Сенбі, 23 Қараша 2024
100 Жаңа есім 4335 3 пікір 15 Қараша, 2019 сағат 10:40

Ахаң туған топыраққа аунадың. Енді Алаш аманатына адал бол!

Ел жүгін, ердің жүгін арқалаған.

Халайық үміт күтіп үкілеуде.

Әдебиет, тарих, қоғам қазанында

Еліңнің базары бол тарқамаған.

100 жаңа есім жобасына ұсынылып отырған жас жазушы, әдебиет зерттеушісі, танымал сыншы, Алаштанушы ғалым, қоғам қайраткері. 3 прозалық, 5 ғылыми-танымдық кітаптың авторы және 15 кітаптің құрастырушысы. Көптеген әдеби байқаудың жеңімпазы. Халықаралық «Дарабоз»(2015) әдеби сыйлығының лауреаты. Алматы облысы әкімдігінің «Ақ қауырсын» әдеби сыйлығының лауреаты. ҚР Ғани Мұратбаев атындағы (2017) жастар сыйлығының лауреаты. ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Әзілхан Нұршайықов (2018) пен Бейімбет Майлин атындағы(2019) стипендияның иегері. Әрбір туындысын таласа басатын газеттердегі мақалаларын оқып, радио, телеарналардағы сұқбаттарын көріп, тыңдай жүріп өзім сырттай таныған Елдос Тоқтарбайдың шығармашылық кредосы -  шынайылық, өмірлік ұстанымы – Алаш заманы екен. Ол Алаш туралы жазғанда, я айтқанда бейне бір сол дәуірде өмір сүріп, Алаш қайраткерлерімен бірге жүргендей жан-тәнімен еніп кетеді.

Елдос туралы айтпағымызды даңғайыр жазушы, кемеңгер қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтің – Тахауи  Ахтанов туралы «Елден өткен ерек-ті» деген мақаласындағы мына бір эпизодтан бастағанды жөн көрдік –«Кремль ауруханасында операциядан дүние салған аяулы ұстаз Мұхтар Әуезовтің ауруханада жатып жазған ақтық хаттары «Қазақ әдебиетінде»  жарияланған. Олардың біреуі Ахтановқа арналған-ды. Сөйтсе , науқастанып жатып «Махаббат мұңын» оқып шығыпты. Алған әсерінің ізін суытпай әлгі хатты жазыпты. Онда: « Менде бір қуанған, сүйсінген ойлар ұдайы қатар жарысып отырды. Ол: сенің өзіме сонша етбауыр, шабытыңмен іні-бауыр екеніңді сезіне отыру шақтары. Мен сенің мақалаларыңнан, кең тынысты романыңның да («Қаһарлы күндерді» айтып отыр -  Ә.К.) кей бояуларынан «осы менімен туыстас-ау» деп ойлап жүруші ем. Кейде тіпті өз сезімдерімді, сырларымды саған жаздырып, соған барынша сеніп, еліге еріп, риза боп отырғандаймын. Әрине, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ал ол өз жүрегіңе ұқсап соққан жан-тамырыңды жанбауырыңдай сезбеске шараң жоқ» деген мойындауды ала отырып, Мұхтар Әуезовтей ұлы оқырманды осынша үздіктірген автор болу қандай бақыт!» деп тамсанады. Бұл үзіндіні алғандағы айтпағымыз -  Тахаң секілді Елдостың да Алаш арыстары туралы мақалалары, кешегі қанқұйлы қасап заман туралы әңгімелері оқырманын өзімен бірге жылатып, бірге қуантып өз әлеміне енгізіп алып кетеді. Елдос ғылыми деректерді адал, әділ, ширақ та дәл бере отырып мәйегін ағызып, майын тамызып, шұрайлы әдеби тілмен балалар жазушысы болғандықтан да  мектеп балаларына да түсінікті жазады. Шындығында бізге осындай түсінікті әдеби тілмен жазылған тарих керек. Бұл орайда Мұхтарша толғанар болсам, Елдос менің арманымды орындаған, менше армандаған жанбауырым.  Ғалымдардың өздері ғылым тілі деп атайтын, өздерінен басқа түсіне бермейтін, тіпті өз шәкірттерінің де бәрінің бірдей санасына сіңбейтін жалаң дерек, қасаң тілмен жазылған еңбектерін бойымызға сіңіре алмай, өз тарихымызға бойлай алмай келеміз. Нақты оқиғаны Елдосша әңгіме түрінде  шұрайлы тілмен берсе, ана сүтіндей сіңімді нәрлі. Сонда әркім де өз елін, өз тарихын етене шынайы түсініп, анасындай сүйеді. Өзгеге де сүйгізеді. Бұған дәлел – Италия, Грекия, Франция, Англия, Россия тарихын дүние жүзі біледі. Тарихты жеке адамдар жасайтынын ойға алсақ, тарих ғылымы ел жүрегіне сүйікті кейіпкерлері арқылы жол табады. Бала кезімізден «Ертедегі гректер» т.б. секілді кітаптарды бала ұғымына сай көркем әдебиет түрінде оқып, кейіпкерлеріне еліктеп, бойымызға сіңіріп өстік. Сондақтан да: тарихшылардың тың жатқан тұстарына кіріп кеткен де кездерім бар еді. Осындай  балалар көп болса, келешек ұрпақ қамына алаңдамай жаным тыныш болар еді.  Елдос міне тарихты елге кеңінен жеткізу үшін осы бір шүйгін жолды таңдады. Лайым тарихтағы ырысымыз мол болсын деп тілейік. Сондықтан да тәтті елеске арбалғандай келесі әңгімені, немесе Елдоспен бірге архив ақтарып, кең байтақ қазақ елінің төрт құбыласын түгендеп, – бірі  Торғайдан, бірі Астраханнан, бірі Қарағанды, бірі Жетісу, бірі Семей, енді бірі Солтүстіктен  тағы бір Алаш арысымен танысуды күтесің. Мұхтардай ұлы оқырман болмағанмен, ұғымтал оқырманға айналасың. Қазақстан порталының «Адамзатпен сұқбат» атты ақпараттық, өнегелі тұлғаны зерттеуге арналған жобасы өз жұмысын Елдос Тоқтарбаймен сұқбаттан бастады. Осы сұқбатта Елдос: «Жер бетіне сыймай кеткен Алаш арыстарын кеудеме сыйдырып, жүрегіме жерледім» деп көзіне жас алғанда, мен бора-бора  болып жыладым. Сонымен бірге Елдостың сөз саптауына, көсіле сөйлейтін көсемдігіне, жалықтырмайтын қоңыр дауыспен мүдірмей тиянақты сөйлейтін шешендігіне  әбден риза болдым. Осы тұста әдеби жиналысқа қатысып, мінбеге шығып бір-ақ рет сөйлеген сөзінен білімдарлығы мен шешендігін байқап, сол кездегі әдебиет жампоздары Жазушылар одағына мүшелікке қабылдаған Тахауи Ахтановқа Елдостың тағы бір ұқсастығын таптым. Елдосқа және бір риза болатыным – Санасының сергектігі, қандай да бір қате көрсе, басымен түсіп кетіп, қолымдағы істі бітіріп алайын, содан соң кірісемін демей, қатар қолға алып, жол-жөнекей жөндеп отыратын ұшқырлығы.

Ақын боп ұшқан сарбалақ арманы балалар жаушысы болып түлеген Елдостың Баянжүрек жазулары циклінен аңыз әңгімелері керемет. Мен армандайтын бірден естен кетпестей бойға сіңіп қалатын, әңгіме түріндегі тарих екен. Сонымен бірге қызықты хикаят қана емес, этно-географиялық танымдық дүние десе де болады. Баян мен Сайынбөлектің қашпақ болып межелеген бағыттары – тау-төбе, сай-сала, өзен, көл, асу аттары: Баян құлап өлген тау Баянжүрек, ғашығы өлім құшқан асу Сайынбөлек, Баянның әкесі Қапалдың қонысы Қапал деген сияқты әңгіме түріндегі бұл тарих саяхатшыларға  жер атауы және тарихы туралы қызықты әңгімелеп беруі тиіс жол бастаушыларға да таптырмас құрал. Ал «Ақ қауырсын» бәйгесін алған «Киелі топырақ» әңгімесі қаралы қапас кезеңнің бейнесін көзалдыңа мөлдіретіп әкелетіні сондай, қаша көшкен жұрттың жол азабын көтере алмай қайтыс болғандарын ақ жуып, арулап жер ана қойнына тапсыруға да мұршасы болмай өзенге ағызып жібергені, сол көште бірге болып, сол оқиғаны көзбен көргендей  бірнеше күнге дейін киноның үзілген лентасындай көкейде тұрып алып, қайта-қайта көзіңе жас үйіріп, жаныңды мазалайды.

Елдостың ғалымдығын – А.С.Пушкиннің: «Халықтың тарихы айналып келгенде ақынның үлесіне тиеді», дегені мен «Ақын және ғалым ұғымдарының ара жігі кеше ғана ажыратылғанын неге ұмыта береміз» - деген Олжастың пікірімен шегендесек болады.  Ғылымға да, тарихи деректерге де адалдығына тәнті болдым. Хамитбектің поэмасын арашалап, қасиет киеміздей Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың еңбегіне қиянат жасатпаған жерінде жылап та алдым. Әшиінде өнер, ғылым қуған адамға тән ағеден Елдос шындықты бұрмалатпау деген мәселеге келгенде, өзінің білімі мен білігіне сенімді азамат шалт мінез, темірдей тегеурін көрсетеді.

Ақын боп бастап, балалар жазушысы болып қалыптасқан Елдостың  Алаш заманына осынша ден қойып, Ахаңның: «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген сөзін бағдаршам етіп алып, кешегі тарихты бүгінгі жастарға, келешек,  ұрпаққа ұлттық идеологияның алтын діңгегі ретінде мұртын бұзбай, шашпай-төкпей, дүмбілез бұрмалаудан аршып алып, қаз-қалпында жеткізу үшін бірнеше адамның, тіпті бір институттың жұмысын мойнына артып алып жанкештілікпен еңбектенуіне нендей мойын бұрғазбас күш түрткі болды екен деп жүретінмін. Ойымдағы осы сұрақтың жауабын Елдостың  өзінің «Сөз сәуле» кітабынан таптым.Мұнда ол: «Менің жүрегіме ерекше әсер еткен бір оқиға – Алаштың дегдары, қадірлі Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген киелі Сартүбек атырабы, Ақкөл ауылына барғаным еді. 2013 жылдың мамырында Айбек ұстазымыз (Бұл -  шындықты тайсалмай айта алатын , барша халқымыздың сүйікті айтыс ақыны Айбек Қалиев болатын – З.Қ.) Міржақып Дулатов атындағы бірлестік мүшелеріне арнап Арқалық – Амангелді – Торғай – Ақкөл – Қарасу бағытында экскурсия ұйымдастырды. Басты мақсат – АркМПИ-на студент тарту, мектеп бітіруші түлектерге  үгіт-насихат жұмысын жүргізу. Қасиетті Ақкөлге барып, Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үйге кіріп, бабалар қормына тағзым еттік. Дегдардың балалық шағы өткен қоңыр мекен Сартүбекті тамашалап тұрған сәтімізде, «Ал, балалар! Ұлы Ахаң дүниеге келген топыраққа аунаңдар. Қазақтың бір жақсы ырымы – бұл!», - деді. Жігіттер жағы аунап-қунап, жақсылыққа баладық. Саф алтыннан қымбат бір уыс топырақты құтыға салып алған  едім, анда-санда бас ауырып, балтырым сыздағанда, матаға салып, сипап қоямын. Ұлылар еліне барып келген соң, ұстазым: «Елдос, Ахаң туған топыраққа аунадың! Енді Алаш аманатына адал бол!» - деп ізгілік жолына салған-ды. Алашты тану, Алаш мұрасын зерттеу осылай басталған-ды. Бұл – қабылан азаматтың ақ жолды нұсқаған шағы еді».- дейді. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дегеннің айқын үлгісі осы болса керек-ті. Жанкештілікті талап ететін ұлы істе ұстаз аманатына осынша адалдық екінің бірінің қолынан келе де бермес.

Елдос Тоқтарбай соңғы жылдары республикамыздағы түрлі жоғары оқу орындары мен колледж, мектептерге, Ұлттық әскери құрамдарға Қазақ тарихы, Тәуелсіздік тағылымы туралы лекция оқып, қоғамдық ортаға ұлттық сананы сіңіріп, мемлкеттік идеологияны кеңінен насихаттап жүрген жазушы, зерттеуші, қоғам белсендісі.

Кешегі Алашшылар отызға жетпей-ақ орда бұзып, қырқында қамал алды. Қазақ елі үшін қанша іс тындырды.  Алматының сұңғыла басшысы Бақытжан Сағынтаев әнші Мейрамбекті, Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова өзі іскерлігіне  қанық Қыдырәліні кеңесші етіп алды. Халық қуана құптады.

Бүгініміз қашанда ертеңгі тарихымыз, елдігіміздің іргетасы. Кешегі 16 республикадан құралған алып империя жастарына  басшылыққа сайлағанда Ғани Мұратбаевтың жасы жиырмадан жаңа ғана асқан еді, және ол өз ісін абыроймен атқарғанын білеміз.Олай болса, білігі мен білімділігін, жедел қимылдайтын ұшқырлығын, 26-ақ жасында осынша іс тындырған еңбекқорлығын, санасы сергек сұңғылалығын ел мүддесін тереңнен ойлайтын елжандылығын, биік ақыл-парасатын дәлелдеп келе жатқан, ел басқаратын адамға ауадай қажет қасиеттің бәрі бойынан табылатын Елдос Тоқтарбайды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне кеңесші етіп алса, көзіқарақты дана халқымыз ол әлі жас қой демес еді. Оның үстіне Елбасымыз таққа отырғаннан бастап шет ел сапарына да қасынан тастамай ертіп жүргенінде Бекболат Тілеухан да жиырманың ішінде ғана еді. Мұхтар Құлмұхаммед те отызға енді іліккен жас журналист болатын.

Қай қияға салсақ та алымды Елдос Тоқтарбай 100 жаңа есім жобасының ақжолтайы болуға әбден лайықты.

Зәмза Қоңырова,

Ақын, аудармашы, сценарист, публицист-жазушы,

Қазақстан жазушылар  одағының мүшесі.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5510