Закария Арифов: Күріш орудан Қармақшы ауданының чемпионы атандым
Қарапайым еңбек адамдарының еңбегі қашанда ескерусіз қалмайтыны белгілі. Мәселен, механизаторлыққа саналы ғұмырын арнаған Еңбек ерлері Камшат Дөненбаева, Жадыра Таспанбетова, Қасымтай Ізтілеуов пен Бибігүл Әбішева еңбегімен ел ықыласына бөленді.
Бүгінде сол аға буын өкілдерінің мерейін тасытқан осы мамандық жастар арасында қаншалықты құрметті? Ел әлеуетінің өсіп-өркендеуіне, оның ішінде ауыл шаруашылығының дамуына орасан үлес қосқан мамандық иелерінің ізбасарлары ауылда екенін білеміз. Олардың бірі – Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны Закария Арифов.
Ауылдағы мектепті тәмамдай сала ата-анасының қолдауымен әкесі, есімі елге танымал ауыл шаруашылығының майталманы Милияр Арифов басқаратын «Достық Жер МК» шаруашылығының №1 егіс бригадасына механизатор болып, еңбекке араласты. Закарияның тракторшы мамандығын меңгергеніне биыл 21 жыл болыпты.
Жас маман алғашқы жылдары «МТЗ-80» трактор руліне отырып, бригададағы аға буын әріптестерінен механизаторлық мамандықтың қыр-сырын меңгерсе, кейін жатка және комбайндарды да тізгіндеді. Егін жинау науқанында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастады. Өз қатарластары арасында ұйымдастырылған жарыстарда үздіктер қатарынан көріне бастаған жас тракторшы кейіннен озаттар қатарынан орын алды. Иә, «Еңбек түбі – береке» дегендей, бүгінде Закария – өзі еңбек ететін №1 егіс бригадасының ғана емес, шаруашылықтың үздік механизаторларының бірі. Ол – өз саласы бойынша үздіктер көшін бастап, түрлі марапаттарға, замандастары арасында мәртебелі атаққа иеленіп жүрген майталман маман.
– Менің жоғары білім алуға мүмкіндігім болды. Алайда, тракторшылыққа бала жасымнан жақын болып өскендіктен, мектепті бітіре сала әкемнің рұқсатымен шаруашылықта жұмысшы болдым. Кейіннен тракторшы мамандығын меңгеріп, механизаторлыққа ауыстым. Міне, содан бері қыста – трактор, көктем-күзде жатка-комбайн рульдерін тізгіндеп келемін. Кімде-кім өзінің мамандығын дұрыс таңдай білсе, оның жолы әрқашан ашық әрі жеңіл болады. Көптеген жетістіктерге қол жеткіздім. Өткен жылы 1100 гектар егістік алқаптың күрішін орып, аудан чемпионы атандым. Кезінде аға әріптестерімнен алған тәжірибемді, өзімнен кейінгі үзіңгілес інілеріме үйретудемін, – дейді З.Арифов.
Нұрбай Жанаділов
Abai.kz