Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 13692 4 пікір 6 Қыркүйек, 2019 сағат 11:02

Ахмет Байтұрсынұлы - тіл туының тұғыры

«Рухани жаңғыру: қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциядағы баяндама 

Заманында «ұлттың ар-ожданы» атанған Ахмет Байтұрсынұлының тіл туын көтеріп, оның бекем тұғырына айналуы кездейсоқ емес еді. Ресей империясы қилы амалмен құрамына қосып алған тегі бөтен жұрттарды орыс тілін таңу арқылы  отарлаушы  халыққа  сіңістіруге,  яғни  ассимиляциялауға қатты көңіл бөлгені мәлім. Дінді де ортақтас- тыруға тырысты. Ақыры, «иланымы магометандық болып қалса да, өмір сүру салты жөнінен кәдімгі мұжықтан аумайтын» бодан қалыптастыруға ұмтылуды барлық әкімдеріне міндеттеп отырды. Үкімет шешімдерін идеологиялық тұрғыда Орынбор-Қазанда  Н.И. Ильминский (1922–1891), Ташкентте оның шәкірті Н.П. Остроумов (1846–1930) сынды шығыстанушы-миссионерлер қамтамасыз етіп тұрды. Патшалық биліктің жер-жердегі ильминскийлер мен остроумовтарға арқа сүйеген қызметшілері өзге халықтарды орыстармен сіңістіріп, бір халық ретінде тұтастыруға бекем негіз салатын оқу орындарын – патша жарлықтарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс ер балаларға да, «келешекте отбастарында империя мүддесіне адал орыс- тілді ұрпақ тәрбиелеуге тиіс» қыз балаларға да арнайы мектептер ашуды жүзеге асырды.

Түркістан өлкесінің қожайыны генерал-адъютант фон-Кауфман Ташкентте ашылған Түркістан мұғалімдік семинариясының бас қамқоршысы есебінде, «әлі толық тақуа-фанатқа айналып үлгермеген қазақ тайпасының интеллектуалдық қабілеті жағынан орыстармен жақындасуға бейімдігі жоғары екеніне және қазақтардың балаларын» орыс мектептеріне «ықыластана беріп жүргеніне сүйене отырып», 1880 жылғы 8 қарашада Санкт-Петербургке, Халық ағарту министріне  арнайы хат жазды. Онда: «Орта Азиядағы біздің үстемдігімізді қамтамасыз ететін саяси мүддеміз тұрғысынан көшпенді халықты дербес өмірге және Россиямен ассимиляцияландыру ықтималдығына тарту қажеттігін ойлай отырып, мен қазақтарды мұсылмандық ықпалдан сөзсіз азат ету керек деп санаймын, бұған олардың арасына орыс жазуын енгізу жақсы септес- кен болар еді», – деген ойын айта отырып: «Бұл мақсатқа қазақтар  арасына  тек  қана біздің  мектептеріміз  арқылы орыстың халықтық білімін тарату жолымен жетуге болады, қазақ балаларын орысша сауат ашуға оқыту біздің мектептерімізде олардың туған тілдерінің көмегімен жүргізілуге тиіс», – деп нақтылап  жазды. Түркістан әкімінің ұсынысын  1881  жылғы  28  қаңтарда  патшаның  өзі  бекіткеннен  кейін, Түркістан мұғалімдер семинариясында қазақ тілі орыс алфавиті арқылы оқытыла бастады – осылай семинария «қазақтарды орыстармен біртұтас саяси-мемлекеттік организмге құйылыстыруға» үлес қосуға кірісті.  Әбүйір болғанда, семинарияның қазақ түлектерінің бәрі бірдей империя қолшоқпарына айналған жоқ. Араларынан Серәлі Лапин, Садық Өтегенов, Қоңырқожа Қожықов, Сегізбай Айзұнов секілді қоғам қайраткері, шығыстанушы-ғалым, тамаша ұстаз өсіп шықты. Ал Қожықов жәдидтік үлгімен өлке мектептері үшін алғашқы қазақ әліппесін жазды.

Орыстандыру әрекеттері көптен жүріп жатқан Дала өлкесіндегі Ахмет Байтұрсынұлы (1873–1937) болса, «қазақ халқының болашағы – мектептерде» деп білген ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин (1841–1889) нұсқаған жолмен ұстаздық қызмет істей жүріп, қазақты жойылудан сақтайтын күрес жолына түсті. Алғашқы орыс революциясы жылдарынан ұлт-азаттық қозғалыстың алғы шебінде болды. Ұлт мүддесін көздеген қоғамдық-саяси жұмыстарға араласты. Араб-парсы алфавитінен реформаланған қазақ әліппесін, тілдің тиісті ілімін жасады. Жұртты оятатын, оқуға, білімге ұмтылтатын, елдік мәселелерге ұйытатын, ел болудың жолдарын нұсқап, күресуге шақыратын газет шығарды. Советтік қазақ мемлекетінің алғашқы оқу министрі ретінде, қазақ мектептерін күрт көбейтуге үлес қосты. Өзінің жаңа әліппесі мен тіл білімі оқулығын кең қолданысқа енгізу арқылы көптеген діни қызметші-молдалардың мектеп мұғалімдері қатарында ұстаздық етуін мүмкін етті. Кезінде Алтынсарин тұжырымдаған формуланы «ұлттың келешегі – мектептерде» деп түсінуге болатын жаңа сатыға көтерді. Өзінің қиындыққа толы болған күрделі өмір жолында Ахаң отар жағдайындағы «ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын» жағдайларды айқын ажыратты және солардың ішінде  тілдің шешуші орын алатынын дәл атап көрсетті. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген тағдыршештілік мәні бар, қанатты сөзге айналған байламды қорытып шығарды.

Советтік қазақ мемлекеті тұсында бастан кешілген солақай реформалар, жасанды ашаршылықтар, репрессиялар, жер-судың жаңаша отарлануы, қазақ халқының өз елінде ұлттық азшылыққа айналуы, қоғамдық тыныс-тіршіліктің бәрі орыс тілінде өтуі, орыстанған қазақтар қатарының күрт өсуі және олардың бар салада жетекші орындарда жүруін ынталандыру қазақ тілінің тағдырын  тұйыққа тірегендей болды. Алайда компартия билеген со бір тоталитарлық жылдарда Ахаң көтерген тіл туы құлаған жоқ, ол әрдайым күреске шақырып тұрды. Тиісінше, қатаң да қасаң идеологиялық қыспаққа қарамастан, түрлі жағдайда ұлт қайраткерлері ұлт тілі мүддесін қорғап  отырды. Ақыры, тоталитаризмнің кезінде-ақ, советтік республикамыздың ғұмыры үзілерден екі жыл бұрын, 1989 жылғы 22 қыркүйекте тіл туралы арнайы заң қабылануына, ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілуіне қол жеткізді.

Содан бері, міне, отыз жыл болды. Қазақ тілі 1993 және 1995 жылдардағы Конституцияларда мемлекеттік тіл ретінде бекітілді. Осы отыз жыл ішінде биік дәрежеде түрлі құжат дүниеге келіп, мемлекеттік тілде іс жүргізу мен қызметтік қарым-қатынас жасау тетіктері атап көрсетілді, мемлекеттік істің барлық салаларына мемлекеттік тілді белсенді түрде енгізу, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, іс қағаздарын кезең-кезеңімен қазақ тіліне көшіру жайынан нақты тапсырмалар берілді, осы мәселелермен шұғылданатын комиссия да құрылды. Тіпті, тілдерді қолдану мен дамытудың 2001–2010 және 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары да жасалды.

Алайда сол шаралардың ешқайсысының қуантарлық нәтиже бермегенін білеміз. Міне, екінші бағдарламаның орындалу мерзімі де келесі жылы аяқталмақ, бірақ алға қойылған міндеттердің бұл бағдарлама бойынша да толық шешілмейтіні, ең бастысы, мемлекеттік тілдің әлі де биік  мәртебесіне сай қолданыла қоймайтыны қазіргі таңның өзінде аныққа шығып тұр.  Ал мемлекеттік тілді бүгінгі күнге дейін халықтың, тұтас халық түгіл билік басындағылар мен зиялы деп аталатын қадірлі топ беделділерінің толық мойындамауы, шынтуайтында, Ахмет Байтұрсынұлының «сөзі  жоғалған  жұрттың  өзі  де  жоғалатыны» жайындағы тұжырымының әлі де өзектілігін көрсетеді. Өкінішке қарай, олар мемлекеттік шараларды жүргізгенде мемлекеттік тілді қолданбаулары өз алдына, тіпті, сол шаралар жайындағы белгілі бір дәрежеде атқарылған істерді қорытындылап, жүрекжарды ойларымен бөлісіп сырласқан, онысын теледидар арқылы дүйім жұртқа жария қылған отырыстарында да өз ана тілдерін – мемлекеттік тілді қолданбағанына баршамыз куә болдық. Ал әлем азаматы санатындағылар: «ауыл тілін ұлтшыл-патриоттар индустриялық қоғам тілі орнына қоймақ» деп, ұлт намысын жыртушыларды кемсітіп қана қоймай, мемлекеттік тілдің мәртебесін мүлдем тұқырта түсуде. Яғни қазақ мемлекетінің өкіметі мен өкіметтің арқа сүйейтін бетке ұстар интеллигенттері қазақ елінің мемлекеттік тілінде емес, өзге мемлекеттің тілінде сөйлегенді қош көреді. Мұндай жағдай біздің есімізге қайран Ахаңның: «Қазақта білімді адам жоқ емес, көп, бірақ, солардың көбі өз білімін халалға емес, харамға жұмсап ғадеттенген», – деген сөзін еске алуға еріксіз мәжбүрлейді.

Ахаң айтқандай әдетке бейімдер билік буындарындағы қызметінде өтірік мүләйімсіп, қилы шараларды жоспарлаған және қолдаған болады да, іс жүзінде олардың жүзеге асырылуын кері кетірумен шұғылданады. Әлдеқашан дамыған тілдің қолдану өрісін мемлекеттік мәртебесіне сай кеңейтудің орнына – «тілді дамыту керек» деген кертартпа да қитұрқы ұранды көз қып көкке көтерумен, іс жүзінде  қаржыны текке шашып, төрге басқа тілді тықпалаумен жүреді. Сондайлардың жалған патриоттығы отыз жыл уақытты бекерге өткізді. Ес жиятын уақыт жетті. Ардақты Ахаң үкілеген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жалпақ жұртқа мойындату жолындағы күрес туын енді асқақтата көтерген жөн. Өкіметтен мемлекеттік тілді қажеттілікке айналдыратын шараларды өмірге кеңінен енгізуді батыл талап ету керек. Үкімет қыруар қаржы шығындап, отыз жыл бойы мемлекеттік тілді мектептерде де, мекемелерде де оқытып келеді ғой, мемлекеттік тілді міндетті түрде оқытқан орта мектептерді миллиондаған бала бітірді, енді солардың нәтижесін көретін мезгіл жетті. Бұдан былай мемлекеттік тілді білмейінше қадам баса алмайтындай мәжбүрлік туғызу керек. Сондай жағдайда, күнделікті тұтынуға қажеттілік болмағандықтан ұмытуға айналғандар оны тез естеріне түсіріп, білмейтіндер – тіршілік үшін қажет деңгейде тез-ақ меңгеріп алады. Құрығанда мемлекеттік тілді мойындап, ең кемі қазақша сәлемдесуді үйренеді, керек мәселесін шешу үшін өз еркімен тәржімешіге жүгінетін болады.

Кезінде патша үкіметінің орыс тілін барша жұртқа білуді міндеттеп, күштеп тықпалап жатқанын Ленин қатты сынға алып, тілді білгізу үшін қыштау емес, мәжбүрлік туғызу қажеттігін  айтқан болатын.  Соны, баршамыз білеміз, совет өкіметі ойдағыдай жүзеге асырды. Біздің тәуелсіз билігіміз содан, сол советтік тәжірибеден әлдеқашан үйренуі керек еді. Тым болмаса енді оянған жөн. Оянып, бірінші кезекте барлық билік буындарының, күллі бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің мемлекеттік тілде жұмыс істеуін жолға қою керек. Кеңестік қазақ мемлекеті тарихында, екі өлке біріккен соң, 1925 жылы тұңғыш рет халықтың ұлттық құрамында қазақтардың үлесі 68 пайызға жеткені аталып, ұлт қайраткерлері Ұлттық Республиканы іс жүзінде енді құрдық деп жариялаған. Содан былай осы ұлттық мемлекетті талапқа сай жасап шығу міндеті қойылған болатын. Өкінішке қарай, қатаң бір орталықтандырылған  империялық  коммунистік партия билеген заманда ол мүмкін болған жоқ. Тек қайта құру жылдары, 1990 жылы, Мемлекеттік тәуелсіздік жайындағы декларацияда ұлттық мемлекет құру мәселесі атап көрсетілді, алайда 1991 жылғы мемлекеттік тәуелсіздік туралы заңда бұл жәйт ашып айтылмады. Содан бергі жиырма сегіз жыл ішінде осынау маңызды мәселе биік мінберден әңгіме болмады да. Дұрысында, күні кеше екінші Президенттің бірінші жолдауында қазақ тілінің ұлтаралық тіл болатын мезгілі жетті деген ой айтылды. Сол ой бүгінгі конференция тақырыбына шығарылып отыр. Бірақ, мойындау абзал, осынау тамаша ниетты жүзеге асыруға қызмет ететін шара – ел ішінде соған нақты қажеттілік, мәжбүрлік ахуал жасау жайы нұсқалмағандықтан, әзірге конституциялық мәртебесі жоқ ұлтаралық тіл туралы президенттік ой осы уақытқа дейін айтылып келген әдемі сөздердің кейпін киіп қала беруі ғажап емес. Әуелі конституциялық мәртебесі бар мемлекеттік тілді өз орнына қоюды жүзеге асыру керек, сонда ол өз-өзінен ұлтаралық тіл қызметін атқарып жүре береді. Тіл туының тұғыры боп тұрған Ахаңның базалық ұғымын дамыта қарап, ұлттық мемлекеттің шындап орнауын талап етуді және оның құрылуына да, «сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» екенін естен шығармауымыз керек.

Совет өкіметінің күллі республикаларға кирилицаны бір пәрменмен күштеп енгізуінің астарында халықтарды бөлшектеп билеу, ұлт тілдерін бір-бірінен алшақтата түсу мақсаты жатқаны бүгінде баршаға мәлім. Кирилицаны әр жұрт өз дыбыс ерекшелігіне қарай өзінше реформалап алғандықтан, басқаны былай қойғанда, сөйлескенде түсінісе кететін түркі халықтарының өкілдері бірін бірі оқи алмады. Бұл келеңсіздікті тәуелсіздік орнаған алғашқы жылдарда барша ғалымдар түркі халықтарына ортақ әліпби жасау арқылы шешкендей еді. Алайда біздің қазіргі таңдағы тәжірибе латын әріптерін тағы да өз бетімізше реформалағандықтан, қайтадан кирилица дәуіріндегідей күйге түсіретіндей, яғни жаңа әліпбиіміз басқа қандастарымызбен жақындасуға мүмкіндік бермейтін тәрізді.

Бұдан да өткен бір қатер бары жайында айтпай кетуге болмайтын сияқты: мемлекеттік тіл баршаға міндетті болмай тұрған қазіргі жағдайда латын графикасы негізінде жасалған әліпбиге көшудің халықты қақ жарарлықтай теріс нәтиже беруі ықтимал. Осы уақытқа дейін естіп жүрген «латын әліпбиі тек қазақтар үшін жасалуда» деген «ережеден» бойды батыл аулақ салуымыз керек. Жаңа әліпбиге бүкіл мемлекеттік жүйе, күллі оқу орындары, барша қазақстандық тұтастай көшуге тиіс. Ахаң соққан тұғырдан желбіреген тіл туы бізді осындай көзқараста тұруға шақырады.  Мемлекеттік тіл мәртебесін құр қызыл сөз емес, нақты іс арқылы өз деңгейіне көтеріп, шын мәніндегі қазақтың заманауи ұлттық мемлекетін жасауға күш салу – баршамыздың перзенттік парызымыз.

Бейбіт Қойшыбаев,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты 

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371