Қазақ телеарналары қандай болу керек?
Қазақ телеарналары қандай болу керек?
Елдегі телеарналардың көрерменіне ұсынып келе жатқан көрсетілімдері қоғамда недәуір уақыттан бері сын пікірдің нысанасына айналған тақырып. Алайда, алға басып, жұрттың жанымен үйлесім табатын тұщымды дүние тарту еткен арна әлі жоқ.
Жуықта «Хабар» мен «Қазақстан» арналарының басшылары ауысты. Телетағдырдың ендігі күйі де көкірегі ояу адамды ойға шомдырып отыр.
Телеарналардағы басқару жүйесіндегі, телебағдарламар жасаудағы, қазақ тілінің үлесі, телевизиядағы идеология, телесаясат секілді күрмеуі көп күрделі мәселелерді телерадио саласының түрлі буын өкілдерінің талқысына салып, «Қазақ телеарналары қандай болу керек?» деген сауал төңірегінде арнайы өткізілген дөңгелек үстел басында ой-пікірлері мен ұсыныстарын білген едік. Олар былай десті:
«Абай-ақпарат»
-Сіз осыдан көп жылдар бұрын қазақ радиосында, қазақ телеарнасында қызмет еттіңіз. Сол кездерді еске ала отырып айтыңызшы, ол уақытта телебағдарлама қалай жасалатын еді? Көрермен сұранысы қалай ескерілетін еді?
Әміролла Сарымов, «Қазақстан» арнасының ардагер журналисті:
Қазақ телеарналары қандай болу керек?
Елдегі телеарналардың көрерменіне ұсынып келе жатқан көрсетілімдері қоғамда недәуір уақыттан бері сын пікірдің нысанасына айналған тақырып. Алайда, алға басып, жұрттың жанымен үйлесім табатын тұщымды дүние тарту еткен арна әлі жоқ.
Жуықта «Хабар» мен «Қазақстан» арналарының басшылары ауысты. Телетағдырдың ендігі күйі де көкірегі ояу адамды ойға шомдырып отыр.
Телеарналардағы басқару жүйесіндегі, телебағдарламар жасаудағы, қазақ тілінің үлесі, телевизиядағы идеология, телесаясат секілді күрмеуі көп күрделі мәселелерді телерадио саласының түрлі буын өкілдерінің талқысына салып, «Қазақ телеарналары қандай болу керек?» деген сауал төңірегінде арнайы өткізілген дөңгелек үстел басында ой-пікірлері мен ұсыныстарын білген едік. Олар былай десті:
«Абай-ақпарат»
-Сіз осыдан көп жылдар бұрын қазақ радиосында, қазақ телеарнасында қызмет еттіңіз. Сол кездерді еске ала отырып айтыңызшы, ол уақытта телебағдарлама қалай жасалатын еді? Көрермен сұранысы қалай ескерілетін еді?
Әміролла Сарымов, «Қазақстан» арнасының ардагер журналисті:
- Ол кезде әртүрлі өнеркәсіп, мәдениет, оқу-ағарту секілді түрлі салаларға арналған циклды хабарлар шығып тұратын. Және әр саланың бағдарламасының бас редакциясы бар болатын. Әр редакцияның жұмысына қарай әр түрлі хабарлары жарық көріп отыратын. Редакцияларға көрермендерден үздіксіз хаттар келіп жататын. Хаттар да айтылған сын пікірлер ескеріліп, түзетілетін.
-Қазір рейтингі жоғары деп жатамыз, біздің рейтингі жоғары бағдарламаларымыз бен сіздердің кездеріңіздегі «көрерменнің көзайымына айналған бағдарламалардың» айрымашылығын айтып бере аласыз ба?
- Әрине, кеңестік қазақ теледидарының да көрермен көзайымына айналған бағдарламалары болды. Қазіргі жағдайға келсек, телехабарлардың көбі жылтырақ болып кетті.
Бүгінгі кейбір бағдарламаларда шақырылған қонақтарын сөйлетудің орнына жүргізушілер көсемсіп, қонақ ой-пікірін айтайын десе, аузынан қағып тастап, өздері ақыл айтып, көп сөзділікке салынып кететіні бар.
«Шынның жүзі» сияқты көңілден шығатын бағдарламалар да болды. Өкінішке қарай, көрерменге жақын, жақсы бағдарламалардың ғұмыры қысқа болып жатыр.
Сауық Жақанова, әйгілі диктор:
- Қазақ радиосында 45 жыл істедім. Кеңес өкіметі кезіндегі телерадионың да өзіндік озық дүниелері болды. Сол жақсы хабарларды қайта жаңғыртып, уақыт көшінен тастамаса болар еді. Ол тұста тыңдарман, көрерменмен арадағы байланыс өте мықты болатын. Мысалы, радио жеке адаммен сырласып, сұхбаттасып отырғандай әсер беретін форматта еді. Қазір осы дүниелер ескерілмей келеді. Біздің кезде де елдегі жағымды жаңалық айтылатын. Бүгінгі күнде де жақсы дүниелер ғана эфирден жіберіледі ғой.
- Енді заманында көрерменнің көзайымына айналған бағдарламалар туралы айтайын. Бұрын қазақ халқының бай мәдениеті мен тарихына қатысты тыңдарманы мен көрерменінің көңілінен шыққан танымдық хабарлар көп болатын. Және ол хабарларды даусы қойылған, тілдің ырғағын, әуенін сақтап сөйлейтін мамандар ғана жүргізетін. Ал, қазір тілдің заңдылығын сақтамай күлдірген болып, екі сөздің басын қоса алмайтын адамдар эфирлерді толтырып жатыр. Тіпті, еш ізденбестен интернеттен тауып алып, соны сәл өңдеп тыңдарманға жеткізе салатын «өнер» пайда болды. «Қазақстан» ұлттық телерадиосы менің төркінім деп айтсам артық емес. Кейінгі кезде бастықтар жиі ауысып жатыр. Кмі келсе де, білетін адамның басқарғаны жөн.
- Мәскеудің құзырындағы Қазақстанның телеарнасы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның телеаранларынан әлдеқайда тартымды, мазмұнды, ұлтжанды болған сияқты. Бұның сыры неде?
-Телеарналарымыз еліктеушіліктен арыла алмай жатыр. Көрші орыс мемлекеті не шығарса, соны талғамсыз, бейімдеусіз қайталап қоя беретін болды. Көшірме бағдарламалардан қазақтың исі сезілмейді. Еліктеудің ақыры неге ұрынатынын түсінбеймін. Телерадиода қандай бағдарлама, хабар болмасын бәрі де ұлттың болмысы мен мінез-құлқымен үндесіп келуі керек.
Нұртілеу Иманғалиұлы, журналист, тележүргізуші:
- Сіз өздеріңізге дейінгі аға буыннан не үйрендіңіздер? Олардан алған тәлім тәрбилеріңіз бүгінгі күні іске асып жатыр ма?
- Егер мен қандай да бір көрерменнің көңілінен шыққан бағдарлама жасай алған болсам, ол біз көрген мектептің жалғастығы және ағалар мен апалардан көрген-түйген, жиған-тергендеріміздің жемісі деп ойлаймын.
- Сіз тележурналистикаға алғаш қадам басқан кезде творчестволық еркіндік деген болды ма? Жалпы, өз тәжрибеңізде творчестволық еркіндік дегенді қалай түсінесіз?
- Еркіндік деген сөзді модаға айналдырып алдық. Еркіндік пен мүмкіндік ұлттық және мемлекеттік мүддемен ұштасып жатуы керек шығар деген ойдамын. Егер ұлт пен мемлекеттің қажетіне жарайтын шаруаны айта алмасаң, ол - еркіндік емес. Парасатты журналист, парасатты қаламгер, парасатты адамға еркіндік қай кезде де болған.
- Қазіргі жас буын тележурналистиканың бұрынғы корифейлері туралы қаншалықты біледі деп ойлайсыз? Мұрағат қорларынан бұрынғы бағдарламаларды алып қарап жүрген жас журналисті көзіңіз шалды ма? Біздің тележурналистер арасында буынаралық байланыс қаншалықты сақталған?
- Мен он жылдан бері қазақ теледидарында қалыптасқан ғылыми жүйе жоқтығын айтып келемін. Осыған дейінгі телевизиядағы мектепті зерттеп, зерделей алмасақ, ол осы жүйенің жоқтығынан.
Телеарна журналистерінің ізденуге, оқуға уақыты бола бермейтінін көрермен біле бермейді. Өзіне дейінгі мектепті білмек түгілі, «Журналистика, тележурналистика менен басталады» деп жүрген журналистер баршылық. Әсіресе, жастардың арасында олардың қарасы мол. Тенхнология мен басқару жүйесі өзгергенмен адам санасындағы адами құндылықтар өзгерген жоқ. Сондықтан, қажетті дүниені таба білуі бүгінгі журналистің санасының, сапасының көрсеткіші деп айтуға болады.
- Біздегі телебағдарламалардың дені көшірме? Көшірме бола-ақ қойсын, соны ұлттың діліне жақын етіп көшіруге болмай ма? Жалпы, көшірмей, ұрлап-жырламай бағдарлама жасау қиын ба?
- Нағыз ел көретін бағдарлама жасау - оқиға. Алысқа бармай-ақ, қояйық, «Тамашаны», «Қымызхананы», теле айтысты атауға болады. Көшірме бағдарламалар - телевидение төңірегінде білері жоқ, айтар, ұсынар дүниесі жоқ кейбір әріптестеріміздің ұстап отырған тақырыбының біреуі ғана. Батыстың, Американың көшірме хабарларын қазақыландыру, бейімдеу, ұлттық түрге енгізу қолымыздан келмей отыр. Әйтпесе, Ресейде КВН-нен басқа таза орыстық өнім жоқ. Бәрі - көшірме.
- Біз неге бүгін телесаясатты уыстан шығарып алдық? Қазақстанда телесаяст қандай болуы керек? Қалай жасалуы керек? Оны кім жасайды? Билік пе, әлде, телеарналардағы ұжым ба?
- Бұл сұрақты әркім өзіне қою керек.
Асылбек Ықсан, жазушы, Махамбет атындағы Атырау драма театрының бас рижиссері:
- Мен Өнер академиясында көркемдік жетекші қызметінде жүргенімде Фарида Шәріпова апамыз «Хабар» арнасындағы журналистерге дауыстарын қойып, тілдің әуезділігі мен әуенін сақтап сөйлеуді үйретуге алып барып, Дариға Нұрсұлтанқызымен таныстырды. Телеарна саласына келуім осылай басталды. Сөйтіп, «Хабар» арнасына қызметке келген журналистердің жаңа шоғырының мектебін көріп, араласып өстім.
Біреулер ренжісе өзі білер, бірақ біреуден үйрену дегенді өз басым түсінбеймін. Өнер мен шығармашылықта әрбір адам өзін даралап көрсетіп, қолтаңбасын танытуы тиіс.
- Мен тележурналистикадағы творчестволық еркіндік дегенді қалай түсінемін? Сол тұста арнаның басшысы бірден еркіндік деген нәрсенің өзі шартты түсінік деп айтты. Мысалы, әр телеарна мен газеттің артында қожайындары тұрады. «Шырылдатып айтып жатыр» делінетін шындықтың өзі қожайындар арасындағы соғыстың ыңғайына қарай айтылған дүние екенін жұрт біле бермейді. Ақиқатты тек қана жеке шығармашылықпен шұғылданатын адам айта алады. Ал, ұжымдық, басқаруы бар журналистика саласында толық еркіндік, бостандық бар деп айтуға келмейді. Себебі, кез келген журналист - жұмыс берушіге кіріптар. Айлық алады, оның кеңсесін, техникасын пайдаланады дегендей. Әрбір БАҚ-тың өзіндік ұстанымы мен бағыт-бағдары болады. Ұстанымға келіспеген адам жұмыстан шығып кетеді, я шығарып жібереді.
- «Мұрағат қорларынан бұрынғы бағдарламаларды алып қарап жүрген жас журналисті көзіңіз шалды ма? Біздің тележурналистер арасында буынаралық байланыс қаншалықты сақталған?» деп отырсыздар. Айтайын.
Журналистика - жастардың арасында сұранысқа ие. Өйткені, тележурналистика бірден танымал етеді. Мұның жаман жағы - жас журналистте «мен талантты екенмін» деген ой тууы мүмкін. Кеңес өкіметі уақытында телеарналарға газеттің ысылған журналисттері тіл мен ойды жеткізудің формаларын алып келді. Тоқсаныншы жылдардан кейінгілер өзіндік леппен келіп еді. Қазіргі телеарналардағы білікті журналистер сол тоқсаныншы жылдары келген буын.
- Біздегі телебағдарламалардың дені көшірме? Көшірме бола-ақ қойсын, соны ұлттың діліне жақын етіп көшіруге болмай ма? Жалпы, көшірмей, ұрлап-жырламай бағдарлама жасау қиын ба?
- Мемлекеттік арналарда үкімет бекітіп берген медиа жоспар деген болады. Арна осы жоспарды орындауға міндетті. Тағы бір айтатын нәрсе, ұлттық бояуы қанық, көрерменнің сұранысына сай бағдарлама ұсынсаңыз оның өтуі екіталай. Өтпейтіні - мұндай мәселелер ұжымдық талқыға түсіп, шешілмейді. Әр арнада бір жігіттер бар. Арнадан берілетін бағдарламалар мен хабарлар сол азаматтардың түсінігі мен өресінің, білімі мен танымының жеткен жерімен ғана өлшеніп, бағаланып жарыққа шығады.
Шетелдік жобаларды телеарналар миллиондаға қыржыға сатып алады. Жобаны жерсіндіру, халықтың танымы мен табиғатын ыңғайлау деген мүлдем жоқ. Тікелей көшірме жасай салады. Бар гәп - осында.
-Біз неге бүгін телесаясатты уыстан шығарып алдық? Қазақстанда телесаяст қандай болуы керек? Қалай жасалуы керек? Оны кім жасайды? Билік пе, әлде, телеарналардағы ұжым ба?
- Телесаясатты билік жасамауы керек. Телеарналар мен театрларда, «Қазақфильмде» көркемдік кеңес болады. Онда қазаққа белгілі, танымал қоғамдық тұлғалар отырады. Телесаясатты қалыптастыруға осы көркемдік кеңес мұрындық болып, ықпал етуі тиіс. Алайда, көркемдік кеңестің мүшелері қуыршаққа айналған адамдар. Яғни, басшылардың айтқанына көніп, айдағанына жүретін халге жеткен. Телесаясат туралы айтқан кезде көркемдік кеңеске зор мән беру қажет.
- Осы уақытқа дейін біз телеарналарымызды өз аудиториямызға жұмыс істете алмай жатқан сияқтымыз. Яғни, теле нарықты игере алмай келеміз. Бұның себебі неде деп ойлайсыздар?
Гүлжақан Қасымжанова, телережиссер:
- Себеп көп қой, соның бірін ғана айтайын. Мен Қазақстан телеарнасында 20 жылдай жұмыс істедім. Телеарнаның күйреген кезіне де куә болдым. Ал арна басшылығының қанша рет ауысқанынан өз басым тіпті жаңылып та қалдым. Басқарма төрағаларын айтпағанда, директорлардың өзі жиі ауысады. Жаңадан келген әр бастық жаңа команда жасақтайды. Мәселенің бастауы - осы. Бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, қосылғыштардың орны өзгергенмен қосынды өзгермейтініне көзіміз жетіп отыр. Кім басшылыққа келсе де ешнәрсе өзгермейді. Неге? Өзгеріс жасау үшін телеарнаның тұтас жүйесін өзгерту керек. Мысалы, Ресейде коммерциялық бағдарламалардың өзі заңмен қорғалған. Телеарна техникасын жаңарту керек. Түптеп келгенде мәселе телеарналарда тұлғаның, кәсіби журналисттің, продюссердің және білікті менеджерлердің жоқтығында болып отыр. Қазіргі кезде телеарналар ақша жасаудың алаңына айналып кетті. Және ол үшін ешкім жазаланбайды әрі жауапкершілік арқаламайды.
Бізде әлі күнге ұлттық телевидение жоқ. Міне, мәселенің зоры. Біз Ресейдің ақпараты мен бағдарламасын тұтынып отыра береміз бе, жоқ ұлттық телевидение жасаймыз ба? Ойланайық.
- Расында, бас арнаға келген әрбір жаңа басшысы соңынан шұбыртып командасын ертіп жүреді. Соның кесірінен журналистердің арасында алаң көңіл пайда болады. Бұл жағдай меніңше, арнаның ішіндегі ахуалды да тұрақсыздыққа апарып тіресе керек. Жаңа команда бұрынғы бағдарламаларды тоқтатып, бәрін шыт жаңа бастайды. Осындай «дәстүр» неге керек? Не үшін бас арнаның басшылары команда ертіп жүреді?
Нұртілеу Иманғалиұлы, журналист, тележүргізуші:
- Жаңа команда жасақтау - телеарнаға келген басшыға жоғарыдан болатын ықпалға байланысты. Мен басшылыққа тағайындалған кезде жоғарғы жақтан не істеу керектігі жайында бағыт-бағдар берілген. Тура сол сияқты өзгелерге де жол көрсетіп отырады. Ал, айтқанмен жүресің бе, әлде «тәртіпке» бағына отырып, өз ойыңды да жүзеге асырасың ба - ол басқа әңгіме.
Жалпы, «Қазақстан» арнасы қазақ қоғамы үшін мәселесі күрделі орынға айналып барады. Бұл жерде айтылмай жүрген бір жайт бар. Марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың тұсында заманның қиындығына байланысты ұлттық арнаның облыстық бөлімшелерін облысқа беру керек деген ұсыныс болған. Сол ұсыныс әлі жалғасын тауып келе жатыр. Мен басшылыққа келген кезде де дәл сондай әңгіме шыққан. Ресейдегі түрлі арналар орыс деген ұлы халық екенін, оның басшысының керемет екенін бір саясатқа бағына отырып, бірақ әр қырынан жүргізеді. Ал, бізде ондай саясат атымен жоқ.
Елу жылға жуық телеарна саласында қызмет істеген алдыңғы буынның мектебі бар. Ол сол кісілердің көзін көріп, қызмет болғандардың ақылында, парасатында, икемділігі мен біліктігінде деп ойлаймын. Егер менің жасаған бағдарламам елдің көңілінен шығып жатса, ол маған дейінгі ағалар мен апаларымыздың мектебінің жалғасы деп білгеніміз жөн.
- Саясат демекші, біз неге телесаясатты уыстан шығарып алдық? Қазақстанда телесаясат қандай болуы керек? Қалай жасалуы керек? Оны кім жасайды? Билік пе, әлде, телеарналардағы ұжым ба?
Серік Сарыбай, журналист «Алматы» арнасы бас директорының бірінші орынбасары:
- Бізде бір адам мен бір партияны мақтағанан басқа телесаясат бар ма? Қай арнаны ашсаң да ыржың- ыржың, ырбың-ырбың. Түпкі идеясы түсініксіз шоулар, қалжыңы көтерем сықақшылар... осының ортасына ода-бағдарламалар қосып, «әрлейміз». Әсіресе 6-шілдеден бері экранға қараудан қалдық. «Радионы ашып қалсаң, Ғафекең, Теледидарды қосып қалсаң, Ғафекеңмен,...» жылап көрістін заман туды. Кино да, бағдарлама да, деректі фильмдер де тек Президентке арналған... Бұл ар-ұяттың жұтағанын, асқан жағымпаздық пен арсыздықтың арасы бір-ақ қарыс екенін түсініп , бетіне қызыл тебетін журналист-басшылардың тым азайып кеткенін көрсетеді. Негізі қазір тележәшікте болып жатқан былықтың барлығы қазақты саяси тұрғыдан мүлгіту, сауатылығын төмендету үшін істеліп отырған тірліктер. Көзбояушылық күшімен көзбайлау, Бәрі тек билікке байланысты. Соның ұстанымы үшін қақпақылдап апарып, бір қораға қамап жатыр бәрімізді. Мен қорқатын бір мәселе бар: Билік соңғы екі жылда Ресеймен тым әмпей -жәмпей боп кетті. Кедендік Одаққа бірігіп, өз ырқымызбен Ресейді байытуға келісім бердік.... Жуырда «Балапан» телеарнасы ашылды. Енді «Мәдениет» деген арна ашылмақ. Осының бәрі Путин «көкеміздің» қол астына түбегейлі өткізерден бұрынғы көзалдар қарекетер емес пе? Қытайдағы екі қазақша телеарнаға телмірген қандастарға ұқсап сорлап қалмасақ болғаны түбінде. «Құдай бетін әрі қылсын» десек те күдік басым. Балаларымыз бетімізге түкірмесін десек жұлқынуымыз керек, аузымызды буып жатса да айтып қалуымыз керек. Жағымпаз, жәдігөй саясаттан сәл де болса азат ақпарат ұсынсақ өз парызымызды орындаймыз. Демек ұжымға да көп нәрсе байланысты.
Мырзан Кенжебай, журналист:
- Қазақстанның ақпараттық нарығын қазір Ресей толықтай жаулап алды. Телевидение - жиырма бірінші ғасырдың ең басты әрі ең күшті құралы. Билік басындағылар телевидениені дұрыс пайдалана алмай келеді.
Телевидениенің 20 жылда ұлтқа әкелген зияны өте көп. Телевидение қазақ тілін аударма тілге айналдырып, шұбарлап бітті. Және осы күні телеарналарды орыстілді азаматтар басқарып отыр. Өткен жолы орысты емге таппайтын бір ауылға жолшыбай соққан едік. Балалар орысша сөйлеп жүр. Неге деп сұрасақ: «Телеарналар күні бойы орысша сөйлейді. Соның кесірінен балалар шүлдірлеп кетті», деп үлкендер жыларман болып отыр. Телеарналардың тілін орысша сайрату арқылы билік қазаққа арамзалық жасаумен келеді. Себебі, телеарналар ресми тілде сайрап тұрғанда тіл туралы заңның іске асуы мүмкін емес.
Қазір телеарналардың бәрі халықты елдегі нақты жағдай туралы ойландырмау үшін әдейі арзан қалжың мен ойын шоуларға айналдырылған-ау деймін.
Сәкен Сыбанбай, журналист:
- Қашан телесаясат біздің қолымызда болып еді? Бізде телесаясатты арна басшылығы жасайды. Ал олардың дені - не қазақшадан мүлде мақұрым, не оны шала-пұла ғана білетін орыстілділер. Мұндай жағдайда арнадағы бағыт-бағдардың, жалпы телесаясаттың қай тұрғыда өрбитіні белгілі емес пе? Телесаясатты мемлекет енді-енді қолға алып жатыр. Меніңше, телесаясаттың қандай болуы керектігін көрсетіп, жалпы бағыт-бағдарын түзетін билік болуы керек те, оны шығармашылық әлеуетіне қарай іске асыратын телеарналардағы ұжым болуы керек.
- Неге біз бәрін билікке сілтеп қойып отыра береміз? Қазақ аудиториясы қызыға тамашалайтын бағдарлама жасау қолымыздан келмей ме, қиын ба ол соншама? Мысалы, Нұрлан Ерімбетовтің авторлық бағдарламасы бар. Нұрлан, сізге осы бағдарламаны ашу қаншалықты қиынға түсті? Өз тәжірибеңізден бір әңгіме айтыңызшы.
Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы:
- «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин екеуміз бір кездескен кезде «Ашық әңгіме айтатын бір бағдарлама ашсақ» деген ұсыныс жасадым. Бірақ менің бір шартым болды: хабар барысында айтылған ой-пікірлер қайшыға түспесін, оны бір пысықтар отырып алып монтаждайтын болса, мен ол бағдарламаны жүргізбеймін дедім. Осылай басталған шаруа еді.
Біз қазақ тілінің мәселесін көп айтамыз. Бірақ тілдің тереңдігін, байлығын пайдаланбаймыз. Мысалы, кез келген адамды мақтап отырып, мақтамен бауыздауға, болмаса сынап отырып, керемет етіп көрсетуге біздің тілдің мүмкіндігі жетеді. Осыны журналистер неге пайдаланбайды?! Өз басым көп жағдайды осыны пайдаға асырамын.
Меніңше, телеарналарда білікті маман тапшы. Әйтпесе, көңіл ашар бағдармалармен-ақ, қоғамдағы күрделі мәселелерді айтуға, жеткізуге болады.
Тағы бір айтарым, біз шетелдерде болып жатқан оқиғаларды орыстардың көзқарасы тұрғысынан баға беріп келеміз. Телеарналар неге қазақ журналистерін шетелдегі түрлі оқиғалардың ортасына жіберіп, қазақ көреремініне жеткізбейді? Көрермен ретінде біз неге барлығын орыстың көзімен көруге тиіпсіз?!.
Қазақстандағы телеарналардағы орыс тілі, орыс мүддесі дегенге келсек, бұл жерде қарапайым орыстардың кінәсі жоқ. Орысшылдықтың отын үрлеп отырған Қазақстанда орыстардың элитасы бар. Олардың арасында депутаттар, сенаторлар, әкім-қаралар бар. Көзіңе көлгірсіп, «Отаншыл», «мемлекетшіл», «президентшіл» болып көрінгенімен, ішінен саған қарсы болып тұрады. Біз орыс тілінің үлесі мен арналардағы орыстықпен күрескіміз келсе, дәл сол элитадан бастауымыз керек.
Ең бастысы - телеарналардағы қаржылық, командалық, басшылық, шығармашылық күрделі мәселелердің шешімі қоғамдық телеарна құрғанда ғана табылады. Яғни, қоғам бақылайтын арна жұмыс істесе, қаржы қайда кетті, неге команда жинайды, неліктен бағдарламалар сапасыз деген сияқты толып жатқан сауалдар шешімін табар еді.
Жұлдыз Төлеуова, «Stan.tv» бейнепорталының продюссері:
- Біздегі телеарналар шетелдегі шетін оқиғалардың ортасына бармақ түгілі, ел ішіндегі шиеленісті жағдайды да көрсете алмай отыр. Жаңаөзендегі мұнайшылардың көтерілісін елдегі тәуелсіз арналардың бірде бірі әлі күнге берген жоқ. Неге? Ал, біздің тілшілер («Стан.тв» ақпараттық видеопорталын айтады.-ред) сол жақтағы мұнайшылармен бірге жүріп, күнделікті хабар жіберіп отыр. Әрине, жергілікті билік тарапынан кедергілер бар. Бірақ бізде күйіп тұрған мәселенің мән-жайын елге жеткізудің де мүмкіндігі бар. Журналистер сол мүмкіндікті еселей түсу үшін күресу керек.
- Біздегі телебағдарламалардың дені көшірме? Көшірме бола-ақ қойсын, соны ұлттың діліне жақын етіп көшіруге болмай ма? Жалпы, көшірмей, ұрлап-жырламай бағдарлама жасау қиын ба?
Серік Сарыбай, журналист, «Алматы» арнасы бас директорының бірінші орынбасары :
- Борхес қысқа романында күллі адамзат тірлігін бес-алты көрініске сыйдырып кеті емес пе. Сондықтан, соны бағдарлама ойлап таба беру де өте қиын. Ғасырға жуықтаған тарихы бар телевизия саласында түрлі жанрдағы жобалар бізге дейін ойлап табылған. Репортаж, пікірсайыс, телесұхбат т.б. Әдебиеттегі секілді сол қалыптрдан аса алмайсың. Мәселе кез келген халықтың сол жанрларды өзіне бейімдеуіне барып тіреледі. Біздегі көшірме жобалардан ұлттық ұстаным, ұлттық намыс, ұлттық иіс аңқып тұрмайды. Басты қасіретіміз осы. Ресей «Наша раша» деген жоба шығарды. Оны көрген орыс Орталық Азияда тұратын халықтарды келемежге айналдырады. Сайқымазақ Галустянның кейбір сөздеріне Түркеменстан, Тәжікстан сынды мемлекеттердің аттай тулағанын білеміз. Ал біздегі «Наша казаша» қазақтың өзін келемеждейді. Өйткені бұл мелекетте өз намысын қорғай алмайтын, билік қамырша илеп, жуасытып тастаған бір-ақ ұлт бар. Ол - қазақ. Оны қалай келемеждесең де, қалай кекетсең де ешкім құн сұрамайды. Ең сорақысы сын түзетсін деген жанашырлықпен қазақша айтпайды, орысша жаһанға жар сала жамандайды. Өздерін күлдіргіш санайтын жігіттердің де, сол жобаны қолдап жүргендердің де өресінің жеткен жері сол болса керек... Сынасын қазақтың қошеметіне семіріп асқынған славянды, «бөлек автономия құрамын» деп құтырып жүрген сартты. Оған шамасы келмесе, қойсын. Аты-шулы «Екі жұлдызды» алайық. Орыстың «Две звезды» атты шоуы әлемдік телевизия тарихынан ойып тұрып орын алғанан кейін ол жобаның лицензиясын сатып алып, елімізге әкелген соң орысша қосып, шалажансар етудің қажеті не еді? Санасы мүгедек журналист немесе продюсердің «іштен шыққан шұбар жыланы» да мүгедек болады. Өз басым «Қазақстан» телеарнасы басшыларына біреу келіп «жобаларыңда күллі қазақты орысша сайратпасаң сотқа беремін!» деп қорқытты деп ойламаймын. Баяғы көпке жағайын, қазақ қайда барады дейсің деген өзімізді төмендететін ұстанымның жемісі. Қыруар қаржы жұмсалған жобаға таза қазақы атау беріліп, Ақан, Біржаннан бергі сазгерлеріміздің әндерін насихатаумен айналысса қандай керемет болар еді. «Атың шықпаса...» принципімен өтті, кетті .
- Қазір телеарналарда формат деген нәрсе пайда болды. Әр телеарнаның форматы бар. Оған сай келмейтін бағдарлама қанша өткір, тартымды болса да жарыққа шықпайды. «31 арнаның» белгілі бір бөлігі Ресейдің СТС арнасына сатылғанын білеміз. Осы «31 арнадан» қоғамдағы ахуалды шынайы талқыға салатын бағдарламалармашу мүмкін бе? Болат мырза, бұл сауалға өзіңіз жауап бере кетсеіңіз жөн болар еді.
Болат Мүрсәлім, «31» арна жаңалықтар қызметінің жетекшісі:
- Дәл қазіргі кезде қазақ телеарналарына байланысты екі теріс тенденцияны байқауға болады. Біріншісі, кез келген телеарнаны алып қарасаңыз, қос тілділікті нормаға айналдырып алған. Екі жүргізушінің бірі - орысша, бірі - қазақша сөйлейді. Мұны - қоғамдық санада билингвизиммді заңдастыру дейді. Қостілділікті қалыпты дүние секілді телеарналар арқылы арнайы насихаттар отыр. Екіншісі, телеарналар түгелдей шоуға көшіп кеткен. Оның бәрі Еуропа мен Американың шоуларының негізінде жасалады. Ұлттық шоу жасап жатқан телеарнаны тағы көрмейсіз. Қоғамның саяси-экономикалық, басқа да күрделі мәселелерін талқылайтын қандай да болмасын хабарлар жоқ.
Егер біз, есі дұрыс ел боламыз десек, екі бағытта телеарналарымызды дайындауымыз керек. Біріншісі, қоғамдық телеарна, екіншісі, ашылғалы отырған - «Мәдениет» арнасы. Мысалы, еуропада қоғамдық телеарнаның басшысын біздегідей үкімет тағайындайды. Бірақ, олар қоғамның алдында жауап береді, халыққы қызмет етеді. Биліктің алдында жауап бермейді. Ал, бізде бәрі керісінше. Бұл еуропа елдерінің саяси мәдениетте жеткен жетістігі деп ойлаймын. Осындай жолға қоғам, журналистер, ұжым болып ұмтылуымыз керек. Бәрін билік жасап береді екен деп отырсақ, онда ешнәрсе өзгермейді.
Ал, «Мәдениет» телеарнасы - қазақ телевизияның бір өлшемі тәрізді болуы тиіс. Біз бұл телеарнаны режиссуралық деңгейдегі телеарна жасай алсақ, кез келген шетелдің алдында жүзіміз ашық болмақ. Олай етпей, редакторлық үлгідегі текст жазып, оған видеоны жабыстырып, бағдарлама жасайтын телеарна қылсақ, онда ол біздің ұлт ретіндегі кәсіби шеберлігіміздің төмендігін паш етпек.
Ақсұңқар Ақынбаба, журналист:
-Менің баса айтқым келетіні - мемлекеттік арналардағы жағдай. Мысалы, мемлекеттен қаржыландыратын «Қазақстан» ұлттық арнасының жылдық бюджеті 8 млрд теңге. Алайда, мемлекеттік тапсырыс толық орындалмайды. Яғни, мемлекет ақшасын бөліп отырған дүниелердің өзі жасалмайды. Ал, мемлекеттік тапсырыстың ішінде барлық деңгейдегі көрерменнің сұранысын қанағаттандыратындай дүниелер бар. Бірақ олар орындалмайды, эфирге шықпайды. Көрермен мен телеарнаның арасын байланыстырушы сарапшы мамандар жоқтың қасы. Оның орнына телерадиодан хабары жоқ қаптаған кішкентай бастықтар жүреді. Қаржының барлығы соларға жұмсалады.
Жуықта министрлік ұлттық арнаға қаржылық тексеріс жүргізіп, 2009-2010 жылдардағы мемлекеттік тапсырыстың қалай орындалғанын көрді. Сөйтсе, аталған екі жылда мемлекеттік тапсырыс ең аз орындалған уақыт болып шыққан. Ал, мемлекеттің бөлген ақшасы арзанқол шоуларға шашылған. Жалпы, осылайша қолды болған қаржының жиынтығы - 728 млн. теңге. Бұл ресми тұрғыда анықталған факт. Бұл біз білетін ғана сома.
Журналистерді босатып, продюссерлік орталықтарға тапсырыс беру арқылы хабар жасатудың да астарында ақша жеудің амалы жатыр. Естуімізше, продюссерлік орталықтар мен телеарна басшылығы тапсырысқа бөлінген қаржыны өзара бөліседі-мыс.
Жаңағы 728 млн. теңгенің мәселесі бас прокуратураға жолданғаннан кейін іле-шала Жанай Омаровты орнынан алып тастады. Біз егер осындай мәселелерді ашық айтсақ, бізбен санасады деп ойлаймын.
-Мәселенің үлкені қаражат екені даусыз. Формат турасында да айтып отырмыз. Әйтсе де мына «Алматы» арнасы тәп-тәуір қазақша бағдарламалар жасап жатыр. Мысалы, «Тіл сақшысы» сол тәуір бағдарламалардың бірі. Алматы арнасы қазақ киносын да тұрақты бере бастады. Серік мырза, осының бәрі қалай мүмкін болып жатыр сіздерде? Бұлай сұрап отырғаным өзге арналарда, әсіресе, коммерциялық арналарда Қазақ фильмнің туындылары мүлде көрсетілмейді ғой?
Серік Сарыбай, журналист «Алматы» арнасы бас директорының бірінші орынбасары:
- «Алматы» арнасындағы жобалар біз діттегеннің ширегі ғана. Мүмкіндігіміз шектеулі. Қазақ балаларына арнап мультфильм шығаруға талпындық. Біраз еңбектендік. 20 жыл бойына «қазақ баласы неге қазақша ертегі көрмейді?» деп байбалам салудан тынбаған ауыздар ендігі жерде «Ой, сол да тірлік пе? мультфильмдері нашар» деп сайрай жөнелді. Баяғы қазақ үшін ауызбен күресу, ауызбен тау қопару... Рас, мультфильмдердің сапасы нашар болды, арнайы техника сатып алуға қаржы таппадық. Аниматорлардың айлығын төлеп, эфирімізді тегін беріп отырғанымызда бағасы бір миллион теңгеге жетер-жетпес сол жабдықтарды алуға жәрдемдесетін бір азамат табылар деген үміт ақталмады... Лажсыз жаманатқа қала бермейік деп жұмысты уақытша доғардық. Бірақ қазақ баласына қазақы ертегі көрсету туралы ойымыздан айныған жоқпыз. Қазірдің өзінде «Қазақфильмнің» қоржынындағы, жеке студиялар жасаған қазақша анимациялық фильмдерді жинақтап, экраннан күн сайын көрсетеміз. Қаражат тауып қажетті дүниелерді алсақ анимация мәселесіне қайта ораламыз деген ойымыз да бар. Ал «Тіл сақшысы» қазаққа өз тілің, ділің үшін заң жүзінде күресуге болатынын ұқтыру үшін, бұға берудің түбі жақсылыққа апармайтынын түсіндіру мақсатында өмірге келген жоба. Мінберге мініп алып «тіл, тіл» деп қақсай беретін ағаларымыз сол хабардағы қаршадай қыздардан үлгі алып, бір-екі мекемені сотқа берсе, пайдасы зор болар еді елге деген. Тілімізді еден жуатын шүберекке теңегенде де «Түркістан», «Ана тілі» сынды басылымдардан басқа ешкім селт етпеді. Ал, «Тіл сақшысы» аудандық соттағы алғашқы отырыстан бастап көрсетті істің барысын. «Эфес» зауытында жұмыс істейтін қазақ жігіттер облыстық соттан еңіреп қайтқанда да қастарында жылап жүріп жұбатқан жалғыз «Тіл сақшысы» ұжымы болды. Қайда от ауызды, орақ тілді, қарағай мүйізді марғасқалар... Бір қорлаушыдан қорқып сот залын айнала қашып жүргендер күллі қазақтың намысын жырта ала ма? Бұл жобаны техникасы жұтаң, таралу аумағы тар, бюджеті жұпыны қалалық телеарна жасап отыр. Соның өзінде жүздеген мекеменің қазақшасын түзетті. Егер республикалық арналар іліп әкетіп, үн қосса қандай керемет болар еді! Қазақ журналистері қазірде менің жобам, сенің жобаң деп жұлқысатын жағдайда емес. «Тіл сақшысының» жүгін жұрт болып, жұмыла көтерсек қана өзгелер бізбен санасады. Өйтпесек түбі өкінеміз. Ресейдің қолтығына қайта кіріп бара жатқанымызды сезген орекеңдер әп-сәтте орыстық рухты оятатын акцияларды үдетіп жіберді елімізде. Ал қазекең жолының түбі нұрланатынына сеніп әлі аңқайып отыр. Қазақ киносына деген көзқарас та қазаққа деген көзқарастан алшақ емес. Баға жағынан түрік, орыстың сериалдары әлдеқайда қымбат. Бірақ «рейтинг» деген жалаң ұранмен соларға құмармыз. Ұлттығың жүдеп, үнің құмыққан заманда сол рейтингті «қуып» жүріп құрып барады қазақ телевидениесі...
- Сәкен мырза, сіз бұрын телебағдарламаларға қатысты тұрақты пікір білдіріп, сын мақала жазып тұрушы едіңіз. Сол сын мақалаларыңыздан қаншалықты нәтиже шықты? Біздің тележурналистер орынды сынға қаншалықты құлақ асады?
Сәкен Сыбанбай:
- Егер солардан нәтиже шықса, қазір телеарналарымыз бүгінгіден әлдеқайда ілгерілеген болар еді ғой. Қарапайым қызметкерлерін қайдам, телеарна басшылары басылым беттеріндегі сынды еш қабылдай алмайды. «Телекөрсетілімдердің сапасы жақсарса екен» деген ниетпен жазылған сынды олар көреалмаушылық, әлдебіреулердің тапсырысы немесе сол мақала арқылы өзінің атын шығаруға тырысушылық деп түсінеді. Кейбір тележурналистердің де ондай сындардан соң, аяқ астынан ұлттық емес, ұжымдық, арналық ар-намысы ояна қалып, «әнеки, бізді өз қандастарымыз көре алмай, күндеп жатыр!» деп, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге өлердей қарсы орыстілді басшыларының иықтарына басын қойып, солардан жұбаныш іздейді. Қайбір жылы менің «Халық-2»-ге - «Хабар-2» (ол кезде бүгінгі «Ел арнаның» аты солай еді) деген мақалам да сондай наразылыққа тап болған. Ал тура сондай сынды араға біраз уақыт салып Бекболат Тілеухан эфирден айтқан кезде «арнамызды әріптестеріміз аяғынан шала бастады» деп маған қатты қапа болған тележұлдыздарымыз әйгілі әншімізге «өте дұрыс айтасыз, сыныңызды әбден қабыл аламыз» деп бас шұлғып шыға келген. Біз үшін әлі де сынның өзі, оның әділ не әділетсіздігі емес, оны айтқан ауыздың атағы әлдеқайда маңызды. Отандық телеарналардың қазақ журналистерінен артық жанашыры да, досы да жоқ. Тележурналистер осыны түсінуі керек.
"Абай-ақпарат"
Редакциядан ескерту!
Бұған дейінгі Бас тақырыптағы Жангелді Шымшықовқа қойған оқырман сауалдары интернет-конференцияның қонағына жіберілді. Жауаптар келісімен жариялайтын боламыз.