Сенбі, 23 Қараша 2024
Дат 7355 17 пікір 23 Шілде, 2019 сағат 19:03

Журналистердің жұмысына кедергі келтіргендер жазалану керек

22-шілде күні Алматыда қазақстандық адам құқығы бюросындағы баспасөз жиынына барған БАҚ өкілдеріне бірнеше адам шабуыл жасады. Белгісіз адамдар “Азаттық” радиосы мен "ҚазТАГ" агенттігінің және “Алматы” телеарнасы журналистерінің кәсіби қызметіне кедергі келтірген.

Азаттық радиосының мәліметінше, ыңғай әйелдерден құралған белгісіз топ ғимарат дәлізінде “Азаттық” операторы Тоқмолда Құсайыновтың қолындағы видеокамераны сындырып, болған оқиғаны смартфонға түсіріп алмақ болған тілші Нұргүл Тапаеваға қол көтерген.

Кейін, журналистердің жұмысына кедергі келтірген бір-екі әйел видео үндеу жасап, "Азаттық" журналистерінен кешірім сұраған болыпты. Олардың айтуынша, оларды "біреулер" әдейі арандатқан-мыс.

Сонымен қатар, тілшілерге тарпа бас салған тағы бір әйелдің дерек-жайы анықталды. Әлеуметтік желі қолданушылары оны - Ақжол Ахметова дейді.

Ақжол Ахметова 15 шілдеде Алматы қаласы Алатау аудандық әкімдігіндегі аналар наразылығында да жүргені бейнетаспаға жазылған екен. Ол кезде аналар екі айдан бері атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүргендерін айтқан. Сол кезде бұл әйел аудан әкімі Шахмерден Рыспаевтың әр сөзін қолдап, бас изеп тұрған.

Жалпы, бұл “Азаттық” журналистеріне жасалған алғашқы шабуыл емес. Осыған дейін де аталған арнаның тілшілеріне белгісіз топ хабар тарату кезінде жас ағызатын газ шашып, қолшатыр, газет арқылы камера алдын көлегейлеп, кедергі жасаған болатын.

"Азаттық" тілшілеріне жасалған кедергі ертең өзге де журналистерге жасалмасына кім кепіл? Сонда қазақ журналистерінің мүддесін, құқығын кім қорғайды?

Бұл туралы белгілі журналист Арман Сқабылұлы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында ойын білдірген болатын.

-Қазақстан Журналистер Одағының (оның төрағасының) басына қара бұлт үйірілген шақта оған балама ретінде құрылған "Казахстанский Медиа Альянс" деген ұйым "журналистердің мүддесін енді біз қорғаймыз" деп жалаулатып еді. Мүшелерінің тоқсан пайызы орыс тілділер болғандықтан сол кезде-ақ одан іш тартып қалғанбыз. Байтасов бастаған, Бекхожиндер қоштаған сол ұйымның үні бүгінде мүлдем естілмейді. Журналистер қудаланып жатыр, журналистерді сабап жатыр, ал, "Альянс" үнсіз. Мұндай мылқау болса оны құрып қажеті не еді? Бүгін "Азаттықтың" тілшісіне көтерілген қол ертең басқамызға да көтерілмесіне кім кепіл! Біздің, әсіресе қазақ журналистерінің мүддесін кім қорғайды? Әлде, өз "Альянсымызды" құрамыз ба? - деп жазды ол.

Біз осы жайттарға қатысты Азаттық радиосының продюсері Қасым Аманжолдың пікірін білген едік.

Қасым Аманжол, журналист:

-Журналистерімізге жасалған 6 шілде күнгі шабуылдар бойынша, оған дейінгі жағдайлар бойынша арыз жазылған. Кешегі оқиға бойынша тағы да полицияға арыз түсірдік. Ол бірінші тергелу керек, одан кейін сотқа бару керек. Оған тағы біраз уақыт қажет болады.

Жалпы, “Азаттық” журналистері қашан да барлық тарапқа тең дәрежеде сөз беріп, пікірлерін толық жеткізіп, бейтарап түрде ақпарат тарататын Қазақстандағы санаулы тәуелсіз БАҚ. Біз қашанда әлеуметтік, қоғамдық-саяси оқиғалардың ортасында жүреміз. Және ол оқиғалардан жедел, нақты, ақпарат таратамыз. Біздің осындай еркін, бейтарап әрекет етуіміз кейбір дөкейлерге ұнамайтын шығар деп ойлаймын...

Әзірге “Журналистер Одағынан” да, “Журналистер альянсынан” да ешқандай құқығымызды қорғау мәселесі бойынша ұсыныстар түскен жоқ. Біз өз құқымызды осы Қазақстандағы Заңның аясында, құқықтық органдар арқылы қорғап жатырмыз. Ал, қоғамдық негізде ондай бастамалар әлі көрген жоқпыз. Бірақ, жылы пікір білдіріп, заңдық кеңестерін беріп жатқан халықаралық ұйымдар бар.

Негізі, камераның сынып, журналистердің шабуылға ұшырауының өзі аз емес. Денсаулықтарына ауыр зақым келген жоқ. Бірақ, моральдық психологиялық шок алды деп айтуға болады. Журналистің жұмысына кедергі келтірді. Мұның өзі “Журналистің жұмысына кедергі келтіру” деген арнайы баппен қылмыстық кодексте қарастырылған.

Біз осы уақытқа дейінгі митингтер кезінде жасалған шабуылдар бойынша да арыз жазған болатынбыз. Бірақ ол шағымдар бойынша нәтиже болған жоқ. Алайда, біз қандай қоғамда, қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанымызды білеміз.

Бірақ,біз өзіміздің кәсіби жұмысымызға мейлінше адал болуға тырысамыз...

"Әділ сөз" ұйымының сарапшысы, журналист Ғалия Әженованың айтуынша, бұл оқиға қылмысқа жатады. Және бұл жағдай бірнеше рет қайталанып отырғандықтан, бұл жолы кінәлілер қатаң жазалану керек деп есептейді.

Ғалия Әженова, "Әділ сөз" ұйымының сарапшысы:

-Журналистердің қызметіне кедергі жасау – Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 158 бабымен қарастырылады. Ол жерде айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.

Жалпы, кешегі жағдайда - журналистерге шабуыл, оларды ұрып соғу, итеру, тырнау, оператордың камерасын тартып алып, сындыру және тілшінің телефонын тартып алу сынды жағдайлар болғанын видеодан көрдік. Мұны жайдан жай көшеде жүрген адамдар емес, жасаған. Осындай жағдайды тудырған да, оған белсене қатысып, бастап жүрген де ұйымдастырылған топ дер едім. Өйткені, сол жерде көзімен көріп, жәбірленген қорғаушы Ғалым Нұрсейітовтың болған жағдайды өз парақшасында баяндаған дерекке сүйенсек, олар бірнеше топқа бөлінген. Сосын операцияны кезекпен кезек алмасып жасаған. Дәлірек, бір топ - сол шараны ұйымдастырушыларға қоқан-лоқы көрсеткен, алмасқан кейінгілері журналистерге қоқан-лоқы жасаған. Кейін сол баспасөз конференциясында сөйлеуге ниеттенген көпбалалы ана мен оның қорғаушысына күш көрсеткен. Яғни, бұл жерде бір топ ұрып-соғу, қорқыту, техниканы тартып алу, тәркілеу, оны сындырып бастаса, екінші топ қостап, үшінші топ жағдайды жандандырып, айқай шу шығарған. Олардың мақсаты да сол - шу шығару, заңсыз әрекеттерге бару болған. Және, оларды ешкім ұстап алмағанына қарағанда бұл ұйымдастырылған топ өздеріне ешқандай жаза қолданбайтынын нақты түсініп, біліп әрекет істеген деп ойлаймын.

Олар кім болуы мүмкін?

Бұл әйелдерге қарасақ, түрлері спортпен айналасатын, бойшаң, өте мықты, қолдары қатты 30-40 арасындағы жас әйелдер.

Біріншіден, олар тәуелді адамдар. Бір күштерге, нақты біреулерге тәуелді. Екіншіден, бұларға ақша беріп жасатуы мүмкін. Яғни, бұл әйелдер біреудің ақшасына мұқтаж адамдар. Бірақ, тәуелділігі басымырақ дер едім.

Моральдық нормаларға да, заңға да қайшы әрекеттерге барған әйелдер тобының психологиялық портретін болжауға кімнің де хақы бар.

Жас келіншектердің спортпен айналысатынына қарағанда, бұл «отрядта» кіші лейтенанттық құрамынан адамдар болса да, таңғалмаймыз. Біздікі тек болжам ғана.

Ал, оларды кімдер жұмсады дегенге келер болсақ...

Әрине нақты қолмен ұстап, көзбен көрмеген соң оны айту қиын. Бірақ, болжам ретінде - олардың жарты сағат бойына жұртты ұрып соғып, айқайлап, шыңғырып, жұрттың есін шығарып еркін жүруіне қарағанда бұлар біздің күштік құрылымдардан сескенбейді. Дәлірек, бұлар ҰҚК, полицияның,  Прокуратураның да тергеуінен, жасалған заңбұзушылыққа қалайша жауап береміз деген ойдан ада. Неліктен?! Мұндай әрекетті ұйымдастырып, ештеңеден қорықпау үшін күштік құрылымдар тарапынан қамқоршылық болуы керек. Ал, қарапайым көшеде жүрген біреу келіп солай істесе, полиция оларды сол бойда аяқ-қолдарын жерге тигізбей алып кетер еді...

Бұл жерде бірінші полицияның көлігі жарты сағаттан кейін келіпті. Одан кейін бес-алты көлік келіп, ештеңе бітірмей, кетіп қалған. Біраз уақыттан кейін ғана тергеушілер келе бастапты. Ең сорақысы, адам мен азаматтың құқығын қорғайтын бюроның залында зардап шеккендерден саусақ пен алақанының таңбаларын алынған. Бұл енді курьез. Күлесің бе, жылайсың ба...

Біз сөз бостандығын, адамның пікір айту еркіндігі бар екенін, ол заңмен, ең бірінші, Конституциямен қорғалатынын  айтамыз. Ал, шын мәнінде, кешегі әрекет және ондағы полицияның асықпауы, бүкіл күдіктілердің жан-жаққа еш кедергісіз қашып кетуі - бәрі  де күмәнді. Бір әйел ғана ұсталды. Оның өзі топтастарынан қалып қойғанында да бір мини-мақсат жатқанға ұқсайды.

Полиция бұл тығырықтан қалай шығады немесе казір дереу түрде не істеу керек:

1.ҚР Қылмыстық кодексі 158 бабы «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру» негізінде қылмыстық іс қозғалуы шарт;

2.Адам құқығы жөніндегі Қазақстанның Халықаралық бюросында бүлік шығарып, баспасөз-мәслихатын ойран қылған азаматшаларды анықтау;

3.Осы қылмыстық акцияның ұйымдастырушыларын анықтау;

4. Кінәлілерді ашық түрде соттау және заңмен қарастырылған катаң жаза қолдану.

Осы шарттар орындалса, полицияға қоғамның көзқарасы да түзеле бастайды.

Халықаралық "Reporters Without Borders" ұйымының мәліметінше Қазақстан сөз бостандығы жөнінен әлемнің 180 елінің ішінде 158-ші орында тұр. Және, тәуелсіз журналистерге жасалатын қысым мен осындай ашық шабуылдар көбейген.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435