Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5966 8 пікір 12 Тамыз, 2019 сағат 13:41

Қазақ тілі «мал таппай» ма?

Қазақ тілінің қолданылу аясы кеңімей, қажетімізді өтемей, мың жерден айқайлап аттандасақ та, оның мәртебесі артпайды. Уақытында қоғам қайраткері Аманкелді Айталы «Қазақ тілі мал табатын тілге айналмай, көсегесі көгермейді» деген еді. Өкінішке қарай, осыны біле тұра біздің нақты сөзден іске көшер түріміз көрінбейді.  Соның салдарынан қазақ тілінің жайы өз жерінде өгей баланың күйін кешіп отыр. Мұндай күйдегі тілімізді ақпараттық технологияның  жатсынып сыртқа тебеді екен.

Өткен сенбі-жексенбіде Елордада Түркі тілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен  сала мамандарына арналған семинар-тренинг өткен еді. Қатысушылардан ақы-пұл сұрамай демеушілердің грантымен ұйымдастырылған шарада алған жақсы мағлұматымыз және игерген машығымыздың бірі мобилдік қосымшыларды жұмыс бабына пайдалану болды.

Бұған бір жағынан қуансам, бір жағынан қатты қапаландым. Қуанғаным, диктофон таспасына түскен жазбаларды ұялы телефоныма ListNote қосымшасын  жүктеп алып, мәтінін бірден түсіріп алатыным. Аудио таспаға түскен жазбаларды түгелдей қайта тыңдап, керегін қағазға түсіру, тәпсірлеудің қиындығын, мұның адамды өте ығыр ететін қиын жұмыс екенінін әсіресе мерзімдік басылымдар журналистері жақсы біледі. Осыдан құтылдым- ау, деп жүрегім жарыла жаздаған.

Сөйтсек, бұл қосымша арқылы тек орысша сөздер ғана танылады екен. Ал, қазақша онда мүлде ұғынылмайтын болып шықты. Біз қосымшаның мүмкіндігін  тексеру үшін әже деген сөзді айтып көргенбіз. Сөйсек, әже деген ұлт анасының ұлық есімі әлгі жерде көпе-көрнеу келекеге айналып, массаж деп танылды. Өзегіміз өртенді. Енді ше, қайда да мазақ болатын қазақ тілі. Тренингті өткізген ІТ-маманы Айбар Хасеновтың айтуынша, қосымшаның қазақшаны танымауы мобильдік жүйеге қазақ тіліндегі сөздік қордың енгізілмеуінің салдары екен.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында не жасалынбады? Заң да қабылданды, арнайы дайындалған бағдарлама да іске асырылды, қаптаған комиттетер де құрылды. Бүгінде ерінбегеннің бәрі тіл мәселесін көтерумен келеді. Қазақша сөйлейтіндердің алдына барып қазақша сөйлеңдер ақырғандарды да көз көрді.

Алайда, одан не пайда егер қазақ тілі мал табатын тілімізге айналмаса, әлемді ұршықша иіріп тұрған ақпараттық технологиямен біте қайнасып, ұлттың игілігіне қызмет етпесе? Электронды үкімет, цифрлы технология дейміз...Қазір барлық саланың бөлінбес бөлшегіне айналған осы шарада заман талабына сай мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту неліктен ескерілмей отыр деген заңды сұрақ туады? Бұл біздегі мамандардың біліксіздігі ме, әлде құлықсыздық па?

Айша Құрманғали

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498