Бейсенбі, 20 Қараша 2025
Жаңалықтар 654 0 пікір 20 Қараша, 2025 сағат 18:26

«Банктер туралы» заң жобасына маңызды түзету қабылданды

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметінен алынды.

Бүгін Мәжіліс депутаттары «Банктер туралы» заң жобасын қараған жұмыс тобының отырысында маңызды түзету қабылданды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Тимур Қырықбаев мәлімдеді.

Түзету банктерге қаржылық жағдайы дәлелденбеген немесе несие алушыға қатысы жоқ жеке тұлғалардың жеке кепілгерлігін талап етуге тыйым салуды көздейді.

«Қазіргі таңда жеке кепілгерлік көп жағдайда банктер қолданатын ауыр әрі әділетсіз тәжірибеге айналды. Несие ала алмай отырған азаматтың туыстары мен таныстары олардың орнына төлем жасау мүмкіндігі болмағанына қарамастан, артық міндеттемелерге қол қоюға мәжбүр болуы жиілеп кетті. Мұндай жағдайлар кейін кепілгерлерге үлкен ауыртпалық түсіріп, олардың өмірін күрделендіреді. Әсіресе телефон арқылы қашықтан рәсімделетін кепілгерлік кезінде адам өзіне алған міндеттеменің көлемін толық түсінбей қалады.

Осыған байланысты мен «Банктер туралы» Заңның 54-бабына өзгерістер ұсындым. Енді банк кепілгерлік немесе кепіл рәсімдеу кезінде кепілгердің қаржылық жағдайын ескере отырып, оның төлем қабілеттілігіне міндетті түрде бағалау жүргізуге, сондай-ақ негізгі қарыз бен ұсынылған қамтамасыз ету құнының айырмасы бойынша міндеттемені қабылдауға кепілгердің жазбаша келісімін алуға тиіс.

Егер ұсынылған қамтамасыз ету банктің кепіл саясатының талаптарына сәйкес кепіл шарты жасалған кезде негізгі міндеттемені толық көлемде қамтамасыз етсе, банк жеке тұлғадан қосымша кепілгерлік немесе кепіл талап етуге құқылы емес.

Мен ұсынған түзетуге депутаттар Б.Базарбек пен А.Баққожаев та қол қойды. Жұмыс барысы туралы алдағы уақытта да ақпарат беріп отырамын», - дейді депутат.

Abai.kz

0 пікір