Арыс. Көзбояушылықтың 90 пайызы
12 тамыз. 2019 жыл. «Арыстағы 6924 үйдің құрылысы толық аяқталды. Бұл - 90,7 пайыз!» Бұл ақпардың авторы – баяғы біздің Қайрекең, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев. Қайрекеңмен біз бұрыннан танысбыз. «Қазақтың жері аукцион арқылы сатылатын болды» деген әңгіме алғаш айтылғанда, дәл осы Қайырбек Өскенбаевпен түнделетіп, кештетіп жүріп сұхбат қылған едік. Сол сұхбаттан тұп-тура бір апта өткенде Қайрекең қызметінен алынған. Президенттің, кешірерсіз, экс-президенттің өзі пәрмен берген. Айтпақшы, Қайрекең ол кезде Ұлттық экономика вице-министрі болған. Қызметінен кетіп бара жатып, «Сенімді ақтамағаным үшін Елбасынан кешірім сұраймын» деп еді. Есімізде. Сол кеткеннен ол екі жылдай «Бәйтерек» дейтін батпанқұйрық холдингте жұмыс жасап жүріп, 18-жылы қазіргі қызметіне тағайындалған. Бұрын да кіші министр еді, қазір де кіші министр.
Ресми ақпарат
Сол Қайрекең, енді Арыстағы құрылыстың жай-жапсарын айтып, ағайын-жұртқа ақпар таратыпты.
«Арыста жалпы тұрғын үй саны - 8634. Төтенше жағдайдан кейін жөндеу жұмыстарын қажет ететіні үйдің саны 7197 құрайды. Ал 433 баспана толық қалпына келтірілетін болады. Жалпы осы уақытқа дейін 6924 үйде жөндеу жұмысы толық біткен. Бұл - 90,7 пайыз» - , депті.
Өскенбаевтың сөзіне сенсек, қазір 101 тұрғын үйдің құрылысы басталмаған екен. Оның 53-інде үй иелері үзілді-кесілді қарсы болып, келісім бермей отыр-мыс.
Ал Арыстың әкімі Мұрат Қадырбектің айтуынша, жаңадан 420 жеке тұрғын үй мен 3 көпқабатты үйді қайта соғу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Жалпы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін облыс пен қалалардан 7579, аудандардан 315 жұмысшы тартылған екен.
Айтпақшы, Арыстағы құрылыстың 90 пайызы аяқталды дегенді, біздің Қайрекеңнен бұрын Үкіметбасы Асқар Маминнің өзі айтқан. 2 тамыз күні.
«Қаланың 90%, соның ішінде, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдар қалпына келтірілді. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөнделген үйлеріне кірді. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өткізілді. Көшелер ауқымды түрде реконструкцияланды. 62 әлеуметтік нысан, соның ішінде – ауруханалар, мектептер, балабақшалар, спорт объектілері 20 тамызға дейін дайын болады», деп сөйлеген еді премьер-министр.
Бастығының бастығы айтқан ақпарға бақандай 0,7 пайызды қосып, біздің Қайрекең де есеп қылды.
Сөйтіп, Арыстағы ахуал енді, керемет. 7 мыңға жуық үйдің құрылысы аяқталыпты. Жылап-сықтаған ешкім жоқ. Жұрт жаңа үйлеріне кіріп, мамыражай тірлігімен қауышыпты.
Жә, осы айтылғандарға Құдай-ақы, сенер едік. Сенбеске бола ма? Арыста адами фактордан, жауапты министрлік пен оның құрамындағы жауапты тұлғалардың өрескел салғырттығынан болған апаттан соң, бүкіл ел болып жылу жинап, материалдық һәм моральдық жәрдем берілді. Жұрт 100 миллиондап қаражат аударды. Тонналаған азық-түлік пен киім-кешектер, дәрі-дәрмектер лек-легімен жеткізілді. Бүгінде сол есепсіз гуманитарлық көмектің есебінен жаңылдық. Әйтеуір ел ішінен жиналған жылудың қаржысы мен Үкіметтен арнайы бөлінген қаржы миллиардтап есептелетіні рас. Осыдан кейін жаңағы дәу министр Асқар Мамин мен кіші министр Қайырбек Өскенбаевтың көбікті сөзіне кім сенбейді? Біз де сенер ек.
Бірақ, біз Арысқа өзіміз бардық қой. Ондағы ахуалды өз көзімізбен көрдік қой. Көргендіктен де сенбейміз. Сене салайық десек, құдайшылыққа жат!
Алматы мен Астанадан журналистер: Сәуле Әбілдаханқызы, Өмірзақ Ақжігіт және мен (яғни, осы жолдардың авторы Нұргелді Әбдіғаниұлы) Арысқа бардық. Мақсат жалғыз – Үкіметбасы айтқан 90 пайызды көзбен көріп қайту. Алматыға арнайы келіп, бізге арыз-шағым айтып, бізді Арысқа шақырған сол жақтағы Ұбайдолла, Өмірзақ ақсақалдар еді. «Айналайындар, келіңдерші, келіп көріңдерші, жанайқайымызды естір құлаққа жеткізіңдерші» деген арыстықтардың жалғыз тілегін жерде қалдыра алмадық. Бардық. Көрдік. Елден естігенімізді емес, біз көзбен көргенімізді жазамыз...
;fbclid=IwAR3be4fCeTvxvuUW7x2qqMdBhruYZugnGJUjMDpQG9cUYo4VTYchSXvI92oАстаң-кестеңі шыққан Арыс
Иә. Арыс астаң-кестеңі шығып жатыр. Жә, жойқын жарылыстан кейін жөндеу жұмыстары басталып жатқан қала солай болады да! Әлгіндегі ресми органдардың «жарылыстан қаланың 80 пайыз үйі қираған» дегені тегі рас. Қай үйге бас сұғып кірмеңіз, көретініңіз - жарылған қабырға, шағылған есік-терезе. «90 пайыз құрылыс аяқталды» деп есеп берген басшыларға наразы халық!
Сонымен Арысқа бардық. 2 күн жүріп Арысты араладық. Аралағанда да, Асқар Ұзақбайвичтер келгенде жүріп өтетін «обзорочный», «покозательный» көше мен басшыларға есеп үшін көрсететін бір-екі үйді емес (оларды онсыз да теле-насихатшылардан естіп-көріп жүрсіздер), құрылысы шала-шарпы басталып, аяқталмай қалған, тіпті мүлде басталмаған, кейбір жерлерде мердігерлер ашық саудаға барған үйлерді көше көшені кезіп жүріп (шама-шақымызша) араладық. Ел-жұртпен сөйлестік. Үйлерін көрдік. Енді есептеп қарасақ, 2 күнде 70 үйге барған екенбіз. Ол үйлердің, тұрғындардың жанайқайын, үйді көрсету процессін түгел дерлік Сәуле Әбілдаханқызы бейжазбаға түсіріп, тікелей эфирде көрсетіп отырды.
«Біздің үйге жүріңізші, біздің үйді түсіріп көрсетіңізші» деп, соңымыздан «қуып» келіп, «жетектегендей» боп өз үйлеріне ертіп барғандар қаншама. Біз үйлеріне бара алмаған (үлгермеген) азаматтар өз үйлерін видеоға түсіріп, «уатсап» арқылы жолдап та жатыр.
Көптеген арыз иелерінің айтар шағымы да, мұң-зары да, үйлерінің жағдайы да бір-біріне ұқсас, бірдей картина десек, қателеспейміз. Шатыры, есік-терезелері, едені, үйдің төбесі мен қабырғалары қираған. Кейбір үйге снаряд түскен. Ал кейбірі жарылыс толқынынан қираған. Айтпақшы, жарылыс кезінде жарылған һәм жарылмаған снаряд түскен кейбір үйлер сүрілмеген де екен. Әлгіндей үйдің иелерінің қолвна жөндеу жұмыстары жеткілікті деген комиссияның шешімін ұстатып кеткен. Ондайды да көрдік.
Ал, кей секторларда тіпті, мердігер компаниялар «мынаны жасаймыз, ал мынаны өзің жасап ал» деп ашық саудагерлік жасап жатқанын да естідік.
;fbclid=IwAR0tHAEsi6qZCJSzD8jUkOx56u5mDzgQrAbhEewPFj5R43Woc9KJ8bfvy24Құрылыс
Сонымен құрылыс... Жо-жоқ, Арыста түк істелмей жатыр деуден және аулақпыз. Құрылыс бар. Жаңағы Арыстың әкімі айтқан 8 мыңға жуық құрылысшыны көрмесек те, 5-6-дан бірігіп, құрылыс жасап жатқандарды көрдік. Еңбек күші жетіспейтіні өтірік емес. Тіпті, бұл шындықты алматылық мердігер компания басшысының өзі айтты. Еңбек күші жетіспегендіктен олар арыстықтардың өзін де құрылысқа тартып жатыр екен. Алайда, еңбекақы мәселесінде проблема бар. Нақтылап айтсақ, келісілген ақы төленбеген жайттар да жоқ емес.
Сүрілмеген барлық үйдің шатыры ауыстырылған екен. Қызыл және жасыл «профнастилдермен» жабылған. Жаңағы Үкіметбасының 90 пайыз дегені осы жабылған шатырларға қатысты айтылса керек-ті. Тіпті, 100 пайыз десе де, бұл шындыққа сәйкеседі.
Ал біз сол әдемілеп жабылған қызылды-жасылды шатырлардың ішіне кіріп көрдік. Шатыры бар үйдің, төбесі (потологы) жоқ.
Әрине, жарылыстан аса зардап шекпеген, онша қатты залал келмеген, тек есік-терезелері, шатыры қираған үйлер де жеткілікті еді. Негізінен, аса күрделі жөндеуді қажет етпейтін, әсіресе, орталық көшелердегі үйлерге жөндеу жұмыстарымен шектелуге болады, әбден.
Ал енді, қабырғалары арбиып, қисайып, құлағалы тұрған үйлерді «скобымен» ұстатып, тор тартып, сылап-сипап қойғаны, сынған салдауырларды (балкаларды) сым темірмен байлап қойғаны барып тұрған көзбояушылық екенін құрылысшы маман болмасақ та, білеміз!
Жалпы Арыс 17 секторға бөлінген. Әр сектордың құрылысына сол облыс, қала мен аудандар жауапты. Біз сол 2 күнде 4-5 сектордың құрылысын аралап көрдік. Құрылыс қызу жүріп жатқан, жоғарыдағыдай көзбояушылыққа салынбай, әжептәуір жұмыс жасап жатқан, жұрттың да, біздің де көңіліміз толғаны - 1 сектор болды. 1 сектор әлгі әскери бөлімшенің тап қасында орналасқан екен. Жарылыстың ең ауыр соққысын әуелі көргендер де осы сектордың тұрғындары. Сондықтан болар, мұнда түгелімен сүріліп, қайта тұрғызылып жатқан үйлер де, тек жөндеу жұмыстары жасалып жатқан үйлерде едәуір көп. Бұл сектордың құрылысына Атырау облысы мен Жетісай ауданы жауапты екен. Мұндағы жұмысқа тұрғындардың да көңілі толғандай... Барды бар деп айту – парыз! «1 сектордағылар есеп үшін емес, ел үшін жасап жатыр екен» деп қайттық.
Дәл осы сөзді өзге секторларға қаратып айта алмадық. Әсіресе, Алматы қаласы жауапты деген 14 сектордың, Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысы жауапты 4-9 сектордың тұрғындары ондағы жұмыстарға өте-мөте наразы.
;t=76s&fbclid=IwAR0-K_3FYL45uo-ilEGDQ61j692iXWdDlSjn_TH2zAQ08GoynvuU_TlyDRIЖә, әрі қарай Арыс тұрғындарының айтар уәжін өздеріңіз көріңіздер:
Омаралиева Мейрамгүл, Арыс тұрғыны (4 сектор):
-Көршімнің қабырғасы қисайып тұр. 5 жылға гарантия беріпті. Сонда менің балаларым мен бұл кісілердің балаларының өмірі бес-ақ жыл екен... Менің үйімнің шатырын бірінші болып жауып берді. Іші-сыртын толық сылап береміз деді. Ал сылағын өзіміз түсірдік. Бізге түсіре беріңдер деді. Үйіміз тұруға жарамды деді. Шілденің жиырмаларында терезесін орнатып кетті. Қыштарының бәрі босап кеткен, қабырға жарылған. Ар жағынан дала көрініп тұр. Осы үйді «сносқа» жібермей отыр. Үйде 6 адам тұрамыз. Үш балам бар. Апамыздың психикалық ауруы бар. Мүгедектігі тағы бар.
Премьер-министр келіп жиналыс ашқанда, барып жағдайымды айтқан едім. Ол кісі «қадағалаңдар» деп тапсырма берген. Кейін сарапшы келіп, көзбен көрді де, «болады, әпке» деп кетті.
Мақсат Жолдасбеков, 1 секторға жауапты Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:
-Алғашқы кезде облыс болып, 17 секторға бөлген. Осы 1 секторға Жетісай ауданы мен Атырау облысы бекітілген. Біз азаматтарды келген күннен бастап қарсы алып, сол азаматтардың үйлеріне қоныстануына жәрдем бердік. Су болмауы мүмкін, жарық сөніп қалуы мүмкін, өздеріңіз білесіздер, қандай жағдайда келгендерін, сондай кезде кімдерге хабарласуы керектігін, төтенше жағдайда қандай әрекеттер жасау керектігін айтып, түсіндірдік. Қираған үйге ешкімді күштеп кіргізген жоқпыз. Құрылысшылар келгенде үйдің иелері болуы керек. Үйде жеке мүлік бар дегендей...
Жалпы біздің осы ықшамаудан бойынша (Көктем ы/а) 466 үй бар. Осы 466 үй түгелдей зардап шеккендер қатарына жатады. Барлығында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізі бұл ауданда әлеуметтік жағдайы орта деңгейлі азаматтар тұрады екен. Үйлердің барлығы дерлік лайдан соғылған, шатыры шифрмен жабылған үйлер еді. Барлық үйге тексерулер жасалды. Қай үйге қандай жұмыс жасау керектігін Атырау облысы әкімдігі анықтап, қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр. Арыс қаласында 8 мыңнан астам үй болса, анау орталық аудандарда орналасқан үйлердің 100 пайызы зақымданған деп айта алмаймыз. Ал біздің аудан әскери бөлімшенің тап қасында орналасқандықтан, мұндағы 100 пайыз үй зақымданған.
Мысалы біздің сектор бойынша 56 үй толығымен сүрілді. Осы 56 үйдің ішінде құрылысы толық аяқталып, үйге кіргендері жоқ. Бірақ, осы 1 аптаның ішінде кіретіндері бар. Олардың ішінде қабырғасы көтеріліп жатқандары бар, шатыры жабылып қойғандары бар, әр түрлі жағдайдағы үйлер бар. Жұмыс толық аяқталған жоқ, қазір құрылыс жүріп жатыр. Енді осылай боп кететінін білмедік қой. Алғашында тұрғындармен арада азды-кем түсініспеушілктер болған. Қазір оның барлығы артта қалып, құрылыс қарқын алды. Ел болып көтеріп жатырмыз ғой. Жұмыстың көбі кетіп, азы қалды.
Нұрлан, 14 секторға жауапты алматылық мердігер компанияның басшысы:
-Мен Шымкент қаласының тұрғынымын. Құрылыс компаниясының басшысымын. Бұл секторға, 14 секторға Алматы қаласы жауапты. Біз сол Алматы қаласының құрылыс компаниясымен келісімшартқа (субподрядқа) отырып, осында жұмыс жасап жатырмыз.
65 үйдің 62-сінің шатыры жабылып болды. Арнайы сарапшылардың шешімі бізге беріледі. Құлайын деп тұрған үйлер сол бойынша сүруге жіберіледі. Ал комиссия сүруге жатпайды деген үйлерге жөндеу жұмыстары жасалады.
Бізге Түркістан облысынан бекітіліп берген жобасы бар. Ол жерде іргетасының биіктігі, қалыңдығы, қабырғаларының қалыңдығы, қандай кірпішпен қаланатыны, шатырдың қандай ағашпен тұрғызылатыны т.б. барлығы есептеліп, сызылып көрсетілген. Ол үлгі ретінде жасалған жоба. Біз сол жоба бойынша жұмыс жасаймыз.
Мұса Шоқанов, Арыс қаласы Тура жол көшесінің тұрғыны, 1 топтағы мүгедек:
-11х12 үйім болған. 2007-де тұрғызғанмын. Жарылыстан қабырғалары 6 см ашылып кетті. Арнайы комиссия келіп, қабырғаларды күшейтеміз (темірмен құрсаулаймыз) деді. Кейін әкім Марат Қадырбаев, сарапшы комиссияның шешімімен үйді қиратуға шешім қабылдап, үй бұзылды. Содан бері әлі құрылыс басталмады. Алматыдан келіп, тексерген төрт бес рет. Сарапшы маманның ешқайсысы қорытынды қағаз бермей отыр. Үйдің жобасын сызып беретін адам жоқ, оны өзің сызып әкел дейді. Үйдің бұзылғанын растайтын құжатты бермей отыр. Ауламнан екі снаряд шықты. Далада жатқан дүние-мүлкім жарамсыз болып қалды, оның өтемақысын бере ме, жоқ па білмеймін.
Әкем де бірінші топтағы мүгедек. Қазір Шымкентте пәтер жалдап тұрамыз. Арыстағы жарылысқа байланысты моральдық шығын ретінде әр тұрғынға 100 мың теңгеден беріледі деген. Осы үйде он адам тіркелгенбіз. Бірақ қалай екені белгісіз, үйдегі 5 адамды басқа аудандарда тұрады деп тіркетіп жіберіпті. Ақша бермеудің амалы. Былайша айтқанда, адамның сыртынан жалған құжат жасаған. Жарылыс кезінде қараусыз қалған 3 қой мен 2 ешкім өліп қалды. Олардың да құнын кімнен сұрарымды білмеймін. Қора-жайларды қалпына келтірмейміз, үйіңді істегенімізге риза бол дейді. Бірақ әлі үйдің іргетасы да құйылған жоқ. Маған сол үйді салуға кететін шығынды ақшалай берсе, өзім-ақ үйімді салып алар едім...
Әуелхан Назарқасымұлы, Арыс қаласының тұрғыны:
-Жоғарыдан қарағанда біркелкі, әдемі боп көрінуі үшін үйлердің тек шатырын жөндеп жатыр. Премьер-министр Асқар Мәмин келеді, ешкіммен жолықпайды, мұғалімдермен ғана кездеседі. Мұғалімдер бәрі жақсы, әдемі, үкіметке рахмет дегеннен басқа не айтады? Премьер келгенде көліктерді тоқтатып басқа жаққа жасырады, кездесем деген адамдарды үйлеріне қамап, шығармайды. Басшылар қалай келді, солай кетіп жатыр. Осыны көріп отырған халық көтерілуге шақ қалып тұр. Үйі қираған, күйеуі жоқ, алты баланың анасы далада жүр. Маған сен көп шулай берме, үйіңді істемей қоямыз дейді.
Убайдулла Сүйінбай, Арыс қаласының тұрғыны:
-Арыс халқының жағдайы мәз емес. Мемлекеттік ақпарат құралдары беріп жатқан ақпараттар өтірік. Асқар Мәмин Арысқа үш рет келді. Халықпен бір де бір рет кездескен жоқ. Вице премьер Жеңіс Қасымбек те келді. Олар халыққа жақындамайды, ештеңе түсіндірмейді. Шөкеев 4 маусымда Ергөбек мәдениет үйінде халықпен кездесіп, бір айда бәрін бітіріп береміз деген. Қазір 14-ші сектордағы 527 үйден 100-і ғана біткен. Тыныш жатқан ел едік. Мен екі қабатты үй салып бер деп жатқан жоқпын. Менің үйімді әлі бастаған жоқ. Ал бастаған үйлердің шатырын ашып тастап, әлі кіріспей отыр. Біздің секторға жауапты Алматы әкімдігі, құрылыс бөлімінің бастығы Нұрбол Нұрсағатов келіп өздерің жөндей беріңдер деп айтқан. Күн бізде қатты ыстық болып жатыр. Есік тереземіз ашық, үйдің шатыры жоқ болса да сол ыстыққа шыдап отырмыз. Құрылысшы мамандар 14 сектордан жұмысы жақсы ұйымдастырылған басқа секторларға кетіп қалып жатыр. Жұмыс күші жетіспейді. Менің Алматы мен Астанада үйім бар, бұзылған үйімді өзім істетіп алам, бірақ мәселе жағдайы жоқ халықта. Қостанай облысы жауапты секторда да жұмыс дұрыс жүріп жатқан жоқ. Шөкеев 4 шілдеден бері халықпен кездеспеді. Қалада жарылғыш заттар көп, әлі залалсыздандырып жатыр, сонда да елді қауіпсіз деп Арысқа алып келді.
;feature=youtu.be&fbclid=IwAR2alAkjdBtb9wINcMkyZplruKKZo9znVd5W7sMEPzTXcJe1fiI3ebWOCIoЖолтаева Азия, Арыс қаласының тұрғыны:
-Ешнәрсе істелініп жатқан жоқ. Шатырымызды жауып берді. Болды. Іші-сыртына сылық жасалған жоқ. Тереземіз анау, қирап тұр. Үйімізде 20 күндік нәрестеміз бар. Роддомнан шығып келді. Бір аптадан соң ауырып больницаға түсті. Ең құрығанда терезе қойып беріңдерші, деп қанша рет бардым. «Сквазнякта» жатыр әне. Қызымның үйі сүрілуге жіберілген. Ол жақта да ешнәрсе жасалып жатқан жоқ. Штабқа барсаң, материал жоқ деп қайтарады.
Өмірзақ Әміреев, Арыс қаласының тұрғыны:
-Үйімнің қабырғасы 4-6 см ажырап кеткендіктен бұзып, қайта саламыз деген. Кейін жамап-жасқауға болады деп шешім шығарды. Нұрбол Нұрсағатов келіп, ремонттай салайық, келіссеңізші деп көндіріп жүр.
Ералы Байгелиев, Арыс қаласының тұрғыны:
-Ақшасын қолдарыңызға береміз дегесін өз үйіміздің шатырын өзіміз жаптық. 160 мың теңге беру керек еді, соның 50 мыңын ғана алдық. Басқа көршілер де келісілген ақшаларын ала алмай жүр.
Халық сотқа берсе билік халықаралық қауымдастық алдында үлкен масқараға ұшырайды
Абзал Құспан, заңгер:
-Көзбояушылық - мемлекеттік масштабта болып отыр. Бұзылып, сүріліп, қайтадан салынуы керек үйлерге, жеңіл жөндеу жұмыстары жеткілікті деп қайтадан шешім қабылдаған. Бұл үйлер о баста дұрыс салынбаған деген арнайы комиссияның шешімін басшылыққа алып отыр. Бұл кінәні тұрғындардың өзіне арту үшін жасалған айла. Жарылған қабырғалардан дала көрініп тұр. Ал комиссия үлкен тесіктерді жасырып, шағын ғана жарқыншақтарды көрсеткен. Арыс қаласындағы 66 әлеуметтік нысанның 62-сі қираған. Мұндай әлеуметтік нысандар құрылыс нормалары мен стандарттарына сай салынады. Соның өзінде талапқа сай деген ғимараттардың 95% қирап тұр. Мықты ғимараттың өзіне үлкен зақым келгенде, саманнан салынған қарапайым үйлер туралы не айтуға болады?
Бұл үйлерге жеңіл-желпі жөндеудің керегі жоқ. Зақым келген үйлер сүріліп, қайтадан салынуы керек. Азаматтық заңнама талаптарына сәйкес, атап айтқанда, Азаматтық кодекстің 3 бөлімі (міндеттемелік құқық), 271 бабының талаптарына сәйкес, зиян келтіруші зиянның орнын толтыруы тиіс. Бұл жерде мемлекет кінәлі. Зиян келтіргенін өздері мойындады және қираған дүниелерді қалпына келтіруге, зиянның орнын толтыруға мінеттеме алды. Сөйте тұра, Түркістан облысының әкімі Шөкеев «қора, жай, сарай дегендерді біз салмаймыз, жөндемейміз, ол біздің міндетімізге кірмейді», - деп айтыпты.
Кінәнің қасақана немесе әдейі жасалған деген екі формасы болады. Бұл абайсызда жасалған, салғырттық, оның ішінде қызметтік салғырттық салдарынан келтірілген залал, зиян. Бұл залалдың орнын мемлекет толтыруға міндетті. Осылай жалғаса берсе заңгерлердің басын қосып, үкіметті сотқа беруден басқа амал қалмайды. Онда билік халықаралық қауымдастық алдында үлкен масқараға ұшырайды.
Статистикалық тізім
14 сектор. Тура жол көшесі
1.Шоқанов Мұса Еркінбекұлы (46/1 үй)
Зақым: Қабырғалар жарылған. Төбесі құлаған. Шатыры қираған. Есік-терезелер сынған.
Себебі: Аулаға снаряд түскен.
Сүру: Толық сүрілген.
Атқарылған жұмыстар: Құрылыс әлі басталған жоқ.
Атқарылмаған жұмыстар: Тұрғын үйді қайта салу керек.
2.Есимов Нұрлан (46 үй)
Зақым: Қабырғалар жарылған. Төбесі құлаған. Шатыры қираған. Есік-терезелер сынған.
Себебі: Көршінің ауласына снаряд түскен.
Сүру: Толық сүрілген.
Атқарылған жұмыстар: Өз фундаментіне кірпіш қалау жұмыстары енді басталған
Атқарылмаған жұмыстар: Тұрғын үйді қайта салу керек.
3.Мадиярова Әліқыз (10 үй)
Зақым: Қабырғалар жарылған. Төбесі құлаған. Шатыры қираған. Есік-терезелер сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген (сүруге жатпайды деген шешім шығарған).
Атқарылған жұмыстар: Шатыры салынған.
Атқарылмаған жұмыстар: Қабырғаларға сылақ жұмыстарын жүргізілмеген. Есік-терезелер орнатылмаған. Төбесі (потолок) жабылмаған. Құрылыс аяқталмай тоқтаған.
4.Жолтаева Азия Төйтенқызы (11 үй)
Зақым: Қабырғалар құлаған, жарылған. Шатыры қираған. Есік-терезелер сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген (сүруге жатпайды деген шешім шығарған).
Атқарылған жұмыстар: Шатыры салынған.
Атқарылмаған жұмыстар: Терезе жоқ. Қабырғалар сыланбаған. Төбесі (потолок) жабылмаған.
5.Досмырзаев Жалғасбек Сағындықұлы (51 үй)
Зақым: Қабырғалар құлаған, жарылған. Шатыры қираған. Есік-терезелер сынған. Төбесі құлаған.
Себебі: Қораға снаряд түскен.
Сүру: Сүрілмеген (сүруге жатпайды деген шешім шығарған).
Атқарылған жұмыстар: Шатыры салынған.
Атқарылмаған жұмыстар: Терезе жоқ. Қабырғалар сыланбаған. Төбесі (потолок) жабылмаған.
Өркендеу көшесі
6.Шоқанов Самат Еркінбекұлы (34 үй)
Зақым: Қабырғалар құлаған, жарылған. Шатыры қираған. Есік-терезелер сынған. Төбесі құлаған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген (сүруге жатпайды деген шешім шығарған).
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылып жатыр.
Атқарылмаған жұмыстар: Терезе жоқ. Қабырғалар сыланбаған. Төбесі (потолок) жабылмаған.
Отбасылық жағдайы: Көп балалы отбасы. 6 баласы бар. Жетінші баласына жүкті.
7.Шоқанов Мұрат Еркінбекұлы (31-34 үй)
Зақым: Үй толық қираған. Қабырғалар құлаған, жарылған. Шатыры қираған. Есік-терезелер сынған. Төбесі құлаған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген (сүруге жатпайды деген шешім шығарған).
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Терезе жоқ. Қабырғалар сыланбаған. Төбесі (потолок) жабылмаған.
Отбасылық жағдайы: Әлеуметтік аз қамтылған отбасы. АӘК алады. Қорада тұрып жатыр.
8.Беркімбаев Бауыржан Омарұлы (37 үй)
Зақым: Қабырғалар жарылған. Шатыры қираған. Есік-терезелер сынған. Төбесі құлаған.
Себебі: Снаряд түскен.
Сүру: Сүрілмеген (сүруге жатпайды деген шешім шығарған).
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Құрылыс аяқталмай тоқтаған. Сылақ жоқ. Әйнек жоқ.
9.Құрманбаев Мұрат (35 үй)
Зақым: Қабырғалар құлаған, жарылған. Шатыры, төбесі құлаған.
Себебі: Снаряд түскен.
Сүру: Сүрілген.
Атқарылған жұмыстар: Құрылыс әлі басталмаған.
Атқарылмаған жұмыстар: Фундаменті де құйылмаған. Тұрғын үйді қайта салу керек.
10.Суаров Базарбай (39 үй)
Зақым: Қабырғалар құлаған, жарылған. Шатыры, төбесі құлаған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Сылақ жұмыстары керек. Төбе (потолок), есік-терезе орнату керек.
11.Малдыбаева Жанар (31 үй)
Зақым: Қабырғалар құлаған, жарылған. Шатыры, төбесі құлаған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Шатырдан басқа ешқандай жұмыс жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: Көп балалы отбасы. 6 баласы бар. Үйде 10 адам тұрады.
12.Жұпарбеков Қалаубек (22 үй)
Зақым: 4 қабырға жарылған. Шатыр құлаған. Төбе (потолок) құлаған. Терезелер толық сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген. Фундаменті жоқ үй.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған. Терезе ауыстырылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Шатырдан басқа ешқандай жұмыс жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: Үйде 6 адам тұрады. 2-топ мүгедек.
13.Жантөре Ерғали (1 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Шатыр құлаған. Төбе (потолок) құлаған. Терезелер толық сынған.
Себебі: Аулаға снаряд түскен.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған. Құрылыс аяқталмаған.
Атқарылмаған жұмыстар: Шатырдан басқа ешқандай жұмыс жасалмаған. Есік-терезе жоқ. Сылақ жоқ.
14.Байдуллаев Біржан (36 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Шатыр құлаған. Төбе (потолок) құлаған. Терезелер толық сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Шатырдан басқа ешқандай жұмыс жасалмаған. Есік-терезе жоқ. Сылақ жоқ.
Отбасылық жағдайы: 2 адам 3-топ мүгедек.
15.Байтанов Қанат Болысбекұлы (36 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Шатыр құлаған. Төбе (потолок) құлаған. Терезелер сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Шатырдан басқа ешқандай жұмыс жасалмаған.
16.Байниязова Фарида
Зақым: Қабырға жарылған. Шатыр құлаған. Төбе (потолок) құлаған. Терезелер сынған.
Себебі: Снаряд түскен.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған. Терезе бар.
Атқарылмаған жұмыстар: Сылақ жұмыстары керек.
17.Оңғарбекова Майра
Зақым: Қабырға жарылған. Шатыр құлаған. Төбе (потолок) құлаған. Терезелер сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Іші-сыртына сылақ жұмыстары жасалған жоқ.
Ақшуақ көшесі
18.Байкенжиев Ералы (82 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Шатыр құлаған. Төбе (потолок) құлаған. Терезелер сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатырын өзі жасаған.
Атқарылмаған жұмыстар: Іші-сыртына сылақ жұмыстары жасалған жоқ. Есік-терезелі салынбаған.
Проблема: Құрылыс жұмысына келіскен. Келісім бойынша 165 мың теңге төленуі керек болған. 50 мың теңге төленген. Қалған еңбекақысы берілмеген.
19.Тұрсынбаев Ержан, Тұрсынбаев Серғазы (20 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. 9 терезе сынған. Шатыры қираған. 4 есік сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Іші-сыртына сылақ жұмыстары жасалған жоқ. Есік-терезелі салынбаған.
Отбасылық жағдайы: 2 адам 3-топ мүгедек. Үйде 6 адам тұрады.
20.Байзақов Мейрамбек (24 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Терезе сынған. Шатыры қираған. Есік сынған. Сырты жарылған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Іші-сыртына сылақ жұмыстары жасалған жоқ. Есік-терезелі салынбаған.
Отбасылық жағдайы: Үйде 6 адам тұрады.
21.Кемелбеков Әбдірасыл (25 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Терезе сынған. Шатыры қираған. 16 страпила, 6 балка, 4 терезе сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры.
Атқарылмаған жұмыстар: Іші-сыртына сылақ жұмыстары жасалған жоқ. Есік-терезелі салынбаған.
Отбасылық жағдайы: Көп балалы отбасы. Үйде 9 адам тұрады. 6 баласы бар.
22.Жұмаділлаев Қадір (8 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Терезе сынған. Шатыры қираған. 16 страпила, 6 балка, 4 терезе сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған. 2 әйнек салынған.
Атқарылмаған жұмыстар: Іші-сыртына сылақ жұмыстары жасалған жоқ. 4 әйнек салынбаған. Есіктер жоқ. .
Отбасылық жағдайы: Үйде 5 адам тұрады.
23.Таукенов Жұман (19 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Терезе сынған. Шатыры қираған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Іші-сыртына сылақ жұмыстары жасалған жоқ.Терезе мен есіктер жоқ.
Отбасылық жағдайы: Үйде 4 адам тұрады.
24.Нұрқожаева Перуза (15 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Терезе сынған. Шатыры қираған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Есік салынған.
Атқарылмаған жұмыстар: Іші-сыртына сылақ жұмыстары жасалған жоқ. Шатыры жабылмаған.
Проблема: Жаңа мердігер компания уәде беріп кеткен.
Асан Қожа көшесі
25.Рысбеков Ордабек (14 а үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Қисайып тұр. Терезе сынған. Шатыры қираған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Құрылысшылар жаңадан келген.
Атқарылмаған жұмыстар: Іші-сыртына сылақ жұмыстары жасалған жоқ. Шатыры жабылмаған. Төбе құлайын деп тұр.
Отбасылық жағдайы: Үйде 7 адам тұрады.
26.Ақылбаев Дүйсенбай (2 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Қисайып тұр. Терезе сынған. Шатыры қираған.
Себебі: Қабырғаны снаряд тесіп өткен.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры алынды. Әйнек салынды.
Атқарылмаған жұмыстар: Іші-сыртына сылақ жұмыстары жасалған жоқ. Шатыры жабылмаған. Төбе құлайын деп тұр.
Отбасылық жағдайы: Үйде 5 адам тұрады.
27.Суюнбаев Убайдулла Жұманұлы (9 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Терезе сынған. Шатыры қираған. Фундамент жарылған. Төбе құлаған. Ееден жарылған.
Себебі: 3 снаряд үйге түскен.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ешқандай жұмыс жасалмаған.
Атқарылмаған жұмыстар:
28.Әміреев Өмірзақ (1 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Шатыры қираған. Балкалары сынған. Терезе сынған. Есіктер қираған. Төбе құлаған.
Себебі: Снаряд түскен болуы мүмкін.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры ауыстырылған. Терезе орнатылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Төбе жабылмаған. Сылақ жұмыстары жасалмаған.
29.Садықбеков Әмірхан (10 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Шатыры қираған. Терезе сынған. Есіктер қираған. Төбе құлаған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры ауыстырылған. Басқа жұмыстар жасалмаған.
Проблема: Өзі құрылысшы жалдаған. Өзі құрылыс материалдарын сатып алған.
Алматы көшесі
30.Қуатбеков Әлім Қалдыбайұлы
Зақым: Шатыры сынған. Балкалар сынған. Қабырға жарылған. Еден жарылған. Терезе жоқ. Қабырғадағы жарық 15-20 см. Фундамен жарамсыз.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ешқандай жұмыс жасалмаған.
31.Бектұрсынов Тоқмахамбет (24 үй)
Зақым: Шатыры сынған. Төбе құлаған. 4 қабырға жарылған. Есік-терезе сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ешқандай жұмыс жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: Көп балалы отбасы. 7 баласы бар. Үйде 10 адам тұрады.
32.Досмырзаев Бақтияр (1 үй)
Зақым: Шатыры сынған. Төбе құлаған. Қабырға жарылған. Есік-терезе сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілген.
Атқарылған жұмыстар: Фундаментін құрылған. Құрылыс енді басталды.
Кемел көшесі
33.Еділбекова Райгүл Жұмабекқызы (1 үй)
Зақым: 4 қабырға жарылған. Төбе майысып тұр. Шатыры қираған. Есік-терезе сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Терезе салынған. Шатыры жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Есіктер салынбаған. Сылақ жұмыстары жасалмаған. Құрылыс аяқталмаған.
Қайназаров көшесі
34.Құдайхулов Әбдірахман (3 үй)
Зақым: 5 терезе сынған. 6 қабырға жарылған. Төбе майысып тұр. Шатыры қираған. Есік-терезе сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ешқандай жұмыс жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: 13 жастағы мүгедек қызы бар. Ауыратлет Жазира Жапарқұлдың әкесі.
А. Құлжабаев көшесі
35.Аппазова Зәуре (27 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Фундамент жарылған. Шатыр қираған. Терезе сынған. Төбе құлаған. Ескі үй.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры алынған.
Атқарылмаған жұмыстар: Шатыры жабылмаған.
36. Аманжолова Ұлболған (27/2 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Шатыр қираған. Терезе сынған. Төбе құлаған. Ескі үй.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Құрылыс басталды.
Отбасылық жағдайы: 5 баласы бар.
37. Дүйсенова Әшіркүл (27/4 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Шатыр қираған. Терезе сынған. Төбе құлаған. Ескі үй.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Құрылыс басталды.
Отбасылық жағдайы: 7 баласы бар.
Б.Момышұлы көшесі
38. Шонжанов Сейілхан (28 үй)
Зақым: Фундаменті жоқ үй. Қабырға жарылған. Төбе құлаған. Шатыр сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ешқандай жұмыс жасалмаған.
39.Малдыбаев Байсан (19 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Төбе құлаған. Шатыр сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған.
40.Қалходжаев Төлжан
Зақым: Қабырға жарылған. Төбе құлаған. Шатыр сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Барлық жұмыс жасалған.
Атқарылмаған жұмыстары: Сылақ жұмыстары қалды.
Д.Нұрпейісова көшесі
41.Тосыбаев Ғалымжан (27 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Төбе құлаған. Шатыр сынған. Терезе сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ешқандай жұмыс жасалмаған.
42.Шонжаева Шарапат (25 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Төбе құлаған. Шатыр сынған. Терезе сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ешқандай жұмыс жасалмаған.
Ш.Уалиханова көшесі
43.Алдаберген (28 үй)
Зақым: Қабырға жарылған. Төбе құлаған. Шатыр сынған. Терезе сынған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ешқандай жұмыс жасалмаған.
Ақдала көшесі
44.Қонысбаева Забира (7 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған. Терезе сынған. Есік қираған.
Себебі: Снаряд аулада жарылған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ешқандай жұмыс жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: Күйеуі 1-топ мүгедек. Инсульт алған. Ауруханада жатыр.
Ахымбеков көшесі
45.Ақтанова Ләззат (20/3 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған. Терезе сынған. Есік қираған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыр салынды. Терезе салынды.
Атқарылмаған жұмыстар: Сылақ жұмыстары керек. Әйнектер салынбаған.
Абай көшесі
46.Наталья Мандышева (7 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған. Терезе сынған. Есік қираған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілген.
Атқарылған жұмыстар: Фундаменті құйылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.
47.Оңғарбеков Бақытжан (14 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған. Терезе сынған. Есік қираған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Атқарылған жұмыстар: Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр
48.Бақытжанов Айбек (18 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған. Терезе сынған. Есік қираған.
Себебі: Аулаға снаряд түскен.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Терезе салынған. Шатыр ауыстырылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Времянка жөнделмеген.
49.Бердібеков Орынбек (17 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған. Терезе сынған. Есік қираған.
Себебі: Снаряд түскен.
Сүру: Сүрілген.
Атқарылған жұмыстар: Фундаменті басталды.
Бейбітшілік көшесі
50.Аубакиров Нұрғали (18 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған. Терезе сынған. Есік қираған. Төбесі құлаған.
Себебі:
Сүру: Сүрілмеген.Сүруге рұқсат бермей жатыр.
Атқарылған жұмыстар: Шатырын жапқан.
Атқарылмаған жұмыстары: Төбесі жабылмаған, сылақ жұмыстары жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: 2 рет инсульт алған. 7 бала бар. Мүгедек немересі бар.
Кембаба көшесі
51.Нұрмаханов Нұржан (2 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған. Терезе сынған. Есік қираған. Төбесі құлаған.
Себебі:
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ешқандай жұмыстар жасалмаған.
Н.Ілиясов көшесі
52.Тасболатов Асан (84 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған. Терезе сынған. Есік қираған. Төбесі құлаған.
Себебі:
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры ауысқан. Сыртын қырған.
Атқарылмаған жұмыстар: Құрылыс тоқтап қалған.
Отбасылық жағдай: 7 бала бар.
12 сектор. Б.Оқтаев көшесі
53.Айнаханова Васила (58 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған. Терезе сынған. Есік қираған. Төбесі құлаған.
Себебі:
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры ашылған. Терезе орнатылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Құрылыс тоқтап қалған.
Отбасылық жағдай: Зейнеткер.
7 сектор. Борықбаев көшесі
54.Момбекова Пернеш (10/1 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған. Терезе сынған. Есік қираған. Төбесі құлаған.
Себебі:
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры ауыстырылды.
Атқарылмаған жұмыстар: Басқа ешқандай жұмыс жасалмаған.
16 сектор. ШПЗ көшесі
55.Бердібай Фарида Нұрланқызы (27 үй)
Зақым: Шатыр қираған. Қабырға жарылған.
Себебі:
Сүру: Сүруге кеткен.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры ауыстырылды.
15 сектор. Т.Рысқұлов көшесі
56.Шпеков Құралбай (51 үй)
Зақым: Төбе құлаған. Балкалары сынған. Қабырға жарылған. Шатыр қираған.
Себебі:
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры ауыстырылды. Терезе аман.
Атқарылмаған жұмыстар: Сылақ жұмыстары жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: Үйде 7 адам тұрады.
1 сектор. Р.Қошқарбаев көшесі
57.Асылбек Айжан
Зақым: Қабырға жарылған. Шатыр қираған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілген.
Атқарылған жұмыстар: Қабырға көтерілген. Шатыры орнатылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Сылақ жұмыстары жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: 5 бала бар.
Төлепов көшесі
58.Қанат Ахметов (15 үй)
Зақым: Тұрғын үй қираған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілген.
Атқарылған жұмыстар: Қабырға көтерілген. Шатыры орнатылуда.
Атқарылмаған жұмыстар: Сылақ жұмыстары жасалмаған.
9 сектор. Амангелді көшесі
59.Утешов Серік (10 үй)
Зақым: Тұрғын үй қираған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры құрылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Басқа ешқандай жұмыс жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: Көп балалы отбасы. 6 баласы бар.
60.Дүйсебекова Зухра (12 үй)
Зақым: Тұрғын үй қираған. 4 қабырға жарылған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар:
Атқарылмаған жұмыстар: Сылақ жұмыстары жоқ.
Отбасылық жағдайы: 2 зейнеткер тұрады. 2-топ мүгедек бар.
61.Дулатбекова Айғаным (19 үй)
Зақым: Тұрғын үй қираған. 4 қабырға жарылған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыр жабылған. Терезе салынған.
Атқарылмаған жұмыстар: Сылақ жұмыстары жоқ.
Отбасылық жағдайы: 4 баласы бар.
62.Қожамқұлов Дәулет Өтегенұлы (17 үй)
Зақым: Тұрғын үй 80% қираған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ешқандай жұмыстар жасалмаған.
63.Өмірзақова Боранкүл (23 үй)
Зақым: Тұрғын үй қираған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыр жабылған.
Атқарылмаған жұмыстар: Басқа жұмыстар жасалмаған.
4 сектор. Жаманқара көшесі
64.Құлманов Біржан (7 үй)
Зақым: Тұрғын үй қираған. Қабырға жарылған. Қабырға қисайып тұр.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Ештеңе жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: Үйде 10 адам тұрады.
65.Омарғалиева Мейрамкүл (5 үй)
Зақым: Тұрғын үй қираған. Ескі үй. Қабырға жарылған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатырын ауыстырған. Сыртын өздері қырған.
Атқарылмаған жұмыстар: Басқа жұмыстар жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: 2 бөлмелі үйде 6 адам тұрады. 1-топтағы мүгедек әже бар. Психологиялық ауруға шалдыққан.
Майлықожа көшесі
66.Утешова Майрам (60 үй)
Зақым: Тұрғын үй қираған. Ескі үй. Қабырға жарылған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры алынған.
Атқарылмаған жұмыстар: Басқа жұмыстар жасалмаған.
Ерубаев көшесі
67.Қалкөзов Ғани (24 үй)
Зақым: Тұрғын үй қираған. Төбе құлағалы тұр.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Шатыры жабылған. 3 әйнек салынған.
Атқарылмаған жұмыстар: Басқа жұмыстар жасалмаған.
Отбасылық жағдайы: 6 адам. Екіқабат келіншегі бар.
Б.Момышұлы көшесі
68.Сапаров Жалғасбек Құрманұлы (24 үй)
Зақым: Тұрғын үй қираған. Төбе құлаған.
Себебі: Жарылыс толқыны қатты болған.
Сүру: Сүрілмеген.
Атқарылған жұмыстар: Сүруге жібермей тұр.
Мектеп (негізгі мектеп)
69.Еркінбаева Индира (квартирант)
Отбасылық жағдайы: 2 баласы бар. Өзі екіқабат. Ешқандай медициналық көмек алмайды. Мектепке баратын бала-шағасына көмек алмайды.
70.Шарапатова Индира (квартирант)
Отбасылық жағдайы: 3 баласы бар. Мектепке баратын бала-шағасына көмек алмайды.
Түйін. Түйіндейтін түгі жоқ. Жоғарыдағы мәліметтерден Арыста не жасалып, не жасалмағанын көріп-біліп, түсінуге әбден, болар.
Біз Үкіметбасы мен оның қарамағындағы кіші министрдің «90 пайыз құрылыс аяқталды» деген есебінен соң, Арысқа бардық. 2 күн бойы Арысты аралап, тұрғындар мен тұрғын үйлердің реалды картинасын көзімізбен көріп қайттық. Осы 2 күнде шама-шарқымыздың жеткенінше 70-ке жуық үйдің тұрғынымен кездестік.
Әлдекімдерді нақақ қаралау мақсат емес. Барды бар деп, жоқты жоқ деп айту парыз!
Әне-міне жаз бітеді. Күз келеді. Оқу маусымы басталады. Мектептегі лагерде жатқан азаматтар ертең қайда барып күнелтеді? Арыда қылышын жалаңдатып, қыс келеді. Іргетасы әлі құйылмаған үйлердің тұрғындары кімді, нені паналайды?
Бүгін «90 пайыз құрылысы аяқталды» деген Арыстың халқы ертең көшеге шығады. Олардың басқа амалы бар ма? «Адамнан жасырғанды, Құдайдан жасыра алмайсың» деген бар. Ертең-ақ, барлығы әшкере болады. Сол кезде әлеуметтік «бунт», көтеріліс болып кетпесіне кім кепіл? Қазірдің өзінде «90 пайыз құрылысты аяқтап, жұртты үйлеріне жайғастырып үлгерген» Премьер Мамин бе, әлде әкім Шөкеев пе? Бәлкім, вице-министр Өскенбаев шығар?!
Біз Арысқа барып, 80-90 пайыз үйдің шатыры жабылғанын көрдік. Кей секторлардағы дұрыс жүргізіліп жатқан құрылысты көрдік. Кей секторлардағы жарым-жарты құрылысты да көрдік. Мемлекеттік масщтабтағы көзбояушылықты көрдік. Бала-шаға, кемпір-шалы, оншақты адамы бар отбасының далада, көп балалы ананың қорада түнеп жүргенін көрдік. 40 сантиметр цемент үшін саудаласып жүрген мердігерді көрдік. Бәрін көрдік. Үкімет! Енді осыны сен де көр!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz