Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3556 0 пікір 2 Тамыз, 2011 сағат 08:31

Салтан Сәкен. Неге біз Мұқағалиды кино саласында дәріптей алмай келеміз?

Жанқалдыбек ТӨЛЕНБАЕВ (Мұқағали бейнесінде)

Жанқалдыбек ТӨЛЕНБАЕВ (Мұқағали бейнесінде)

Абай «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» десе, данышпандарымыз «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Осы сөздерді Мұқағали Мақатаевқа қаратып айтсақ, артық айтқандығымыз емес. Оның артында өлмес сөз қалдырған, өшпес іс қалдырған ақын екеніне дау айтатын адамды осы уақытқа дейін кездестірмеппіз. Бүгінде ақын сөзі «жапырақ жүрек жас қайыңның» сыбдырындай әр жерден еседі. Қайын жұртқа қандай сүйкімді болса, ақынның өзі де, сөзі де халыққа сондай сүйікті болды. Алайда бүгінде көпшілік ескермей жүрген бір мәселе өзекті өртеп бара жатқаны - шындық. Ол - ақын бейнесін кинода, театрда, өзге де бейне өнерінде қалыптастыру және сақтап қалу.

Бүгінде Мұқағалидың бейнесіне қыл­қалам тартып жүрген суретшілеріміз аз емес. Оның ішінде шығармашылығының басым көпшілігін Мұқағали тақырыбына арнаған суретші Алмас Сырғабаевты да атап кетуге болады. Суретші был­тыр Мұ­қа­ғали Мақатаев рухына арнаған «Қар­лығашым, келдің бе?» атты поэти­калық сурет көрмесін өткізген болатын. Күні кеше ғана ақынның 80 жылдық мерей­тойына орай Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Сурет­ші­лер одағы­ның ықпалымен құ­рылған «Ға­ла­март» шығармашыл жастар клубы көр­кем­сурет көрмесін ұйымдастырды. Бұл ша­рала­рдың бәрі - ақын бейнесін бейнелеу өне­рінде сақтауға қосылған үлес.

Енді театрға келсек. Мұқағали тұлға­сы­ның алғаш рет сахнада сомдалуына ақын Серік Тұр­ғынбекұлының сіңірген еңбегі зор. Осыдан сегіз жыл бұрын Аста­на­дағы Қалибек Қуаныш­баев атын­дағы Музыкалық драма театрында Серік Тұрғынбекұлының «Мұқағали» поэти­калық драмасы көрер­менге жол тартты. Бұл пьеса әлі күнге дейін театр маусымындағы репертуарлар тізімінен түскен емес. Кассалы қойылымдардың да алдыңғы қатарындағы драма. Және кез келген аудито­рияның көзайымына айнал­ған спектакль болды. Бәрінен де қызығы, Мұқағалидың рөлін сомдаған Қалибек Қуаныш­баев атындағы Музыкалық драма театрының әртісі Жанқалдыбек Төлен­баев­­тың ақыннан аумайтындығы ақын тіріліп, алдыңа келгендей сезім қалдырады екен. Серік Тұрғынбеков те әртістің түр-сипаты­нан Мұқағали тұлғасының бір ұшқынын байқап: «Мен Мұқағали рөлін Жанқал­дыбек Төленбаевқа арнап жаздым», - дей­ді. Міне, шымылдығын ашып берген Серік Тұрғынбековтің «Мұқаға­лиынан» кейін бүгінде бірнеше драма дүниеге келді.

Кино. Кино өнерінде Мұқағалиды көру әзірге мұң болып тұр. Өкінішке қарай, елімізде ақынға арнап көркем фильм түсірілген емес. Жалпы, біз бұл мәселеде әлі күнге дейін ақсап келе жат­қанымыз жасырын емес. Кино - тұлғаны тарихта тайға таңба басқандай анық қалдыратын өнер. Келер ұрпаққа қалдыратын мұраның таптырмас тәсілі. Бұл тәсілді Ресей жақсы жолға қойған. Жақында Пушкинге қатысты киноспектакльді қойды, фильм де түсірілді. Сондай-ақ орыс көршілеріміз Сергей Есенинге, Федор Достоевскийге, Лев Толс­тойға, Михаил Лермонтов­қа арнап көркем фильм түсірді. Тізе берсең, табыла береді. Ал бізде саусақпен санарлық қана: Абай, Жамбыл, Шоқан... Басқасын есімізге түсіре алмадық. Құдайға шүкір, Мұқағалиға деректі фильм түсіріліп жатыр. Ал көркем фильмнің ауылы алыс тәрізді. Осы жерде «неге біз бұл тұрғыдан Ресейден үлгі алмағанбыз?» деген заңды сұрақ туындайды. Әлде тұлға тақы­рыбында түсірілген фильмдер өзін ақтамайды деп, оған шығындалғымыз келмей ме? Неге біз тұлғаларымызды, оның ішінде Мұқағалиды кино саласында дәріптей алмай келеміз?

Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ, «Мұқағали» драмасының авторы, ақын:

- Қалибек Қуанышбаев атындағы Музы­калық драма театрында жұмыс істеп жүр­ге­нім­де белгілі режиссер Әзірбайжан Мәм­бетов ағамыз: «Ақыннан жаман драматург шықпай­ды. Ақын болға­ның­мен, жаза да аласың. Сондықтан да «Мұ­қа­ғали» драмасын сен жазасың. Ақын­ның жанын ақын ғана түсінеді», - деп ұсыныс жасады. Драма осылайша дүние­ге келді. «Мұқағали» драмасы­ның сәтті шығуына менің драматургтік шеберлігім емес, ақынның өзінің болмысы мен өлеңдері себеп болды. Менің драмамнан кейін де бірнеше шығарма өмірге келді. Олар еліміздің әр аймағында қо­йылып жатыр. Әркім Мұқа­ғалиды әр қырынан көрсетіп, әр­түрлі шешім шы­ғаруда. Ол театр өнерінде дұрыс та шы­ғар, бірақ кино өнеріне байқап қадам басу керек. Біздің жазып жатқан дра­ма­­ларымыздың кейіпкер болып сахнада көрініп жатуын киноға апа­ра жатқан баспал­дақ деп түсіну қажет.

Жанқалдыбек ТӨЛЕНБАЕВ, Мұқағали рөлін сомдаушы актер:

- «Мұқағали» спектаклі көрермен тал­ға­майды. Барлық аудиторияға арнал­ған, бар­лы­ғы сүйсініп көретін қойылым. Өзім Мұқа­ғали рөлін сомдағанда залдан шыбынның ызыңын естімеймін. Жұрт ыждағаттылықпен тыңдайды. Енді, міне, «Қазақфильм» мен «Құн»  студиясы бірігіп, ақынның Дін­мұ­хамед Қонаевқа жазған хаты туралы «Мұқа­ғалидың шын­дығы» деген деректі фильм түсі­ріп жатыр. Мені соған шақырды. Алма­тыға барып, 55 минуттық фильмге түсіп келдім. Бұл бастауы ма деп ойлаймын. Осы деректі фильмнен кейін Мұқағалиға деген жүрек­те­рінде сезімі бар, көкірегі ояу, көзі ашық режиссерлер Мұқағали фильмін қолға алатын шығар.

Автор: Салтан Сәкен

http://alashainasy.kz/tul/26120/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371