Жұма, 22 Қараша 2024
Мәселенің мәні 7786 8 пікір 30 Шілде, 2019 сағат 12:03

Тарихқа таласпайық, ағайын!

Бұл мақаланы жазу жоспарымда жоқ болатын. Алайда, еріксіз жазуға тура келді. Оған «Қожалар» сайтында «Диуана қожа қайда жерленген?» атты мақала жариялануы себеп болды.  Мақала авторлары Ералы Оспанұлы мен Жұмабай Омарұлы. Мақала авторларының жазуына қарағанда, Дуана қожа аталып кеткен Мәді қожаның жатқан жері Түркістан мен Кентау қалалары арасындағы Құсшы Ата қорымында жерленген. Құсшы Ата деп жүрген кісі сол Дуана қожа деген пікірді алға тартады. Анау былай деді, мынау былай деді деген әртүрлі адамдардың айтқандарын жинақтап 10 тармақтан тұратын дәлелді алға тартып, Құсша Ата қорымында жатқан кісі Махди-Дуана қожа еді деп дәлелдегісі келеді. Қолдарында басқа нақты тарихи дерек жоқ. Олардың бұл әрекеті сол Құсшы Атаның тікелей ұрпағымыз, деп жүрген әулет өкілдерін өре түрегеліп, қарсы шығуына әкелді. Олардың өкілдері біздің Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ құрамындағы «Ясауи ғылыми зерттеу орталығына» да келді. Қолдарында көнеден келе жатқан қолжазба «Насаб-намасы» да бар. «Насаб-намамен» танысып көргенде біз бұл әулеттің шындығында, сол Құсшы Ата әулеті өкілдері екендігіне көзіміз жетті. Енді «Насаб-намада» жазылған деректерді қысқаша сараптап көрейік. Әрине, бұл «Насаб-наманың» біз бұрыннан зерттеп жүрген нұсқалардан белгілі дәрежеде  ерекшелігі бар. Бірақ, сол ерекшелігіне қарамастан шежіренің билеушілер тарпынан мойындалғандығы. Біз оны бұл «Насаб-наманың» дұрыстығын дәлелдеп, мөрін басып, қолын қойған кісі атақты Полат хан. «Насаб-наманың» жоғары жағында, Полат Ханның мөрі мен  «Фулат Мұхаммад хан сөзумуз» деп хан жарлықтарында жазылатын сөзі тұр. Демек, Полат ханның бұл шежірені толық мойындайтынын білдереді. Сол Полат хан мөрінің қарсысында екінші бір ханның мөрі бар. Ол мөрде: «Мұхаммад бахадур хан ибн Саййид ‘Умар Мұхаммад ‘Адил хан» деген жазу бар. Әрине, бұл ханның аты тарихта белгісіз. Мүмкін сол кездегі ұсақ хандардың бірі болуы ықтимал. Ендігі кезекте бұл «Насаб-намалардың» билеушілер тарапынан куәландыру себебіне қысқаша тоқталып өтелік. Қожа әулеттері қолында билеушілер тарапынан берілген уақыфтық жерлер болады. Мысалы, Қожа Ахмет Йасауидің шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқиға Түркістан билеушісі Қайу Тегіннің Оғыз таудан Қарчуққа дейінгі аралықтан екі жүз қостық жер бөліп бергендігі «Насаб-нама» нұсқаларында жазылған. Уақыфтық жер иелері сол жерлердің заңдылығын, ата-бабасынан келе жатқан мирас екендігін билеушілер тарапынан куәландырғанда ғана ол жерлер қорғалып, мойындалады. Уақыфтық жер иелерінің діни-саяси бағыты билікпен сай келмеген жағдайда уақыфтық жерлерден айырлып қалу қаупі бар. Мысалы, Тәуке ханның кезінде Йасауи жолы өкілдерінің діни бағытының  Тәуке ханның ұстанған діни-идеологиялық саясатымен сай келмеуіне байланысты йасауийа тариқаты өкілдері толығымен уақыфтық жерлерінен ажырап, Сыр бойындағы бос жерелерге барып орналасуға мәжбүр болды. Йасауийа тариқаты өкілдері ішінен тек ілімде Йасауи жолында болып, салт-дәстүрде араб-парсы дәстүрін қабыл еткен қожа әулеттері ғана өздерінің уақыфтық иеліктерін сақтап қала алды. Олардың қолында да осы Құсшы Ата ұрпақтары қолындағы сияқты хан мөрімен куәландырылған «Насаб-намалары» бар. Бірақ ол «Насаб-нама» Тәуке ханның өз мөрімен куәландырылған. Бұл «Насаб-нама» нұсқаларының ортағасырларда тек, шежіре емес, сонымен бірге, уақыфтық жерлерді қорғайтын уақыфтық құжат қызметін де атқарғандығын көрсетеді. Демек, «Насаб-нама» онда жазылған деректерге сенуге болатын, мойындалған құжат. Қолдарында осындай құжаты бар Құсшы Ата ұрпақтарының айтқандарын біз жоққа шығара алмаймыз. Ендігі кезекте сол «Насаб-намадағы» деректерге қысқаша талдау жасап көрелік. Бұл «Насаб-нама» Йасауи жолындағы қожалар әулетінің «Насаб-намалары» сияқты өз бастауын Али ибн Абу Талибтің Хаула атты әйелінен туылған Мұхаммед ибн ал-Ханафийадан бастайды. Ары қарайғы шежіресі былайша тарқатылады: «Мұхаммед ибн ал-Ханафийа ұғлы ‘Абд ал-Жаббар, аның ұғлы ‘Абд ал-Ғаффар, аның ұғлы ‘Абд ал-Қаһһар, аның ұғлы ‘Абд ал-‘Азиз. Аның ұғлы Мұса хан, аның ұғлы Асха хан, аның ұғлы Аулийа Қара хан. Аның ұғлы  ‘Абд ар-Рахим, амма лақабы Құсшы Ата. Аның ұғлы Насруллах хан, аның ұғлы Иляс хан хожа, аның ұғлы Хасан хан, лақабшан Балықчы Ата. Аның ұғлы Санжар хан хожа, аның ұғлы Арсланхан хожа ... аның ұғлы Хусайн хожа, аның ұғлы ... ‘Умар хан хожа» шежіре тізбегі аяқталады. Шежіренің соңында хижраның 1240 жазылған парсы тіліндегі мәтін бар. Парсы тілінен хабарымыз болмаған соң ол туралы әңгіме қозғауды артық санадық. Бірақ ол да Құсшы Ата әулеті қожаларының өздерінің уақыфтық жерлерін Қоқандық билеушілер тарапынан куәландырып алу үшін жазылғанға ұқсайды.  Ендігі кезекте осы  шежіреде аттары аталған кісілерге келетін болсақ, мұнда аттары аталған кісілердің арасында Құсшы Ата атты, Балықшы Ата атты кісіледің барлығын көреміз. Бұл екі кісінің атымен байланысты Түркістан маңында екі әулиелі жер бар. Бірі – Түркістаннан 15 шақырым жердегі Құсшы Ата қорымы және екіншісі – Қаратаудың Жамантас асуы бойындағы Балықшы әулие бұлағы. Бірақ, осы күнге дейін бұл жерлер туралы нақты тарихи деректер жоқ болатын. Мына «Насаб-намада» сол екі әулиелі жерге қатысты нақты екі дерек шығып отыр. Демек, бұл Йасауи жолына қатысты біз біле бермейтін әлі көп нәрсе бар дегенді білдіреді. Бірақ, бұл «Насаб-нама» деректерінде кемшілік те жоқ емес. Бұл «Насаб-наманың» жазылған кезеңінде жазған кісінің Қарахандықтар әулеті «Насаб-намасынан» толық хабары болмағандығы байқалады. Осыған байланысты бұл «Насаб-намада» ауытқулар кеткенін көреміз. Насаб-наманы жазған сол Қарахандықтар әулетінің өкілі, бірақ өздерінің негізгі шежірелерінен қол үзіп қалған, есінде қалған деректер негізінде жазған деп тұжырым жасауға болады. Олай болмаған жағдайда Қарахандық билеушілер әулеті Насаб-намасын негізге алуына болар еді. Және бұл «Насаб-нама» деректері хронологиялық тұрғыдан да сай келе бермейді. Мысалы, Құсшы Атаны IX ғасыр соңына қарай өмір сүрген Әулие Қараханның ұлы ретінде көрсетпеген болар еді. Бірақ бұл кемшіліктерге қарап, бұл қолжазба деректерін жоққа шығара алмаймыз. Ең бастысы бұл «Насаб-наманың» Қожа Ахмет Йасауи заманынан көп уақыт өтпей жазылғандығында болып тұр. Біз оны Құсшы Ата мен Балықшы Аталардың аталуына қарап көре аламыз. Йасауи жолы алғаш қалыптаса бастаған кезеңде Йасауи жолының өкілдерінің түрлі кәсіп иелерінің пірі ретінде тарих сахнасына шыққан тұлғаларды көреміз. Мысалы, Қамбар Ата – жылқы(шылар)ның пірі; Шопан Ата – қойдың (қойшылардың) пірі; Ойсыл Қара – түйешілердің пірі; Зеңгі баба – сиыршылардың пірі. Осы күнге дейінгі «Насаб-нама» нұсқаларының еш бірінде бір түліктің немесе бір кәсіптің пірі ретінде Йасауи жолы өкілдері жазылған емес. Ал, мына «Насаб-намада» осы мәселе жазылып отыр. Алайда, Құсшы Атаның атына қарап, Орта Азия хандықтарында болған құсбегімен лауазымымен салыстыруға болмайды. Жалпы Құсшы Ата әулетінің «Насаб-намасына» қарап шыққанда жасалатын қортынды, Құсшы Ата қорымы ешқандай Махди-Дуана қожаның қабірі емес, Құсшы Атаның өзі жерленген жер.

Ендігі кезекте «Махди-Дуана қожа қайда жерленген? Сұраққа жауап береміз. Махди қожаның өмір сүрген дәуірі - XV ғасырдың екінші жартысы XVI ғасырдың басы. Әбілхайыр ханның нақшбандийа тарқатын қабылдап, Йасауи жолынан бас тартқан кезеңі болатын. Әбілхайыр ханның бұл әрекеті  Өзбек ұлысының халқын ауыр зардаптарға ұшыратты. Бір халық үшке бөлініп ыдырап, бір халықтың үш халыққа: қазақ, өзбек, ноғай халықтары болып бөлінуіне әкелді. Әбілхайыр ханның осы әрекетінің салдарынан мемлекеттің құрылымдық жүйесі де толығымен өзгеріске түсті. Орта жүзге пір болып жүрген қарахандық қожалар сыпырыла көшіп, Ноғайларға кетті. Орта жүз ру-тайпалары осы кезеңде рухани жетекшісіз қалды. Осы оқиға байланысты Исхаб баб әулеті өкілдері мен Махди қожа  мен Бақсайыс бастаған қожа әулеттерінің Орта жүз руларына барып пірлік жасағандағы туралы тарихи деректер «Насаб-нама» нұсқалары мен «Темір-нама» атты қолжазбада баяндалады. «Темір-нама» қолжазбасында Дешті Қыпшаққа ислам дінінің таралуы туралы екі түрлі аңыз берілген. Бірінші аңызда Өзбек хан Ходженд қаласына  әскермен жорыққа барып, ол жерде  бір  әулиенің кереметінен өзінің есі ауып, әскері көзден айырылып соқыр болып оралады. Оларды  Саййид Ата «‘илми караматпен» жазғаннан кейін Өзбек хан мен Дешті Қыпшақ халқы ислам дінін  қабылдайды. Екінші аңызда, йасауийа тариқатының шайхы Саййид Атаға ұстазы  Зеңгі Ата  түсіне кіріп  Дешті Қыпшақ  халқын ислам дініне  кіргізуге бұйырады. Саййид Ата келесі күні өзінің шәкірттері Қасым шайх, Хадым шайх, Бақсайс Атаны ертіп, Дешті Қыпшаққа аттанады. Дешті Қыпшаққа барып Құсырау Құлал ханды ислам дініне кіруге үгіттейді. Құсырау Құлал хан болса, ислам дінін қабылдау үшін  үш шарт қоямын, егерде оларды орындай алсаңдар діндеріңе кіремін,- дейді. Бірінші шартым, бір палуаным бар оны жеңесіңдер; екінші, бір есінен адасқан қызым бар, оны жазасыңдар; үшінші, жанып тұрған тандырға біреулерің түсіп, аман шықсаңдар  мен діндеріңді қабылдайын,-дейді. Саййид Ата мен оның шәкірттері ханның айтқан шарттарын толық орындап, хан мен Дешті Қыпшақ  халқын толығымен ислам дініне кіргізеді[Темір-нама, 7а-11б]. бұл қолжазабада жазылған ислам дінін Дешті Қыпшаққа таратудың екі түрі баяндалғанын көреміз. Біріншісі, Өзбек ханның ислам дінін қабылдауының аңыздық сипаты. Екіншісі, XV ғасырдың төртінші ширегіндегі Орта жүз ру-тайпаларына пір болып жүрген қарахандық қожалардың Ноғай ұлысына көшіп кетуіне байланысты Ұлы жүзге пір болып жүрген Исхақ баб ұрпақтары қатарынан Бақсайыс қожа бастаған Йасауи жолы өкілдерінің Арқа жерін жайлаған қазақ ру-тайпалары арасына барып, рухани жетекшілікті өз қолдарына алғандығын баяндайтын аңыз. Бірақ, «Темір-намадағы» Саййид Атаны Өзбек ханға ислам дінін қабылдату үшін барған Саййид Атамен шатастыруға болмайды. Өйткені, Саййид Ата деп уақыттық ерекшелікке қарамай ұзақ ғасырлар бойына өз шығу тегін Исхақ бабтан тарататын, Ұлы жүзге пір болып отырған тұлғаны Саййид Ата деп атағанға ұқсайды. Біз оны Алтын Орда кезіндегі йасауийа тариқаты өкілдері арасында Саййид Ата атты тұлғалардың болғанығынан да көре аламыз. Мысалы, Бердібек хан өлтірілгеннен кейін Алтын Орданың тағына 25 хан келіп кетті. Осы қиын кезеңнің өзінде Йасауийа шайхтары мүмкіндігі болғанша, Орда тағына келіп, кетіп жатқан хандарға ықпал етуге  күш салды. Олардың мұндай әрекеті туралы Натанзи шығармасында мынадай дерек бар: «Мурид ханнан соң таққа Азиз хан отырып, ол жаман әдеттерді қалыптастырды. Сайиид Ахмед  Йасауи ұрпақтарының бірі Сайиид Ата оны бұл  жаман әдеттерден тыйды. Ол өз күнәсін түсініп, Саййид Атаға қол беріп, оған мойын ұсынды. Оған өзінің қызын берді. Үш жылдан соң ол өзінің  жаман әдетін қайта бастады. Ол сол үшін өлтірілді» - дейді. Демек, Ұлы жүзге пір болып отырған Исхақ баб әулеті өклін Саййид Ата деп атау дәстүрі қалыптасқанға ұқсайды. «Темір-намада» жазылған оқиға Өзбек ұлысының ханы Әбілхайыр ханның діни-идеологиялық саясатына байланысты XV ғасырдың соңғы ширегі мен XVI ғасырдың басында Қазақ даласында орын алған діни-рухани үдерістермен байланысты оқиға деп топшылаймыз. Оған Құсырау Құлал ханды ислам дініне мойынұсындыруға барған Саййид Ата мен Бақсайыс Аталардың қасында XV-XVI ғғ. өмір сүрген Хадым шайх мен Қасым (989/1578/1579 ж.қ.б.)  шайхтардың болуы дәлел бола алады. Ал, Бақсайыс Атаның Сыр бойына жерленуі оның өзінің үш жүз шәкіртімен ұстазы Хұдай-дад Бұхари басына зиарат жасауға келіп, сол жерде Қанбар шайхтың үйінде қайтыс болуымен байланысты болатын. [А.Муминов, Родословное древо Мухтара Ауезова. 2011. С. 215.].

Ал, Дуана-Махди қожаның да Арқа жеріне кетуі тура осы оқиғаға байланысты болғандығы дау тудырмайды. А.Диваевтың «Хазіреті Исмаил Ата туралы аңыз» атты мақаласында Исмаил Атаның әкесі Ибрахимнің осыдан төрт жүз жыл бұрын қаңлының «Омыртқа», «Мандут» тайпаларының пірі болғандығы және Әмір Темірден 100 жыл бұрын өмір сүргендігі жазылады [З.Жандарбек. Насаб-нама нұсқалары және түркі тарихы. 2002. 31 б.]. «Насаб-намада»  «Ибрахим шайхтың жетінші ұрпағы Заһид қожаның ұлы Махди қожа-лақабы Дуана қожа. Ол уақытта барлық өзбек пен қазақ халықтары жолдарынан адасқан еді. Махди қожа жария ілім мен құпия іліммен қазақийаға пір болып, жолға салып, хикмет ілімін үйретіп, қазақийа ішінде қалды. Ол кісінің үш ұлы бар еді. Бірінің аты – Қожажан қожа және бірінің аты – Қылыш қожа және бірінің аты – Пірзада қожа». Қазіргі Дуана қожа әулеттері осы кісіден таралады. Бұл жерде «қазақийа» деп қазақ даласын айтып тұрғанын көруімізге болады. Ол да Бақсайыс Ата сияқты қазақ даласына кеткенін көреміз. Демек, ол кісінің қабірін Түркістан маңайынан іздеу қате. Өйткені, ол кісі Бақсайыс Ата сияқты Самарқантқа келіп қайтыс болған жоқ. Сол барған жерінде қайтыс болған болуы керек. Олай болмаған жағдайда ол кісіні осында Түркістанға әкеліп қойғандығы туралы дерек міндетті түрде болған болар еді. Ал, Дуана қожа ұрпақтарының Сыр бойына келіп топтаса орналасуы Тәуке ханның «Жеті жарғысының» қабылдануымен қожа әулеттерін қазақ құрамынан шығарылуымен тікелей байланысты. Сол себепті, «Құсшы Ата ата мазарында жатқан кісі Дуана қожа деген еді» деген әңгіме тарихи шындыққа сай келмейді. Біз оны әлі күнге дейін Арқа жерінде қазақ ішінде отырған қожа әулеттерінің белгігі бір бөлігі осы Дуана қожа ұрпақтары екендігінен көре аламыз. Мысалы, Қарағанды облысы Жаңа Арқа ауданын мекендеген қожалардың көпшілігі Дуана қожалар әулетінен, Ақтоғай қожаларының да көпшілігі Дуана қожа әулетінен. Сондықтан да дау  жоқ жерде дау туғызып, Құсшы Ата қорымына таласудың реті жоқ. Одан да сол Қазақстанның солтүстік өңірлеріне ғылыми экспедиция ұйымдастырып, Дуана қожаның жатқан жерін анықтау жолындарын қарастыру керек. Жалпы Дуана қожа әулетінің қазақ тарихында атқарған қызметі елеулі және оған дәлелдер де жоқ емес. Мысалы, Абылай ханға пір болған Жалаңаяқ қожаның бір өзі неге тұрады. Мақала соңында бұл айтылғандардың барлығы қазақ тарихының белгі бір бөлшектері екенін естеріңізге сала отырып, осындай ұмыт қалған бөлшектеріміздің басын құрастыра отырып, қазақтың біртұтас тәуелсіз тарихын қалыптастыруға қызмет етейік деп қортындылағым келеді.

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329