Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2005 0 пікір 18 Шілде, 2011 сағат 05:17

Жүкел Хамайұлы. Күн кестесі (жалғасы)

Ү.

Ү.

Біздің әдеби санамызда ежелгі түрік әдебиетімен қоса ерте дәуірдегі парсы, үнді, ислам діні мен қасиетті Құран Кәрим арқылы жеткен араб әдебиетінің тамаша ырғақтары бар. Түркілігімізді, парсы, үнді, арабтығымызды кезінде Махмұт Қашқари бабамыз біршама зерттеген. Біздің замандарда Шоқан, Ахмет, Әлкей Марғұлан... шетел ғалымдарынан Родлов, Владимирцов, Юдахин, Ренчин... қатарлы көптеген оқымыстылар зерделеген. Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында шығыс пен батыстың талай-талай інжу-маржан дастан-хиссалары тарап жатты. Тіпті, көнеден жалғасқан музыка аспаптарымыз ырғақтан озып, қазақ сөзін сайрап кетуге шақ тұрды. Сол көптің жұрнағы, ұлылықтың сарқыны ғана бізге жетті. Көңілге медеу тұтатынымыз - көне тіліміз сақталды. Әдебиеттанушы, тілтанушы ғалымдар қазіргі қазақ тіліндегі «aqa»-аға, «taqa»-таға, «altuh»- алтын ...т.т. көптеген сөздер мен сөзтіркестерінің ІҮ-Ү ғасырларда  да осы бүгінгі тұлғасында қолданылғанын (Д. Цэрэнсодном. Т.ҮІІІ. 4.) дәлелдейді. Олай болса, ІҮ ғасырдан кейін Орхон-Енисей жазулары, сонан кейінгі түгел түрікке ортақ классикалық мұралар, оған жалғаса ХІІ-ХІҮ ғасырларға дейін жалғасқан қазақ жырауларының мұралары бар екендігі тағы да белгілі. Жұмекеннің өлеңдерінен осы көне әдебиетіміздегі сарындарды анық байқаймыз, қазақ көкірегінің ырғағы бұзылмаған қалпын көреміз, өлеңдерінің ішкі ырғағы арқылы «әлдиінен» нәр аламыз, іштей қуаттанып, жоғымызды тапқандай тылсым күйге түсеміз, бір өлеңін оқығанда бір тамаша сазды күй тыңдағандай - жан рахатын бойға таратамыз. Ішкі сарынында Ықыластың  мақамы бар қобыз күйінің ырғағы мен Құрманғазының екпіні бар домбыра үніне өрілген қазақы жаңа өлеңсөзінің дегеніне елтиміз. «Әр жыл сайын әлде қайдан, әлде қандай жел есер, Әр түн сайын түн қойнында әлде кімдер кеңесер...» деп басталатын өлеңін жұрттың бәрі біледі. Өлеңді қазақы болдырып - Жұмекеннің өлеңсөзі етіп тұрған нәрсе де - өлеңнің ішкі ырғағындағы қобыз күй, түркілік сарын және Құран мақамы. «Түн қойнында» деген бейнелі сөзтіркесін ен далданы төстей билеген қазақ ақыны ғана айтып, суреттей алса керек. Жалпы, қазақ өлеңсөзі өзге халықтың өлеңсөзінен осындай сипаттарымен дараланған. Өлең жолының басталуы Күлтегін жазуындағы: «Үсте Көк Тәңірі (ата!), Аста қоңыр жер (ана!) жаралғанда. Екі арасында (екеуінің арасынан!) кісі ұғылы жаралған» (М. Мағауиннің аудармасы) деген сарынмен үндес келуімен қатар, ғалымдардың зерттеуіндегі түрік өлеңсөзінің негізгі үш элементі: 1. Оқиғаның басталуы; 2. Оқиға желісінің біртіндеп ұлғая түсуі; 3. Циклде айтылуға тиісті ой-пікірдің  түйінімен (Келімбетов) тұтасып тұрғандығының өзі - ақынның ежелгі түрік өлеңсөзінен қанып нәр алғандығын аңғартады[10].

Шығыстың классикалық өлеңсөзінде жиі кездесетін ойсамғауы (орысша «гипербола») - ақын көкірегіне бала кезінен қанық болған - Құран мақамы мен ежелгі ертегі-дастандардан, кейбір тұста үзік-созық естіліп тұрған ішкі тыныс - ана әлдиінен алған әсер, солардан қонған үлгі екендігі даусыз. Осылардың барлығы тоғыса келе, ақынның бойына ерекше шеберлік қасиетін дарытқан. Ол - қазақ ақынының өзгеге ұқсамас дара қалпын танытады.

ҮІ.

Өнерде тәсіл («стиль») деген бар.бұл туралы К. Маркс: «Стиль дегенің - адам!» деген екен[11], біз әлі күнге дейін осы қағиданы ұстанып келеміз. Демек, адам - жан. Олай болса, тәсіл дегеніміз - жанның түйсігі, ой дүниесі, көру, есту, сезіну қабілеттерінің - жиынтығы. Жазушының, ақынның, сазгердің, суретшінің ішкі сезім толғанысының сыртқа шығу көрінісі. Сондығынан да өлеңсөз - көңіл мен сезімнің өлшемі болмақ. Түрлі сезімнен - түрлі көңіл, түрлі көңілден - түрлі мінез, түрлі тәсіл (стиль) қалыптасады. Түгел адамның көңілін бір қалыпқа сидыра алмайтының секілді - түгел сезімді (бұл жерде өлеңсөз деп түсініңіз!) бір қалыпқа сидыра алмайсың. Соц дәуірінде мынадай ұғым болды: Түгел ақынды бір ғана - коммунистік идеологияның жаршысына айналдыру. Мұның ақыры - нағыз ақындарды құсаға бөктіру, өмірден баз кештірумен аяқталды...

Жұмекеннің алғашқы өлеңі мен оны жазуға әсер еткен не нәрсе екенін білмейміз. Ақынға жаздырған сол әсердің көп жағдайда - шешуші міндет атқаратынын білеміз. Мүмкін, Жұмекенге әсер еткен нәрсе - ақ шағылдың арасындағы «саңырау шал» мен күйеуі соғыстан оралмаған кейуана шығар?!. Кім білген!.. Жұмекен өзімен бірге көп ойларды ала кеткендігі байқалады. Көп сөйлеуден гөрі сөйлемей, томаға тұйық, іштей толғанып отырудың өзі - жанға жайлы, тылсымға бойлаудың амалы. Жұмақтық кейіпте тылсым өмір кешу - ақынға таптырмас олжа. Ешкім сені мазаламаса, сенің де өзгеде зауқың болмаса, бұл - нағыз жұмақ емей, немене?! Мұндайда тамақ ішудің өзі - артық нәрсе! Осындай бір сәтте Жұмекен: «Жемсау бар ма бұлбұлда?», - дейді, іштей толғанып, сөйтеді де, оған өзі «жауап беріп»: «... - Бар! - деп қалды әлде кімнің дауысы, - Бар! Бар! - десті жаңғырығып тау іші (!). Шулап кетті орман, дала «бар» да «бар», Бар! Бар! Десіп қарқылдасты қарғалар(!)...» деп, көз алдыңа «Бұлбұл- адам», «Қарға - адамды» алып келіп, тұтастай бір «Орман-қоғамның» түр-сұлбасын елестетіп жібереді. «Ләппай құджық - басты ұрдықтың!» не екенін алдыңа жайып көрсетеді. Сонан соң «қоңыр кеште қоңырайып отырған» тағы бір мезетінде:

«Талай-талай бұталардың құсы ұшты[12],

Жапырақ ұшты талай-талай бұтадан -

Дүние одан жұтаған жоқ,

жұтаған

көңілім ғана қалды қалды кей сәт құлазып.

Жұтаған күлкі - қорек,

мұң да - азық...» - деп толғанды.

Былай қарасаң,  осы өлең мен оның алдында келтірілген екі өлеңнің құрылымы, ондағы ақынның ойы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әуелгісінде («бұлбұл мен «қарғада») - мықты әжуе-кексін бар. Жұмекеннен шыға бермейтін мінез. Ойшылдың жүйкесі шаршаған кезіндегі шамырқануы іспетті. Иә, Жұмекеннің қоңырқай қалпын жүдеткен, шаршатқан нәрсе - сол қоғамдағы әділетсіздік пен рухани әлсіздік. Жабыға үкі тағып, тұлпарларды арбаға жегіп - әлсірету амалы. «Даңқ пен Дақпырт» романы осы кезде туды. Жұмекен әуелі роман жазайын демеген, өлеңнен қалған ойларын қарасөз арқылы сыртқа төккен. Соның өзінде бұл роман әлде бір «атақты романдардан» анағұрлым жанды шыққан. Ал келесі өлең Жұмекеннің нағыз өзіндік қалпын айқындайды.

Тәсілді (стильді) жанға балап отырған себебіміз де - осы!..

 

ҮІІ.

Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің оқырмандарының орнын айтыс ақындарының тыңдаушылары толықтыратын болды. Бұл - біздің дәстүрлі әдебиетіміздің соңғы серпілісін аңғартқандай. Жаңадан жарық көретін кітаптар сол аз санды оқырмандар салмағымен өлшенуде. Қалыптасқан ескі әдетпен дәріптеп жүрген әдебиетіміз оқырман мен тыңдаушының құлағынан алыс, оқылған. Жазылған дүниелер далаға кетумен бірдей болып тұр. Есесіне, бір кезде өзіміз мансұқ еткен Батыс пен Америкалық үлгідегі бейтарап әдебиеттер біздің оқырмандарымыздың санасына дендеп еніп барады. Санада ескілік пен жаңашылдықтың арасындағы теке-тірес жүріліп жатыр. Жаңа буын мен жастар жағы жаңашылдық іздеп Батысқа қарай ұмтылып барады. Күнделікті тұтынатын ақпарат құралдарының дені осы Батысты дәріптейді, қарапайым жұрт - жасы бар, жасапазы бар соларға қарай жүгінеді. Демек, алдымыздан Батыс өркениетінің дүлей дауылы екпіндеп келеді. Рухани дауылға қарсы тұратын осындай алмағайып тұста Жұмекен сияқты жаңашыл сезімдегі ақынның орны омырайып тұрғандай сезіледі. Мұндай дауылдың болатынын Жұмекен ерте сезінген, соның үшін жаттанды үлгілерден бас тартып, өзіндік соны жол іздеген. Бейтарап ойлау, дүниені өзіндік көзқараспен сезінудің соны соқпағын ерте тапқан. Егер, ақынның ғұмыры бүгінге жеткен болса, өткен жиырма жылда ол талай-талай ғажайып ойларды, нелер бір тосын үлгілерді дүниеге келтірген болар еді. Жұмекеннің ойлау, сезіну, түйсіну қабілетіндегі еркіндік бізді осындай ойларға жетелейді. Ол еш бағдарсыз көне Грек аңыздарын шарламаған. Түбі бір болатын құбылысты алдын-ала сезініп, осындай тың ізденістерге барған болар! Әрдайым жаттанды қағидадан ауыл іргесін алыстатып отырған:

«Шыңдарды басып, бауырға

жылжиды аспан білінбей,

ілінген бұлттар бұтаға

қотыр тайлақтың жүніндей

қайызғақтанған;

дөңдердің

төбел-таз болған талайы.

Қарт қайың ғана дудырайды -

салақ қатынның самайы.

Бір сомдық сарықұлақтай,

сарықұлақ жапырақтарым,

көктемде - көктеп,

күз - қуарып

жапырақ атын ақтадың:

құлағынан басқа құны жоқ,

о, менің ақымақтарым![13]»

Енді осы өлеңді модернистік өлең емес деп айтып көріңіз! Өлеңнің бітіміндегі барлық құрылым модернизм қағидаларына толық жауап бере алады. Өлеңді бастан-аяқ модернистік өлеңді ьалдау тәсілімен саралап шықсаңыз болды, оған толық көз жеткізесіз. Жұмекенде өзіндік ішкі ырғақ, дара құрылымы  арқылы астарлы бейнелеудің шеберлік деңгейіне жеткен мұндай өлең жетерлік.

Қазіргі таңда АҚШ-та тұратын қытайдың атақты модернист ақыны Би Дау-дың «бүгінгі заманның эпосы» деп бағаланған «ЕСКІ БУДХАНА[14]» деген шағын өлеңінің қазақшасы:

«Даңғараның өшіп кеткен дауысы (!)

Өрмекшінің торы болып тоқылып

Жарығында діріл қақты (!) діңгектің -

Уақыт ізі шимайлаған ұршықтай

Еске түспес еш нәрсе,

Тастан шықса тау ішінің жаңғырығы тұншыққан,

Көкейіңе ол да елес(!)...» деп келеді екен. Түпнұсқамен алшақтығы қандай екенін біз білмейміз. Бізде ондай мәлімет жоқ. Қытайшасы да дәл осы аудармадағы қалыпта болса, онда Жұмекен бұл өлеңге  көп таңданбайды. «Өліараны» жазғандағы ойын еске алып, сондағы түйсікті қайта жандандырып, қытай өлеңін бір мәрте оқып, оны бүктеп қойып, папиросын тұтатады. Өйткені, өлеңдегі «дауыс», «өрмекшінің торы», «діріл қаққан діңгек», «көкейдегі (әлсіз) елес» сияқты теңеу, теңеулік сөз тіркестері Жұмекенге жат, тосын нәрсе емес!

«Жыртық-жыртық жапырақты бүркеніп

Бұта біткен дірдек қағып тоңып тұр...ә

Осы екі өлеңде қанша айырмашылық бар?! Екі ақын айтты демесең, Екеуінде де - діріл (қоғалыс!), екеуінде де - уақыттың ағысы бар!

«Қарт Алатау қаурыт түсіп басына іс

Көшіп кеткен сықылды да асығыс -

Жел ұйытқиды бір бейпіл(!),

Ұйытқыған бұлт не жауарын (!) білмей тұр.

Ылайланып жылайды ағып сайда су..

Айналайын алтын Күн-ау, қайдасың?!.», - дейді Жұмекен. Өлеңнің аты - «ӨЛІАРА» - өлмелі уақыт. Екі да келер күнді немесе әлде бір өткен «ғайып күнді», әлде не еркіндікті ме, бостандықты ма немесе енді өтетін, өтіп кеткен сәттерді аңсайды. Біреуінің символы - АЛТЫН КҮН, енді біруінікі - ЕСКІ БУДХАНА. Сезіну тәсілдері - ұқсас, сыртқы машықтары - екі бөлек. Айырмашылық - шамалы ғана! Қытай ақынында күйреген Рух басым болса, Жұмекенде Жан мен Рух екеуі де бар! Қазақ ақыны - жанды қозғалысқа (Алатауды көшіріп!) айналдырған. Бұл айырмашылық - екі ақынның діни нанымдарына қатысты, соның өзгешелігі!.. Ақыл-ес жоғарғы дамуына жеткен кезде - Жан мен Рух тұтастық табады, соның - көрінісі!..

Бұның сыры неде? Сыры сол - Жұмекен сезіну мен түйсіктің шыңына жеткен ақын! Оның әрбір сөзін ойланбай, толғанбай отырып оқу мүмкін емес, онсыз Оны түсіне алмайсың!.. Және де білім керек!.. БІЛ-ІМ!..

Алматы, 19.03.2008 жыл, Сәрсенбі, Қаратал

«Абай-ақпарат»

Соңы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5515