Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 6831 6 пікір 15 Қазан, 2019 сағат 13:47

Суицидттен қалай құтыламыз?

Бұл сұрақты біреуге Абай хакімнің заманында  қойса ешкім түсінбес еді. Қазақшасы «адамның өзіне өзі қол салуы» ғой. Хақ  діннің қағидасы бойынша «адамның өзін өзі өлтіруі ауыр күнә» саналады. Сондықтан,  жалпы мұсылман танымы бар ол заманда «суицид» болмаған, болса да мүлде сирек болған секілді. Өйткені, қазақтың энциклопедиялық өмірі жазылған дейтін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан»  «өзін өзі өлтірген» дерек кезікпейді. 

Ал, Абылайхан заманында «өзін-өзі өлтіру» тіпті, болмаған шығар. Қазақтың қыруар жыр-дастандарында мұндай үлкен мәселе  аталмай, елеусіз қалмауы керек еді ғой! 

Сонымен, «суицид» өзін-өзі өлтіру  біздің заманның дерті екені шүбәсіз. Соның ішінде бұл дерт қазір қазақ қауымының  ішінде асқынып тұр дейтін ақпарат көбейіп кеткен яғни қоғамдық «SOS!» жарияланып жатыр! 

Онда, бұған елім деген, отаным деген,  халқым деген азаматтар көз жұмып отыра алмайтыны анық. Біреулер оның себебін іздеп, біреулері емін қарастыруда. 

Міне, сондай бір азамат жуықта шығып келді. Ол суицидтің себептерін  де тапқан, оны тоқтатар жолдарын да көрсетіп берген екен. Қалай дейсіздер ғой? «ТҰЛҒА  БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ» деп, аталатын кітабы арқылы. 

Кітап ең әуелі, осы қоғамдағы бәріміздің ортақ кемшілігіміз болып кеткен бүкіл кінәні  өзгеден іздеп, өзгені түзегіміз келіп тұратын «өзімшілдік-енаниет» деген рухани дертімізге диагноз қойған. 

Сөйтіп, ең әуелі кінәні өзгеден емес өзімізден іздеуді, сол тапқан кінәні  түзету жолдарын қарастырады. Миымызды жайлап алған кінәраттарды жөндейтін  «жаңа технология» ұсынады яғни біздің ақыл-санамызға өктемдік жүргізген қоғамның әдейі орнатып қойған «маятник» дейтін көзге көрінбейтін тетігі бар, дейді. Ол үнемі бізді басқарып, бағындырып тұру үшін жасалған болса керек. 

«Құлдық сана», «жалшылық  пиғыл», «жағымпаздық мінез», «масылдық  құлық»... бойымыздағы толып жатқан жаман қасиеттер миымызда үздіксіз теңселіп, еш жаққа шығармай,  өз еркіңе жібермей тұратын сол «маятниктің» әрекеті екен. Кітапта сол «маятникті» тануымызды, сөйтіп әлгі бізді әбден басынып алған «маятникті» өзіміз басқара білуміздің әдіс-тәсілдерін тәлім етеді.

Мәселен, бұрынғы советтік адамдардың санасына әбден  орнап алған «коммунизм маятниктері» өз миын өзгеге тапсырып, (Коммунистік партияға, қазір Нұротанға) өзі ойлауға ерінетін  рухани жалқаулықты тудырған (бұған қазақтардың өзінің мың жылдық бай тілі бола тұра орыс тіліне жабысуы, ежелгі ел басқаратын дәстүрін керексінбей  Кремілге жалтақтауы ...), өте алыс жылдарға қияли жоспар құрып елеске алдану, не қилы даталарды ойлап тауып бітпейтін той-томалықпен уақыт шығындау, бел сыздап, бас қатырмайтын жиналыс-жиындар ашып көпіріп көп сөйлеу, жалған уәдемен өзін де, өзгені де алдарқату... міне, бұндай шынжыры жуан «алып маятниктерге»  байланып қалған адамдар өз маятнигін одан босату арқылы ғана рухани еркіндікке шыға алады, сана тұтқынынан құтылуға жол табады! 

Бірақ, тәлімгер бұл «рухани технологияны» өзі тапқан амалдармен емес, баяғыдан табылған, бірақ адамдар оны қалай қолдануды білмей келгендігігін дәлелдеп, қалай  қолданудың жаңа тәсілі жайлы дәріс береді. 

Дәріс тәлімгердің жеке көзқарасы емес, Хақ діннен бастау алатын қазақ деген дана халықтың  біртуар көсемдерінің өмірлік ұстанымдары. Сол «ұстаным» атты алуан түрлі ғажап «кілттің» қолданыстары бойынша «нәпсі» дейтін  «құпия сандықтың» ішіндегі рухани дәрумендерге қол жеткізуді, сөйтіп «өзімшілдік» дейтін сырқаттың сан түрлі синдромдары – дүниеқорлық, мансапқорлық, даңкқұмарлық,  атаққұмарлық, сыйлыққұмарлық, сауыққұмарлықтан... сауығудың жолын ашады. 

Мұндай «Тұлға болам десеңіз» дейтін кітабы арқылы дәріс беруші белгілі дінтанушы ғалым, тәлімгер Мұхитдин Исаұлы.

Сонымен, біздің әңгіме «суицидтен» басталса да, атап отырған кітап жеке тұланың қалыптасуының  қыр-сырларын талдаумен басталып, дұрыс қалыптаспаған яғни жеке тұлға бола алмаған пенде өзін-өзі тани алмайды, дейді.  Өзін «адам» деп біле алмаған ондайлар дін тілімей айтсақ «хайуаннан да төмен түскен» яки «шайттаның жетегінде кеткен» міскін-бейшара саналады,  міне көбінде өзі өзіне қол салуға дайын тұратындар солар. (Өзін-өзі өлтірген атақты ақын-жазушылар да міскін-бишара ма, деген сұрақ басқа әңгіме, әрине)

Ал, адам жеке тұлға ретінде кемелденген сайын, ол өз жақынын ғана емес, бүкіл адамзатты бауырым деп, танитын кең жүректі жанашыр келісті тұлғаға айналатыны баяғыдан бері айтылған ақиқат. 

Осы ақиқатты «Тұлға болам десеңіз» атты кітапта    қазақтың бұрынғы билері мен дана жыраулары, кейінгі рухани көсемдері Ыбырай ұстаз, Абай хакім, Мәшһүр Жүсіп абыз, Ахмет Байтұрсын  ғұлама, Әлихан Бөкейханов пен Мұстапа Шоқай сынды көсемдерден тартып совет заманындағы қазақтың даңқты тұлғасы Бауыржан батырдың үлгілі өмірлерінен жанды мысалдар келтіре отырып, оқыған адамды еліктіріп «болмасаң да ұқсап бақ!» дейтін қағидаға бас иігізеді. 

Сонымен, ол ғақылияларды қалаған оқырман кітаптан өзі тауып оқи жатар деп, әлгі «суицид» жайлы айтумен әңгімемізді тамамдайық:  

Суицидтің біздің елде көбеюінің қоғамдық, әлеуметтік, психологиялық  жан-жақты себептері бар деуде. 

Алайда,  суицидттің балаларға қарай ауыз салуы ең қорқынышты көрініс, соның ішінде мектеп жасындағы балалардың бұған шарпылуы «жалғыздық» деген рухани дерттің бірден бір емі «өлу» деп шешетін сана ауытқуы деп, қорытындылаған.  

Мектепте, біртоға  момын балаларды бұзық мінезді балалар үнемі басынуы, осындай біртоға балалардың әртүрлі шаралардан шетқақпай қалып қорлануы, сабағының  нашарлау көрсеткіште болуынан әркез төменшік жүруі, өз үйінде де ата-анасының да мейірім назарынан тыс қалуы, сөйте тұра осындай біртоға  балалар «еліктегіш», «көргіш», «естігіш» секілді сергек балаларға қарағанда «сезгіш» болуы әлгіндей айналасынан келіп жатқан жайсыз әрекеттерден жандүниесіне түскен ауыртпалықтарды  ұзақ көтеруге шамасы жетпей, жас көңілі мына сұрқай өмірден әбден түңіледі екен. 

Түңілудің соңы тұйыққа тірелу, алды тас қараңғы ілгері басар жолы қалмаған, арты  әлгіндей қатігез... міне, мойынына бір жіп салса болды, онсыз да бүкіл болмысы өлім торына келіп өзі түсіп тұр! 

Сондықтан, психологтар кәдімгі аурудың  диагнозын тапқан дәргерлер секілді осындай момын, біртоға  балаларды танып, оны әлгіндей «рухани жалғыздықтан» шығарудың жолын ашуы тиіс.  Оның ең тиімді әдісі, өзін төмен санайтын баланың да ерекше қабілеті бар екенін біліп, сол қабілетін көрсетуге көмек беру, қандайбір жетістікке жеткенше көтермелеп отыру, солайша ол баланы өмірге ынталандыру, дейді. 

Міне, бұл біздің оқу жүйемізде ондаған жыл бойы оқытылып, арнайы диплом  алып шығып жатқан психолог мамандардың төл жұмысы, мойынындағы міндеті екен. Егер, осы ұстаным  әрбір мектепте арнайы іске аса бастаса, «балалар суициді» әлдеқайда азаяр еді.

Ал, біздің қазіргі қоғамда үстемдік етіп тұрған «жалпы суицидтің» емі әрине, қоғамдық мейірімді орнату, байлардың кедейлерге қол ұшын беруі, әлділердің әлсіздерге жанашырлық  жасауы, бір елде өмір сүріп жатқан адамдардың бір-біріне жылылық танытуы, бүгіндері еліміздің бас ауруы, бас тақырыбы бола бастаған көп балалы аналарға ерекше қомқорлықтар жасау, балалармен басы қатып жүрген мектеп мұғалімдерінің еңбегін бағалау, оларды қағазбастылдық  деген жаттанды бейнеттен құтқарып, балалармен емін-еркін жанды жұмыс жасайтын қоғамдық «жаңа механизм» жасауға халық болып жұмылу...

Міне, бұлақтың тұнықтығын бастау көзінен білесің, теңіздің дәмін тамшысынан сезесің дегендей «ТҰЛҒА  БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ» атты оқырманның қолына жаңа жеткен кітаптың «тамшысынан» талғамды оқырманға таттырған жайымыз осы.  

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321