Header Banner
Сәрсенбі, 11 Наурыз 2026
Билік 153 0 пікір 11 Наурыз, 2026 сағат 12:42

Жаңа Конституция адам құқықтарын қалай күшейтеді?

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы елдің саяси жүйесін жаңартуға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мутәлі мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп, демократиялық институттарды күшейтетін маңызды құжат болмақ.

«Жаңа Конституциясы жобасы – еліміздің саяси жүйесін жаңартатын, билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтатын және азаматтардың құқықтарын күшейтетін маңызды құжат», – деді Әбутәліп Мутәлі.

Оның айтуынша, жаңа редакцияда халық билігінің рөлі нақты күшейтіледі. Конституция жобасында халық мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі егемендіктің иесі ретінде айқын көрсетіледі.

«Жаңа редакцияда бұл қағида нақтырақ бекітіліп, “халық – егемендік иесі” деп айқын жазылады. Мемлекет атынан әрекет ету құқығы тек Президент пен Құрылтайға беріліп, өзге органдарға өкілеттік тек Конституция мен заң шегінде ғана беріледі. Бұл билікті иемденіп кетуге қарсы қосымша конституциялық сақтандырғыш», – деді депутат.

Мутәлі жаңа Конституция жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі ретінде Құрылтай институтының енгізілуін атап өтті. Оның айтуынша, Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган болады.

«Құрылтай 145 депутаттан тұрады және барлығы біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйемен сайланады. Бұл саяси партиялардың жауапкершілігін арттырып, сайлаушылардың дауысы әділ пропорцияда көрініс табуына мүмкіндік береді», – деді ол.

Сонымен бірге жоба азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуді көздейді. Мысалы, жеке өмірге қол сұқпау, отбасы құпиясын сақтау және дербес деректерді қорғау құқықтары нақты көрсетілген.

«Жеке өмірге, отбасы құпиясына және дербес деректерді, соның ішінде цифрлық технологиялар арқылы өңделетін мәліметтерді қорғау құқығы конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл қазіргі цифрлық дәуір үшін аса маңызды кепілдік», – деді депутат.

Сөз еркіндігі, ғылыми және шығармашылық еркіндік те Конституция жобасында кеңінен қарастырылған. Сонымен қатар соғысқа, зорлық-зомбылыққа, этностық және діни өшпенділікке шақыруға қатаң шектеулер енгізіледі.

Мутәлі азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктері де күшейтілетінін айтты. Атап айтқанда, сот шешімінсіз адамды ұзақ уақыт ұстауға болмайтыны және ұсталған сәттен бастап адвокат көмегін пайдалану құқығы нақты бекітіледі.

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция әлеуметтік мемлекет қағидатын да күшейтеді. Негізгі заңда адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалады.

«Азаматтардың денсаулық сақтауға құқығы, заңда белгіленген көлемде тегін медициналық көмек алу мүмкіндігі, сондай-ақ міндетті және тегін орта білім алу кепілдіктері конституциялық деңгейде бекітіледі», – деді ол.

Мәжіліс депутатының пікірінше, жаңа Конституция қолданыстағы негізгі қағидаттарды сақтай отырып, оларды қазіргі заман талаптарына сай жаңғыртады.

«Бұл құжат бір жағынан қолданыстағы Конституцияның іргетастық қағидаттарын сақтайды, екінші жағынан XXI ғасыр талаптарына сай жаңғыртады. Сондықтан Конституция жобасын қолдау – Қазақстанды құқықтық, әділетті және заманауи мемлекет ретінде нығайту жолындағы маңызды қадам», – деп айтты Әбутәліп Мутәлі.

Abai.kz

0 пікір