Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ. Имам Әл-Матуридидің ақидасы: мәні мен маңызы
Ақида (сенім тіректері) ғылымы - ислам дінінің негізі. Шариғатымыз бойынша, ақида дұрыс болмаса, жасалған құлшылық-ғибадаттар да Алланың құзырында (назарында) қабыл емес. Мәселен, ақиданы ағаштың діңгегі десек, ғибадаттар сол дарақтың бұтақтары іспетті. Сондай-ақ іргетассыз ғимарат болмайтыны секілді, ақида дұрыс болмаса, жасалған құлшылықтар да орнына бармайды. Осы жайлы Орта Азиялық кемеңгер Аллаяр: «Ақида білмеген шайтанға ерер, ақидасыз мың жыл амал етсе де, жел болып ұшып кетер», - деп аталмыш ілімнің маңызын атап көрсеткен.
Ақида мұсылмандарды дұрыс емес түрлі сенімдерден сақтайды, мұсылмандардың бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз етеді.
Сенім барлық илаһи діндердің негізін қалайды, себебі ол уақыттың өтуі, өзгеруі мүмкін болған үкімдерге ұқсамайды. Сенім - Адам (ғ.с.) атадан басталып, қиямет күніне дейін өзгермейтін түсінік. Сондықтан, «Әһлі сунна уә-л жамаға» ханафилік, шафиғилік, мәликилік, ханбалилік мәзһабтардың барлығында да сүннеттік сенім бірдей деп біледі.
Сондықтан болар, Алла елшісі (с.ғ.с.) жиырма үш жылдық пайғамбарлық өмірінің алғашқы он үш жылында ақиданы түсіндірген.
Осы ретте айта кетер мәселе, хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың көзі тірісінде ел арасында сенім тіректері жайлы келіспеушіліктер болмаған.
Ақида (сенім тіректері) ғылымы - ислам дінінің негізі. Шариғатымыз бойынша, ақида дұрыс болмаса, жасалған құлшылық-ғибадаттар да Алланың құзырында (назарында) қабыл емес. Мәселен, ақиданы ағаштың діңгегі десек, ғибадаттар сол дарақтың бұтақтары іспетті. Сондай-ақ іргетассыз ғимарат болмайтыны секілді, ақида дұрыс болмаса, жасалған құлшылықтар да орнына бармайды. Осы жайлы Орта Азиялық кемеңгер Аллаяр: «Ақида білмеген шайтанға ерер, ақидасыз мың жыл амал етсе де, жел болып ұшып кетер», - деп аталмыш ілімнің маңызын атап көрсеткен.
Ақида мұсылмандарды дұрыс емес түрлі сенімдерден сақтайды, мұсылмандардың бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз етеді.
Сенім барлық илаһи діндердің негізін қалайды, себебі ол уақыттың өтуі, өзгеруі мүмкін болған үкімдерге ұқсамайды. Сенім - Адам (ғ.с.) атадан басталып, қиямет күніне дейін өзгермейтін түсінік. Сондықтан, «Әһлі сунна уә-л жамаға» ханафилік, шафиғилік, мәликилік, ханбалилік мәзһабтардың барлығында да сүннеттік сенім бірдей деп біледі.
Сондықтан болар, Алла елшісі (с.ғ.с.) жиырма үш жылдық пайғамбарлық өмірінің алғашқы он үш жылында ақиданы түсіндірген.
Осы ретте айта кетер мәселе, хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың көзі тірісінде ел арасында сенім тіректері жайлы келіспеушіліктер болмаған.
Себебі, ол кезде сахабалар арасында әлдебір мәселе туа қалса, Алланың Елшісінен (с.ғ.с.) сұрап, лезде дұрыс жауап алатын. Бірақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден озған кезеңдерде Ислам діні қанат жайып, мұсылмандардың саны көбейіп қалған. Сол уақытта шариғат мәселелері жөнінде пікір қайшылықтары туындай бастады. Осы сәттерді пайдаланғысы келген дін дұшпандары (мажусийлер) мұсылмандардың арасына іріткі салуға барынша тырысты.
Сөйтіп, мұсылмандар арасында ақида тұрғысында түрлі талас-тартыс, дау-дамайлар етек алды. Бұл жағдайлар мұсылмандардың иман тұрғысынан әлсіреуіне соқтырып жатты. Осындай бір қиын уақытта «Әһлі сунна уә-л жамаға» сенімін қорғап қалу мақсатында, «калам» (ақида ғылымының екінші атауы) өмірге келді. «Калам» сөзінің сөздік мағынасы сөзбаян, тіл, диалект деген ұғымды, ал, Каламуллаһ сөзі - Алланың сөзі, яғни Құран кәрімді білдіреді. Терминдік жағынан калам сөзі - Құран кәрім және хадистерден бұрын айтылып кеткен дәлелдерді де аңғартатын, философия жолымен нағыз ислам ақидасын дәлелдейтін, ешқандай да күмәнға орын қалдырмайтын сенім жайындағы пән.
Умауилер дәуірінде (717-720) Умар ибн Абд әл-Азиз, Зайн әл-Абиддин, Хасан Басри, имам Ағзам (оған Алланың рахымы болсын) «калам» ғылымының алғашқы негізін қалаушылар еді. Имам Ағзам (р.а.) алғашқылардың қатарында ақида ғылымындағы маңызы зор «Әл-фиқһ әл-акбар» («Үлкен фиқһ») атты кітабын жарыққа шығарды. Ол уақытта ақида (калам) ғылымы фиқһ ғылымынан бөлінбеген-ді. Ол кейін жалған сенімге сүйенген топтар көбейген соң, өз алдына бөлініп, Тәпсір және Хадис сияқты негізгі ғылымдар қатарына қосылды.
Бұл ғылымның негізін қалаушылар ислам әлемінің шоқ жұлдыздары самарқандық имам Әбу Мансур әл-Матуриди және ирактық имам Әбу-л Хасан әл-Ашғарилер болды. Ақидамен қатар хадис және фиқһ ғылымдарының өркендеуіне үлкен үлес қосқан, Ханафи мазһабының фиқһ мәселелеріне қаныққан ғалым Әбу Мансур әл-Матуриди өз тәлімгерлігінде «Әл-фиқһ әл-акбар» («Үлкен фиқһ») кітабына сүйенген.
Ислам әлеміндегі ақида мәселесінде талас күшейген заманда имам Матуриди мұсылмандар арасына жік салғалы тұрған теріс ағымдарға қарсы өзінің ұшқыр білімділігімен, аят, хадистерден алынған дәлелдерге сүйеніп, өте маңызды мәселелерді дұрыс шеше білді. Мұсылмандарды теріс пиғылды ағымдар жетегінен қорғады. Осылайша ислам ақидасын бір жүйеге түсіргені үшін имам әл-Матуриди «Мусаххиху-л ақидати-л муслимин» («Мұсылмандардың ақидаларын түзетуші») және «Ағламу-л һуда» («Тура жолды білуші») деген атаққа ие болды.
Сондықтан мұсылмандар сенім мәселесінде ақида ғылымының негізін қалаған осы екі ұлы ғалым - имам Әбу Мансур әл-Матуриди мен имам Әбу-л Хасан Ашғаридің мәзһабтарын ұстанады. Қазіргі таңда дүниежүзі мұсылмандарының үштен екісі имам әл-Матуридидің ақидасына, ал бір бөлігі имам Ашғари ақидасына сүйеніп, ғибадат жасайды. Аллатағала «Ниса» сүресінің 115-аятында: «Кімде-кім тура жол (һидаят) анық болғаннан кейін Пайғамбарға (с.ғ.с.) қарсы келсе, әрі мұсылмандардан басқа біреулерге ерсе, біз оны өзі жүріп бара жатқан қисық жолымен жүруіне мүмкіндік береміз, ал ақыретте оны тозақта азаптаймыз. Тозақ неткен жаман жер», - делінген.
Бұл аяттың мазмұнын кез келген ақыл-ой, парасаты бар адам түсіне алады. Сол үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, Алла менің білімімді арттыруыңмен бірге, ақыл-парасат, түсінікті қоса бер», - деп дұға жасап, әрі үмбеттеріне солай дұға жасауды өсиет еткен. Өйткені, адамзат баласының білімі болғанымен, сол білімді түсінетін ақыл-парасаты, түсінігі болмаса, онда мұнан жаман нәрсе жоқ. Аллатағала «Бақара» сүресінің 269-аятында: «Алла өзі қалаған пенделеріне даналықты береді (Пайғамбарлықты немесе Құран ғылымын). Кімге сол даналық берілген болса, демек оған көп жақсылық берілгені. Бұл үгіт-насихаттан тек ақылды пенделер ғибрат алады», - делінген.
Демек, ақыл-парасат, түсінік дегеніміз - ұлы қасиет, сол арқылы адамзат баласы Құран, хадис ғылымдарын меңгеріп, олардан дұрыс үкім шығара біліп, әрбір аят және хадистің маңыздылығын, терең мағынасын түсіну қабілетіне ие бола алады. Аллатағала өзінің ұлы нығметі болған даналықты барлық пенделеріне емес, тек қана өзі жақсы көрген, өзі қалаған пенделеріне ғана береді.
Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед - ислам дінінің ақида саласында мол мұра қалдырған ұлы имамдардың бірі. Ол мұсылман ғұламалары арасында «Аләмул Һуда (Һидаят туы), Имаму-л һуда (Һидаят көшбасшысы), Имаму-л-мутакаллимин (Каламшылар имамы) сынды лақап аттарымен кеңінен танылған. Ғалымның туылған жылы туралы нақты мәлімет сақталмаған. Дегенмен оның шамамен 852 жылдары дүниге келгендігі туралы болжам да бар.
Имам әл-Матуриди Саманидтер әулеті билік құрған, Ислам ғылымы өркендеген кезеңде Самарқанд маңындағы Матурид қалашығында өмір сүрді. Бұл өлке Қарахан хандығы кезінде Мауараннаһр қарамағына енді.
Имамның ұлтын да тарихшылар дөп басып дәл айта алмайды. Бір деректер оны түркі тектес халықтарға жатқызса, екінші бір еңбектерде ол мәдинелік атақты Әбу Аййуб Халид ибн Зайд ибн Кулайб әл-Ансари әулетінен, яғни арабтардан шыққан деп тұжырымдайды. Кейбір отбасылардың Мәдинадан Самарқандқа келіп қоныстанғаны туралы мағлұмат осы пікірді қуаттайды. Имамның есімі Камал ад-Дин әл-Баязи еңбегінде (1687 қ.б.) «әл-Имам Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әл-Әнсари» деп берілуі осыдан.
* * *
Әбу Мансұр әл-Матуриди фиқһты (заң ғылымын), яғни шариғат қағидаларын Самарқандтағы Ханафи мәзһабының фиқһ ғалымдарынан үйренді. Кейінірек өзі де осында фиқһ және калам ілімдерінен дәріс берді. Әл-Матуридидің көзқарастары алғашқыда тек Мауараннаһр елдеріне ғана тарады. Ол кезеңде бұл өлке фиқһ пен хадис ғалымдарының нағыз пікірталас алаңына айналған болатын. Пікірталас көбінесе Ханафи және Шафиғи мәзһабтары өкілдері арасында өрбіді. Пікірталастардың қызықты өтетіні сонша - небір басынан қайғы арылмаған адамдар келіп, фақиһтердің (мұсылман заңгерлерінің) сөз сайыстарын тыңдағанда, ғажайып рухани нәр алып, дерттерінен кәдімгідей айығып кететін. Сонымен бірге Мұғтазила ағымының өкілдері мен фақиһ (заңгер) хадисшілер ұдайы калам іліміндегі мәселелер бойынша өзара тартысатын. Имам әл-Матуриди жастайынан осындай ақыл мен пікірталасы мол ортада өсті. Ол фиқһ мәселелері бойынша Ханафи мәзһабын ұстанды. Сонымен қатар калам іліміндегі тақырыптар бойынша да шығармалар жазды.
Оның калам ілімінде қолданған әдістерінің имам Әшғаридің түсіндіру тәсілдерінен өзіндік айырмашылығы бар еді. Десек те, оның сенім тұрғысындағы көптеген пікірлері мен ой-тұжырымдары Әшғари мәзһабымен үйлесетін. Ханафи мәзһабы ғұламалары имам әл-Матуридидің көзқарастары имам Ағзам Әбу Ханифаның сенімдік пікірлерімен ұштасатынын айтады. Имам Ағзам адамзат тарихында шариғат және пәтуа мәселелері бойынша үкім беруде заңғар тұлға саналады. Ол ақида (сенімдік) мәселелері бойынша ғалымдармен пікір сайысу мақсатымен Басра қаласына жиырма екі рет сапар шеккен имам Ағзамның өмірін зерттеушілер оның ақида мәселелерімен шұғылдануы фиқһ саласына біржола бет-бұруынан бұрын болғандығын айтады. Оның сенім тұрғысындағы шығармалары сол дәуірдегі кейбір Исламды күйретпек болған топтарға қарсы бағытталды. Яғни, ол сол кезеңде туындаған сенімдік мәселелерге орнықты жауап беріп, Исламға қарсы ұйымдастырылған шабуылдарға тойтарыс беріп отыратын.
Имам Ағзам сенім негіздері бойынша трактаттар жазды. Бұл трактаттардағы мағлұматтардың имам Әбу Ханифаға қатысты екендігі даусыз. Имам Ағзамның сенім негіздері тұрғысында жазған төмендегідей шығармалары мұра болып қалды: 1. «Әл-Фиқһу-л әкбар» - «Үлкен фиқһ»; 2. «Әл-Фиқһу-л әбсат» - «Кеңейтілген фиқһ»; 3. «Рисалату Әби Ханифа ила Осман әл-Уатти» - «Әбу Ханифаның Осман әл-Уаттиге хаты; 4. «Уасияту Әби Ханифа ли-тилмизиһи Йсуф ибн Халид әс-Самти» - Әбу Ханифаның шәкірті Йусуп ибн Халид ас-Самтиге өсиеті; 5. «Китабу-л илми; барран уа бахран, шарқан уа ғарбан, буғдан уа қурбан» - «Құрлықтағы, теңіздегі, шығыстағы, батыстағы, алыстағы, жақындағы ғылымдар кітабы».
Бұл трактаттардағы сенімдік көзқарастардан имам Ағзамның ой-пікірлері екені анық аңғарылады. Аталған туындыларда Аллатағаланың сипаттары, иман ақиқаттары, Алланы ақылмен немесе нақылмен (аят және хадистер) тану керектігі, жақсылық пен жамандықтың жаратылуы, тағдыр және өзге де сенім мәселелері қарастырылған. Сол дәуірдегі Ирақ шариғат ғалымдарының көшбасшысы болған имам Ағзамның бұл шығармалардағы көзқарастарын имам әл-Матуридидің сенімдік тұрғыдағы көзқарастарымен салыстырып көрер болсақ, бірізділік пен біртектілікті аңғару қиын емес. Осы себептен де, зерттеушілер екі ғұламаны бір-бірінен ажыратпайды. Имам Әбу Ханифа «Ақиданың» негіздерін айтып кетсе, имам әл-Матуриди сол негіздерді кеңінен тарқатып, егжей-тегжейіне дейін түсіндірген.
Имам әл-Матуриди өз шығармаларында имам Ағзамның кітаптарын қолданғандығы анықталды. Имам әл-Матуриди ол кітаптарды ұстаздары Әбу Насыр Ахмад ибн Аббас әл-Бәйади, Ахмад ибн Исқақ әл-Жүржани және Насыр ибн Йахия әл-Балхилердің көмегімен үйренгендігі, ал олардың Әбу Сүлейман Мұса әл-Жүржаниден дәріс алғандығы, әл-Жүржани болса, бұл ілімді ұстазы Мұхаммед ибн аш-Шайбаниден алғандығы көптеген тарихи шығармаларда айтылған.
Ханафи мазһабының үлкен ғалымдарының бірі Захид әл-Кәусари «Ишарату-л Марам» атты төлтумасының кіріспесінде: «Мауараннаһр өлкесі бидғат пен бұзықтықтан ұзақ, тыныш ел еді. Сүннетті берік ұстанып, оның үкімдерін ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырып отырған. Ендігі жерде имам, ғалым Әбу Мансур әл-Матуриди шығып, әрбір мәселеге жеке-жеке тоқталып, олардың ара-жігін ажыратып, айқын дәлелдермен шегелеп, нақтылау жұмыстарын жүргізді. Ол үкімдерді шариғаттан алатын және өз кезегінде ақылмен ойлауды да қолданатын», - дейді.
Осы шығарманың тағы бір жерінде имам әл-Матуридидің имам Ағзамның еңбектерін жеке-жеке қарастырып, түсіндірме жасағандығы да келтірілген. Бұдан имам әл-Матуридидің имам Ағзамның сенімдік көзқарастарын тереңдете зерттегендігін аңғарамыз.
Имам әл-Матуридидің ақида іліміне қосқан ең үлкен үлесі сенім мәселелеріне шариғат негіздерін бұзбай, ақыл мен қисын арқылы дәлел келтіруге болатындығын көрсетуі.
Имам әл-Матуриди сенім негіздеріне байланысты бірқатар еңбектер қалдырды. Олардың қатарында мына туындыларды атап көрсетуге болады: 1. «Китабу тауили Құран» - «Құранның астарлы һәм ауыспалы мағыналарын жору кітабы»; 2. «Китабу маъхази-ш шарайғ» - «Шариғаттың қайнар көздері кітабы»; 3. «Китабу-л жадал» - «Пікіртартыстар кітабы»; 4. «Китабу-л усул фи усули-д-дин» - «Дін негіздері кітабы»; 5. «Китабу-л мақалат фи-л калам» - «Ақидаға қатысты мақалалар кітабы»; 6. «Китабу-т таухид» - «Таухид кітабы»; 7. «Радду ауайли-л адилла ли-л Кағби» - «Қағбидің алғашқы дәлелдеріне жауап»; 8. «Радду таһзиби-л жадал ли-л Кағби» - «Қағбидің пікіртартысына тойтарыс»; 9. «Китабу радди усули-л хамса» - «Бес негізге жауап кітабы»; 10. «Радду китаби-л Имама» - «Имамдық кітабына жауап»; 11. «Ар-Рад ала-л Карамит» - «Карамия ағымына жауап».
Сондай-ақ имам әл-Матуридидің имам Ағзамның «әл-Фиқһу-л акбар» атты шығармасына түсіндірме жазғаны да айтылады.
* * *
Имам әл-Матуриди мен имам Әшғари бір дәуірде өмір сүріп, бір бағытта еңбек еткен. Бірақ имам Әшғари исламды іштен ірітпек болған дұшпандармен бірге күн кешті. Ол өмір сүрген Басра қаласы Мұғтазила мәзһабының отаны еді. Мұғтазила мәзһабының өкілдері мен фикһ-хадис ғұламалары арасындағы қақтығыстың майданы осы Ирак өңірі болатын. Ал әл-Матуриди өмір сүрген Мауараннаһр өлкесі сүнниттік ғалымдар мен Мұғтазила мәзһабының өкілдері арасындағы пікірталастан біршама ұзақ болатын.
Дегенмен Маймун, Муғтасым, Уасиқ секілді халифалардың дәуірінде Мұғтазилиттік сенімнің мемлекеттік идеологияға айналуына байланысты, олардың пікірлері халифаттың барлық өңірлеріне тарап жатты. Мауараннаһр өлкесінде Мұғтазила мәзһабы басым күшке ие болмағанмен, олардың пікірлерін уағыздаушылар бірлі-жарым болса да бар еді. Имам әл-Матуриди Мұғтазила мәзһабының ондай өкілдерімен пікір талас жүргізгендігі белгілі. Имам Әшғари мен имам әл-Матуридидің пікірталас майдандары бір болғандықтан, олардың ортақ ұстанымдары ғана емес, шариғатты түсіндіру тәсілдері де бір-біріне ұқсайтын. Десек те, екі имамның пікірталастағы кейбір әдістемелік ерекшеліктері мен ұстанымдағы айырмашылықтары болды. Бірақ зерттеушілердің көпшілігі имам әл-Матуриди мен имам Әшғари пікірлерінде айта қаларлық өзгешелік болмағандығын білдіреді. Мысалы, Шейх Мұхаммед Абдуһ имам Әшғари мен имам әл-Матуридидің арасындағы ерекшеліктер үлкен қарама-қайшылық туғызбайтынын айтқан.
Бірақ екі имамның калам іліміне қатысты көзқарастарына келер болсақ, олардың пікірлерінде азды-көпті айырмашылық барын байқаймыз. Екі имам да Құран Кәрімді зерттеу барысында ақыл мен қисынға мейлінше арқа сүйеген. Олардың бірі екіншісіне қарағанда ақылға көп арқа сүйеді. Имам Әшғари Аллатағаланы Құран, хадис арқылы тануға көбірек мән берсе, имам әл-Матуриди имам Ағзамның жолын ұстанып, Алланы ақылмен тануға көбірек бейімділік танытты.
Әшғарилік пен Матуридиліктің арасындағы ең басты өзгешеліктер мыналар:
- Имам әл-Матуриди Алла пендесіне күші жетпейтін нәрсені жүктемейді және оны күші жетпейтін іске жауапты қылмайды. Себебі, Құранда: «Алла кісіге шамасы келмейтінді жүктемейді...» дейді. («Бақара» сүресі, 286-аят). Ал Имам Әшғари пікірінше, Алла қаласа, пендеге күші жетпейтін нәрсені бұйырып, оған жауапты етуі мүмкін.
- Имам әл-Матуриди адамның ақылымен Алланың бар және бір екенін білуі парыз десе, имам Әшғари парыз емес деді. Әл-Матуриди бойынша діни үгіт-насихат болсын-болмасын адам Алланы ақылымен тауып, сенуі керек. Мысалы, тау басында өмір сүрген адам біздің сеніміміз бойынша Алланың бар екендігін ақылымен тауып, оған сенуі керек. Бірақ оған дінді ешкім үйретпегендіктен мұндай жағдайда ондай пенде діни міндеттерден жауапқа тартылмайды. Әшғарилер бойынша діни үгіт-насихат жасалмаған жердегі адамдар Алланы ақылымен тауып, оған иман келтіруге міндетті емес.
- Имам әл-Матуриди «иман кемімейді де артпайды да» десе, имам Әшғари «иманның кемуі де, кемелденуі де мүмкін» деді.
- Имам әл-Матуриди қазір мүмін болған адамды мұсылман дейміз, бірақ та өлер алдында кәпір болса, күпірлікке кірген болып табылады десе, имам Әшғари күпірлікпен өлген адам өмір бойы кәпір болған болып саналады дейді. Өмірінің соңында мүмін болып өлген адамға да осылай (өмір бойы мүмін болған) дейміз деді.
- Имам әл-Матуриди: «Иншалла мүминмін» деуге болмайды (бұлай деу өзінің иманына шүбә келтірушілік) десе, имам Әшғари бұлай деп айтуға болады деп ұқты. (Осы себептен де Матуридия мәзһабындағылар: «дінің не?» деп сұрағандарға, «Әл-хамдулиллаһ, мұсылманмын» деп жауап береді. Ал, Ашғария мәзһабындағылар: «Иншалла мұсылманмын» деп жауап береді.
- Имам әл-Матуриди «иман мен Ислам» бір десе, имам Әшғари «екеуі екі басқа нәрсе, Ислам сеніммен бойұсыну болса, иман сенімін амалмен дәлелдеу» деп білді.
- Әшғарилер жан алқымға келгенде жасалған тәубе қабыл емес десе, Матуридилер мұндай тәубенің қабыл екендігін білдіреді. Бірақ жан алқымға келгендегі иманның жарамсыздығын айтады.
- Әшғарилер бойынша бір нәрсенің жақсы немесе жаман екенін ақыл біле алмайды. Бұлардың жақсы немесе жаман екендігі Алланың әмірі мен тыйымдары нәтижесінде анықталады.
- Матуридилер бойынша жақсы мен жаманды ақылмен білуге жол ашық. Алла бір нәрсенің жақсы болғандығы үшін әмір етіп, жаман болған нәрсеге тыйым салған.
- Әшғарилер бойынша Алланың жасағандарынан себеп іздестірілмейді және бір хикметпен байланысы да жоқ. Өйткені, Алла жасағандарынан жауапты емес.
- Матуридилер бойынша Алланың жасаған нәрселерінің бір хикметі бар және себепке сүйенеді. Өйткені, Алланың әрбір ісінде бір хикмет бар. Ол бәрін біледі және Хаким.
- Имам Әшғари Аллатағала адамдарға дінді түсіндіруші пайғамбарлар жіберу уәжіп емес десе, имам әл-Матуриди пайғамбарлардың жіберілуі Алланың хикмет сипатының қажеттерінен деді.
Негізінен екі ғұлама да өз пікірлеріне Құран Кәрім және ақыл мен қисын тұрғысынан нақты дәлелдер келтіре алған. Осылардың кейбіріне тоқталып өтсек, Имам әл-Матуридидің пікірінше, пайғамбардың ер адам болуы міндетті. Имам әл-Матуриди өз пікіріне Құран Кәрімнен мынандай дәлел келтірді:
1. «(Мұхаммед с.а.с.) сенен бұрын да уахи етіп тек ер адамдарды ғана елші жібердік. Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахыл» сүресі, 43-аят).
2. «Сенен бұрын да кенттердің халқынан өздеріне уахи етіп, ер адамдарды ғана жібердік» («Юсуф» сүресі, 109-аят).
3. «Сенен бұрын да өздеріне уахи етіп, ер адамдарды ғана жіберген едік» («Әнбия» сүресі, 7-аят). Сондай-ақ ғалымның пікірінше, халиф, әкім, әмірші, қолбасы және қазының да әйел затынан тағайындалғаны дұрыс емес. Себебі, әйел затының нәзіктігі бұл міндетті көтере алмайды. Бірақ әйел адам фәтуа бере алады деді. Ал имам Әшғаридің көзқарасы бойынша, пайғамбар әйел затынан да келуі мүмкін. Оның дәлелі ретінде Құран Кәрімнің мына аяттарын ұсынады: «Біз Мұсаның анасына уахи еттік» («Таһа» сүресі, 38-аят), «Мұсаның анасына: «Оны еміз де, оған бір нәрсе болады деп қорықсаң, онда оны дарияға салып жібер. Қорықпа да күйінбе! Расында оны саған қайтарамыз да оны пайғамбарлардан қыламыз» деп уахи еттік» («Қасас» сүресі, 7-аят). Бұл ойдың иелері осы аяттардың әйел затына да Алладан уахи түсетінін білдіретіндігін, ал уахидің келуі пайғамбарлық белгілерінің бірі екендігін айтқан. Сондай-ақ имам Әшғари ұстанымы әйел адам фәтуа бере беретіндігін, әкім және дін уағызшысы да бола алатындығын алға тартқан. Себебі, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю олардың да парызы.
Имам Әшғари осы пікірінің негізінде Құранда аттары аталған Мәриям, Әсия, Сара, Хажар, Хабба және Мұсаның анасын пайғамбар болуы ықтимал деп пайымдады. Имам әл-Матуридидің Әшғари сеніміндегілердің жоғарыдағы дәлелдеріне келіскісі келмеді. Имам әл-Матуриди «...Мұсаның анасына уахи түсірдік» аятын пайғамбарларға берілетін уахи емес, Мәриям анамызға түскен иләһи аян деп ұққан жөн екендігін білдірді. Мұнда Алла бір пайғамбарды өмірге әкелу үшін оның анасына періште жіберіп отыр. Сол секілді «Мұсаның (а.с.) анасына уахи жібердік» деген аятта да Мұса пайғамбардың (а.с.) анасына бір періште жіберген болуы мүмкін деп ой түйеді. Имам Әшғари да әл-Матуридидің бұл пікіріне қарсы мынадай уәж айтты: «Мариям анамызға Жәбірейіл періште жіберілген, бұл періште тек пайғамбарларға уахи түсіруші екендігі белгілі. Олай болса, Мариям анамыз - пайғамбар».
Екі имамның арасында пікір тартысын тудырған мәселелердің тағы бірі Алланың заты мен сипатымен астасып жатты. Имам әл-Матуриди Алланың заты мен сипаты бір деп білді. Ал Имам Әшғари оларды екі басқа нәрсе деп ұқты. Екі имам да күн мен күннің шапағын мысал ретінде келтіреді. Имам әл-Матуриди Алланың заты күннің өзі болса, Алланың сипаттары күннің шапағы. Күннің шапағы күннен шығады. Күн болмаса шапақ болмайды. Демек екеуі бір нәрсе деп түсінді. Ал имам Әшғари Алланың заты күн бола қойсын. Алланың сипаттары күннің шапағы деп алалық. Бірақ шапақ дәл күннің өзі секілді емес. Күн де дәл шапақ секілді емес. Демек Алланың заты мен сипаты бір емес деп білді. Сондықтан әшғариттер Алланың құдірет, қалау, ілім, хай (мәңгі тірі), есту, көру, калам (сөйлеу) секілді сипаттары бар, бірақ Алланың бұл сипаттары затынан мүлде басқа деп сенді.
Ал матуридиттер Алланың бұндай сипаттары бар, бірақ Алланың бұл сипаттарын Оның затынан бөліп қарастырмаған жөн деген ұстанымда болды.
Имам әл-Матуридидің тағы бір өзгеден ерекше пікірі - қиямет күні Аллатағаланың дидары көріне ме, көрінбей ме деген мәселе. Шындығында, Құран Кәрімде: «Қиямет күні кейбір жүздер жарқырап, Раббыларына қарайды» («Қиямет» сүресі, 22-аят) деп бұйырылып, ақырет күні кейбір жүздердің Оған қарайтындығы айтылған. Имам әл-Матуриди Құранда баяндалғанындай, қиямет күні Алланың дидары көрінеді деп сенді.
Имам әл-Матуриди Алланың көрінуі, бұл қиямет күніне тән ерекше жағдай. Ақыретте Алла көрінсе, онда Ол заттан және мекеннен тұрады деп ойлау - бұл дүниелік көзқарас. Ал қиямет күнгі жағдайдың қалай болатындығы бізге беймәлім. Сондықтан Құранда қиямет күні Алланың көрінетіндігі туралы анық айтылса, біз бұған сенуге тиістіміз деген ұстанымда болды. Әрі бізге білінбейтін нәрселер жайында пікір айтпау туралы Құран Кәрімнің: «Өзің білмеген нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек - барлығы да сұралады» («Исра» сүресі, 36-аят) деген аятын негізге алды.
Имам әл-Матуридидің пікірлері үлкен күнә жасаған адамның ақыреттегі жағдайы қалай болады деген мәселе төңірегінде де шоғырланды. Ислам ғұламаларының көпшілігі Аллаға иман келтірген адамның мәңгілік тозақта қалмайтындығына сенген. Ал харижиттер үлкен-кіші күнә істеген адамды мүминдік санаттан шығарып, кәпірлер қатарына қосқан.
Имам әл-Матуриди бұл жөніндегі ойын былайша сабақтайды: «Күнәһар мұсылмандардың ақыреттегі жағдайын Аллаға қалдырғанымыз жөн. Егер Алла қаласа рахым етіп, күнәһар пендесін кешіреді. Қаласа күнәсіне қарай азаптайды. Бірақ Өзіне иман келтірген адамды тозақта мәңгі азаптамайтыны анық. Осылай ойлағанда адам «үміт» пен «қорқыныш» арасында күн кешеді. Себебі, Алла кішкентай бір күнә үшін рахым етпей, пендесін азаптауы немесе үлкен күнә жасаған пендесін кешіруі мүмкін. Алла Құран Кәрімде: «Алла өзіне ортақ қосқанды жарылқамайды да, бұдан өзге күнә жасаушыларды кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, расында, үлкен күнә жасаған болады» («Ниса» сүресі, 48-аят) деп Өзіне серік қосушыларды ғана кешірмейтінін айтқан.
Һижра жыл санауымен ІІІ-ІV ғасырларда ислами ойды мазалаған осындай мәселелер жайында имам әл-Матуридидің жалпы көзқарастары осылар.
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, бас мүфти, шейх, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы.
http://www.egemen.kz/309817.html