Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 5208 11 пікір 28 Қазан, 2019 сағат 15:11

Ислам Әбішев: Бір-бірімізді кекетіп-мұқатқаннан ештеңе өнбейді

Біз Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы, 8 айдан бері тергеу абақтысында отырған Ислам Әбішевке адвокаттары арқылы сауалдар жолдап, ол кісі жауаптарын жазып беріп, бұған дейін республикамыздың су саласына қатысты бірнеше мақаласын жариялаған едік.

Одан кейін сот процесстері басталып кеткендіктен, сот залынан бірнеше репортажды назарларыңызға ұсындық. Бұл жолы Ислам Әбішев абақтыдан алдыңғы үзіліп қалған әңгімесінің жалғасын жолдапты.

Бүгін Ислам Әбішевтен «Абақтыда, негізінен, қандай қылмыспен тұтқындалғандар отыр? Түрмеде немен айналысасыздар? Түрмедегі жағдай жалпы Қазақстанның жағдайын көрсете ме?..» деген секілді бірнеше сұрақтардың жауабын алдық.

Мақаланы оқып отырып, ойға қалдық. Расында, біздің үкімет жерді игеруді білмей ме, әлде құлықсыз ба? Неге халықтың әлеуметтік мәселелерін шешудің оңай жолдарын бекітуден бас тартады?..


2015-2016 жылдары бұрынғы басшылар қабылдаған бағдарламаға өзгеріс енгізумен әуре болсақ, 2017 жылы қаржыны шешумен айналыстық.

Ислам даму банкімен, Европа даму банкімен, Азия даму банкімен, Дүниежүзілік даму банкімен келіссөздер жүргізіп, келісімге келе бастадық. Олардың ең бірінші талабы – несиені қайтаратын ақшаның көзі қандай болады деген сұрақ болды.

Бюджеттен ол ақшаны қайтармайтын болды. Қалатын бір-ақ жол –  тарифті көтеру керек. Тарифті көтерсек, шаруаларға қиын түсетін болды. Енді бұны шешудің жолын іздей бастадық. Мұның мынадай амалын таптық:

1. Егістік суға беретін субсидияның мөлшерін көтердік. Бұл несиенің 25 пайызын жабатын деңгейде болды.

2. Бүкіл Қазақстан бойынша су қоймалары, каналдар арқылы берілетін суға бірыңғай тарифтік смета жасауға көштік.

Мұны былай түсіндіруге болады. Бұрын әр облыс, әр аудан, әрбір су жүйесі бөлек-бөлек тарифтік смета жасайтын. Сондықтан барлық шығын тіке сол жүйеден су пайдаланушылардың мойнына түсетін.

Су жүйесін қамтамасыз ететін сушылардың еңбек ақысы, жанар-жағар май, тағы да бірен-саран су жүйесін ұстап тұруға керекті шығынның өзі шаруаларға әсер етеді. Ал, бұған су жүйелерін қайта қалпына келтіруге кететін шығындарды қосатын болсақ, ол тіптен де ауыр соғатындығы белгілі. Оның үстіне бір каналды жөндеуге кететін шығынды сол каналдан су пайдаланатын диқандарға бөліп қойсақ, онда секторына тек суға ғана 100 мың теңгеден астам қаржы төлеуге тура келер еді. Ол өз кезегінде қалпына келтіретін жердегі шаруаларға тіптен ауыр тиетіні сөзсіз. Сондықтан бүкіл республика бойынша «Қазсушар» РМК су беретін каналдар бойынша бірыңғай тарифтік смета бекіттік.

Мұны былай түсіндіруге болады: Бізде пайдалануда 1,4 млн гектар, қалпына келтіретін 610 мың гектар жер бар. Осы 610 мың гектар жерді қалпына келтіруге кететін 287 млрд теңгеге жуық қаржы жалпы барлық 2 млн гектар жерге шашылады. Яғни, 287 млрд теңгені 610 мың гектарға шақсаңыз, 478 мың теңгеден келсе, 2 млн гектарға шаққанда 144 мың теңге болады. 1 гектарға кететін шығын. Мұның үстіне халықаралық қаржы ұйымдарынан алатын несиенің өсімін қоссаңыз, девальвацияны қоссаңыз, бұл әжептеуір қаржы болып шығады.

Шығынды 610 мың гектарға емес, 2 млн гектарға бөлу арқылы 1 гектарға түсетін шығынды 3,2 есе төмендеттік. Бірақ мұның өзі де диқандарға ауыр болатын. Сондықтан төмендетудің екінші жолын қарастырдық.

«Қазсушар РМК»  кәсіпорны – ауыл шаруашылығынан басқа, өнеркәсіп орындарына, энергетикаға, коммуналдық мұқтаждарға (тұрмыста пайдаланатын қалаларға, елді-мекендерге берілетін су) және экологиялық мұқтаждарға да су береді. Мінеки, осы салаларға берілетін судың барлығын бірыңғай тарифке кіргіздік. Осының нәтижесінде ауыл шаруашылығындағы су жүйелерін қалпына келтіру үшін кететін шығынды барлық су пайдаланушыларға пропорционалды түрде бөлетін болдық. Соның нәтижесінде тарифті төмендетуге тағы да мүмкіншілік алдық.

Жалпы су жеткізіп беру тәсілі, екіге бөлінеді: біріншісі –  судың өзі каналдар арқылы ағып баруы (самотек). Екіншісі – насос қондырғылары арқылы су жеткізіп беру. Осы өзгерістердің нәтижесінде бірінші тәсілмен ауылшаруашылық су пайдаланушылары үшін 1 м³ судың тарифі 1,5 теңге көлемінен аспайтын болды. Екінші тәсілмен тариф 3,5-4 теңге көлемінде қалды, яғни кейбір жерлердегі тарифтен төмендеді. Одан артығын бюджет арқылы субсидиялауға қол жеткіздік.

Мұның барлығын нақтылап жазып отырған себебім мынада: бұрынғы бағдарламада көрсетілген 1,5 трлн теңге негізінен бөджеттен қарастырылған болатын. Бағдарламаны талдап, оның шығындарын қысқартып, қайта бекітеміз деп екі жыл әуре болдық. Яғни, 2015-2016 жылдар сонымен кетті. Енді оны бітіргенде «бюджеттен берілмейді, басқа қаржы көздерін қарастырыңдар» деген тапсырма алдық.

Жоғарыда айтқандай, халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс тағы да бір жылдан астам уақытқа созылды. Сөйтіп, жұмысты 2018 жылдың орталарында бастауға мүмкіншілік туды. Өйткені, тариф мәселесі айта салуға оп-оңай болғанымен, оны іс жүзіне асыру өте қиын шаруа. Сырттан қарағанда түк те қиын емес болып көрінеді. Ал, шын мәнінде, бүкіл республика бойынша қаншама мыңдаған су пайдаланушылар бар. Солардың барлығымен қоғамдық тыңдау өткізу керек. Олардың барлығына түсіндіру керек, келісімін алу керек. Қаншама көп есептер жасалынуы керек. Олардың сұрақтары да көп. Мысал үшін, «неге біз Павлодар облысында іске қосылатын жер үшін Жамбыл облысының диқандарына төлеуіміз керек?» дейді. Немесе энергетиктер айтады, «неге ауыл шаруашылығы үшін біздің тариф көтерілуі керек?» дейді, өнеркәсіп коммуналдық тұтынушылары да солай дейді.

Осы мәселелердің барлығына біз, су алушылар жауап беруге мәжбүр болдық. Оның үстіне көп уақыт жоғалттық. Бір қарағанда, су пайдаланушылардың сұрақтары орынды да. Неге біреу үшін біреу төлеу керек? Бұл жерде тағы бір қауіп бар. Халықаралық қаржы ұйымдарынан алатын қаржы, негізінен, доллармен келеді, доллармен қайтарылуы керек. Егер теңге құнсызданатын болса, бұл қиыншылық туғызады. Біз бұл жұмысты бастаған 2017 жылдың соңында 1 доллар 360 теңгенің көлемінде болатын, ал қазір 392 теңге. Міне, қазірдің өзінде бұл мәселе проблемаға айнала бастады. Мінеки үкімет тарапынан суармалы жерге деген немқұрайдылық барынша кесірін тигізіп бақты. Кейбір азаматтардың 1 трлн теңгені қысқартуымызға байланысты жасаған амал-айласы деп те ұғынуға болады мұны. Менен өш алудың амалын қарастыра отырып, қаншама қарапайым еңбек адамдарына зиянын тигізді.

LRT Астана сияқты қайтарымы мүмкін емес жобаларға 500-600 млрд теңгені табан астынан тауып, оны жұмсап та үлгерді. Ал қайтарымы мол, өте көп жұмыс орнын ашатын су шаруашылығына «қаржыны өздерің табыңдар» деп, артқа қарай ысырып қоя салды. Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтіре кетейік: жалпы 287 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысымен немесе Ұлттық қордан бір пайызбен несие ретінде алып қаржыландырғанда бұл жұмыстың барлығы осы күні бітіп, жұмысқа қосылған болар еді. Сөйтіп, 2020 жылдан бастап 610 мың гектар жерден 2.8 млрд доллардың өнімі өндіріліп, 120 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған болар еді. Яғни, 120 мыңға жуық отбасы өзінің күнкөрісін суармалы жерден тауып отырған болар еді. Суармалы жерлерді қалпына келтіру үшін болған жеті жылдық күрестің кішкентай ғана бір бөлігін түсіндіріп көрсетуге тырыстым.

Мені таңғалдыратыны – өте үлкен лауазымды адамдардың суармалы жерлердің өте маңызды мәселе екендігін түсінбейтіндігі, мән бермейтіндігі. Бұл мәселенің өте үлкен әлеуметтік-экономикалық маңызы бар екендігіне немқұрайдылықпен қарауы.

Ең бастысы, ауылдан жұмыс таппай, қалаға ағылып келіп, базарда арба айдап немесе жаз бойы құрылыста болар-болмас айлық алып, кейде онысын да ала алмай қиналып жүрген қазақ жастарына жаны ашымауы мен үшін өте түсініксіз болатын. Бұл мәселені де мысалмен түсіндіре кетейін. Мысалы, 35-40 шамасындағы қазақ жігітінің ауылда әке-шешесі, келіншегі және бес гектар жері бар.  Ол жерге су шықпағандықтан жерді пайдалана алмайды. Енді не істейді? Әке-шешесі, әйелі, жас балалары ауылда қалады. Әке-шешесі зейнеткер болса, зейнетақымен немесе қолында бар майда-шүйде малмен күн көреді. Жігіт Алматыға немесе Астанаға жұмыс іздеп кетеді. Отбасы бөлінді. Жігіт үлкен қалаға келіп, жолы болып кетсе, ары кеткенде, қолға 150 мың теңге тиетін құрылыстағы қара жұмысқа кіріседі. Ол ақшаны өте үнемдегенде, 60 мың теңгеге жуығын тұратын жері мен тамағына жұмсайды. Сонда ауылдағы бала-шағасы мен әке-шешесіне айына 90 мың теңге қалады. Мұны сегіз ай бойы тауып тұрғанда, 720 мың теңге болады екен. Ал енді мұны он екі айға бөліңіз: 60 мың теңге. Мейлі, әлгі жігіттің айына 100 мың кірісі болсын дейік. Әке-шешесінің зейнетақысы бар, сондықтан оны есепке алмай-ақ қояйық. Ол жігіттің екі-ақ баласы бар десек, онда бір айға келетін 100 мың теңгені төртке бөлсеңіз, 25 мың шығады. Адам басына келетіні осы ақша. Бұл қаржы тек тірі болуға ғана жетеді. Егер біреу ауырып қалса, онда үлкен мәселелер басталады. Ал киім алу, басқа нәрселермен айналысу жөнінде әңгіме жоқ. Енді тағы бір айтатын жайт, ол жұмыскер жігіт үлкен қалалардағы құрылыс компанияларында жұмыс жасағанда, оның ешқандай құқығы жоқ. Оған зейнетақы аударымы, әлеуметтік пакет, еңбек өтілі дегендер жүрмейді. Еңбек демалысы, бюллетень (больничный) деген де мүлдем жоқ. Яғни, былайша айтқанда, басы азат құлдың дәл өзі ғой. Оның үстіне айлықтарын да уақтылы ала алмай қалуы жиі кездеседі. Ал кейбір компаниялар жұмыс істетіп, басында жақсы береді де, аяғында 1-2 адың айлығын бермей, қарапайым жұмысшыларды «лақтырып» та кетеді.

Мұндай жағдайда қалаға келген жұмысшы жігіт өте қиын жағдайға түседі. Ауылда аузын ашып отырған бала-шағасы бар. Олар бір ай тамақ жемей отыра алмайды. Енді ол жігіт не істейді? Ол құрылыс алаңынан құрылыс материалдарын ұрлап сатуға кіріседі. Сөйтіп бір күні ұсталады. Одан 7-8 ай тергеу абақтысында 70-80 мың теңгенің заты үшін отырып, екі-үш жылға сотталады.

Мен бұл жағдайларды қызметте жүрген кезде де сезінетінмін, түсінетінмін. Ал өзім сегіз ай «сизода» отырғаннан бері анық көзім жетті. Дәл осындай жағдаймен отырған қазақтың моп-момын қарапайым жігіттері жеткілікті. Мұнда түскеннен кейін тағы да мәселелер басталады. Адвокат жалдауға ақша жоқ. Тергеуші ұсынатын, мемлекеттен тағайындалатын адвокат тергеушіге түбегейлі тәуелді. Себебі, адвокаттың өз қызметі үшін мемлекеттен алатын қаржысының көлемі тікелей тергеушіге байланысты. Өзін-өзі қорғауға ол жігіттің заң саласында білімі жетіспейді. Сондықтан ол жігіттің тағдыры тергеушіге тікелей жүз пайыз байланысты. Ал тергеуші ол жігітке ешқандай теріс ойы болмай, жаны ашығанмен, ештеңе істей алмайды. Себебі, оның жұмысының нәтижесі қанша қылмыс ашты, оның қаншасы сотталып жаза алды, міне, осыған байланысты. Тергеуші де жас жігіт, ол өсу керек, премия алуы керек, жұмысын көрсетуі керек. Сегіз айдан бері «сизода» отырып, үлкен лауазымды қызметтегі адамдардың немқұрайды көзқарасынан қоғамда қаншама қиыншылықтар туындайтынына толық көзім жетті. Болар-болмас нәрсеге сотталып бара жатқан, отбасынан айырылып, қиыншылық көріп жатқан жап-жас, тепсе темір үзетін қандастарымды көріп, тереңінен жүрегіммен тебірендім. Жүрегім жылады деген сөздерді бар жан-тәніммен, тереңінен түсіндім. Бұл жерге түспей тұрып та түсінетін түйсігім, мұнда келгелі тіпті тереңдей түсті. Мейлі, сегіз айдан бері абақтыда отырсам да, мейлі 10-15 жылға жаламен соттап жіберсе де, ешқандай өкінішім жоқ. Яғни, мен дәл қазіргідей білмесем де, қазір біліп танысқан, бір табақтан ас ішкен бауырларым үшін күрескендігімді сезіндім. Ол күресімді тоқтатпай, күресе де беремін деп шештім. Мейлі, кім не айтса, ол айтсын, әркім өзі біледі, бірақ анығы – менің арым да, ойым да, ниетім де таза. Осы мақсатта айналамда отырған жастармен сөйлесе бастадым. Олардың әрқайсысына терең үңіліп қарай бастадым. Қылмыстық істерін зерттей бастадым. Қылмыстық кодексті, қылмыстық-процессуалдық кодексті, жоғары соттың қаулыларын талдап, таныстым. Тиісті заңдармен, нормативтік актілермен танысып алғаннан кейін, айналамдағы жігіттерге білгенімше көмектесе бастадым. Құдайға шүкір, бірінші деңгейдегі сотталған не болмаса сотталайын деп жатқан оншақты жігіттің түрмеге түспеуіне септігім тиді. Одан басқа, «сизода» отырған басқа да сауатты жігіттерге дәл осылай жәрдем етіп, біраз жігіттер түрмеден шықты. Ол біз үшін, түрмедегілер үшін өте үлкен қуаныш. Бір-бірімізді құттықтап жатамыз.

Құрметті оқырман, егер сіздердің уақыттарыңыз болып, «Дала fm» радиосын түскі 13-15 аралығында тыңдасаңыздар, түрмедегілер жөнінде өте көп хабар аласыздар. Ондағы қазағымыздың жас келіншектерінің, өздерінің еріне деген сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы, төзімділігі, көнбістігі, қажымас рухы жүрегіңізді еріксіз тебірентеді. Отбасы мықты елдің мемлекеті мықты болатындығына сөзсіз сенесіз.

Біз мұнда қылмыстық іс жөнінен, басқа кәсіпкерлік жайында, күн көру жайында, отбасы жайында, қоғам жайында, дін жайында да өте көп әңгімелесеміз. Әрине, жасым үлкен болғаннан кейін, өмірден көбірек көргеннен кейін, бар білгеніммен бөлісуге тырысамын. Ол әңгімелердің көп пайдасы бар екендігін байқаймын. Босанып шыққан жігіттердің көпшілігі хабарласып тұрады. Өз өмір жолдарын жаңадан бастап жатқандары туралы, өмірге деген басқаша көзқарас пайда болғандығын айтып қуантып тұрады. Мейлі, кішкентай ғана болсын, мейлі оншақты ғана адам болсын, сол адамдарға пайдаң тигенін сезіну үлкен қуаныш, үлкен бақыт деп ойлаймын.

Құрметті оқырман, қалаға кетіп қалған жігіттеріміз, қалаға кетпей, біз –  үкіметтегі дәу-дөкейлер сол жігіттің 5 гектар жеріне су шығарып жеткізіп бергенде не болар еді? Соған көшейік. Оңай болу үшін 5 гектар жерге картоп екті дейік. Бір гектардан орташа 32 тн картоп алды дейік. Оның тоннасын 60,0 теңгеден сатты деп есептейік. Сонда 1 гектардан 1,92 млн теңге қаржы түседі дейік. Оның 720 мың теңгесі еккеннен сатқанға дейінгі шығын болсын дейік. Сонда 1 гектардан үйге кіретін табыс 1 млн 200 мың теңге болады екен. Ал, 5 гектардан 6 млн теңге табыс түседі екен. Оны он екі айға бөлсеңіз, 500 мың теңге болады екен. Ал, оны отбасындағы төрт адамға бөлсеңіз, 125 мың теңгеден келеді екен. Яғни, адам басына шаққанда, бірінші жағдаймен салыстырғанда 5 есе көп деген сөз. Әрине, мұны қағазға жазып, есептей салу өте оңай. Ал өмірде бес есе көп болмаса, екі есе көп болар, бәрібір анағұрлым пайдалы.

Бұл жерде Үкімет болып, жергілікті әкімшілік болып, өте көп ұйымдастыру, түсіндіру, үйрету, жәрдемдесу шараларын жүргізуіміз керек. Міне, біз заң шығардық, ережесін бекіттік, ақша бөлдік, енді өзің басыңды істетіп, жұмыс істеп кете бер деуге болмайды. Әрбір диқанмен жеке-жеке, ары қарай бірлестіріп, күніге нақты жұмыстар атқаруымыз керек. Ауылды жердегі бауырларымызға өте көп нәрсені үйретуіміз керек. Бұл жұмыстарды ұйымдастырудың өте көп нормалары, тәсілдері жеткілікті.

Жалпы қоғамда шешетін мәселелер өте көп. Ең бастысы, соны шешуге қажетті жағдайлардың бәрі бар. Қаржы бар, заңдар, қағидалар бар (мүмкін кейбіреулеріне біршама өзгерістер енгізу керек), жер, су, пайдалы қазбалар бар. Инфрақұрылымдар бар. Тек қана күн-түн демей, жан аямай жұмыс істеу керек.

Осылардың барлығы да көкірегіңде сайрап тұрғаннан кейін өз ойларымды «Үндеу» ретінде жарияладым. Бірақ, өкінішке орай, бірде-біріне тұжырымды жауап ала алмадым. Интернеттегі кейбір іні-қарындастарымның «түрмеге түскеннен кейін ақылды болып кетіпті, үкіметке ақыл үйрете бастады» деген сөздерін де оқыдым. Сіздерді де түсінемін. Ашынғаннан, шарасыздықтан, көптеген нәтижесіз бағдарламалардан шаршағаннан, атқарушы билікке, шенеуніктерге деген сенімнің өте төмендеп кеткендігінен жазғандықтарыңызды білемін. Бірақ бәрібір халықтың жағдайын жақсартуды бәріміз бірігіп ойлауымыз керек сияқты. Бір-бірімізді кекетіп-мұқатқаннан ештеңе өнбейді.

Әрине, менің жасаған «Үндеуімнің» бәрі дұрыс деп айта алмаймын. Дұрыс емес жерлері де болуы мүмкін, дұрыс жері де болуы мүмкін. Бірге талқылайық, ұсыныс айтайық. Егер сын айтып талқыласаңыздар, мен дайынмын. Сөйтіп, ақырында ортақ шешімге келсек, содан соң барлығымыз бірігіп атқарушы биліктен толыққанды талап етуге болады. Ең бастысы, бізге не керек, оған қалай жетеміз, осыған толық көз жеткізіп алуымыз керек. «Бізге не керек?» дегенде, әрине, ешкім де аспандағы айды қолыма әкеліп бер деп айта қоймас. Өзіміздің мақсатымызды, оған жету жолдарын анық білмей жатып, бір-бірімізді кекетіп-мұқатып, кемсітіп әуре болудың керегі жоқ сияқты. Ешкім де өзіне, өз ұлтына жаманшылық ойлай қоймас. Тек халықты ойлайтын үлкен қызметте отырып, өзінің қарабасын өте көп ойлап кететіндер болуы мүмкін. Ал біздің мақсатымыз да анық, оның жету жолдары да анық болып, атқарушы билік оны орындамай жатса, оны орындатудың жолдары да, тәсілдері де жеткілікті. Ол өз алдына басқа әңгіме. Бірақ ешқандай да алаңға шығып, революция жасау емес. Ол тығырыққа апаратын, барымыздан айырылып қалатын жол. Менің жасаған «Үндеулерімде» барлық ұсыныстар есептеліп, қаржы көздері анықталып жасалған. Ең бастысы, сырттан басқа қаржы ідеп әуре болудың қажеті жоқ. Қазіргі бюджетте қаралған қаржылар жеткілікті. Бар мәселе сол қаржыларды үнемді және тиімді пайдалануда. Қаржыны тиімді пайдалануға келгенде менің әжептеуір тәжірибем бар деп айта аламын. Ең бастысы, ұсыныстардың барлығы да ойдан, қиялдан шығарылған ұсыныс емес, менің өз тәжірибемде қолданған, нәтижесін өз көзіммен көрген ұсыныстар. Ол тәжірибелер бір аудан, бір қала немесе бір салада пайдаланылған болса, енді оны мемлекеттік масштабта пайдалану ғана менің ұсыныстарым. Бұл ұсыныстарды кез-келген басшының, кез-келген маманның алдында қорғап шыға аламын. Оған сенімдімін.

№1 «Үндеуде» көрсетілген мақсаттарға жетудің үш-төртеуінің ғана талдауын бастап, тоқтап қалдым. Себебі, бірде-бір министрлік, әкімшілік көңіл қоймады, жауап та бермеді. Содан кейін «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл», «ОСДП» партияларына арнайы жолдадым. Тек  «Нұр Отан» партиясынан ғана жауап алдым. Ондағы жауапта «сіздің хатыңыз министрліктерге, әкімдіктерге жіберілді» деген. Кейін индустриалды-инновациялық даму министрлігінен жауап келді. Ол жауапқа қарасаң, менің ұсынысымды мүлде оқымаған секілді.

Ал қоғамға келетін болсақ, алған жауабым: «Түрмеге түсіп ақылды болып кетіпті» болды.  Қазірше жағдай осылай, «сабыр түбі – сары алтын» деп, артын күте тұрамыз. Ал мақсатқа жетуіміз, Алла қаласа, сөзсіз. Үндеуді қазірше мен жасағанмен, ол менің ғана ойым емес, көзі ашық, сауатты әрбір қазақстандықтың ойындағы мақсат. Сондықтан, оның орындалатыны сөзсіз.

Ислам Әбішев,

«СИЗО», 138 қапасү 21 қазан, сағат 02:05.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308