Сенбі, 23 Қараша 2024
Желтоқсан естеліктері 5711 11 пікір 13 Желтоқсан, 2019 сағат 13:35

Қарағандыдағы желтоқсан көтерілісі туралы...

1. ҰҚК қос журналисті неге ұстады?

Иусис Христостың ғұмырындай мерзім өтсе де, Желтоқсан көтерілісі ұлтымыздың жадынан шыққан жоқ. Шықпайды! Өйткені, қанды оқиға әрбір қазақтың жүрегіне мәңгі жазылмайтын жара салып кетті!

Сол бір қасіретті күндерде өзім куә болған мына бір жәйтті енді ашып айтуды жөн көрдім. Ол кезде Қарағанды облыстық радиосында редактор боп қызмет атқарушы ем. 1986 жылдың 18 желтоқсанында әдеттегідей кешкі жаңалықтарды әзірледім. Көбінесе обкомнан келетін хабарларды ана тілімізге аударып беретінмін.

Түс әлетінде облыстық мәдениет басқармасында қызмет ететін танысым «Бүгін кешкі сағат 18-де С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында «Айман-Шолпан» спектаклі қойылады. Обкомның бірінші хатшысы В.И.Локотунин қатысады. Сізге шақыру билетін алдым, келіңіз» деді. Ұсынысын құп алдым.

Алайда эфирге баратын жаңалық көбейіп кетті. Бас редакторымыз басқа ұлттың өкілі еді, «спектакльге жібересіз бе?» деп сұрап көріп ем, «Қайдағы театр? Жұмыс көп» деп көнбеді. Амал жоқ, ақпараттарды аударумен алысып отыра бердім.

19 желтоқсан күні Алматыдағы қантөгіс жайында ести бастадық. Телефондарымыз жұмыс істемейді. Қалааралық байланыс үзілген. Ұмытпасам, Мейрам деген республикалық радиодағы ағамыз (Байғазин болу керек): «Алматыда көтеріліс болып жатыр. Сендер не істейсіңдер?» деп телефон шалды. Көтеріліс деді! Ер екен! Оқиға деп тігісін жатқызған жоқ. Бұл күні де редакциядан кеш шықтым. Такси шақырттым. Бір сәт машина жүргізуші орыс: «Бүгін қазақ студенттері какой-то бір шал үшін көшеге шықты» деп ренішін білдірді. Шынымды айтсам, мән де бермедім (Кейін сол күні кешкі 20.00-де қаладағы жоғары оқу орындары студенттерінің Алматы көтерілісін қолдап, Гагарин атындағы алаңға жиналғанын естідім – А.С.). Ол кезде бүгінгідей ұялы телефон жоқ. Оны айтасыз, өзіміз жатақханада тұрамыз.

20 желтоқсанда түс ауа (сол күні таңғы 10.00-де жүздеген студент обкомның алдына жиналып, наразылықтарын білдірген екен – А.С.) редакцияға бір қазақ, бір орыс жігіті кіріп келді де, әріптесім Сағат Батырханова екеуміздің үнсіз алдарына түсуімізді бұйыра сұрады. Қызмет куәліктерін көрсетті: ҰҚК!

«Үш әріп» жанымызда. Көршіміз. Төменгі қабаттағы бір бөлмеге енгізді де, «Күтіңдер» деп кетіп қалды. Сағат маған, мен оған қараймын. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» деген осы шығар.

Бағыма қарай, Сағат Батырханова ақылды әйел болатын. Сабырлы жан. Ештеңе айтпау керектігін ойлы жанарынан ұқтым. Екі жігіт келді де, екеумізді алып кетті.

Сосын не болды дейсіз бе? Бес-алты тергеуші бірінен соң бірі келіп, сұрақтарды жаудың оғындай жаудырды.

- 18-19 желтоқсан күндері сағат 9-да қайда болдың? Кім келді? Телефонмен кімдермен сөйлестің?

Қысқасы, әр сағат бойынша жауап алды. Алдымен аты-жөніңді, туған жылыңды, қайда туылғаныңды, қай мектепте оқығаныңды, т.б. бәрі-бәрін тәптіштеп сұрай береді. Мылжың сауалдар қоя берсе, басың айналып кетеді екен.

Әрі қарай шыдай алмадым.

- Мен совет журналисімін! Обкомның бірінші хатшысы Локотунинге арызданам! - деп қойып кеп қалдым (Горбачев неге аузыма түспегеніне таңқалам).

- Бұларың адам құқығын таптау, Конституцияны қорлау, әділетсіздік!

«Суға кеткен тал қармайды» демекші, айқайға басып жатырмын. Тергеуші ештеңе айтпастан шығып кетті. Орнына жалтыр бас біреу кеп қонжиды.

- Мен тергеу бөлімінің бастығымын, - деді ол асықпастан, - сізді Қарағандыда кеше кешкісін орын алған көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі ретінде тергеп отырмыз.

- Дәлеліңіз бар ма?

- Дәлел көп. Мәселен, сіз ұлттық мектепті бітіргенсіз. Ұлтшылдардың ауылынан шыққансыз (Тұрсынбай датқа, Мұстафа Шоқай, Шахмардан Есенов, Мүсілім Базарбаев, Сейітжан Полымбетов, Сырбай Мәуленов, т.б. туылған). Сіздің бойыңызда да ұлтшылдық элементтері жетерлік.

- Мәселен?

- Мәселен, - деп қасқа бас алдындағы папкаға шұқшиды, - 1985 жылы редакцияның таңғы лездемесінде шолушы сізді «Ишимский», «Мирный», «Казахстанский», т.б. кеңшар атауларын қазақшалағаныңыз үшін сынаған болатын. Бізде сіздің ұлтшылдығыңызды дәлелдейтін факті жетелік. Сондықтан біз сізді сот шешімінсіз қамай аламыз. Білесіз бе, жертөлемізде НКВД-дан қалған түрме бар. Дұрысы, шыныңызды айтыңыз. Сонда ғана жазаңыз жеңіл болмақ.

Байқаймын, тергеушілердің бастығы бұрынғылардай әкіреңдемей, жылы сөйлеп, іші-бауырыма кірмекші. Маған да өзімнің бұл комитетке қалай келгенімді анықтау керек. Ол үшін қарсы шабуылға көштім.

- 1937 жылғы репрессияны айтып, қорқыта алмайсыз мені. Менің жаным Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, т.б. қазақтың шыншыл патриоттарынан артық емес! – деп бір сес көрсеттім.

- Екіншіден, мен өзімнің кінәсіз екендігімді кез келген соттың алдында дәлелдей алам! Мәселен, сіз атаған кеңшарлар туралы цитатаны Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев жолдастың XV пленумда жасаған баяндамасынан келтіргем: «Қарағанды облысының «Есіл», «Бейбітшілік», «Қазақстан» - үш кеңшарының картоп өндірудегі көрсеткіші күллі Алматы облысы шаруашылықтарының жетістігіне тең» - деп «тайға таңба басқандай» етіп жазылған «Социалистік Қазақстан» газетінде. Мықты болсаңыздар, соларды тергеңіздер.

Бас тергеуші жуаси бастады.

- Сіз 18 желтоқсан күнгі спектакльге шақырылдыңыз.

- Оныңыз рас, - дедім, - баратын едім, бас редактор жібермеді. Өзінен сұраңыз.

- Біздіңше, - деді ол, - Сізді алдын-ала «ҰҚК қызметкерлері жүр» деп ескерткен. Спектакльден соң бірнеше кісі Қарағандыда көтеріліс ұйымдастыру жөнінде ақылдаспақшы болғансыздар.

- Мұныңыз өтірік, - дедім қаным қарайып, - репрессия кезіндегі жаланың бір түрі.

Тергеу бөлімі бастығына рахмет, алдында жатқан папканы ашып көрсетті. Сыртында менің суретім (кейін 1980-жылдардың соңында Қарқаралы аудандық газетінің алғашқы редакторы, «халық жауы» ретінде атылған Мелдеш Ордалиев туралы деректермен танысқанымда , сол кездегі НКВД-дағы папкалармен ұқсастығын байқағам), ішінде не бар дейсіз бе, туғалы бері қандай болдым, мектепте, университетте, қызметте не айттым, бәрі-бәрі, қайынжұртымдағы кісілерге дейін тізілген.

Ең бастысы, ол бір жапырақ арызды оқытты. Онда республикаға есімі танылып келе жатқан өнер иесінің түсініктемесі жазылған екен. Жас жігіт редакцияға келгендігін, «Сағат Батырханованың көзіне жас алып: «Енді не істейміз? Сұмдық қой мынау. Жастарды көшеге шығару керек. Көтеріліс ұйымдастыру керек. Алматыдағы сияқты. Қонаевтың не жазығы бар еді?» деп шырыл қаққанын, жанында қараторы, отызға толмаған жігіттің тұрғандығын (менің атымды неге жазбағанына таңқалам) баяндапты. Сірә, театр жақтан да біреу бізді нұсқап жіберген болса керек. Сағат екеумізді

қайткенде көтерілістің ұйымдастырушылары етіп қамауға тырысқан сияқты. Тергеуші бір сөзінде обкомның «ұйымдастырушыларды тездетіп табыңдар» деп дабыл қағып жатқанын айтып қалды.

Әрине, мен ештеңені мойындамадым. «Сағат ондай сөз айтқан жоқ» деп қасарысып отырдым. Бұл күнде елге танымал болған сол бір жігітті ҰҚК қатты қорқытқан болса керек. Әйтпесе, олай жасамаса керек-ті. Өз басым оның атын ешкімге жария етпей келдім. Сағат әйел заты ғой, бірде облыстық газетке берген сұхбатында айтып қойыпты деп естідім. Дегенмен оған кешіріммен қараған жөн.

Тергеушілердің басын қатырдым білем, соңында былай деді: «Сіз көтерілісті ұйымдастырушы Сағат Батырханова, оның арызда жазылған сөздерді айтқаны рас» деп қол қойып беріңіз. Үйіңізге босатамыз» деп «жақсылық» жасайтындығын ескертті. Көнбедім. Түн ішінде қайтарды. «Әлі де шақырамыз» деді.

Жоғарыда айттым ғой, Сағат Батырханова түсінігі мол әйел деп. Егерде жалтақ біреу болғанда, мені құрбандыққа шалып жіберер ме еді? Өйткені, әріптесім екеумізді тергеу сценарийі бірдей болыпты. Оған да мені ұйымдастырушы ретінде көрсетіңіз деп қолқа салыпты.

Қазақстан тәуелсіздік алғанда Қарағанды облыстық ҰҚК-нің төрағасы тұңғыш қазақ ұлтынан тағайындалды. Ол тұңғыш рет журналистерді жинап, баспасөз конференциясын өткізді. Сол кезде «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды, Жезқазған және Целиноград облыстары бойынша меншікті тілшісімін. Бастығым Уәлихан Қалижанов «Мен республика бойынша редактор болсам, Айтбай Сәулебеков Орталық Қазақстан облыстары бойынша редактор» деп жүрген жердің бәрінде мерейімді көтеріп отыратын.

Басқосуда төрағаға көкейімде көптен жүрген ащы сұрақты қоюға мүмкіндік туды.

- Тоқа, - дедім қазақы салтпен, - сізді Қарағанды облысына басшы боп тағайындалуыңызбен құттықтаймыз! Ана тілімізде еркін сөйлеуіңіз біз үшін мәртебе!

Әрі қарай Сағат екеумізді әріптестерінің тергеп қинағанын, құқымызды таптағанын, жала жаппақшы болғанын, бәрі-бәрін баяндай келе:

- Біріншіден, сол кездегі тергеу құжаттарымен танысуға бола ма? Екіншіден, бізді босқа тергеген азаматтар әлі күнге дейін кешірім сұраған жоқ, - деп көңілімді босаттым.

- Біріншіден, - деді ҰҚК-ның Қарағанды облысындағы бастығы, - ол кездегі тергеуші жігіттер мұнда жұмыс істемейді. Екіншіден, сіздерді тергегендігі туралы құжаттар жоқ. Өйткені, оны Колбиннің бұйрығымен өртеп жіберген. Сондықтан менің еншіме Сағат Батырханова екеуіңізден

облыстық комитет атынан кешірім сұрау ғана қалды. Желтоқсан оқиғасы кезінде мен бұл қалада қызметте болған жоқпын. Десе де ұйым атынан кешірім сұраудан арланбаймын.

Ертеңіне радио тыңдаймын, теледидарға үңілем, газеттерді парақтаймын. Төрағаның кешірім сұрағаны жөнінде еш мәлімет кездеспеді. Содан әріптестеріме хабарластым. «Бізге жоғарыдан нұсқау түсті. Сіздің сауалыңыз туралы жазбасын деген» деп тіл қатты бәрі де. Амал жоқ, өзім еңбек ететін «Лениншіл жас» газетіне «ҰҚК кешірім сұрады» деген тақырыпта заметка шығардым.

Уақыт өте келе редакциямыздан кімнің «есеп» беріп отыратынын, театрда кімнің «Желтоқсан көтерілісі туралы жиын болайын деп жатыр» деп хабарлағанын анықтадық. Бірақ, олардың еімдерін жария етпеймін. Атқарып жүрген «қызметі» сол шығар. Жасыратыны жоқ, ондай кісілер (тыңшылар дейміз бе?) әрбір ұжымда бар емес пе?

Бір ғана жәйтке таңқалам: айдаладағы театрдың екі журналистке қандай қатысы бар? Біз спектакльге қатысқан да жоқпыз ғой.

Мен күдіктенген үшеудің екеуі Желтоқсан көтерілісінен соң көп ұзамай Алматы жаққа көшіп кетті. «Кім бізді айдап салды екен?». Театрға шақырған адам ба, әлде, театрдың ішіндегі «жансыз» ба? Осы сауалға жауап әлі табылған жоқ...

P.S. 1986 жылғы Желтоқсанның қасіретті күндерінде С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының Қазақстанға еңбек сіңірген әртістері, ерлі-зайыптылар Қарғаш Сатаев пен Әсия Абылаевалар жандарын қоярға жер таппады. Көтерілістегі сұмдық көріністерді көздерімен көрген өнер жұлдыздары «іштей қайнаған қайғы отын» осы жолдардың авторына әңгімелеген еді.

2. Сарапшылар не дейді? 

1990 жылдың сәуір-мамыр айларында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасы Қарағандыда жұмысшы-сарап комиссиясын құрды. Оның құрамына белгілі ғалымдар мен заңгер мамандар тартылды. Олар әділетсіздік орын алған қайғылы екі күнді және оның зардаптарын зерттеді.

Алғашқы күн. 1986 жылғы 19 желтоқсанда Қарағанды қаласында кешкі сағат 20.00 шамасында Қарағанды мемлекеттік университеті мен медициналық институтының ғимараттары орналасқан Гагарин атындағы алаңға үлкен топ, негізінен, студент жастар жиналды, артынша олар Совет

даңғылына – қаланың орталық көшесіне қарай бағыт алды. Осы арада олардың көбін милиция қуып таратты.

Екінші күн. 1986 жылғы 20 желтоқсанда таңертеңгі сағат 10.00 шамасында облыстық партия комитеті ғимараты алдына жастардың үлкен тобы жиналды. Бұлар негізінен Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері еді. Жұмысшы тобы айқындағандай, митингіге ҚарМУ-дің 19, Қарағанды кооператив институтының 28, медициналық институттың 39, педагогикалық институттың 13, политехникалық институттың 26 студенті қатысты. Сол күні ішкі істер органы қызметкерлері бұлардан өзге облыстық партия комитетінің алдында жүрген студенттерді де арнайы мәшинелерге қойдай тоғытып жатты. Қарағанды мемлекеттік университетінің 34 студенті жатақханалардың шыға берісі мен автобус аялдамаларында жазықсыз ұсталып, милицияға жеткізілді.

«...19 желтоқсанда сабақтан соң жатақханадағы өз бөлмемде болдым. Мұғалімдер берген тапсырмаларды орындаумен айналыстым. 20-сы күні алғашқы сабаққа бардым. 10-нан 20 минут өткен корпустан шығып, жатақханаға келдім. Есігі жабық екен. Осы сәтте милиция қызметкерлері жетіп келді де, ештеңе сұрап жатпастан мені мәшинеге салып жіберді».

ҚарМУ-дің студенті Г.Б.Баймағамбетованың түсініктемесінен.

«Мені 1986 жылы 20 желтоқсанда М.Әуезов атындағы кітапхананың шыға берісінде милиция қызметкерлері ұстап алды. Сағат 11.00 шамасында еш түсіндіріп жатпастан, ұрып-соғып, тепкілеп, милиция автобусына салып, Ленин аудандық ішкі істер бөлімшесіне алып келді. Мұнда мен сияқтылар көп екен, әсіресе, қыздар. Түсініктеме жазудан бас тартқандарды милиция қызметкерлері ұрып-соғып, қинап жатты, айқайлаған, жылаған дауыстар естіліп тұрды. Артынан қыздар өздерін ұрып-соққандарын, етіктерімен іштерінен тепкілегендіктерін айтты. Мен жұрттың көзінен төгілген нақақ жасты көрген соң, қарсыласпай, түсініктеме жазып бердім».

ҚарМУ-дің студенті И.Балмұхамбетовтың түсініктемесінен.

Университеттің физика факультетінің 50 студентін қалалық ішкі істер басқармасының наряды тұп-тура сабақ үстінде алып кеткен.

«...физрук студенттерінің екінші сабағы дене тәрбиесі болуы тиіс еді. Сабақ шаңғы базасында өтетін. Облыстық партия комитеті жанында сағат 10.00 шамасында жастар жиналады деп күтілгендіктен, факультет басшылығы дене тәрбиесі сабағын өз корпустарында өткізу керек деп шешті. Студенттерді спортзалға апару керек болды, осы кезде екі-үш адам корпустан шығып кететіндерін айтты. Олар бәріне өздерімен бірге корпустан кетуге үндеу тастады. Біздің қатеміз, осынау екі-үш студентті құрықтау үшін милиция шақыртқанымыз болды. Бұдан соң студенттерді спортзалға кіргізіп, олармен әңгіме өткізілді. Содан кейін олар аудиторияға таратылды. Алайда осында келген қалалық ішкі істер басқармасының өкілі, майор Чен басшылығының қатаң нұсқауын алға тартып, автобуспен қоса милиция нарядын шақыртты да, 50 адамды оқу аудиторияларынан алып кетті».

ҚарМУ-дің партком хатшысы Ю.Антиповтың мәлімдемесінен.

Елдің басқа жоғары оқу орындарындағы секілді, Қарағанды жоғары оқу орындарында студенттерді БЛКЖО қатарынан шығарылуына байланысты оқудан шығару тәжірибесі қате деп табылды және бірі екіншісімен байланыстырылған жоқ. Алайда Қарағандыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін жазалаудың бұл тәжірибесі партия органдарының күшімен қайтадан қалпына келтірілді.

«Жоғарыда аталған студенттерге қатысты жасалынған барлық заңсыздық әрекеттерге Қарағанды облаткомының ішкі істер басқармасының басшылығы және ең алдымен В.П.Шумиленко (бұрынғы Қазақ КСР халық депутаты) жауапты болуы керек. Ішкі істер қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері билікті асыра пайдаланумен сипатталады. Бұған, біріншіден, қоғамдық тәртіпті бұзбаған адамдарға күш қолдану, екіншіден, студенттерді заңсыз ұстау және оларды аудандық ішкі істер бөлімдеріне әкеліп, 3 сағаттан артық қамау дәлел болады».

Жұмысшы-сарап комиссиясының қорытындысынан.

Желтоқсан көтерілісінен кейін, 1986 жылы 18 желтоқсанда Алматыға СОКП жанындағы партиялық бақылау комитетінің төрағасы М.С.Соломенцев келді. Ол қаланың партия-шаруашылық активінде, кәсіпорындардың еңбек ұжымдары арасында, республикалық жоғары оқу орындарында сөз сөйледі. Оның Алматыға сапарының нәтижелері жөніндегі

есебі СОКП ОК саяси бюросының мәжілісінде тыңдалды. Онда былай делінді: «Болып өткен жиналыстарда партия мүшелері Алматыда орын алған ұлтшылдық көріністерді өткір айыптауды және олардың арандатушыларын жазалуды талап етуде» («Казахстанская правда» газетінің 1986 жылғы 27 желтоқсанындағы санын қараңыз).

«Республикалық және орталық баспасөз беттерінде 1986 жылы желтоқсандағы оқиғаға байланысты көптеген материал жарық көрді. Мәселен, 1987 жылғы 8 қаңтарда «Казахстанская правда» газетінде Г.Дильдяев пен А.Петрушовтың «Тағы да ескі байланыстар туралы» атты мақаласы шықты. Онда Алматының жоғары оқу орындарында, соның ішінде ҚазМУ-де негізінен республиканың оңтүстік облыстарынан шыққандардың оқитыны айтылған».

Обкомның бірінші хатшысы В.И.Локотунин облыстық партия комитетінің 1987 жылғы 11 қаңтарда өткен пленумында СОКП-ның барлық ұлттық саясатын облыстың басшы органдарындағы ұлтшылдықтың сандық қатынасына әкеліп тіреді. Оның баяндамасында «қазақтар ешқандай еңбегі сіңбестен-ақ басымдық алуда» деген ой өзек болып өріліп отырды. Ол пленумда былай деп мәлімдеді: «Неғұрлым көкейкесті мәселелердің өзектісі – неміс тілін ана тіліндей оқып үйрену, оқыту сапасын жақсарту міндеті». Солай дей тұра, ол қазақ тілін оқыту мәселелері туралы жұмған аузын ашқан жоқ.

Қарағанды қаласының Қазақстан КП Совет аудандық комитетінің хатшысы В.Н.Пригодин 1987 жылғы 7 қаңтарда университетте өткен партия жиналысында сөйлеген сөзінде былай деп мәлімдеді: «... Алматыдағы қоғамға қарсы элементтердің жауапсыз іс-әрекеттері, біздің қаламыздағы оқушылардың зиянды саяси бой көрсетулеріне ашық баға берер болсақ, бұл – социализм жеңістеріне қастандық жасау әрекеттерінен басқа ештеңе де емес».

Желтоқсан оқиғасынан кейін Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарында ұлты қазақ студенттерді қуғындау басталды. Университеттің бірінші проректорынан бастап, декандарға дейін орындарынан ауыстырылды.

Қарағанды КСРО ІІМ жоғары мектебінде 1985-1990 жылдар аралығында 33 оқытушы жұмыстан кетіп, кейбірі басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылса, солардың 79 пайызы жергілікті ұлт өкілдері еді. Олардың 29-

ның ғылыми дәрежесі болды. Солардың бірі – белгілі философ, доцент Нәби Елікбаев жазықсыз қуғындалып, жәбір көрді.

«1985 жылдан бастап жоғары мектептің басшысы В.Л.Алехиннің тарапынан заң ғылымдарының докторы, профессор С.Н.Сәбикеновке күйе жағу, беделін түсіру, жеке басының дәрежесін төмендету бағытында сан түрлі әрекет жасалды. Біржақты дендеген қарым-қатынастың, облыстық партия комитетінің әкімшілік органдары бөлімінің бұрынғы меңгерушісі В.В.Горецкийдің қолдауымен мектеп бастығы В.Л.Алехин жасаған қуғындаудың нәтижесінде С.Н.Сәбикенов мектеп бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметінен кетуге мәжбүр болды».

Жұмысшы-сарап комиссиясының қорытындысынан.

«Қарағанды қаласында 1986 жылы 19-20 желтоқсанда қалыптасқан жағдай кезінде жергілікті билік органдары, Қарағанды облыстық, қалалық және аудандық партия комитеттері саяси қабілетсіздік танытты және бұқарамен өзара сенім негізінде сөйлесе алмайтындарын көрсетті. Мұның орнына олар жағдайды қасақана ушықтырып, өзге ұлт өкілдерін қаланың қазақ тұрғындарына, әсіресе, жастарға қарсы қойып, арандатумен болды.

5 адам ұлттық және нәсілдік теңдікті бұзғаны үшін ҚазКСР ҚК 60-бабы бойынша жауапқа тартылды. Барлық бес іске Қарағанды облыстық сотының судьясы М.Ғ.Рысбеков төрағалық жасады.

Тиісті органдардың қолымен жасалынған акциялардың заңға қарсы сипатын тани отырып, ресми түрде айыптау керек.

Қарағанды қаласында қазақ жастарын жаппай ұрып-соққан және олардың қаны төгілген Гагарин атындағы алаңды «19 желтоқсан атындағы алаң» деп өзгертіп атауға шешім қабылдау жөніндегі мәселені қарастыру керек».

Жұмысшы-сарап комиссиясының ұсынысынан.

P.S. Арада 33 жыл өтсе де, Желтоқсан көтерілісіне Қарағанды басшылары әділ де заңды баға берген жоқ. Гагарин алаңы да өзгерген жоқ.

3. Губернатордың естелігі

Омбы облысының губернаторы Леонид Константинович Полежаевпен үш рет кездестік. 2011 және 2016 жылдары. Желтоқсан көтерілісі жөніндегі

пікірін білмекші боп арнайы сауал қойдық. Өйткені, ол сол кезде Қарағанды облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болатын.

«23 жылдай Қазақстанда еңбек еткен екенсіз, болашағыңыздың бар екендігі көрініп тұр, Ресейге неге кеттіңіз?» деп сұрайды менен, - деді бізге Омбы облысының губернаторы, - 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі естеріңізде шығар, бәрі содан басталды. 19 желтоқсан күні кешкілік жүздеген студент көшеге шықты. Дереу Қарағанды қалалық партия комитетіне жинады біздерді бюроға. Төраға жоқ. Басқа да басшылар болмады.

«Бұлар ұлтшылдар, - деді біреуі, - қатаң жазалау керек. Аямау керек». Бәрі үндемейді. Қоштағаны ғой.

- Жоқ! – дедім орнымнан тұрып, - олардың жазығы не? Мен

ешқандай ұлтшылдықты көріп тұрған жоқпын. Қарамайсыздар ма, қолдарындағы ұрандарға! Лениннің сөздері. Олар тіпті орыс ұлтынан қоюға да қарсы емес. Бірақ, қазақстандық азамат болсын дейді. Дұрыс айтады. Қайта біздер ұлттардың арасына жік салғалы отырмыз. Егерде жазаласақ, масқарамыз шығады. Достық деген сөзден қадір кетеді.

Ешкімді тыңдамадым. Қасарысып, қарсы боп отырып алдым. Көшедегі

милиция басшыларына барып, студенттерге автобус беріп, үйлеріне апарып салуын сұрадым. Тоңып қалмасын дедім. Қысқасы, бюро мүшелерінен жалғыз мен қарсы шығыппын.

Абырой болғанда, адам шығыны орын алған жоқ. Бірталайын жазалады.

Екі айдан соң Орталық Комитетке шақырды. Бардым. «Гурьев облысында обкомның құрылыс жөніндегі хатшысының вакансиясы бос тұр, сізді ұсынғалы отырмыз» деді. Түсіне қойдым. «Рахмет, - дедім нұсқаушыға, - менің елге қайтуым керек. Анам қартайды, шақырып қоймайды. Қазақстанда көп жүріп қалыппын» - дедім. Сылтауым осы болды. Өйткені, менің Желтоқсанға байланысты қарсылығымның сол кездегі Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Г.Колбинге жеткендігін естігем» (А.Сәулебек, «Құрыш тұлға», 267-бет, «

ТҮЙІН. Өкініштісі сол: Желтоқсан көтерілісіне байланысты ана тіліміздегі басылымдар да Компартияның сойылын соғып жатты. Мәселен, «Лениншіл жас» газетінде Қарағанды мемлекеттік медицина институтындағы бірнеше студент қызды «Үгіт-насихат жүргізді» деген жаламен соттағаны туралы мақала жарық көрді. Әділетсіздіктердің орын алғандығын жұмысшы-сарап комиссиясының қорытындысында баяндадық.

Осы күнге дейін ештеңенің өзгермегендігі, атап айтқанда әділеттіліктің салтанат құрмағандығы, бірде-бір (Қазақстан ҰҚК-сының Қарағанды облысындағы төрағасынан басқа) шенеунік не орган басшысының кешірім сұрамағандығы, сол кездегі қате шешімдер мен сот үкімдерінің теріске шығарылмағандығы, т.б. Отанын сүйген әр қазақтың ішкі жарасының сыздап, ұлғая түскендігінің нақты дәлелі тәрізді.

Айтбай Сәулебек,

Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475