Божко оттан, Ахметов оқтан қашты делік, Үмбетов неге келмеді?
Алматының терістік-батысында орналасқан Қараой ауылына еш қиындықсыз жеттік. Ең қиыны - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты №2466 әскери далалық полигон аумағына ену болды. Алақанын шекесіне сарт еткізіп, өзінің аты-жөнін таныстырған қараторы сіріңкенің шырпысындай жұқа жігіт көлікті көлеңкеге қаңтарып, басшылықпен сөйлесіп алғанша сым шарбақтың ішіне өтпеуімізді өтінді. Бақылау бекетінен қол созым жерде Қаскелең өзені лайланып ағып жатыр. Түп-түзу дала дәл осы жерде түйенің өркешіндей болып, төмен қарай бір еңкейіп алады екен. Сай дейтіндей сайға, жыра дейтіндей жыраға ұқсамайды. Табанының ені - шамамен екі-үш шақырым. Кешегі қару-жарақ қоймасындағы алапат өрт пен жарылыс та осы полигонда болып еді-ау...
Алматының терістік-батысында орналасқан Қараой ауылына еш қиындықсыз жеттік. Ең қиыны - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты №2466 әскери далалық полигон аумағына ену болды. Алақанын шекесіне сарт еткізіп, өзінің аты-жөнін таныстырған қараторы сіріңкенің шырпысындай жұқа жігіт көлікті көлеңкеге қаңтарып, басшылықпен сөйлесіп алғанша сым шарбақтың ішіне өтпеуімізді өтінді. Бақылау бекетінен қол созым жерде Қаскелең өзені лайланып ағып жатыр. Түп-түзу дала дәл осы жерде түйенің өркешіндей болып, төмен қарай бір еңкейіп алады екен. Сай дейтіндей сайға, жыра дейтіндей жыраға ұқсамайды. Табанының ені - шамамен екі-үш шақырым. Кешегі қару-жарақ қоймасындағы алапат өрт пен жарылыс та осы полигонда болып еді-ау...
- Сізді подполковник Құбашев телефонға шақырады, - деп ойымды дәл осы жерден сіріңке сержант бөліп жіберді.
Подполковник сөзді тым қысқа қайырды: «Саперлер оқиға орнында жұмыстарын әлі аяқтаған жоқ. Жарылғыш заттарды әлі де жиыстырып, залалсыздандырып жатыр. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне далалық сынақ полигоны аумағына кіруге рұқсат жоқ. Жоғарыдағы басшылықтың бұйрығы осындай». Амал жоқ, көлігіміздің басын ауылға қарай бұрдық. «Сүт сұрай келіп, шелегімізді жасырғымыз» келмеді. Көше бойында кездескен екі келіншек көрші ауылдан екен. Сұмдық жарылысты олар да естіпті.
- Осы маңдағы көшелерді аралап, сұрастырып көріңізші. Жарылыс болғанда, әуе толқыны көп үйлердің терезелерін шашып жіберді. Әйтеуір, Құдай сақтап, аман қалдық қой! - деді толықтау келген «бальзак» жасындағы келіншек қазақша-орысшасын араластырып тұрып. - Тіпті Пржевальск көшесіндегі бір үйдің ауласына снаряд құлапты. Сонда барып көрсеңіздерші...
Пржевальскіге жету үшін Набережная көшесімен жүруге тура келді. Ал бұл көше Қаскелең өзеніне жақын орналасқан. Анығырақ суреттесек, Набережная көшесі әлгінде айтқан түйеөркештің қырында, полигонмен арасы бар болғаны бір-екі шақырым, қарама-қарсы орналасқан. Жолай үйін ақтап жатқан жап-жас орыс келіншегі ұшырасты.
- Теледидардан өртті кешкі сағат бесте басталды деп жүр. Ол шындыққа жанаспайды. Полигон жақтан шыққан қара түтінді біз тура сағат төртте байқадық. Сосын артынша тарсылдаған дыбысты естідік. Алғашқы кезде оған пәлендей мән бермеппіз. Себебі жауынгерлер полигонда жиі оқу-жаттығу өткізеді. Танкпен атады. Бірақ жарылыс жиілеген сайын, шарбақтың шетіне барып, оқу алаңына қарап қоямыз. Өрт тым қоюланып барады, жарылыс болған жерлерден үлкен үйдің шамасындай «саңырауқұлақтар» көтеріледі. Не істерімізді білмей, абыр-сабыр болып тұрғанда, әкімшілік пен полициядан кісілер келіп: «Құжаттарыңды да алмай-ақ, дереу үйден кетіңдер!» - деді. Балаларымызды жетектеп, тас жолдың арғы бетіндегі туыстарымызға жаяу-жалпылап кете бардық. Билік тарапынан автобус ұйымдастырылғанын, қос тігіліп, уақытша «босқындарға» үш мезгіл ыстық тамақ берілгенін теледидардан ғана естідік. Ондай «шапағатты» мен түгіл, менің маңымдағы бірде-бір көршім көрген жоқ. Оқу-жаттығу алаңына таяқ тастам жерде тұрған біздің көше ғой. Ауыл әкімдігі мен төтенше жағдай жөніндегі мекеменің қызметкерлері кімді «жарылқағанын» әлі күнге дейін білмей далмыз. Ең бастысы, бала-шағамыз, үйіміз аман қалды. Соларды қойшы! - деп қолын бір сілтеді де, аты-жөнін айтпастан, қайтадан көк қақпаға «сүңгіп» кетті.
Үш-төрт көшені көлікпен «сүзіп» шықтық та, бірде-бір үйдің терезесі қирамағанын аңғардық. Яғни жаппай шытынаған терезелер жайлы сөздің жай дақпырт екеніне көз жеткіздік.
Набережная көшесінің нақ ортасындағы үйден шыққан кейуана кім екенімізді білісімен, бірден ақтарыла жөнелді:
- Менің аты-жөнім - Екатерина Шишко. Осы ауылдың кемпірлері кешкісін Мәдениет үйіне жиналып, хор айтамыз. Сол күні де хордан кеш қайтып едім. Сайдың іші өртеніп, әлдене тасыр-тұсыр жарылып жатыр екен. Полиция қызметкерлері үйге сау етіп кірді де: «Бала-шағаны алып, жылдам кетіңдер! Полигондағы зымыран жарылса, ауылдың жартысы жоқ болады!» - деді. Мен еңіреп жылап отыра қалдым. Осыдан тура елу төрт жыл бұрын дәл осындай оқиғаны бастан кешіргем. Қырық екінші жылы Смоленск түбіндегі ауылды немістер шабуылдағанда, ауыл тұрғындары жаяу-жалпы орманға шұбырдық. Тұлымы желбіреген бес жастағы мені шешем жетектеп алған. Он үштегі ағам кәрі әжемді сүйемелдеп әкеткен. Соғыс аяқталған соң, шешем екеуміз Волга бойынан Смоленскіге жаяу тарттық. «Үй орнында тұрған шығар. Көп болса, қабырғасы өртенеді», - деп қояды анам мені де, өзін де жұбатып. Ал деревняға келгенімізде, үйіміздің орнын да таппай қалдық. Ағам, әжем, әкемді де көрмедім. Үйімнен тағы айырылдым ба деп жыладым. Сосын есімді жиып, бала-шағамды туыстарыма алып кеттім. Түнгі он екіде үйіме қайтып келіп, бақша суардым. Маған «үйіңе баруға болады не болмайды» деген жан жоқ. Ал мына іргемдегі көршілерім мүлдем үйінен кеткен жоқ. Шаруасын істеп, жүре беріпті. Әкімдік, төтенше жағдай немесе әскери шенділер тарапынан ешқандай жақсылық көрмедік. Тіпті өрт басылғасын үй-үйге келіп, сыпайылық үшін болса да жағдайымызды білген жоқ.
Ауласына «бомба» түскен үйге кіргіміз келмеді. Себебі сол кездегі мән-жайды бүкіл ақпарат құралдары жалпақ жұртқа жар салып, хабарлап қойып еді. Бірақ үй иесімен сөйлессек, қалтарыста қалған тағы бір шындықтың беті ашылып қалар-ау деген журналистік түйсік бізді Пржевальск көшесіне сүйрей жөнелді.
- Өрт басталған сәттен бастап телефондағы таспаға түсіре бастадым. Бірақ сатыр-сұтыр жарылып жатқан бомбаның бірі менің аулама түседі-ау деген ой жоқ еді, - деп бастады әңгімесін отағасы Байтас Ортаев. - Әлдене ысқырып келіп, шөптің арасына бұрқ етті. Сыртта тұрған көршім: «Бомба, ана жерге бомба түсті!» - деп шар ете қалды. Сол жерден төрт-бес метр жерде үш балам ойнап жүрген-ді. Жүгіріп барып қарасам, аузы сарышұнақтың ініндей шұңқыр пайда болыпты. Ішінде бомба жатыр. Оқтұмсығы түсіп қалған. Көршінің балалары келіп, әлгіні қолдарына ұстап, ойнай бастады. Тіпті менің ұлыммен таласып қалған біреуі «мұны кесіп, бөліп алайық» деп жүр. Ойында түк жоқ. Суық қаруды қолыма алып қарадым да, ішінен қызыл нүктені көрдім. Соған қарап, әлі жарылмаған-ау деп ойладым. Дереу мына темір бөшкенің ішіне салып қойдым. Сөйттім де, полигондағы саперлерге тарттым. Барып оқиғаны хабарладым да, үйге келдім. Бірақ неге екенін білмеймін, саперлер тажал оғын алты сағаттан соң ғана алып кетті. Алла сақтағанда, танкіні балқытып жіберетін бөлігі жарылмай қалыпты.
- Мына кішкентай қызым содан бері тарсылдаған дыбыс естісе, үйге қашып келіп тығылады. Әбден қорқып қалған, - деп әңгімеге Байтастың келіншегі Гүлдар араласты. Екі жарым-үш жастағы қыз бала шешесінің етегіне оралып жүр.
- Күн сайын намаз оқығанда, «Бала-шағамды көлденең келген кесапаттардан, пәле-жаладан сақтай гөр, Алла!» - деп дұға жасаймын. Сол дұғалардың жәрдемі тиді ме деп қалам. Ал әкімдер мен әскерилерге қатты ренжідік. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру ұйымдастырылған жоқ. «Не болсаң, о бол!» - деген немкеттілік қатты білініп тұрды. Қайта, Құдай сақтағанда, қоймадағы жарылғыш заттардың дені батыс бағыттағы иен далаға атылды. Егер бізге бағытталғанда, жаяу-жалпы жүгіріп жүрген ешкім де аман қалмас еді, - деді Байтас тұнжырап.
Әңгімеміз осы тұсқа келгенде, түйеөркештің қомында тағы да тарсылдаған жарылыстар басталды. Бәлкім, саперлер бір жұмадан бері жинаған жарылғыш заттарды залалсыздандырып жатса керек. Байтастың кішкентай қызы үйге «сып» берді.
Біз енді осы мәселенің мән-жайын ауыл әкімінен анықтамақ болып, әкімдікті бетке алдық. Бірақ түс әлеті болмаса да, кеңседен жан баласын таппадық. Ертеңіне телефон арқылы тілдескен Қараой ауылы әкімінің орынбасары Гүлнәр Қаткеева тұрғындарды көшіру үшін үш автобус ұйымдастырылып, мәдениет үйінде қос тігілгенін хабарлады. Біз Пржевальск пен Набережная көшелерінің ең қауіпті аумақта орналасқанын, дегенмен сол көше тұрғындарының әлгіндегідей жақсылықтан бейхабар екенін және үйлерінен жаяу қашқанын нақты дәлелдермен алға тартқан едік, шенеунік дереу шалт бұрылды: «Білмеймін, мен өз басым тұрғындарды көшірумен айналысқан жоқпын. Бірақ тұрғындарды үш автобустың тасып, Мәдениет үйінде қос тігілгенін теледидардан көрдім ғой», - деді ол орысшалап. Мен де аң-таң, ол да аң-таң. Өзі сол ауылдың әкімінің орынбасары, ауылындағы жаңалықты теледидардан көреді. Жай жаңалық болса екен, жарылыс болып, жұрт жаяу-жалпы қашып жүреді. Міне, озық заманның техникасын қойсаңшы...
Қараой ауылы артта көгілдір сағымға айналып бара жатыр.
Үкімет халықтың мұң-мұқтажына шындап бет бұра бастаса, төтенше жағдайлар жөніндегі министр В.Божко да, қорғаныс министрі Д.Ахметов та, тіпті таяқ тастам жерде отырған Алматы облысының әкімі де әлгі сағым секілді, Қараойда апат болғанда жылап-сықтап жүрген жергілікті халық арасынан төбе көрсетпеді. Ғаламторды ақтарып отырып, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың облыстық құзырлы мекемелердің ұйымдастыруымен өтетін футбол турнирінде доп қуалайтыны туралы ақпарды көзіміз шалды. Келесі бір ақпаратта Алматы облысының Текелі қаласында жер сілкінгені туралы айтылыпты.
Мәскеуде бір дүкен өртенсе, қала мэрі Ю.Лужков пен төтенше жағдайлар жөніндегі министр С.Шойгу дереу сол орыннан табылады. Япырай, тұмсығының астында қала қирап, ауыл жарылып, ел әбігерге түсіп жатқанда, біздің атқамінерлердің мұнысы несі екен дедік. Әлде осыны істеу үшін де «Нұр Отанның» құрылтайы өтіп, көк шыбығы үйірілуі керек пе екен?
Тоқтар ЖАҚАШОВ
«Жас қазақ» газеті, №24, 19.06.2009