КҚК-ға шабуыл: Қазақ мұнайына қауіп төнді ме?..
Украинаның Ресейдегі Новороссискідегі Каспий құбыр консорциумына жасаған шабуылынан соң аталған құбырмен мұнай жіберу толық тоқтатылған еді. Қазақстан өз мұнайын экспорттаудың балама бағыттарын едел-жедел іске қоса бастады.
Ал ҚР Сыртқы істер министрлігі Новороссийскідегі КТК-ға жасалған шабуылға байланысты наразылық білдірді.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ УКРАИНАҒА НАРАЗЫЛЫҒЫ
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр желісі консорциумына жасалған кезекті шабуылға қатысты пікір білдірді.
СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Новороссийск теңіз порты акваториясында орналасқан халықаралық Каспий құбыр желісі консорциумының сындарлы инфрақұрылымына жасалған кезекті жоспарлы шабуылға байланысты наразылық білдіреді.
«Бұл оқиға халықаралық құқық нормаларымен қорғалатын, тек азаматтық мақсатта жұмыс істейтін нысанға жасалған үшінші агрессиялық әрекет болып отыр. Қазақстан жаһандық энергетикалық нарықтың жауапты қатысушысы ретінде энергия тасымалдаушылардың тұрақты әрі үздіксіз жеткізілуін қолдауға әрдайым мән береді. КТК әлемдік энергетикалық жүйенің тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Бұл жағдайды Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты қатынастарға нұқсан келтіретін әрекет ретінде бағалаймыз және мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін украин тарапының тиімді шаралар қабылдауын күтеміз», — делінген ҚР СІМ мәлімдемесінде.
УКРАИНАНЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ЖАУАБЫ
Украина Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жолдаған наразылық нотасына жауап берді.
«Украина Каспий құбыр консорциумының (КТК) инфрақұрылымына қатысты Қазақстан Республикасының алаңдаушылығын назарға алды. Украин тарапынан жасалған әрекеттің ешбірі Қазақстан Республикасына немесе басқа үшінші тараптарға қарсы бағытталмағанын еске саламыз. Украинаның барлық күш-жігері БҰҰ Жарғысының 51-бабында кепілдендірілген өзін-өзі қорғау құқығын іске асыру шеңберінде Ресейдің кең ауқымды агрессиясына тойтарыс беруге бағытталған. Дәл есептелген және стратегиялық тұрғыдан негізделген қорғаныс операциялары аясында Украина Қорғаныс күштері агрессордың әскери-өнеркәсіптік әлеуетін жүйелі түрде әлсіретіп, оның қылмыстық басқыншылық соғысты жүргізу және халқымызға қарсы әрекет ету құралдарынан айыру үшін Украина агрессордың нысандарына жауап соққыларын жасайды», – делінген мәлімдемеде.
«Қара теңіз аймағында және одан тыс аумақтардағы тұрақсыздықтың жалғыз факторы және қауіпсіздік қатерлерінің негізгі себебі – Ресейдің агрессиясы болып табылады»,- делінген.
Украина тарапы мәлімдемеде Ресейдің Украинаға үздіксіз зымыранмен, дронмен соққы жасап жатқанын, бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын, АЭС-ке қатысты нысандарға да соққы жасалғанын, Ресейдің агрессиясынан жүздеген мың адамның жарықсыз қалғанын айтып, Ресейдің ол әрекеттеріне қатысты Қазақстанның наразылық танытпағанын айтыпты.
Мәлімдеме соңында былай дейді: «Сөз соңында қазақ халқына деген өзгермейтін құрметімізді және қос халық арасындағы тарихи тұрғыдан берік байланыстар деңгейіне сай Қазақстан Республикасымен достық әрі прагматикалық қатынастарды дамытуға деген ниетімізді растаймыз», – депті.
Abai.kz