Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 1874 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 09:19

Қазақ жанын ешкім тани алған жоқ…

 

Соңғы онжылдықтарда өмір айтарлықтай өзгерді, жаңа заманға сай өзіндік талаптар пайда болды. Соған орай, қолданысқа жаңа ұғымдар еніп, тіліміз тың түсініктермен толыға түсті. Мысалға, бір ғана жұмысқа тұру кезіндегі жағдайды айтар болсақ, бүгінде кез келген адамның резюме, менеджер, корпоративті мәдениет іспетті басқа да толып жатқан соны ұғымдарға ұшырасары анық. Мәселе - солардың мәнісін ұғып қана қоюда емес, бұл арада кейбір жайттардың қыр-сырын алдын ала білуге, психологиялық тұрғыда түсінуге тырысуға тура келеді. Содан да болар, қазір қай кітап дүкеніне бас сұқсаңыз да, «Психология» айдарымен шығып жатқан әдебиеттерден көз сүрінеді.

 

Соңғы онжылдықтарда өмір айтарлықтай өзгерді, жаңа заманға сай өзіндік талаптар пайда болды. Соған орай, қолданысқа жаңа ұғымдар еніп, тіліміз тың түсініктермен толыға түсті. Мысалға, бір ғана жұмысқа тұру кезіндегі жағдайды айтар болсақ, бүгінде кез келген адамның резюме, менеджер, корпоративті мәдениет іспетті басқа да толып жатқан соны ұғымдарға ұшырасары анық. Мәселе - солардың мәнісін ұғып қана қоюда емес, бұл арада кейбір жайттардың қыр-сырын алдын ала білуге, психологиялық тұрғыда түсінуге тырысуға тура келеді. Содан да болар, қазір қай кітап дүкеніне бас сұқсаңыз да, «Психология» айдарымен шығып жатқан әдебиеттерден көз сүрінеді.

Жұмысқа қайткенде оңтайлы орналасуға болатындығынан бастап, аз уақыттың ішінде жетістікке қалай қол жеткізу керек, жұртпен қалай сөйлесіп, қалай қарым-қатынас жасағанда есебің түгелденеді, қалай баю қажет, қайткенде бақытты боласың, қайткенде қаржылық жағдайың түзеледі, қандай жағдайда өміріңді жақсарта аласың, ол - ол ма, тіпті әйелдің жүрегін қалай тез жаулап алуға болады, еркекті уысқа қалай түсірген дұрыс деген сияқты үлкенді-кішілі жайттардың бәрінің құпиясын өзінше ашуға талпынған кітапшалар қатары көбейген үстіне көбейе түсуде. Және оған себеп те жоқ емес. Басқаша айтқанда, қарапайым жұртшылықтың дені торығып, тарығып жүр. Өмірдің иініне көніп, жағдайға бейімделуге тура келетіні тағы бар. Осы ретте, психологиялық әдебиеттер тағдырдың тегеурініне қарсы тұруға тырысқан жұрттың қарманар талына, тіреуіне айналып отыр деуге болады.

Қалай дегенмен де, психология - адамның жанын тануға бағытталатын ғылым. Және оқырманның бұл бағыттағы әдебиетке қызығушылығы бүгінгі уақыт тынысына орай ғана артып отырған жоқ. Өзін-өзі танып білуге, сондай-ақ өзгені түсінуге ұмтылу - ежелден-ақ әрбір адамға тән қасиет. Тек осы тұрғыдан келгенде, қай ұстанымды басшылыққа аласың, кімнің кеңесіне жүгінесің, міне, мәселе сонда. Айталық, психология саласына арнайы маманданатын студенттердің ғана кәдесіне жарайтыны болмаса, қазіргі таңда жалпы көпшіліктің Қ.Жарықбаев, Ә.Алдамұратов, О.Озғанбаев еңбектеріне қанағаттана қоюы екіталай. Оқу құралы есебінде екені өз алдына, ертеректе шыққан психологиялық әдебиеттердің дені - аударма. Тілі де, тақырыптық жүйеленуі де түпнұсқасынан алшақ кете қоймаған, ұлттық санаға, ойға қонымсыздау дүниелер болып келеді.

Бір даусыз жайт - психология ғылымына біз күні кешеге дейін жеткілікті мән бермей келдік. Жеке факультет ретінде бөлініп шығып, осы сала бойынша маман дайындала бастағанына да он-он бес жылдың ғана жүзі болды. Психолог қызметінің ауадай қажет екендігін қазір өмірдің өзі көрсетіп отыр. Өйткені жаңарған жүйеге кіріге алу, өзгерген құндылықтарды қайта салмақтау, ортаға, уақытқа бейімделу екінің біріне оңайға соқпайды. Оның бер жағында отбасындағы қарым-қатынас пен бала тәрбиесіне қатысты қаншама түйткілдер бар! Әйтсе де елімізде аталмыш ғылымның кенжелеп отырғанын былай қойғанда, психологтың кеңесіне жүгіну деген - халқымыздың салтына да, санасына да әлі сіңісе қоймаған нәрсе. Сол себепті де, әлдебір шешім қабылдауға тура келгенде немесе өзін мазалаған жайттардың ақ-қарасын ажыратуға тырысқанда, қарапайым қазақ маманның алдына барып, кеңес құрғаннан гөрі керекті кітапты дүкеннен алып оқып, өзінше ой қорытқанды артық көреді. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, психологиялық әдебиеттердің дені қазақ оқырманының табиғатына, таным-түсінігіне лайықталып жазылмаған.

Сондай бөгде әдебиеттерді бетке ұстаған психологсымақтарымыздың кейбірі өздерінің тіпті қазаққа мүлде жат тілде сөйлейтіндіктерін сезінбеуге айналған сыңайлы. Мәселен, «қазақтың белгілі психологы» деп, алты Алаш аузына қарап жүрген Анна Мергенбайқызы қайсыбір жылы «Ақжүніс» бағдарламасына қатысып отырып, бір кейіпкерге: «Приличный қыздарда нең бар? Әйелге барғың келсе, оңды-солды жүргің келсе, 500 теңге төле де, Саин көшесінің бойындағы қыздарға бар. Олар «бала табамын» демейді, ештеңе талап етпейді» деген «ақыл» айтты. Мүмкін, мәдениетті, бүгінгі заманға сай болып көрінгісі келгені шығар. Бірақ қалай болғанда да, қазақтың санасына, дәстүрлі түсінігіне мүлде жат нәрсені айтып, жоқ жерден жік шығарғанда, не ұтамыз?! Әсіресе, психология іспетті, адамның жан дүниесін зерттейтін ғылымның әрбір тұжырымы айдаладан алынбай, әркімнің жүрегіне, көңіліне қонатындай болғанына не жетсін!

Осы орайдағы бір анық нәрсе - бізде ұлттық дүниетанымы
кең, қазақтың жанына терең бойлай алатын, қазақша жан-жақты ойлай алатын психолог мамандар тапшы. Көбісінің айтатыны - кітаби, жаттанды сөз. Және онысы қазақ табиғатымен еш қабыспайды. Осындай жағдайда Жүсіпбек Аймауытовты еріксіз еске аласың. Алаштың айтулы арысының сонау ХХ ғасырдың басында-ақ «Психология» деген еңбек жазып, ұлтының жан дүниесін тануға талпынғаны тегін емес екен ғой...

Сына
...Психологиялық әдебиеттер іргелес орысты былай қойып, бізге енді тікелей Батыстан ауыса бастады. Психология төл ғылым ретінде әлі де дамып үлгермеген қазақ топырағында алуан түрлі тестер мен тренингтер тамыр жайып та үлгерді. Бірақ Батыс жұртының менталитеті мен біздің табиғатымыздың екеуі екі бөлек. Біз қанша қаласақ та, бәрібір ағылшын бола алмаймыз. Сондықтан әр нәрсеге өз көзқарасымыз тұрғысынан келіп, тіпті болмаған жағдайда батыстық шикізатты өз жағдайымызға бейімдей отырып пайдалансақ, ұтылмасымыз анық.

 


Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

"Алаш айнасы" газеті  18 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576