далала орналасқан. Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл және Ақтөбе облыстарының аумағын қамтиды. Әкімшілік орталығы – Приозерск. Полигонның негізі – 1956 жылы қаланған. Ал 1961 жылы әлем тарихында тұңғыш рет «А» жүйесіндегі В-1000 балистикалық зымыранына соққы жасалған.

Полигон аумағында 234-ші зениттік зымыранға қарсы әскердің оқу орталығы құрылған. Осы уақытқа дейін полигонда 6 зымыранға қарсы комплекс, 12 зениттік зымыран комплексі, 7 түрлі зымыранға қарсы комплекстер, 12 түрлі басқарылатын зениттік зымыран, 14 түрлі өлшеуіш техника, 18 радиолокациялық комплекс сынықтан өткен. Сынақ кезінде 400-ге жуық зымыранға қарсы комплекс пен 5500 басқарылатын зениттік зымыран, 900-ге жуық балистикалық зымыран ұшырылған.

929-шы мемлекеттік ұшу сынақтарын жүргізу орталығы – Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында орналасқан. Құрамына 3 полигон кіреді. Олар: 231-ші сынақ полигоны (БҚО, Бөкейорда ауданы), 171-ші полигон (БҚО-дағы Бөкейорда ауданы Жанғалы ауданы мен Теректі ауылы және Атырау облысының Индер ауданы мен Махамбет ауданы), 85-ші полигон (Атырау облысының Индер және Махамбет аудандары).

Біз интернеттегі ашық дереккөздерден білгенімізді жаздық. Кешегі Арыстағы апаттың орын алуыныың бір себебі – адами фактор болса, екінші себеп – Совет одағынан қалған, қалдық болған қару-жарақтар. Жоғарыда біз Ресейдің қазақтың миллиондаған гектар жерін сынақ полигонына айналдырып отырғанын нақты дәлелдермен көрсеттік. Арыс оқиғасы енді елдегі басқа да әскери нысандарға жіті қадағалау керектігін аңғартты. Оның ішінде тікелей Ресейге бағынышты әскери базаларды жойып, қазақ халқының қауіпсіздігін қамтасассыз ету Үкіметтің басты міндеті болуға тиіс.

Түйін

Ресей Арыстағы жарылыс зардаптарын жоюға көмек қолын созбақ болып отырғанын жаздық. Ал, Қазақстан қорғаныс министрлігі министр Ермекбаевтің Шойгумен сөйлескенін ресми жариялаған жоқ. Бүкіл Ресей ақпарат құралдары жаһанға жар салып жатқан жайды біздікілер неге жасырып қалды? Бізді осы сұрақ мазалайды...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2037