Сыр өңірінде балуандар бәсекесі өтіп жатыр
Қызылордада өтіп жатқан қазақ күресінен ел чемпионатына байтақ республиканың барлық өңірінен күш сынасуға 500 спортшы білек сыбана келді. Әрбірінің қолдау көрсетер жанкүйері бар. Дүйсенбіде бастау алған тартысты бәсеке бүгін өз мәресіне жетпек. Осыған дейін ерлер 9 салмақ дәрежесінде, сонымен қатар түйе палуандар сайысында сынға түссе, бүгін әйелдер арасында 7 салмақ бойынша жарыс өткізілуде.
«Евразия» спорт кешеніндегі дүбірлі доданың Сыр елінде ұйымдастырылуы да тегін емес. Бүгінде барыстарды анықтап, бұла күш иесін танытуды мақсат еткен «Алтын белбеу» сайысы да Ақмешіттен бастау алғаны белгілі. Ақын-шайырларынан бөлек қазақ күресінен талайдың таңдайын қақтырған Сыр спортшылары қазақ атын әлемге паш етіп келеді. Бұл ойды жарыстың алғашқы күнінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі, ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Дәурен Абаев та қуаттаған.
– Сыр елі – қазақ күресінің палуандарына өте бай өңір. Мұның өзі қатысушы жастарға зор серпін береді. Жыл сайын чемпионаттың деңгейі өсіп келеді. Бұл бәсекенің де тартысты өтетініне сенімдімін, – деді федерация президенті.
Сайыстың алғашқы күнінде ерлер арасындағы 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақтағы спортшылар белдесті. Чемпионатқа өңірден 40 спортшы қатысып, аймақ абыройы үшін белдессе, 90 келі салмақ дәрежесінде соның екеуі сынға түсті. Оның бірі Ринат Тоғысов ә дегеннен алғашқы қарсыласы жамбылдық Аян Рысбайға есе жіберіп, жарыстың жарты жолына да жете алмай қалды. «Әттеген-айлаған» жұртшылық жерлесіміз Ержан Абдуллаевқа үміт артқан. Ол шымкенттік Марат Байкамуровтың жауырынын жерге тигізді. Дегенмен, бұл үмітіміз де ұзаққа бармады. Жамбылдық Айбол Айтбек сенім артқан палуанымызды сұлатты. Бұл жерде бойдағы бұла күштен бөлек әдіс пен айла да маңызды рөл атқарады. Қолын қарсыластың иығынан асырып, белден ұстап, басынан асыра лақтыруға мүмкіндігі зор бойлы палуандар да жығылып жатты. Бұл салмақтағы спортшылардың арасынан біз айтып отырған жамбылдық Айбол Айтбек қарсыластарын шақ келтірмей, І орынды қанжығасына байлады. Ал, ақтық сында оған есе жіберген алматылық Ерасыл Жанатаев екінші орынды еншіледі. Айболмен белдескен атыраулық Сұңғат Закарияев пен ақтөбелік Әділет Мисин үздік үштікті түйіндеді.
Қақпақ жауырындылардың 100 келі салмақ дәрежесінде сынға түскендері тартысты бәсекені байқатты. Жерлесіміз Нұрым Сәлімгерей де жарыс жолында көрінді. Мұнда одан бөлек Спандияр Алмаханов пен Айдын Жыланбасов та аймақ абыройын қорғауға атсалысты.
Нұрым осы сайыста 4 жекпе-жек өткізді. Оның барлығында дерлік айқын басымдығын көрсетті. Алдымен Шығыс Қазақстан облысының палуаны Жасұлан Мұхаметхановты иығынан асыра лақтырып, жауырынын жерге тигізсе, онан соң қостанайлық Алмас Жұмағалиды да дәл солай жықты. Қарағандылық Ерқанат Молдағұловтың да Нұрыммен белдесуде жолы болмады. Оңбай жеңілді. Әсіресе, төртінші белдесу кезіндегі жанкүйерлер даусы залды жаңғыртып жібергендей. Солтүстік Қазақстан облысынан келген Мұхит Тұрсынов екеуі беріспеді. Қара терге малшынып, қаққан қазықтай қақшиып тұр, құламады. Десе де, уақытты тоқтата алмайсың. Бес минут демде өте шықты. Мұхиттың салмағы Нұрымнан екі келі жеңіл болып, төрешілер шешімімен Мұхит Тұрсынов бірінші орын алды да, Нұрым Сәлімгерей екінші орынды еншіледі. Атыраулық Арман Қалиев пен қарағандылық Ерқанат Молдағұлов үшінші орынға тұрақтады.
Салмақ ауырлаған сайын сайыстың салмағы да арта түскендей. 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 28 палуан шеберліктерін байқасты. Оның ішінде жерлестеріміз – бірнеше дүркін ел чемпионы, Азия чемпионы атанғандары бар. Байқасақ, күресіп жүрген палуандардың көпшілігі Қармақшы топырағынан екен. Бұл күнде онда Текей батыр атындағы спорт клубы жұмыс істейді. Мақсат Исақабылов, Нұрым Сәлімгерей, Марат Баймаханов, Бауыржан Раисов, Қайрат Жалғасбаев, Мұхит Досымовтар сол мектептен түледі. Палуандарды іріктеп, үлкен спортқа бағыттау мақсатында ашылған мектепте бүгінде 300-ге жуық жас тәрбиеленуде.
– Бұл спорт клубын ашу оңай болмады. 2006 жыл еді. Сол кездегі аудан әкімі Рзақұл Нұртаев ауыл ақсақалдары мен спорт жанашырларын жинап, спорт клубын ашу керегін айтты. Маңыздысы, елден мықты палуандар шығып жатты. Сол істі әрі қарай дамыту керек еді. Содан клубты аштық, ақсақалдардың келісімімен оған атақты Текей батырдың есімін бердік. Қазірдің өзінде түлектеріміз әлемді бағындырып жүр. Жемісін берді, – дейді клуб директоры, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділбек Серікбаев.
Осы мектептің шәкірті Айбек Серікбаев – Әлем және Азия чемпионы. Сүйінші жаңалығы – алдағы жылы Жапонияда дзюдо күресінен өтетін чемпионатқа дайындалып жүр.
Қош, жарысқа оралайық. Ауыр салмақтағылардың айқасы бөлек болды. Құдды бір көздерінде от ойнаған барыстардың шайқасы дерсің. Боз кілемге маңғаздана шығып келе жатқан сайыпқырандардың дене тұрқы да барыс десе болғандай. Төрт дүркін әлемді мойындатып, екі дүркін Қазақстан барысы атанған Айбек Нұғымаров та осы салмақта сынға түсті.
Байрақты бәсекеде сырбойылықтар Мақсат Исақабыловтан үміттенді. Талай дүбірлі додада аймақтың ғана емес, Алаштың абыройын асырып жүрген апайтөс палуанның жауырыны жерге тимес десті. Әйткенмен, «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген. Мақсаттың алғашқы қарсыласы қарағандылық Ұлықбек Төлеуов болды. Әп-сәтте сырғыған секундтарда жерлесіміз қарсыласын жықты. Әйткенмен, одан кейін жамбылдық Ғалымжан Қырықбайдан жеңілді. Ол – биыл шілдеде Неапольда өткен Универсиада ойындарында ел қоржынына алғашқы алтынды салған спортшы. Жерлесімізден басым түсіп, ақтық сынға жетті. Мықтылардың бәсекесінде Айбек Нұғымаров пен Ғалымжан Қырықбай І орынға таласты. Атағы алты Алашқа тараған Айбек Нұғымаров та өзіне бек сенімді болды. Белдесуде қос қарсылас бір-бірінің осал тұсын аңдысты. Шығысқазақстандық Нұғымаров қарсыласын дұрыс бағаламапты. Астына алып ұрған сәтте көрерменнің таңданысын байқадық. Ғалымжан Қырықбай жарыс жеңімпазы атанып, екінші орынды Айбек Нұғымаров алды. Ал, үшінші орын маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов пен жерлесіміз Мақсат Исақабыловқа бұйырды.
Көрермендер арасынан «бәлки, бұл Сырдың қонақжайлылығы шығар» деген пікірлер айтылып жатты. Рас та шығар?! Әйтпесе, Қызылорда – қазақ күресіне ерекше мән берген аймақ. Осы күнгі «Еуразия барысы», «Әлем барысы», «Қазақстан барысының» бастауы Сыр елінде жатыр. Оны облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Рзақұл Нұртаев еске түсірді.
– Арман Шораев Моңғолияға сапарлап барғанда олардың күресін тамашалайды. Сонда әр салмақ бойынша жеңімпаздарға лашын, сұңқар тәрізді атақтар беріледі әрі оны Президенттің өзі табыстайды. Мұны көрген ол дереу бізге шықты. Сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаров екеуіне күрестің ерекшеліктерін жан-жақты түсіндіріп бердім. Осылайша, көп ұзамай «Алтын белбеу» палуандар бәсекесі пайда болды. 2010 жылы «Алтын күз» мерекесінде бюджеттен тыс көздерден 100 мың АҚШ долларын бөлдіріп, жеңімпаздарға жүлде үлестірдік. Келесі жылы бұл соманы бюджеттен бөлінетін етіп шештік. Мұның тиімді екеніне көз жеткізген соң 2011 жылы «Қазақстан барысын» елордада ұйымдастырдық. Барлық қаржысы біздің облыстың мойнында болды. Сол кездегі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев оң бағасын беріп, қаржыландырылуын қордың мойнына артты. Содан бері 1 млн АҚШ доллары қордан бөлінеді. Қызылорда облысы бес жыл бойына «Еуразия барысын» ұйымдастырды. Қытайда, Иранда және Қазақстанның үш облысында, – деді Р.Нұртаев.
Осындай мүмкіндігі зор өңірдің спортшыларына сырт көз қызыға да қызғана қарайды. Қызылордалық палуандардың ептілігі мен тектілігі де бөлек. Қонаққа жол берді деуі осыдан да шығар?!
Жарыстың келесі күнінде 55 және 60 келі салмақ дәрежесіндегілермен бірге түйе палуандар да сынға түсті. Дамир Әбдеков, Нұржан Тілеубергенов, Мұхамедқожа Әділжан, Бекзат Төлеуов, Мұхит Шерәлиев секілді палуандар 55 пен 60 келі салмақтағы сында өздерінің шеберліктерін көрсетіп бақты. Әйткенмен, қапы қалып, қарсыластан жеңіліп жатқандар да аз емес. Көрермен көңілінде бір үміт пен бір күдік арпалысқан сәт болды.
Күрестің көкесі түйе палуандар сайысында өңірдің атынан Мақсат Исақабылов, Марат Баймаханов, Нұрым Сәлімгерей қатысатын болған. Әйткенмен, Марат Баймахановтың жарыста жолы болмады. Нұрым Сәлімгерей жарақатына байланысты кілемге шыға алмады. Түйе палуандар сайысындағы Сырдың жалғыз үміті Мақсат Исақабылов қана болды.
Жерлесіміз шығысқазақстандық Жасұлан Мұхамеджановпен белдесуінде бірнеше мәрте шабуыл жасады. Екеуі де мықтылығын көрсетті. Бірақ Мақсат бәрібір оны иығынан асыра лақтырды. Нұр-Сұлтан қаласының палуаны Бекзат Шымкеевті де дәл солай жыққан Мақсаттың шымкенттік Марат Байкамуровпен белдесуде де мысы басым болды.
Түйе палуандар сайысының жартылай финалына Мақсат Исақабыловпен қатар алматылық Нұрсұлтан Аманжолұлы, Шығыс Қазақстан облысынан Талғат Әмренов, Нұр-Сұлтан қаласынан Айбат Сейтен өтті.
Дүйім жұрт тағатсыздана тосқан ақтық сын да келіп жетті. Енді палуандар бар күш-жігерін жинап, шешуші айқаста жеңіске таласады. Сайыс басталғалы бір деммен бақылаған жұртшылық жерлесіміз Мақсат Исақабыловпен боз кілемге шығатын алматылық Нұрсұлтан Аманжолұлынан сескенген-ді. Белдесу басталғанда-ақ өзінің әдіс-тәсілінің ерекше екенін байқатқан палуан көңілдегі күмәнді демде басты. Алматылықтың жауырыны жер иіскеді. Енді Мақсат жарыстың жеңімпазы болу үшін шығысқазақстандық Талғат Әмренов пен елордалық Айбат Сейтеннің қай жеңгенімен шығады. Палуандардың ешбірі жеңісті қолдан бермеді. Айбат айбынды болып шықты, Әмренов те жығылды.
Финалдық жекпе-жек Мақсат Исақабылов пен Айбат Сейтеннің арасында өтті. Нұрсұлтандық палуан оңай шағылар жаңғақ емес екен. Бұл жолы Мақсат Исақабылов ел чемпионатының екінші орнын еншіледі. Ал бірінші орынның биігін Айбат Сейтен бағындырды. Үшінші орын Нұрсұлтан Аманжолұлы мен Талғат Әмреновке бұйырды.
Abai.kz