Сенбі, 23 Қараша 2024
Алыстағы бауырым 17715 261 пікір 11 Шілде, 2019 сағат 13:12

Қарақалпақ жазушыларының халі мүшкіл (Үшбу хат)

Редакциядан: Жақында «Abai.kz» ақпараттық порталының электрондық поштасына туысқан қарақалпақ қаламгерлердің жанайқайы жазылған үшбу хат келіп түсті. Онда Қарақалпақстан Жазушылар одағының қазіргі мүшкіл хәлі туралы егжей-тегжейлі баяндалған екен. «Бізге қолдау көрсетіңіздер, бауырлар» деп жазған Сейдін Әмірлан мырзаның мақаласын қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.


Қарақалпақстан Жазушылар одағы ашылған 1932 жылдан бері бұрынғы Одақ көлеміндегі республикалар арасында өзіне лайықты орнына ие болған шығармашылар ұйымы. Себебі, бұл ұйым – (одан алдыңғы ақсақалдарды айтпағанда) жанкешті қаламгер, қарақалпақ халқының ардақты тұлғаларының бірі Әмет Шамұратовтан бастап, жақын онжылдықта арамыздан өткен түркі дүниесінің аса көрнекті өкілдерінің бірі, ақын Ибрайым Юсупов пен атақты прозаик, қарақалпақтың еңселі тұлғасы, қарымды қаламгер Төлепберген Қайыпбергенов басқарған кездерде де барша  құрметтейтін, зиялылар бас қосатын қадірменді ұйымдардың бірі болды.

Төлепберген ағадан кейін «уақытша осы ұйымға басшылық еткен» Оразбай Әбдірахмановтың кезінде де ҚЖО (Қарақалпақстан Жазушылар одағы) өз беделінен айырылған жоқ. ҚЖО үшін  кезінде КСРО-ға танымал болған жалынды журналист, белгілі жазушы Оразбай Әбдірахмановтың еткен еңбектері орасан зор.

Төлепберген ағаның орнына, соңын ала өз қатар-құрбылары арасында әртүрлі лақап аттары бар, ал әдеби есімі бойынша «Кеңес Кәрімтеклі», ресми аты-жөні Кеңес Кәримов деген саясатшысымақ келгелі бері Қарақалпақстан Жазушылар одағындағы жағдай күрт өзгере бастағаны шығармашылық адамдары мен Одақ мүшелерінің алаңдаушылығына себеп болуда. ӨЙТКЕНІ:

Біріншіден, К.Кәримов – ақын-жазушылар арасында тұлға ретінде танылмаған әрі мойындалмаған (бұрын-соңды бұл киелі ұйымды тек қана көрнекті тұлғалар басқарып келгені белгілі);

Екіншіден, қай жерде істесе де, қоғамға жақсылық жасамаған, тек мансап орындығын ойлаған, саяси науқандарда көзге түсуге тырысқан және әлеуетті топтың арқасында ғана соңғы лауазымын иеленген;

Үшіншіден, тек Ташкентке және саяси қолдаушыларына өзінің сырткөзге қойдай жуас көрінетін түрімен ұнай білгені үшін қазіргі лауазымын көптен бері қолдан шығармай келе жатқан мансап қарауылы;

Төртіншіден, ол – өз уақытында Өзбекстан Жазушылар одағымен бір кезеңде ашылған «Қарақалпақстан Жазушылар одағы» ұйымының атауын «Өзбекстан Жазушылар одағының Қарақалпақстан бөлімі» етіп өзгертуге келіскендердің бірі (Бағымызға орай, бастапқы атау Оразбай Әбдірахмановтың күрескерлігі нәтижесінде сақталып қалғаны Одақ мүшелеріне белгілі жәйт);

Бесіншіден, бұрынғы Журналистер одағы қайтадан ашылғанда оны да басқарған және «Өзбекстан Журналистері шығармашылық ұйымының Қарақалпақстан бөлімі» етіп қайта рәсімдеуге атсалысқан (бұрынғы атымен ашуға жүрегі дауаламаған), оған басшылық еткен әрі оны да ешкім білмейтін өлі ұйымға айналдырған табансыз басшы;

Алтыншыдан,  К.Кәримов өзі басқарған соңғы он сегіз жыл ішінде  Жазушылар одағына жаңа мүшелер қабылдауда өте-мөте әбес, ерсі тірліктерге жол қойып келген. Мәселен, халық туындыларына өзінше автор болып, ғасырлар бойы қалыптасқан халық мақалдарының ұйқасын бұзып, қара сөзге айналдырып жіберген, соны кітап етіп шығарған, қарақалпақ тілінде жаза алмайтын ішкі істер саласының бір қызметкері жазушылар одағының мүшелігіне қабылдаған. Тіпті, бірде-бір кітабы шықпай тұрып мүше болған әуесқой қалам иелері де бар! [Негізінде, мүшелікке ең кем дегенде, екі кітабы шыққан, баспасөзде танылған, қоғамда мойындалған шығармашылық иелері алынуы тиіс. Немесе әдебиет сыншылары, осы салаға қатысты зерттеу жүргізушілер, ал басқалар емес! Одаққа мүше болуға қайта-қайта құжат дайындап, қатынай-қатынай табаны тозған, бірнеше кітабы жарық көрген, елге танымал қаламгерлер әлі жүр! Себебі, олардың қолдаушысы жоқ! Біз бұл жерде анаусының да, мынаусының да атын атамай отырмыз. Бұл жалпы өз алдына талқылауды қажет ететін мәселенің бірі];

Жетіншіден, (осы кісі басқарғаннан бастап) бірнеше белгілі қаламгер мемлекеттік атақтарға ұсынылған, бірақ олар емес,  К.Кәримовтен үстем болған және оны қолдаған, ол қолдаған Одақ мүшелері ғана атақ алған. Тағы бір қызығы, бұл кісінің өзі сонша атағы болса да: шәйнектің қақпағы мен вазелиннің құтысынан басқа өңірге тағатын темір-терсектің бәрін алса да, сыйлық, марапатқа тоймайды екен [Ол сыйлықтарының бәрін мансап орындығында отырып алған]. К.Кәримов әр жылы тек өзін екі-үш мәрте жоғары атақтарға ұсынып келген. Биылдың өзінде үш мәрте ұсынды! Ал, Жазушылар одағы мүшері арасындағы жасы егде, ел қамын ойлаған белсенді ақын-жазушылардың атақ алуына ықылас танытпаған. Яғни, тиісті орындар алдында оларды қорғай алмаған, еңбегін бағалауды қиялына да келтірмеген. Зады, ол өзінен басқаны тіпті ойламайды, ойламаған да! Асылы, әрбір сала басшысы қарамағындағылар тағдырына жауапты емес пе?

Сегізіншіден, Қарақалпақстан Жазушылар одағы қазір қуыршақ ұйым санатында… Одақ басшылығы алдына қойылған маңызды мәселелер шешімін таппай қалып кете береді.  Ол Төраға болғаннан бері жазушылардың жалпы жиналыстары (тек бірнеше ықпалды адамдардың бас қосуымен) жасырын өтіп келген немесе қағаз жүзінде ғана өткен. Сол себепті, Қарақалпақстан Жазушылар одағының беделді мүшелері, халық танитын қаламгерлер Одаққа бас сұғудан қалған. Cъез немесе Құрылтай өткізу мәселесі мүлде ұмытылған. Жақында дайындалған жаңа редакциядағы Қарақалпақстан Жазушылар одағының Жарғысы да ешкімге көрсетілмей, қабылданған;

Тоғызыншыдан, Төрағаның ұйымдастыра алмауы себебінен, Үкімет қаулысымен ашылған Одақ қасындағы «Дөретиўшилик» қоры (қарақалпақша: «Шығармашылық») жабылып қалған, ал қазіргі «Ижод» (өзбекше: «Шығармашылық») қорының өңірлік бөлімі – Төрағаның жекеменшік қорына айналған! Олай дейтініміз, ол Қорды өз қолында ұстау үшін: 9 ай бойы қайта-қайта арасына түсіп, әрі әртүрлі іске жұмсап отырған жүгірдегі Бисенбай Бекмұратовты қорға бастық етіп, жұмысын құпия жүргізуді бастап жіберді. Қорға маман етіп баласы Қуат Кәримовты, ал есепші етіп – Одақтың бас есепшісі (өз адамы) Зинатдин Сейтмұратовты қойып отыр;

Оныншыдан, мемлекет тарапынан нешеме қаулылар қабылданып, бірнеше бастама көтерілген болса да: К.Кәримов сыртқы әдеби байланыстар мәселесіне селқос қарап отыр. Мәселен, былтыр Президент тапсырмасымен бізге ең жақын өңір болған Қазақстанның Ақтөбе облысымен әдеби-мәдени және экономикалық байланыслар бойынша келісім-шарттар жасалды, Меморандумға қол қойылды. Солай бола тұра, Төрағамыз дүниеден ерте өткен дарынды ақын Өтежан Нурғалиевтің Ақтөбе облысында өткізілген 80 жылдық мерейтойына Қарақалпақстан Жазушылар одағы мүшелерінің өз есебінен барып қатысуына да құлық танытпады. Баяндамаларымызды ұсынсақ та өзіміз бара алмай, ұятты болып қала бердік. Бұл бір ғана мысал, мұндай жәйттер тіпті көп-ақ;

Он біріншіден, Төрағаның немқұрайлылығы себебінен Үкімет тарапынан бекітілген тізімдегі көптеген мерейтойлар мен шаралар өткізілмей қалып жатыр. Өткізілген шаралар да Одақтың бастамасымен емес, ал мерейтой иелерінің ұл-қыздары, бұрын бірге істеген ұжымы тарапынан ұйымдастырылған. Олардың 2012 жылдан қазірге дейінгі толық тізімі қолымызда. Өткен жылы Президент Абай шығармаларын насихаттау бойынша да қаулы қабылдады. Біз Халықаралық «Абай» клубының ресми өкілі ретінде Абай шығармаларын қайтадан баспадан шығаруды ұсыныс еткенімізде, оны көзімізше қолдағандай болды да, соңынан тым-тырыс қалды. Ол былай тұрсын, осы кезге дейін Бердақ ақынның академиялық басылымын әзірлеу жөнінде қаншама пікірлер айтылып, ол бойынша шыққан жинақтарға сын білдіріліп жатса да бір мылқ етпес сірә?!;

Он екіншіден, К.Кәримов Одақты басқарған кезеңде негізгі мәселелерді қараудың орнына, мүшелер туралы, қызметкерлер жайлы ұнамсыз материалдар жинаумен  айналысты. Ең сорақысы, бұрынғы Президенттің кезінде зиялыларға жасалған арандатушылық әрекеттер бұл кісінің қызметімен әлі де өріс алуда. Біз соның бұрын да, қазір де зардабын тартып отырғандардың, теперіш көргендердің біріміз. Бұл кісінің сыбайластарының кім екендігі де бізге аттың қасқасындай белгілі. Мұны Одақ мүшелері де өте жақсы біледі.

Енді негізгі мәселеге өтсек, біз өзіміз келгеннен бергі (2018 жылдың қаңтар айының екінші жарымы) анық білген ішкі жағдайлар жайлы Сіздерді  хабардар етпекшіміз:

– Бізге дейін, әдеби кеңесші лауазымында Жолдасбай Тәжетдинов деген кісі істеген. Сонымен бірге, Одаққа мүлде жанаспайтын Фатима Абдураимова деген келіншек те жалақы алып отырған. Өзі орта білімді және Одақ мүшесі болмаған Ф.Абдураимова қалайша осындай қызметте болып, бұл  ұйымның есебінен жалақы алып келгені таңдандырмай қоймайды. Негізі, ол басқа жерде жұмыс істейді, Одаққа тек жалақы алатын кезде ғана келеді. Өзім де бұл жағдайды бірнеше мәрте көзіммен көрдім, өзгелер де мұны өте жақсы біледі.  Ф.Абдураимова қарақалпақша жазып та, сөйлеп те білмейді. Тіпті, өзбек әдеби тілінде де сөйлей алмайды. Орысшаны ғой, түк қақпайды! Сөйтсек, бұл келіншек – Төрағаның сырлас, табақтас досының қазіргі әйелі екен!..

 

Жолдасбай Тәжетдинов деген кісі қарақалпақтың маңдайына біткен жалғыз әдеби басылымы – «Әмиўдәрья» журналының жартысын өзбекше шығаруды ұсынған қаламгер. Өз уақытында бұл мәселе баспасөзде де жарық көрген [«Айдын жол» газеті. – Қазақстан: Ақтау, 2008, -№2]. Онсыз да қарақалпақ тіліндегі басылымдардың басым көпшілігінің жартысы өзбек тілінде шығады. Ташкенттен сонша өзбекше басылымдар шығып тұрғанда, қарақалпақ газет-журналдары тіліне және өзбекше араластыру қажет пе еді?

Жұмыс бабында тағы бір аңдағаным, негізінде Қарақалпақстан Жазушылар одағында үш адам ғана жазумен шұғылданады екен.

Біріншісі – Төраға (К.Кәримов). Оның негізгі жұмысы – жеке шығармашылығы. Төраға болғаннан кейін соңғы жылдардағы жеті романын да осы жерде отырып жазған. Сондықтан, Одақ мүшелерін қабылдауға, олардың проблемаларын шешуге, Жазушылар одағында күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылауға уақыты болмаған тәрізді.

Екіншісі – жауапты хатшы. Қазіргі кезде осы лауазымдағы Б.Ерназаров негізінен барлық ұйымдастыру жұмыстарын алып барады және құжат істерін қазірге дейін жалғыз өзі жүргізіп келген.

Үшіншісі – әдеби кеңесші. Бізден бұрын істеген әдеби кеңесші Ж.Тәжетдинов деген кісі бір-екі хаттамаға қол қойғаны болмаса, оның дайындаған басқа құжаттарын таба алмадым. Біз жұмысқа келгенде  Төрағаның өзі де, жауапты хатшы да ол туралы: «Жөкең – шаршаған адам, тек әйтеуір сүлдер болып келіп-кетіп жүрді» деді. Негізінен шығармашылықпен айналысатын мекемеде қолынан жазу-сызу келетін әрі іс-қағаздарын жүргізуге адам жетіспей жатқанда, Төраға «шаруашылық меңгерушісі» деген штат бірлігін енгізіп, оған өзінің туған жиен немересі Әмірхан Аллаханов деген орта білімді жас баланы алған.

«Шаруашылық меңгерушісі» деген штат енгізілгенімен бұл мекемеде жұмыс істеу үшін жеткілікті мүмкіндіктер жоқ. Жағдай тек Төрағаның өзі және бас есепші үшын ғана жасалған. Хатшы қыздың да жағдайы жаман емес. Айтпақшы, «Ижод» қоры ұжымы үшін де жақсы жағдай жасалған.

Желдеткіш мәселесі

Жазы сұмдық ыстық болатын Қарақалпақстанда сәуірден қыркүйектің соңына дейін қапырық кабинеттерде отырып жұмыс істеу мүмкін болмай қалады. Түнімен есік-терезесі жабық тұратын кабинеттер таңертең  сағат 8-де келіп ашып қойғанның өзінде, салқындай қоймайды. Сәскеден кейін күн тіпті жанып кетеді.

Төрағаның өзі кондиционері бар кең кабинетте отырып, мұртынан күліп отырады (Бұл оның кәдуілгі әдеті). Сол жерде рахаттанып, жеке шығармашылығымен айналысады. Одақ мүшелері жайлы мәлімет жеткізіп тұратын таныстары келген кезде бірнеше сағаттап есікті жауып қойып, салқын кабинетінде сырлы сұхбаттың көрігін қыздырады.

Есепші мен хатшы қыздың да отырған кабинеттерінде желдеткіш (вентилятор) бар.

Осы мекеменің негізгі жүгін көтеріп жүрген жауапты хатшы мен әдеби кеңесші үшын мұндай жағдай жасалмаған. Тіпті, Одақ кезіндегі кішкене вентилятор да жоқ!..

Компьютер мәселесі

Негізінен, Төрағаның жеке жұмыстарын жазатын хатшы қыздың да, есепшінің де компьютері жаңа маркада.

Басты жазуларды жазатын – жауапты хатшы мен әдеби кеңесші технологияның мұндай жетістігінен мақұрым.

2018 жылдың қаңтарында жұмыс бастаған біз компьютермен қамтамасыз етуді өтінгенімізде, наурыз айында істемейтін бір ескі компьютерді «Қарлығаш» журналы редакциясынан алып берді. Бұл компьютер – жауапты хатшының (Б.Ерназаровтың) өз үйінен әкеліп қойған ескі маркадағы жеке мүлкі екен. Экраны ашылмайтын компьютер біздің алдымызда 1 жыл бойы тұрды. Қағаздың барлығын түсте және кешке үйге барғанда, жеке компьютерімде жазып әкеліп жүрдім. Хатшы – мемлекеттік тілдерді білмейтін, орта білім иесі болғандықтан, бір материалды үш-төрт мәрте қайта жазады.

Қарақалпақстан Жазушылар одағының осы хатшысы кезінде жазылған іс-қағаздарын көрсеңіз, қатеден көз тұнады!

Біздің қайта-қайта талап ете бергенімізден соң принтері жоқ тағы бір ескі компьютер әкелінді. Ол да жиі-жиі бұзылып қала береді, шаруашылық меңгерушісі оны жылдам жөндетіп бере қоймайды. Жөндетіп әкелген соң енді жаза бастасаң, хатшы қыз «Төрағаның шығармаларын жазамын» деп клавиатураны әкетіп қалады. (Хатшы қыз – мекемедегі Төрағадан  кейінгі екінші «құдай»!).

Төрағаның шығармалары жазылып жатқан кезде, басқа асығыс қол қойылуға тиіс қағаздар оның алдында жиналып қалады. Қолмен жазылатын қағаздар жауапты хатшыға тиесілі. Ол компьютерді енді үйреніп жатқандықтан, қолда жазуды ыңғайлы санайды.

Хатшы қыздың шала сауаттылығы себебінен, Б.Ерназаров құрастырған «Қарақалпақ балалар әдебияты антологиясы» жинағын бастан-аяқ үйдегі өз компьютерімде жазып  шықтым. Ол да үш мәрте өзгертілді. Бірінші мәрте оны кирилл алфавитінде тердім. Сөйтіп, оны қайта теріп шыққанымда, К.Кәримов поэзия менен прозаны бөлуді тапсырып, оны тағы да жұмыс қылдым. 2016 жылы алфавит өзгеріп, жаңа алфавит бойынша кітапты қайтадан теріп шығу керек болды. Баспаға тапсырылғаннан кейін де ол жерде басқаша шрифтілерден пайдалануына байланысты, жинақты тағы да үш мәрте тексеріп шығуға мәжбүр болдым. Соның себебінен, антология 2018 жылы жарық көрді, оның қаржысын тиісті орындармен келісіп шештік және тегін істедік. Компьютерге байланысты бұл бір ғана жағдай.

Компьютер дегеннен шығады, компьютер бұзылып қалса, оның ішіндегі құжаттардың жоғалып кету қаупі бар, солай болды да! Төрағадан террабайт алуды сұрағанымызда, мақұлдағандай болды. Террабайт түгіл, қызметкерлердің барлығы флешкамен толық қамтамасыз етілмеген екен. Сондықтан, әркім өз ақшасына алуға мәжбүр болды.

Негізі, жаңадан алынған толық комплектілі компьютер мен ноутбук кабинеттден орын таппай, Төрағаның үйіне «көшіп өткен» көрінеді.

Телефон мәселесі

Компьютерді айтып отырмыз-ау, бұл жерде қызмет телефоны да проблема екен. Біз жұмысқа келгенімізден кейін әдеби кеңесші үшін қызмет телефоны қажеттігін айтқанымызда, Төраға әперуге уәде берді. Бірақ, уәде 1 жыл 6 айдан соң орындалды. Оған дейін қол телефонымыздан пайдаландық. Бір қызығы, әртүрлі жиналыстарға, кездесулерге, мәдени іс-шараларға шақыру мәселесімен хатшы емес, жауапты хатшы айналысып келген.

Одақ – той-мерекенің шақырушысына айналып қалған. Әлдекім той берсе, Одақтың барлық мүшелері осы жерден хабарландырылады. Оған да аз дегенде екі-үш күн уақыт кетіп, негізгі шаруалар өз жөніне қалады. Тойдың өз хабаршысы, яғни, шақырушысы болмай ма? Жаназа болса екен, қаралы шаңыраққа жәрдем ретінде көрсетілген қалыс қызмет болар еді. Қазір шақырушылық міндеті  – жауапты хатшы мен әдеби кеңесшінің мойнына жүктелген!

Телефон арқылы хабарласу көп болғандықтан,  ұялы телефонымыздың ақшасы тез бітіп қала береді. Кейде жауапты хатшыныңң кабинетіндегі телефоннан пайдалануға мәжбүрміз. Жауапты хатшы: «Көп сөйлесе берме, інім, ақшасын қалтамнан төлеп отырмын» дейді. Шынымен де, Одақ есебінен жауапты хатшының қызметтік телефоны үшін қаржы бөлінбей, өз қалтасынан төлеп отырған екен. Қабылдау бөлмесінде Төрағаны күтіп отыратын қонақтар, қаламгерлер, жеке шаруасымен келгендер көп болғандықтан, ол жердегі телефоннан сөйлесіп тұру ыңғайсыз. Оның үстіне Төраға мұндайды ұнатпайды, әр шыққан сайын ала көзімен бір қарап кетеді. Бас есепші болса, орнында бола  бермейді. Төрағаның шаруаларымен жүрген шығар дейміз де қоямыз, аптасына бірер күн ғана төбе көрсетеді.

Қазіргі кезде тиісті орындар бізден өткізілген әрбір іс-шараның  фотосуреттерін жіберуді талап етуде. Жазушылар одағына  бір штаттағы фотограф керек немесе бір андроид телефон қажет. Мұндай телефонды Төраға Одақ  қаржысына тек өзіне ғана алған.

Интернет мәселесі

Төраға бізге компьютермен бірге, интернетті қосып беруді де уәде еткен-ді. Өйткені, біздің қоғамдық міндетіміз – Халық қабылдауханасының осы ұйымдағы  өкіліміз. Б.Ерназаровтың берген компьютері ескі болғандықтан да, интернет жылдамдығы өте төмен. Кейінірек қабылдау бөлмесінен шыққан компьютерді алғанымыздан соң интернетті жалғатқан едік, бірақ одан пайдалана алмадық. Төрағаның тапсырмасымен бізге тиісті желіні жиі үзіп қояды. Бас есепшіден сұрасам, үндемей құтылатын. Ақыры, «үнемдеп жатырмыз» дейтінді шығарды. Қажетті іс қағаздарды жіберетін кезде, интернет істемей қала береді. Сөйтсек, осы жерде күні бойы отыратын Төрағаның баласы Қуат Каримов, жиен немересі Әмірхан Аллахановтар мен хатшы қыз – Мүбәрек Сапарбаевалар көбінесе қолы бос болғандықтан интернеттен кино тартып алып көреді екен. Арасында еден жуушы қыз Саятхан Асқарова да солардың қасында отырып кино көретінін байқап қалдым. Бірақ, интернетті пайдаланушылар – ана үшеуі! Сондықтан, Бас есепші мұны айта алмай жүрген екен.

«Оның орнына телевизор көрсе болады ғой» деп ойласақ, кітапхана залындағы жас қаламгерлер үшін алынған үлкен плазмалы телевизор әлдеқашан Бас есепшінің үйінің дуалынан орын алыпты!

«Кітап оқыса болады ғой» десек, кітапханада тек ескі журналдар мен ешкім оқымайтын кітапар қалған. Басқаларының барлығы Төрағаның кабинетинде жиналып тұр! Кейбіреулерін кітап дүкеніне апарып, басқа кітаптармен алмастырып тұрғанын да байқап қалдық. Шартты нұсқадағы кітаптар мен Одаққа тиесілі  басылымдар да Төрағаның кабинетінен сыртқа шықпайды.

Осы орында еске салатын бір мәселе, өткізіліп жатқан кітап акцияларына біз өз ақшамызға сатып алынған кітаптарды апарамыз, ал Төраға Одақ  үшін шартты нұсқада келетін және жеке авторлардың кітапхана үшін әкелген кітаптарын тапсырып жүр.

Әжетхана мәселесі

Біз басқа проблемаларға тоқтамай-ақ әжетхана жағдайына келсек, ол жыл он екі ай бойы бірде істеп, бірде істемейді. Істесе де, оның кілті Төрағаның өзінде немесе хатшы қызда болады. Барлық қызметкерлердің әжетханаға шығу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, ғимараттан сыртқа шығып, әжетхана іздеуге мәжбүр боламыз. Хатшы қыз абалаған иттей арпылдап тұратын болғандықтан, басқалар одан кілт сұрай алмайды (Хатшы қыздың анайы әрекеттері Одаққа келушілер тарапынан наразылыққа тап болып, біздерге бірнеше рет ескертілді).

Ауыз су мәселесі

Қазір барша мекемеге арнаулы түрде және әр аптада, әр кабинетке тазаланған су әкеліп беретін жеке мекемелер көп. Мекемелердің барлығы осындай қызмет түрінен пайдаланып үлгерді. Әсіресе, жаз мезгілінде Қарақалпақстанда таза ауыз су табу проблемасы бар.

Біз болсақ, Төрағаның қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз пайдаланатын ыдысты тұтынып, сол жерден су ішеміз. Өткен жылы хатшы қыздың өкпе ауруына шалдығып, емделіп жүргенін білген соң су іздеп көше кезіп кететін болдық.

Көлік мәселесі

Жазушылар одағында көпшілік үшін көлік мәселесі шешілмеген. Республика басшылығы бермекші болған көлікті де Төраға алмаған көрінеді. Сол себепті, қала ішіндегі, қала сыртындағы, республика аумағындағы барлық жиындарға біз де, Одақ мүшелері де өз ақшамызға  барамыз. Жаздың мынадай ыстық күндерінде әскери гарнизондардағы кездесулерге біз таксимен барып жүрміз. Төраға Одаққа келгеннен бері бірнеше жеке көлік алса да, мемлекеттік көлігін бізге мінгізгісі жоқ. Соның салдарынан қаржы бар кезде қала ішіндегі іс-шараларға қоғамдық көлікпен, қаржы жоқ кезде жаяу барып жүрміз. Сонда қызметтік машина Төрағаның тек бір өзі үшін бе? Iс-сапарлар үшін қаржы да Төрағадан басқаға төленбейді.

Жалпы ішкі жағдай осындай болған жерде, одақ мүшелерін әлеуметтік жақтан қорғау, кітаптарын шығару жайлы айтпаса да болады! Бұл мәселеде қаншама қаулы қабылданғанына қарамастан, Төраға саусағының ұшын да қимылдатпай отыр.

Қысқасы, Қарақалпақстан Жазушылар одағы – К.Кәрімтеклі есімді мырзаның жеке меншігіне айналып кетіп, ұйым өз беделін өте түсіріп алған. Жазушылар әзіл түрінде өзбекшелеп бұл ұйымды «Оилавий пудрат» дейтін болды. Сондықтан, Одақ мүшелерінің, қызметкерлердің Төрағадан да, жұмыс барысынан да көңілі  суыған. Одақ – жалпы ақын-жазушылардың емес, шығармашылардың емес, өсек-аяңмен шұғылданатын жазармандардың бас қосатын ордасына айналып кеткен.

2004 жылы «Қарақалпақстан Республикасына еңбегі сіңген журналист», 2013 жылы «Қарақалпақстан халық шайыры» құрметті атақтарын алған, 2015 жылы Өзбекстан Республикасының ең жоқарғы наградаларының бірі «Эл-юрт ҳурмати» орденімен марапатталған, енді «Өзбекстан қаһарманы» болғысы келіп жүрген әрі Бірінші Президенттің сүйікті адамы ретінде: 2009 жылы Қарақалпақстан Республикасы Жоқарғы Кеңесінің депутаты, 2012-2014 жылдары Өзбекстан Олий Мажлисі сенаты мүшесі, 2015 жылы Өзбекстан Республикасы Президентін сайлаў бойынша №1 Қарақалпақстан сайлау округі бастығы қызметін атқарған, 2017 жылы Қарақалпақстан Республикасы Жоқарғы Кеңесінің Регламент және депутаттық əдептілік мəселелері комиссиясы төрағасы болып сайланған, соңынан және қуыршақ депутат болған К.Кәримов (Кеңес Кәрімтеклі) мырзның Қарақалпақстан Жазушылар одағы үшін еткен «еңбегі» осындай.

«Халық қалаулысы» деген мәртебелі атақты иемденіп, Бірінші Президентті өзінің «мықты тірегі» санаған К.Кәримовтың құзыреті кеңейгенімен, Одақтың ішкі базасын нығайтуға күші жетпегені – оның жігерсіздігі емес пе? Негізінде ол Одақты емес, қара басы мен бала-шағасының қамын ойлап қана отыр. Мұндай Төрағадан не үміт, не қайыр? Қарақалпақстанның отыздан аса газет-журналы жабылғанда, атақты Нөкіс полиграфкомбинаты өз жұмысын тоқтатып, көптеген басылымдар көрші Хорезм уәлаятынан шығып жатқанда жұмған аузын аша алмаған Төраға кімді ұшпаққа шығарады?

Бұл кісінің ең жақсы көрген ағаларының бірі бұған өзі білетін қолайсыз лақапты да тегін бермеген тәрізді. Өйткені, ол біреуді ізіне ерте алмайды, өзі де көштен қалып қояды. Бұл – қорқақтықтың басты белгісі. «ҚАРАҚАЛПАҚСТАН» деген атты Қарақалпаққа алып берген, осы атпен республиканың негізін салған Аллаяр Досназаровқа байланысты өткізілген іс-шараларға да қорқақтығынан бара алмады. Жазушы А.Сұлтановтың «Дөҳмет» («Жала») кинороманы негізінде шығарылған «Ел перзенті» атты кітаптың Қараөзек ауданында өткен таныстырылымына да өзі бара алмаған соң, оның орнына біз барып, А.Досназаровтың Қарақалпақстан үшін істеген ұлы істерін, ерлігін, жазушы А.Сұлтановтың бұл бағыттағы сауапты еңбегін айтып, Төрағаның орнын білдірмедік.

А.Сұлтанов Карелияға барып, А.Досназаровтың қабіріне құлпытас қойып, ол жерден топырақ алып келіп, оны Төрағаға да, басқаға да айтуға жүрексініп жүргенінде бұл жайтты біз ести сала баспасөзде жариялатып жібердік. Соның нәтижесінде қоғам өкілдерімен кездесулер, соңынан бұл жаңалық бойынша Қарақалпақстан телевидениесінде арнаулы бағдарлама да ұйымдастырылды. К.Кәримов солардың бірде-біреуіне қатыса алмады.

К.Кәримовтің шығармашылығы жайлы сөз қозғамасақ та болады. Өзін «ұлы жазушы» санап жүрген К.Кәримовтың шығармалары қандай деңгейде екенін «Ұстаз жолы» газетінің биылғы 27 мамыр күнгі санында ауыл мұғалімі-ақ жазған екен. Редакция оның мақаласын қысқартып басқан көрінеді. Соның өзінде мақала К.Кәримовтің тек жазушылық қызметін емес, қарақалпақ тілін қандай дәрежеде шұбарлап жүргенін өткір сынға алған. Қарақалпақтың ұлы перзенті А.Досназаров қайта жан бітірген ана тіліміздің тағдыры да бізді аса алаңдатады.

Қарақалпақстан Жазушылар одағы – қарақалпақ тілін, қарақалпақ халқының арын, намысын қорғайтын, елдің бүгіні мен ертеңіне жауап беретін бірден-бір зиялылар ұйымы! Мұндай киелі жерге өз қара басын бағатын пенде емес, халықтың арына шабатын АЗАМАТ басшы ғана керек!!!

Жалпы, қарақалпақ жазушыларының халі мүшкіл. К.Кәримов бүкіл бір әдебиетті құрдымға жібергелі тұр. Бізді осы масқарашылықтан құтқарар күш бар ма екен? Бізге қолдау көрсетіңіздер, бауырлар!

P.S. Осы мақаланың баспасөзде жариялатыны жайлы біз Қарақалпақстан зиялыларын алдын ала хабарландырдық. Өзбекстан Жазушылар одағының жауапты қызметкерлеріне ауызша да, жазбаша да білдірдік. Тезисімізді ұсындық. Өйткені, мәселе өзімізден тысқа шықпай, кәнеки орнында шешілсе, кемшілігімізді сырт білмесе екен деген ой еді. Онымен, бізге құлақ асар құзыретті орындар болмады. Сондықтан өздеріңізге жолдауға мәжбүр болдым.

Сейдін Әмірлан

Халықаралық «АБАЙ» клубының Қарақалпақстан Республикасындағы ресми өкілі,

«Орталық Азия халықтары мәдениеті Ассамблеясы» Халықаралық қоғамдық қозғалысының мүшесі,

Қаллы Айымбетов атындағы «Халық даналығы» фольклор клубының жетекшісі,

Қарақалпақстан Республикасы халыққа білім беру саласының үздігі,

Өзбекстан және Қарақалпақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі,

Қарақалпақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі.

Abai.kz

261 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496