Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5185 0 пікір 28 Шілде, 2011 сағат 11:55

Жүнісбек Әлімхан: «Орыс жазуын реформалауымыз керек»

- Осыдан 20 жыл бұрын өзіңіз «Түркі жазуына көшейік!» деп ұран тастаған едіңіз. Әлі сол пікіріңіздесіз бе? Әлде пікір өзгерді ме?
- Ол рас. Егемендіктің алғашқы лебі кімді де болса бір серпілтіп тастады ғой. Осыған орай, біз де әлдеқашан өшіп кеткен көне (ежелгі) жазуын қайта жаңғыртып жатқан еврей, моңғол халықтарының жанкешті әрекеті мен бір уыс қана грузин, армян халықтарының елтаңбасындай болған бірегей әліпбиін тілге тиек етіп, жүз елу миллион түрік халықтарының құр алақан қалғаны қалай деп қынжылғанбыз. Өкініштісі, түркі жұртының қазіргі өркениетті елдердің жазу тарихын он орап алып кететін, атам заманғы тарихы бар жазуы бола тұрып, «жазу-сызусыз» жұрт атанғандығында болып отыр. Ал, «жазу-сызусыз» халық дегеннің ар жағында «жабайы, мешеу, телмірінді, тілі дамымаған» т.б. сияқты «атақтар» тұрған жоқ па? Мұның өзі елдің еңсесін басып, ерді езге айналдырудың таптырмас құралы болып шықты. Тіптен, кешеге дейін кеңес құрамындағы түркі халықтары «өзіміздің жазу-сызусыз халық екенімізді әлемге жар салып айтып, орыс жазуы келіп жанымыз қалғанын» жарыса жамырай, мақтана мойындап келген жоқпыз ба? Ендеше «көк түрік» жазуын жаңғырту - еріккен мен есі кеткеннің ісі емес, түрік жұртының әлеми қоғам алдындағы елдік намыс-абыройын көтеретін іс.

- Осыдан 20 жыл бұрын өзіңіз «Түркі жазуына көшейік!» деп ұран тастаған едіңіз. Әлі сол пікіріңіздесіз бе? Әлде пікір өзгерді ме?
- Ол рас. Егемендіктің алғашқы лебі кімді де болса бір серпілтіп тастады ғой. Осыған орай, біз де әлдеқашан өшіп кеткен көне (ежелгі) жазуын қайта жаңғыртып жатқан еврей, моңғол халықтарының жанкешті әрекеті мен бір уыс қана грузин, армян халықтарының елтаңбасындай болған бірегей әліпбиін тілге тиек етіп, жүз елу миллион түрік халықтарының құр алақан қалғаны қалай деп қынжылғанбыз. Өкініштісі, түркі жұртының қазіргі өркениетті елдердің жазу тарихын он орап алып кететін, атам заманғы тарихы бар жазуы бола тұрып, «жазу-сызусыз» жұрт атанғандығында болып отыр. Ал, «жазу-сызусыз» халық дегеннің ар жағында «жабайы, мешеу, телмірінді, тілі дамымаған» т.б. сияқты «атақтар» тұрған жоқ па? Мұның өзі елдің еңсесін басып, ерді езге айналдырудың таптырмас құралы болып шықты. Тіптен, кешеге дейін кеңес құрамындағы түркі халықтары «өзіміздің жазу-сызусыз халық екенімізді әлемге жар салып айтып, орыс жазуы келіп жанымыз қалғанын» жарыса жамырай, мақтана мойындап келген жоқпыз ба? Ендеше «көк түрік» жазуын жаңғырту - еріккен мен есі кеткеннің ісі емес, түрік жұртының әлеми қоғам алдындағы елдік намыс-абыройын көтеретін іс.
Алайда, дәл бүгінгі заманда қайтадан көне түркі жазуына орала қоямыз деудің реті келе қоймайтынына көзіміз жеткен соң, бастапқы ойдан бас тартқанымыз да рас. Көне түркі жазуының әліпби таңбаларын пайдалану да оңай болмайды. Өйткені, олар тастың бетіне қашаумен жазуға икемделген. Оның үстіне көне түркі жазуының әліпби құрамы мен жазу ережелері (фонологиялық заңдылықтары) түгелдей анықталып болды деп тағы айта алмаймыз. Мысалы, Есік қорғанынан табылған тостағаншадағы санаулы таңбаны бес-алты маман  бес-алты түрлі оқып, ортақ нәтижеге келе алмай қойды. Өзге көне түркі мәтіндерінің де оқылуы осы сықылды. Сондықтан көне түркі жазуының құпиясы құпия күйінде қалып отыр деуге болады.
- Бірақ, түбегейлі өзгерткен жоқсыз ғой?
- Әрине. Көне түркі жазуының фонологиялық заңдылықтарын, өз шама шарқымызша, негіздеген болдық. Соған орай таңбаларының моделін де ұсынып көрдік. Ең бастысы, көне түркі жазуы, буын жазу болу керек, бір таңба бір дыбыс деп оқылып жүрген жобаларға күмәнмен қарауға тура келеді.
Егер көне түркі жазуының әліпби құрамы мен жазу емле-ережесі дұрыс анықталса, онда танымдық дәріс ретінде аудиторияларға ұсынуға болады. Өйткені, көне түркі жазуының заңдылықтары қазіргі түркі (қазақ) тілінің өзіндік заңдылықтарын болашақ тіл мамандарына түсіндірудің таптырмас лабораториялық үлгісі болып табылады.
Оған қоса, түркі халықтарына ортақ рәміз үлгісін ойластырып жатырмын. Себебі, жазу деген - халықтың болмыс-бітімін, мәдениетін, тарихын көрсете алмайды. Осы себепке байланысты, түркі халықтарына ортақ ту, елтаңба, әнұран болуы керек деп ұйғардым. Қазір көтеріп жүрген мәселем - осы. Мысалыға, түркі халықтарына ортақ не бар? Бірінші, Тәңірі. Яғни, Көк Аспан. Осыған орай көгілдір ту болса. Түркі халықтарының басын қосатын екінші не? Ол - Көк Бөрі. Осы Бөрінің сұлбасын тудың бір жеріне орналастырсақ деген ниет бар.
Қазір Түркі халықтарының басын саясат қоса алмайды. Біразы Еуропа, енді біршамасы Ресейдің, қала берді Қытайдың құрамында болғандығы есепті, саясат бұл мәселенің ауылынан алыс. Дін қоса алмайды. Өйткені, мұсылманы бар, христианы бар, буддасы бар, әрқайсысы бір-бір әлем. Жазу да қоса алмайды. Кирилица, араб таңбасы, латынмен жазып жатыр. Сол үшін де түркі халықтарын қосатын нәрсе, өзіміздің тотемдеріміз. Біз ұсынғалы жатқан елтаңба үлгісінде Көк Бөрі мен айдың суреті болады. Яғни, айға қарап ұлып тұрған Бөрінің суреті тұрады. Елтаңбаның да негізі Көк Бөрі болмақ. Көптеген конференцияларда көрсеткен үлгілерім бар. Ал әнұранның үлгісін сонау Мағжаннан да, Ахметтен де алуға болады. Қазақ топырағы ақындарға кенде болмаған. Бүкіл Түркі жұрты Көк Аспан мен Көк Бөріге қатысты аңызды жаппай мойындайды. Ресей түріктеріне жарты айды апарып көрсететін болсақ, олар оны қабылдамайды. Будда дініндегілердің өзіндік ұстанымы бар дегендей. Түркі халықтарын бір-бірінен шашыратып жіберетіндей себептерден гөрі, басын біріктіретін себеп болар еді деп пайымдаймын. Түркі халықтарының қай-қайсысы болмасын, Көк Бөрі мен Көк Тәңіріні жатырқамайды.
Ойтүрткі ретінде үлкен бір еңбек дайындап, ұсынайын деп отырмын.

-Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақ тілін үйретудің жаңа методикасын ұсынғандардың арасында Сіз де барсыз. Сіздікі - қандай әдіс. Бұл үрдіс жалғасын тапты ма? Шәкірттер тәрбиелеген боларсыз...
-  Иә, оның дұрыс. Мемлекеттік тіл мәселесі көтерілген алғашқы жылдары бәріміз, қолымыздан келгенінше, қазақ тілін дұрыс оқытудың жолдарын іздестірдік. Мен сол кезде мынаны байқадым. Мысалы, өзге ұлт өкілдеріне арналған кез келген қазақ тілі оқулығын алсаңыз, бас салып грамматиканы оқытудан бастайды. Сөздікті алсақ, ішінде кем дегенде 5-10 мың немесе одан да көп сөз болады. Орыстың мектеп қабырғасындағы баласы өзінің ана тілінің грамматикасын зорға меңгеріп жатқанда, оған апарып, қазақ тілінің грамматикасын үстемелейміз. Ересектер өзінің ана тілінің грамматикасын әлдеқашан ұмытып қалғанына қарамай, қазақ тілінің грамматикасын ұсынамыз. Сондықтан, басқа амалын іздестірдім. «Қазақ тілін грамматикасыз оқыту» деген әдісті ұсындым. «Онда қалай болады?» деген сұрақ туады. Сөздің, сөйлемнің, тіпті, мәтіннің өзінің белгілі бір модельдері болады. Қарап отырсақ, қазақ тілінің негізгі-негізгі күнделікті өзіміз сөйлеп жүрген модельдерінің саны шамамен 13-15 қана екен. Сол 13-15 модельді мен кітабыма түсірдім. Грамматикалық ереже, оның мысалдары деген тіптен болмайды. Бұл - қазақ тілін грамматикасыз оқытудың бір амалы. Әлі де болса оқулықтар, ықшам сөздіктер мен көрнекі құралдарын шығарумен шұғылданудамын.
90-жылдары біз бұған қатты кіріскенбіз. Мектеп аштым. Шәкірттер де көп болды. Алайда, аяқсыз қалды. Демеуші мен мүмкіндіктің жоқтығынан бұл үрдіс жалғасын таппады. Аудиторияда оқыту мәселесі, қазір осылайша тоқтап тұр. Дайындаған біраз шәкірттерім де қазір бет-бетімен кетіп қалды.
Бірақ, мен әдістемені Астанадағы «Руханият» тіл үйрету орталығына, өзге де облыс орталықтарына, мүмкін болған жерлердің бәріне жіберіп отырмын. Облыс-облыстарда семинар өткізіп, мұғалімдермен кездесіп, бұл әдістің жолдарымен таныстырып жүрмін.
Бұл мәселе қайтадан көтеріледі. Қайтадан қолға алып жатырмыз ғой енді. Қазір сәл саябырсып қалды. Қайта бастау үшін, бірінші кезекте телеарнаға берсем бе деп отырмын. Баяғыда КТК телеарнасында, 2-3 жыл осы методикаммен «Қазақ тілінің 365 сабағы» бағдарламасын жүргізгенмін. Кезінде, қоғамда үлкен резонанс туғызған-тын. Көшеде кетіп бара жатқан орыстар мені танып, хал-жағдай сұрасатындай халге жеткен едік.
Енді республикалық теле-радио, баспасөздерден осы үлгіні халыққа ұсынсақ. Оған көп уақыттың керегі жоқ. Қазіргі тіл үйрету бағдарламалары 15-20 минут жүргізеді ғой. Біз КТК-да, небәрі, 4-5-ақ минут сөйлейтінбіз. Тіл үйрету деген - ойын емес. Ол - ауқымды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Ал телеарнадағылар оны ойынға айналдырып алған.
Барлық телеарналарға күніне 4-5 минут қазақша сөйлеудің грамматикасыз үлгілерін беріп отыруды міндеттеп қойса. Сонда бір жыл бойы үзбей жүргізілген сабақ кәдуілгі оқу курсы болып шыға келеді. Тыңдаушы 5 минуттан артыққа шыдамайды, сондықтан сабақты 15-20 минутқа созылған ойынға айналдыруға болмайды. Күнделікті шығып жатқан газеттер де бетінің кішкене бір бұрышын беріп отырса. Мұндай шара іске асу үшін мемлекеттік нұсқау керек қой. Біздің айтқанымызды кім тыңдайды дейсің.

- Латын әліпбиіне көшуді неге «жазу реформасына айналдыру керек» деп жүрсіз?
- Кез келген тілдің жазуы қатып-семіп қалған емле-ереже емес. Сондықтан да мемлекет мезгіл-мезгіл жазуына өзгерістер ендіріп, жетілдіріп жатады.
Қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені, ол «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады. Өйткені әліпбиіміз бір тілдің емес, әлдеқашан қос тілдің әліпбиі болып орнығып алды.
Орыс жазуына байланысты алған жартыкеш-жарамсақ емлеміз бен әліпбиіміздің ана тілімізге тигізген бүгінгі зардабын көре отырып, әлі де болса орыс жазуында қаламыз деудің енді реті келе қоймас. Оның үстіне, Ресейдің өзіндегі орыс тілі мамандарының ішінде де латынға көшейік деген академиялық деңгейдегі пікір қалыптасып келеді. Тіптен, орыс жазуында қала қойғанның өзінде, оған түбегейлі өзгерістер енгізу керек. Ал, оған өзгеріс ендіреміз десек, оның дауы латынның дауынан да асып түсетініне еш күмән жоқ. Сонан соң, араға ғасырға жуық уақыт салып, араб әліпбиіне қайта оралып жатудың тағы жөні жоқ. Өйткені, қазіргі ұрпақ үшін араб жазуы көп бейтаныс жазудың бірі ғана. Ал латын жазуы қалай-қалай дегенде де, әлеми ақпарат жетістігінің бірден-бір құралы болып қалды.  Оның үстіне, егер латынға қазақтың төл дыбыстарын баптап өте алсақ, қазіргі жазуымыздағы тіл бұзар басы артық таңбалар мен емле-ережелер жол-жөнекей өзінен-өзі түсіп қалады. Жазу реформасы дегеніміз - осы.
Тіптен, әліпби ауыстыруды былай қойғанда, қазақ жазуын бір саралап алатын мезгіл жеткендігін көпшілік, оның ішінде тіл мамандары, біліп те, түсініп те отыр. Ендеше бұл бағыттағы шараны тек әліпби ауыстыру деп қарамай, кең қамтып, жазу реформасына айналдыру қажет. Сондықтан әңгімені тек әліпби ауыстыру төңірегінде ғана қалдырмай немесе бір таңбаны екінші таңбаға қалай ауыстырамыз дегенге ғана салмай, жазу төңірегіндегі өзге де мәселелерді қамтып отыру керек болады. 
Заман тәжірибесі әлеми ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы ретінде латын жазуын көрсетіп отыр. Әлеми ақпарат кеңістігіне жолын тауып ене алмай қалған елдердің даму қарқыны, сөз жоқ, бәсең болып қалмақшы. Жазуын сақтап отырған  қытай мен жапонды алға тартпай-ақ қоялық, олардың да ғылыми-өндірістік үрдісі сол латын негізінде дамып жатыр.
Турасына келетін болсақ, егемендіктің айғақ белгісі салтанат үстінде көрінетін дербес елтаңба, ту мен әнұран болса,  күнделікті мазмұнының бірі - жазу. Жазу дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әліпби, таңба және емле-ережеден құралады. Әліпби - тілдің дыбыс құрамы, таңба - дыбыстың қауызы, ал емле-ереже - әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекері. Олай болса, әліпбиі, таңбасы мен емле-ережесі үйлескен жазу тіл егемендігінің бір кепілі болып табылады.

- Қысаңдарды алып тастап қолдану тәсілін ұстанатын Ерғали Серік бауырыңыздың жобасына  қандай уәж айтасыз?
-  Мен бұл жерде ешкімнің атын атап, түсін түстеп жатпаймын.
Мұндай шешімнің тағы бір себебі бар. Қазіргі кезде латын әліпбиіне өтудің ондаған жобасы бар. Бір жобаны бір кісі, енді бір жобаны ұжым болып ұсынып жатқан авторлардың саны жүзден асты. Сонда бұл - неғып қаптап кеткен «байтұрсыновтар»? Тіптен қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Әріп пен дыбыстың айырмашылығын білмей жатып, дыбыс пен әріпті шатастырып жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Қазіргі әліпбиіміздегі 42 таңбаны, қайтсем компьютер түйметақтасының 26 түймешесіне сиғызамын деп әлек болып жатқандар тағы бар. Жоба ұсынушылардың бәрі дерлік, әліпби ауыстыруды кирилше бір таңбаны латынша екінші таңбаға алмастыру ғана деп ұғып отыр. Бұл - әліпбидің бас қатырмайтын ең оңай тұсы. Сондықтан да ұсынылған жобаларда ешқандай тілдік дәйектеме жоқ. Себебі, әліпби ауыстыру бір таңбаны екінші таңбамен алмастыру ғана емес. Ең бастысы, әліпби ауыстыру деген соқыр (механикалық) көшірме емес.
Әліпби ауыстырудың үш деңгейі бар: бірінші - әліпби деңгейі, екінші - таңба деңгейі, үшінші - емле-ереже деңгейі. Егер біз әліпби құрамын өзгертетін болсақ, онда оның ар жағындағы таңба және емле-ережелеріне де өзгеріс ендіруіміз керек. Таңбаға өзгеріс ендіретін болсақ, онда оның емле-ережеге әсері қандай болмақ, алдымен соны ойлап алуымыз керек. Бұл - тіл мамандары мен әдіскерлердің шешетін мәселесі.
Қазіргі кездегі латын әліпбиіне Өзбекстан, Түркменстан және Әзірбайжан толық көшіп алды. Іргеміздегі Өзбекстанды күнде көріп, күнде біліп отырмыз, әрідегі Әзірбайжанда жақында болып қайттық. Көшенің бәрі латынша жазу, ешкім ешнәрседен жаңылып немесе адасып жатқан жоқ.
Алайда, бұл жерде мәселенің екінші жағы бар. Түркі республикаларының латын әліпбиіне өткені дұрыс, ал қалай өтті, ол - бір басқа мәселе. Олар әліпби ауыстыруды саяси шараға айналдырып жіберді, сөйтіп асығыстық жасады. Сондықтан әліпби ауыстыру жазу реформасына айналмады. Кезінде ол республикалардың да таңба саны сол қырықтың үстінде болды. Латынға өткен кезде сол «айтулы қырық екіден» бастарын босатып алмай, кеңес дәуірінен қалған мұраны түгел қамтуға тырысты. Соның нәтижесінде олардың әліпби құрамы артып кетіп, таңба түрлері күрделеніп, емле-ереже жүйесі қиындап кеткен тұстары бар. Сондықтан да олар жаңа жазуына жол-жөнекей өзгерістер ендіріп, жазу реформасына қайта-қайта оралып жатыр.
Ал біз болсақ, сол латынға бұрын өткен республикалардың тәжірибесін байқап алуымыз керек болды. Ондай жоспар А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды. Олар жіберген қатені біз қайталамауымыз керек. Ол үшін, бірінші кезекте қазақ тілінің төл дыбыс құрамын қоспасыз, таза күйінде анықтап алуымыз керек (қазақ тілінің төл дыбыс құрамы бізде әлдеқашан анықталып қойылған, жоғарыдағы Институт қоржынында дайын тұр).
Енді жоғарыдағы қысаң дауыстыға байланысты. Қысаң ы дауыстысын жазбайық деген ұсыныс сонау 20-30 жылдары да ұсынылған болатын. Сондықтан жаңалық емес. Менің ойымша қазақ (түркі) тілі үшін дауыстыны түсіріп жазу деген болмайды: сөздің морфем құрамы мен буын құрамы бұзылады, тасымал жігі бүлінеді. Сонан соң дауыстыны түсіріп жазу әдістемелік тұрғыдан тиімсіз, жаңылтпаш ережелер көбейіп кетеді.
Жалпы, дауыстыны түсіріп жазу арқылы таңба мен қағаз бетін үнемдейміз деген пікір дұрыс емес. Емле-ереже үнем үшін емес, тілдің айтылым үлгісін дұрыс сақтау үшін құрастырылады. Және де бірғана ы дауыстысын қысқартудан үнем болмайды. Егер ы дауыстысын қысқартып жазатын болсақ, онда сол топтағы і, ұ, ү дауыстыларын да қысқарту керек. Егер олай жасайтын болсақ, онда қай сөздің қалай оқылатыны белгісіз, былық-шылық ереже сонда пайда болады. Мұның ғылыми-әдістемелік дәлелдемесіне бұл жерде тоқталып жатпаймыз.

-Біздің сайтымызда Съезд Ақымбек латынға көшудің тиімділігін дәлелдеп, өзінің орамды ойларын ортаға салса, Исхан Бейбіт бұл мәселенің кері жағын көрсетіп берді. Латынға көшудің тиімділігі бар ма, жоқ па? Сіздің ойыңыз нендей?
- Біреу біреуді жақсы көріп немесе жек көргені үшін емес, ақиқаттың түбіне жетуіміз керек. Біз қазіргі жазуымызды реформалауымыз керек. Оның айқай-шуы, жоғарыда айттым, латынға өткеннен жаман болады. Жұрттың көзі орыс жазуына үйреніп қалған. Сондықтан бұл мәселеге келгенде қарсылар бар, болған, алдағы уақытта да болады. Бірақ, біз оған мән бермеуіміз керек. Біздің латынға өтетінімізге күмән жоқ. Ерте ме, кеш пе солай болуы заңды. Орыстарда «біз - ұлы мемлекетпіз» деген ұғым бар. Олар қазір латынды жолатпай отыр. Түбі олар да көшеді латынға. Өйткені, ақпараттық құрал, жаңа технология осыны талап етуде. Қалта телефонды, ғаламторды пайдалансақ та, құдайдың құтты күні кедергіге тап болудамыз. Ол не деген сөз? Егер біз латынға көшетін болсақ, қазіргі жазуымыздағы барлық қиыншылықтар мен кедергілер, жаңсақ ережелер мен таңбалар бірден жойылып кетеді. Сонда арнайы қатып қалған қағиданың керегі жоқ. Өтеміз бе, өтпейміз бе деген мәселені талқылап, әуреленудің қажеті жоқ.
Съезд Ақымбек - біздің шәкірттеріміздің бірі. Қазақ фонетикасын дұрыс түсініп жүрген, сол салада дәріс беріп жүрген жігіттердің бірі. Қазақ фонетикасының білгірі, профессор марқұм Сапархан Мырзабековтен дәріс алған маман. Жазу реформасына деген ынтасын толық қолдаймын. Әліпби құрамын, таңбаларды, емле-ережесін  дұрыстаймыз. Төл тіліміздің заңдылықтарына икемдеп келтіреміз. Қазіргі жазуымызда 40-тан аса  тіліміздің заңдылығына қайшы ережелер бар. Содан құтыламыз.
Ал латынға қарсылардың өз дәлелдемелері бар, оған кезінде баспа беттерінде өз жауабымызды берген болатынбыз.

- Ұлттық құндылықтарымызды, мұраларымызды жоғалтып аламыз ба деген пікір ше?
- Бұл - қарсы топтың бірінші айтатын уәжі. Кирилшілердің дәйегі - бұрынғы орыс жазуы негізіндегі жазба мұраларымыздан айрылып қаламыз, ертең оларды ешкім оқи алмай қалады деген қауіп екені рас. Орыс жазуын бүгін-ертең ешкім өшіріп тастайын деп отырған жоқ. Мамандардың ұсынысы бойынша кирил жазуы латын жазуымен он-он екі жыл қатар жүреді. Оқулықтар жыл ретімен бірте-бірте латын жазуына көшіріліп отырады. Әдеби шығармалар мен көпшілік ғылыми еңбектер де сол ретпен жаңа жазуға ауысып отырады. Бұрынғы жарық көрген шығармаларымызды бәрібір қайта баспай отыра алмаймыз ғой. Мысалы, «Абай жолын», ұлы ақынның шығармаларын т.б. қайта баспай отыра алмаймыз ғой, қайта басамыз және оны латын әліпбиімен теретін боламыз. Ендеше олар латын үлгісінде толық болмаса да жеткілікті түрде үзбей жалғаса жарияланып отырады. Қазіргі ұрпақ кем дегенде жарты ғасыр кирилді ұмытпайды ғой, ендеше орыс жазуымен көзін ашқан ұрпақ, жазба мұрағаттарымыз оқылмай, мақұрым қаламыз деп уайымдамай-ақ қояйық.
Қазақ жазушыларының шығармалары оқылмай қалады деген де күмән бар. Оның да жауабын жазушының аузымен қайтарайық. Әліпби мәселесіне қатысты бір «дөңгелек үстел» үстінде белгілі жазушымыз Қабдеш Жұмаділов «Оқылатын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылады, оқылмайтын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылмайды» деп қысқа қайырып еді. Әдемі жауап. Ендеше жақсы шығарма латын әліпбиімен де оқыла беретін болады, тек шығарма жақсы болсын.
Ендеше әдеби шығармалар оқылмай қалады деген пікір дұрыс емес. Қазіргі кезде Әзірбайжанда, Өзбекстанда орыс тілін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Есесіне ағылшынды жақсы біледі. Анау оқылмай, мынау оқылмай қалады деген - бер жақтағы жеңіл-желпі себеп.

-Ауылдағы бауырларымыз қиналып қалмай ма?
- «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатымда айттым. Ауылдағы қазақтар қаладағы қазақтардан бұрын үйреніп алады. Ауыл балалары математикаға қандай жүйрік?! Қалаға келгенде тек орысшаға байланысты қиналуы мүмкін. Латын таңбасын үйрену қиын деген бекер әңгіме. Өйткені, ересек адамдар бір шәйдің үстінде үйреніп алады. Керек десеңіз, осы күнгі ересек ұрпақтың ішінде кезінде латынша оқығандары бар. Арамыздағы біраз ағаларымыз 39 жылға дейін латынмен оқыған. Қазіргі балаларға латын таңбасы мектептен таныс. Сондықтан, латынды үйреніп алу деген түк те қиын емес.
Қазақ халқы латынға көшсе, орыстар бізді оқымай қояды деген пікірге келер болсақ, егер таңбаға қарап оқыр болса, неге елдің бәрі ағылшынға шұқшия қалды? Жасы да, кәртемісі де, орысы да, қазағы да жаппай ағылшынға күш жұмсауда. Таңбасына қарап тіл үйренбесе керек. Бұл жерде мен тағы да әдістемеге тоқтала кетейін. Орыс ағайындар қазақ тілін шын ынтасымен оқысын дейтін болсақ, грамматикасыз оқулықтарды құрастыруымыз қажет. Қазір қазақша бұлбұлдай сайрайтын ауылдағы орыстар грамматикамен үйренген жоқ қой. Сондықтан, біз бірінші кезекте әдістеменің жүйесін өзгертуге тиіспіз. Белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов бір жиналыста жақсы сөз айтқаны бар. «Оқылатын шығарма қандай таңбамен жазсаң да, оқылады. Оқылмайтын шығарма, оқылмайды», -деді. Міне, әдемі жауап.

- Тіл білімі институтының өзінде 2-3 жоба бар дейді. Сол жобалардың тиімділігі қаншалықты?
- Негізінде, 2 жоба. Біреуі - «ұлттық жоба» деп аталады. Ол қазақ тілінің төл дыбыстарын қамтиды: барлығы - 28 таңба (негізі - 26 дыбыс). Қазақ тілінің төл дыбыстарының санына сай. Кейбір дыбыстардың таңбасына үстеме дәйекші қойылады.  Енді, екіншісі - «интернет жоба». Компьютердің пернетақтасынан шығатын жоба. Байтұрсынұлының дәйекші қою үлгісі пайдаланылады. Сөздің басына дәйекші қойылғанда сөз құрамындағы дыбыстар жіңішке әуезбен оқылады.
Ұлттық жоба бойынша компьютерге енгізу үшін арнайы бағдарлама жасауға тура келеді. Ал, ол - өте қымбат көрінеді. Информатиктердің қарсы уәждері осы. Қаржы жетіспей қалады-мыс. Түркі ағайындарға барып, баяндама жасағанда, олардың бізге айтқан кеңестері мынадай: «Сіздер латынға өтіңіздер! Microsoft бағдарламаны өзі үшін жасайды. Өйткені, ол сату керек». Интернет-жоба бойынша пернетақтадағы таңбалар сол қалпында қалады. Тек қана дәйекші қосылады. Сонда бас-аяғы 22-ақ таңба болып шығады. Тіліміздің төл ұлттық заңдылықтарын пайдаланып, реттестірер болсақ, оның шешімін табудың жолы көп.
Бұл жобалардың авторының бірі - мен. Тағы да профессор Нұргелді Уәли, Көбей Хұсайын  бар. Осындай бір топ мамандар дайындап отырмыз.
Тағы бір өзгешелік енгізіп, өзге жобаны өзім дайындаудамын. Бұл жобада халықаралық латын таңбаларымен үйлес келіп қалатын таңбалардың оқылуын реттеу керек болып отыр. Бұл - болашақтың ісі.
Бүгінгі күнде 100-ден аса жоба түсті.  Олардың барлығы тікелей Президенттің атына жолданады. Президент әкімшілігі Министрлікке жібереді. Министрлік біздің Институтқа, Институт латын әліпбиін зерттеп жүрген негізгі маман ретінде маған жібереді. Сол жоба авторларының жіберіп отырған үлкен қателігі 42 таңбаны түгел ауыстырамыз дейді. Олар бір таңбаны бір таңбаға ауыстырып, неше түрлі жолмен ойларына келгенін ұсынады. Емле, ережеге де қарамайды. Әліпби құрамы, таңба саны, көзтанымға әсері, әдістемелік жөні т.б. жазу теориясына қатысты жайттарды ескеріп жатқан ешкім жоқ. Жобаларын ұсынған авторлардың ішінде кім жоқ десеңізші?! Оның арасында академик те, құрылысшы да бар.
Жоба авторларының ішінде патент алып, жасаған жобаларына өздерінің атын қойып, дүркіретіп, жалаулатып жүргендер қаншама?! Олардың ішінде сөз түсінетіндері де, түсінбейтіндері де бар. Дау-жанжал шығаратындары да кездеседі. Осыдан 5-6 жыл бұрын санағанымда 80-нен астам жоба еді, қазір 100-дің үстіне шықты.
Өзбек, түрікмен, әзірбайжандар асығып өтті латынға. Орыстардың ықпалынан тезірек құтылу үшін апай-топай өтті де кетті. Көп нәрсені ескермеді. Қазір олар қайтадан өткенге шегініс жасап, шикі тұстарын қайта жөндеуде. Біз асықпай, аптықпай, ғылыми шешім қабылдадық. Негізінде, біз ғылыми шешімі дұрыс әліпби дайындап жатырмыз.
Үшінші жоба деген мәселеден шығады. Ол -орыс тілді мамандарымыздың жобасы. Біздің «мый» деген сөзіміз оларда «ми» деп жазылады. Осылайша сөздің әуезі өзгеріп кеткен. Өзім студенттерге сабақ беремін. Дәріс барысында әдейі «ми» деп жазып қоямын. Бәрі «ми» деп оқиды. «Мый» деп айту қалды қазір. Мұндай кереғарлық тілді бұзып жібереді. Мен тілдің құрылымы мен әуезін бұзып бара жатқан бір-ақ мысал келтіріп отырмын.
Ауыл сауатсыз қалады деп кемсітудің де керегі жоқ, ауыл қаладағы сіз бен бізден бұрын үйреніп алады. Компьютердің тапшылығын алға тартып та керегі жоқ. Осыдан бар болғаны бес-алты жыл бұрын өзіміз үрке қарайтын компьютеріміз бүгінде балалардың ойыншығына айналып кеткен жоқ па? Әні-міні дегенше ауыл көркінің бірі компьютер болады.
Ертеңгі күні саяси шешім қабылданатын болса, жобалардың бәрі жарияланып, талқыға түсетін болады.

- Институттың алдағы уақытқа жоспарлары қандай?
- А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына алдағы күзде 50 жыл толайын деп отыр. Қазір ғылымға, оның ішінде қоғамдық ғылымдарға үлкен көңіл бөлінуде. Тілді дамыту бағдарламасы қабылданғалы жатыр ғой. Қоғамдық ғылымдардың ішінде тарих, экономика, этнография, әдебиет, т.б. институттар бар.
Қазіргі жағдай соның көпшілігіне тән жағдай. Айлық аз. Жас ғалымдардың үйі жоқ. Білімді жас мамандар айлығының аздығынан, бізден қашқақтап, қаржысы көп жұмысқа мойын бұруда. Тіпті, профессорлар да орын суытып жатады. Осындай қиыншылықтар бар.
Дүниежүзінде қазақ тілін зерттейтін институт біреу-ақ қой. Түбі институттың жағдайы жаман болмайды. Институтымызда 10 шақты бөлім бар. Әр бөлімде 4-5-тен адам бар. Бұрын 7-8-ден болатын еді. Қысқарып, қалғаны осы. Тірлік істеп жатырмыз. Тіршілік барда, нәтиже болады деген сеніміміз кәміл. Мемлекет Тіл білімі институтын саясат үшін болса да ұстайды ғой.

-Тіл біліміндегі толғағы жеткен мәселелердің түйінін неге шешпейді? Қауқарсыз ба?
- Институт таза ғылыми-теориялық еңбекпен шұғылданады. Сондықтан да дайын еңбектер көпшіліктің қолына жете бермейді де, көпшілік оқымайды. Сосын ол жаппай жұртшылыққа қажет те емес. Мектеп мұғалімдеріне, ЖОО-ның оқытушыларына, арнайы министрліктің мамандарына, студенттерге, магистр, докторанттарға аса қажет.
«Институт түк те бітірмеуде» деген жаңсақ айтылып жүрген пікір бар. Қазақ әдеби тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігінің соңғы 2 томы ғана қалды шықпаған. Осы сөздікті Тіл білімі институтынан басқа қай мекеме жасай алар еді? Басқа ешбір мекеменің қолынан келмейді.  Басында 120 000 сөз деп жоспарлағанбыз. Кейіннен 150 000 сөз болды. Бұл бір ғана біздің институттың қолынан келетін нәрсе. Қазақтың 50 000 сөзі енгізілген орфоэпиялық, орфографиялық сөздіктері, жер-су атаулары мен қазақ есімдерінің анықтағышы, т.б. пәленбай баспа табақ болып шығып жатыр. Бұл сөздіктерді университеттер, министрліктер, өзге әкімшіліктер дайындай алмайды. Тізе берсек, көп. Біз тілдің іргелі мәселелерін шешеміз. Бір жерде жиын болып жатса, мінберге немесе алаңға айқайлай ала жүгірмейміз. Біздің жұмысымыз емес бұл. Онымен қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар айналыссын.
Мен бергі бетіндегі еңбектерді ғана айтып отырмын. Жаппай қарастырсақ, ол - қыруар еңбек.

- Ал институтта тілдің әлеуметтік жағы қалай қарастырылуда? Әлеуметтік-лингвистикалық зерттеулер жүргізіліп жатыр ма? Тілдің қоғамдық қызметі ғылыми негізделді ме?
- Бізде кезінде сондай зерттеумен айналысатын бөлім болған. Қиындықтарға байланысты біраз бөлімдер жабылып қалды. Әлеуметтік лингвистика бөлімі былтыр ғана ашылып, арнайы мамандар алынып жатыр. Тіл мамандарының күнделікті жұмысы өз алдына. Оның сыртында тіл үйрету мәселесі қолға алынып жатыр. Менің әлгінде тоқталып кеткен әдістемем де осыған саяды. Біздің тікелей міндетіміз болмаса да, осыны жасап отырмыз. Оның үстіне қазақша-орысша-ағылшынша, ағылшынша-қазақша түсіндірме сөздіктер, терминдер сөздігі, қоғамдық ғылымдар терминдер сөздігі сияқты еңбектердің барлығы тіліміздің қоғамдық-саяси қызметін кеңейтудің, ел арасына шығарудың амалдары болып табылады. Қайсыбір БАҚ бетінен, эфирден біздің ғалымдардың мақалалары түскен емес. Мәселенің әлеуметтік жағын да, әдістемелік жағын да, ғылыми тұсын да  қарастырудамыз. Өзіміздің «Тілтаным» деген ғылыми журналымыз бар. «Ана тіліне» барып, өзіңнің ғылыми мақалаңды бере алмайсың ғой. Сондықтан, Тіл білімі институтының жағдаятын сәл басқаша қарау керек. Ол алаңға улап-шулап шыға келетін қоғамдық қозғалыс емес. Қайталап айтамын, біз ондайдан алшақпыз.

- Сөз соңында не алып-қосарыңыз бар?
- Мен әруақытта бір-ақ нәрсеге қарсымын. «Қазақ тілі құрып барады, жағдайы нашар, мемлекеттік тіл қызметін атқара алмауда» деген іспетті пікірлерден естіген құлақ талады. Иә, мемлекеттік тіл қызметін толықтай атқара алмай жатқаны рас. Оны менсіз де өзің бәрін біліп отырсың. Біз кезінде әбден қатып қалған, өзінің тоталитарлық заңдылығы бар ел болдық. Халық та соған әбден бой үйретті. Қазір мемлекеттік қызметтің барлығында дерлік орыстілді қазақтар отыр ғой. Жап-жас жігіттер. Шетінен «шалақазақтар». Оларды кемсіткеніміз емес, қазақ тіліне шорқақ екендері айдан анық қой. Тіптен, білмейтіндері де жетіп артылады. Олар үшін қазақ тілінің мәртебесін көтеру - үлкен кедергі болып есептеледі. Қазақ тіліне кедергі орыстардан емес, биліктегі туған тілін танымайтын жап-жас жігіттерден келіп отыр. Өйткені, олардың қызметтік өсуге мүмкіндіктері жетерлік. Ал ауылдың жасы оның бір пұшпағына да жете алмауда. Бұған ешкімнің дауы болмасын, өйткені, бұл - ақиқат шындық. Мұның бәрі бірте-бірте орнына түседі.
Орыс ағайындардың қазақ тіліне деген құлқы тасып тұрмағаны белгілі. Бірақ қазақ тілін үйрене алмаудың басты себебі басқада. Ол - орыс ағайындарға ұсынып отырған әдістемелеріміз бен оқулықтарымыз. Әзірге біз өзге ұлт өкілдерін қазақ тілінде сөйлеуге емес, оларға қазақ тілінің грамматикалық ережелерін жаттатып әлек болып жатырмыз. Егер біз қазақ тілінде сөйлеудің әдістемесі мен оқулықтарын дұрыстап ұсына алсақ, онда, сөз жоқ, нәтиже басқа болған болар еді. Өкінішке қарай, әзірге олай болмай отыр.
Ал, латын әліпбиі ұлт араздығын тудырады дегеннің тіптен жөні жоқ. Ұлт татулығы мен ұлт араздығы жазуға емес, тұрмыс-тіршіліктің бабына байланысты. Жазуы түгіл, тілі бір халықтардың өз ара қырқысып жатқанын көрмей отырған жоқпыз ғой. Ендеше ұлыстар татулығы мемлекет саясатына байланысты. Еліміздің еселі даму қарқыны мен орнықты ұлт саясаты кімге де болса аян. Тұрмыс-тіршілік мүддесі Қазақстанға қарап тұрса, ешбір ұлт-ұлыс оның жазуына өкпелеп теріс айналмайды.
Жүнісбек Әлімхан,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Cұхбаттасқан Мөлдір Кенжебай

www.mtdi.kz сайты

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303