Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 10319 0 пікір 25 Қыркүйек, 2015 сағат 08:23

100 МЛН.ГА ЖЕР АУКЦИОН АРҚЫЛЫ САТЫЛАДЫ

«Жер кодексіне» ауылшаруашылығы алқаптарын сату жөнінде арнайы өзгеріс енгізілді деп хабарлайды «Қазақстан» арнасының жаңалықтар қызметі. Жер кодексіне жасалған түзетулер шаруалар арасында талқыланып жатқанын еске салған Ұлттық арна тілшісі Экономика министрі Ерболат Досаевтың сөзіне сүйене отырып,  бұдан былай қазақ жері аукцион арқылы  сатылатынын хабарлады.

Жер телімдері алдымен ағылшын тәсілі арқылы аукционға түседі. Өтпеген жағдайда, бастапқы құнынан  50 пайызға дейін төмендеп, голландық әдіс бойынша иесін табады. Ал, жалға беріліп келген жерлер осы уақытқа дейін пайдаланған иелеріне жеңілдікпен сатылады.

«Қазір, елімізде 100 миллиондай гектар жер ұзақ мерзімді жалға алынған. Ал, жеке меншікте бар – жоғы 1,2 пайыз», -  дейді экономика министрі  Ерболат Досаев.

Қысқасы, кәрі тарихта «Ұлы дала» аталған, баһадүр бабаларымыз қытаймен, орыспен, жоңғар-қаламақпен, сарт-сауанмен қидаласып жүріп алып қалған байтақ жеріміз енді бүгінгі көпұлтты қазақстандықтардың жеке меншігіне айналудың алдында тұр. Жалға алғаннан гөрі меншіктегі жердің қадірі артық екендігін дән егіп, бидай орып жүрген ағайын жақсы біледі. Мысалы, «Қазақстан» арнасының тілшісіне жайқалған егінжай алқабында, масағы майысқан қалың бидайдың ортасында тұрып сұхбат берген  Анатолий Усолкин дейтін кісі: «Жалға алған жерге иесі дұрыс қарамайды. Пайдаланады, содан соң тастап кете береді. Ал, жер жекеменшік болса, оны күтіп-баптайды, тоздырмайды», - дегенді айтады.

Анатолий Усолкин кешегі қара шекпенділердің ұрпағы болса керек. Бәлкім, Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» атты шығармасында беймәлім далаға кетіп қалған бас кейіпкердің кінідігінен тараған әулеттен шығар. Оны тергеп, тексермейміз: өйткені бізде «ортақ тарих пен тағдыр қосқан» жұрттың қарасы қалың. Елімізде мәселенки, ороштар мен юкагирлер, саамдар мен селькуптер, удэгейлер мен вептер де (т.б.) 150 ұлттың бірі атанып, өмір сүріп жатыр (Мына сілтемеге қараңыз: (http://old.abai.kz/content/kazakstan-khalky-oroshtar-saamdar-selkupter-udegeiler-yukagirler ). Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде олар да шамасы жетсе, жерді сатып алып, игілігін көруге қақылы.  Мұның сыртында сыңарын қазақстандық қыз-келіншектердің арасынан тауып, Қазақстанның азаматтығына қол жеткізген ханзулар мен ЕАЭО-ның аясында аяқты алшаң тастап жүрген солтүстіктегі көршілеріміз де экономика министрі жария еткен 100 миллион га жерді аукционда ойнатуы әбден мүмкін. Дегендей-ақ, ҚХР-ға ресми барған сапарынан оралған бетте Елбасымыздың өзі 15 млн га жердің бос жатқанын ескерткен еді. Соның ізінше, міне, 100 млн.га жерді нақты иесін тауып жекешелендірудің қажеттілігі күн тәртібіне шығып,  «Жер кодексіне» ауылшаруашылығы алқаптарын сату жөнінде арнайы өзгеріс енгізіліп те үлгерді.

Қазіргіндей қысылтаяң, қиын шақта қолында қаржысы бар адам жер саудасынан көп ұтары сөзсіз. Ал, жерді жекеменшікке сатудан түскен пайда әлемдік дағдарыс пен Ресейге салынған санкциялардың салқынын сезіп отырған Қазақстанның бюджетіне кіріс кіргізуі мүмкін. Биліктің жаппай жекешелендіруді тездетуге пәрмен етуінде, міне, осындай астар болса керек.

Abai.kz




   

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052