Жұма, 4 Қазан 2024
3843 4 пікір 23 Шілде, 2019 сағат 19:48

Қаза болған қорықшы мемлекеттік марапатқа ұсынылады

Бүгін, 23 шілде тағы бір қорықшы браконьерлердің қолынан қаза тапты. Ақмола облысы Жарқайың ауданында "Охотзоопром" инспекторларына шабуыл жасалып, оқиға салдарынан қорықшылардың бірі қаза тапқан.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Ақмола тірек пункті "Охотзоопром" ӨБ РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторлары табиғатты қорғау заңнамасы бойынша құқықбұзушылықтарды анықтап, жолын кесу үшін өңірді шарлап жүрген.

Рейд кезінде ақбөкеннің ауланғаны анықталып, қорықшылар "Нива" көлігін мінген браконьерлердің соңына түседі. Көліктің мемлекеттік нөмірі қандай екені белгісіз. Қолда бар мәлімет бойынша, автомобиль Қостанай облысында тіркелген.

Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің жазуынша, Нива" көлігінен оқ атылып, салдарынан екі инспектор жарақат алған.

«Державинск қаласының аудандық ауруханасына жеткізілген «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК инспекторы оқ жарақатынан қайтыс болды. Екінші инспекторға сол ауруханада ота жасалып жатыр», - деп Сәкен Ділдахмет.

Осы оқиғаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып, браконьерлердің қолынан қаза тапқан азаматтың отбасына көңіл айтты.

Бұл туралы Қазақстан Президенті Twitter желісіндегі жеке парақшасында жазды.

«Браконьерлермен арпалыста ерлікпен қаза болған қорықшы Қаныш Нұртазиновтың жақындарына шынайы көңіл айтамын. Қаскөйлер ұсталып, жауапқа тартылады. Киіктерді атқаны үшін жазаны күшейту қажет. Қаза тапқан Қ.Нұртазинов марапатталатын болады. Егерь С.Оспановтың сауығып кетуін тілеймін», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақмола облысы Жарқайың ауданының полиция бөлімі күдіктілерді іздеп жатыр.

Abai.kz

4 пікір