Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 13921 1 пікір 3 Желтоқсан, 2019 сағат 06:34

Шәкәрім мұрасы – ұрпаққа аманат

Шәкәрім Құдайбердіұлы – ақын, жазушы, аудармашы, философ,  адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек сынды биік қасиеттерді ұлықтаған  ойшыл.

Шәкәрім мұрасын тануда, насихаттауда нендей жетістіктерге жеттік, әлі де түгесілмей жатқаны не деген сауалдардың туындауы заңды нәрсе. Бүгінгі таңда шәкәрімтанудағы өзекті мәселелердің бірі – Шәкәрім шығармаларының академиялық толық нұсқасын жариялау.  Бұған қол жеткізу үшін ақын сөзін дұрыс оқу міндеті тұр. Бұл ретте ең алдымен жүгінетініміз ақынның көзі тірісінде жарық көрген шығармалары. Яғни, 1911, 1912, 1924 жылдары жеке кітап болып басылған мұралары, сондай-ақ  ХХ ғасырдың басында баспасөз беттерінде жарық көрген шығармалары негіз болары сөзсіз.

Шәкәрімнің барлық жинақтары тырнақалды туындысы ретінде «Өлтірдің, онан таптың қандай пайда» өлеңімен басталады. Көлемі – 8 жол. Ахат естелігіне сүйенсек, өлеңнің басқа шумақтары ұмыт болған.

Осы арада ескере кететін бір дүние. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайұлы 37 жасында дүниеден озған.  Бұл жайында Шәкәрім «Шежіре» кітабында былай дейді: «Жоғарғы Ырғызбай – біздің 4-інші атамыз һәм Абылай ханмен жолдас болған кісі. Оның төрт баласы – Өскенбай, Өсер, Мырзатай, Жортар. Жоғарғы Кеңгірбай бидің орнына Өскенбай би болған, оның бәйбішесінен біздің үлкен атамыз Құнанбай қажы марқұм жалғыз. Оның үлкен қатынынан менің әкем Құдайберді марқұм жалғыз еді...

Ол кісі 1866-ншы барыс жылы 37 жасында апрель айында дүниеден өтіп, мен 8 жасымда жетім қалдым» (1-сурет).

1-сурет. 1911 жылы жарық көрген «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресінің» 69-беті

1911 жылы жарық көрген Бұл үзінді «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресінің» 69-бетінен алынды. Шәкәрім өмірбаянына қатысты жазылған еңбектерде ақын 7 жасында жетім қалды деген мәліметті жиі кездестіреміз. Шәкәрімнің көзі тірісінде жарық көрген «Шежіре» еңбегіндегі «Мен 8 жасымда жетім қалдым» деген жолдар баса назар аударатын дерек болуы керек деп есептейміз.

Осы орайда ақынның «Мұтылғанның өмірі» деп аталатын шығармасының алғашқы шумағының

Бесiмде оқу бiлсiн деп,

Ата-анам бердi сабаққа.

Жеті  жаста жетiм боп,

Түскендей болдым абаққа.

- үшінші жолын «Сегіз жаста жетім боп» деп оқуымыз дұрыс болар. Себебі жоғарыда «Шежіре» еңбегінде келтірілген мәлімет – нағыз шынайы дерек. Екіншіден «Мұтылғанның өмірі» дастаны турасында Шәкәрім жинақтарының барлығында  «Ақын өмірінің соңғы жылдарында жазылған» деген түсініктен ары аса алмай отырмыз. Шәкәрім ақын қолжазбаларының сақталмауы ақын шығармаларының текстологиясына қатысты әңгіме өрбітуде қолбайлау болып келе жатқандығы белгілі.

Ендігі кезекте Шәкәрімдікі деп танылып жүрген «Ақындарға» өлеңі жайында сөз өрбітейік. Бұл өлең 1988 жылы «Жазушы» (139-бетте) және 2006 жылы «Жібек жолы» (158-бетте) баспаларынан жарық көрген ақын жинақтарына және «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясында Шәкәрім ақын туындысы ретінде берілген. Жинақтардың бірде бірінің түсініктерінен бұл өлеңге қатысты мәліметті кездестіре алмадық.

Семейдегі Абай музейінің қорында Ахат Шәкәрімұлының өзі тапсырған қолжазбалары сақтаулы. Бірнеше бумадан тұратын бұл қолжазбаларда Шәкәрім шығармалары, Құнанбай туралы естеліктер және Ахат Шәкәрімұлының өз шығармалары бар.

«Ахат Құдайбердиевтің өз шығармалары: 1923-24-28 жылдары жазылған өлеңдердің қалғандары» (КП-4473) деп аталатын папкадағы бір топ өлеңдер қатарында Шәкәрімдікі делініп жүрген «Ақындарға» өлеңі «Өлең айт» деген атпен Ахаттың өз өлеңі ретінде берілген  (2-сурет).

2-сурет. «Ахат Құдайбердиевтің өз шығармалары: 1923-24-28 жылдары жазылған өлеңдердің қалғандары» Абай музейінің қоры. КП-4473, 30-31 б.

Ендігі кезекте Шәкәрім жинақтары мен Ахат қолжазбасындағы  екі өлеңді салыстырып көрейік.

Назарларыңызға ұсынылған екі мәтіндегі дәл тигіз/дөп тигіз, сүйсініп/сүйсінсін; қадалып/қадалтып сөз варианттары өлең мағынасына ешбір нұқсан келтіріп тұрған жоқ. Ахат ағаның өз қолымен тапсырған қолжазбалар ішінен табылғандықтан, Ахат Шәкәрімұлының өлеңі деуге толық негіз бар.

Шәкәрім Құдайбердіұлы ХХ ғасыр басында жарық көрген «Айқап», «Қазақ», «Абай», «Сарыарқа», «Қазақ тілі», «Таң» журналдарында әртүрлі тақырыптағы мақалалары мен өлеңдерін жариялап тұрған. Ақын шығармаларының мәтіндік бірізділігі хақында сөз болғанда бірден бір жүгінеріміз, әрине сол кездегі баспасөз беттеріндегі басылымдар.

Мәселен, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 22 маусымдағы санында ақынның «Керек» деген өлеңі басылған (3-сурет). Жазылған жылы белгісіз. Жол саны – 32 жол.

3-сурет. «Қазақ» газеті, 1913 жыл 22 маусым

Бұл өлең 2006 жылы «Жібек жолы» (М.Жармұхамедұлы - алқа төрағасы, Б.Атығай – жауапты ред.) баспасынан жарық көрген Шәкәрім ақын жинағына ғана енген. «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясында ақынның бұл өлеңі туралы ешбір мәлімет берілмеген. 2006 жылғы басылымда 28 жол, яғни  өлеңнің 19, 20, 21, 22 жолдары түсіп қалған:

Қол аяғын жөндеңіз,

Науқасы мол емес пе?

 

Ата жұртың қазақ қой!

Көрінгенге мазақ қой!

Ендігі кезекте, Шәкәрім шығармаларының аталуы жайында бірер сөз. Шығыстың ұлы шайырларының бірі Физулидің «Ләйлә-Мәжнүн» дастаны бүкіл шығыс әдебиетіндегі нәзира дәстүрін Шәкәрімнің қазақ топырағында өнімді дамытуының айғағы.

Поэма алғаш рет 1923 жылы «Шолпан» журналында «Ләйлә-Мәжнүн» деген атпен жарық көрді (4-сурет).

4-сурет. «Шолпан» журналы 1923 жыл 4-5 сан

Көптеген зерттеулерде, тіпті ақынның тұлғалық энциклопедиясында, 1988 жылдан бергі жинақтарында да поэманың аты «Ләйлі-Мәжнүн» деп басылып келеді.

«Шолпан» журналында жарық көрген поэманың сапасыз басылғандығы жөнінде кейіс білдіріп Шәкәрім ақын «Қазақ тілі» газетінің 1924 жылғы №13 санында «Қазақ тілі» газетінің басқармасына өтініш» деген атпен мақала жариялаған. Поэмадағы мәтіндік өзгерістер өз алдына бөлек әңгіме. Біздің нақтыламағымыз поэманың аты. Яғни Шәкәрім өзі «Қазақ тілі» газетінің  редакциясына тапсырған жоғарыда аталған мақалада «Ләйлә-Мәжнүн» деп нақты көрсеткен.

Сондай-ақ, 1935 жылы Сәкен Сейфуллин Шәкәрімнің аталған дастанын жеке кітап етіп бастырды (5-сурет). Елең-алаң шақта Шәкәрім аудармасын жариялау ерлікпен пара-пар еді. Алаш ардақтысы С.Сейфуллин  ұсынған басылымда да  шығарманың аты «Ләйлә-Мәжнүн» деп берілген.

5-сурет. «Ләйлә-Мәжнүн», 1935 (баспаға дайындаған С.Сейфуллин)

Әрине бір әріп айырмашылығы шығарма мазмұнына ешбір нұқсан келтіріп тұрмағаны даусыз. Дегенмен де түпнұсқадан ауытқымай, ақынның әрбір сөзіне мұқият қарасақ, Шәкәрім сөзін дұрыс оқуға жақындарымыз аян.

Сонымен қатар 1911 жылы Шәкәрімнің «Мұсылмандық кітабы» еңбегі оқырманына жол тартты. Неге екені белгісіз осы еңбектің аты кейінгі басылымдардың барлығында «Мұсылмандық шарты» деп басылып келеді. 1911 жылы Орынборда жарық көрген кітаптың мұқабасына зер салайық:

Мұсылмандық кітабы

Бұл кітап – иман, ғибадат һәм басқа әртүрлі шариғат істерін анық қазақ тіліменен ұқтырған, орта жүзде арғын, тобықты нәсілінен, мархұм Құнанбай қажының немересі, Шаһкәрім Хұдайберді мархұм ұғлының жазған кітабы

Орынбор, «Каримов» Хамитов уа ширкатының матбуғасы

Анық көріп отырғанымыздай, еңбектің тұңғыш баспа көргендегі аты - «Мұсылмандық кітабы», қандай негізге сүйеніп бұл еңбек «Мұсылмандық шарты» деп аталғанын анықтай алмадық.

Міне, бұлардың барлығы шәкәрімтануда әлі де ақиқатын арши түсер мәселелердің қомақты екендігін аңғартады.

Біздің мақсатымыз бір жинақтың артықшылығын көрсету, не екінші бір жинақтың кемшілігін баса айту емес. Шәкәрім сөздерін дұрыс оқуға талпыныс жасау. Шәкәрім мұрасы – ұрпаққа аманат!

Ақмарал Смағұлова

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544