Күндердің күнінде...
Күндердің күнінде Тәуелсіздік Күні ең қадірлі, ең қасиетті мереке екенін еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейін, мінбердегі былғары креслодағы шенеуніктен бастап қарапайым халыққа дейін түгел дерлік түсінетін, жан тәнімен ұғатын күн туады.
Күндердің күнінде біз Тәуелсіздікті АҚШ-тың 4-шілдесіндей атап өтіп, жарияға жар саламыз.
Күндердің күнінде Тәуелсіздік мерекесі азаттық үшін арпалысып, күрескен Кенесары Хан, Исатай мен Махамбет, Кейкі мен Жанқожа, Алаш Арыстары мен геноцид құрбандары, желтоқсан боздақтарын еске алып, 1 минуттық республикалық деңгейде үнсіздік жариялаумен басталады.
Күндердің күнінде Тәуелсіздік мерекесін атап өтуге Алматыдағы Республика алаңына әкімдіктің қызметкерлері мен қоғамдық ұйым мүшелері, желтоқсаншылар ғана емес, он мыңдаған қазақ келіп, тойлайтын шынайы азаттықтың алаңына айналады. Олардың қолдарында боздақтардың ескерткіштеріне қоятын гүл, езулерінде солар сыйлаған бостандықтың күлкісі, жүректерінде күрескер бабаларына деген алғыс тұрады.
Күндердің күнінде 16-желтоқсан Аза тұту күні, ал 25-қазан Тәуелсіздік Күні болып бекітіледі. Сол сәтте қазақ, қасіретті Желтоқсан мен Қасиетті Тәуелсіздік ұғымдарына тағзым етеді.
Күндердің күнінде қазақтың тілі, саясаты, экономикасы шынайы тәуелсіз болады. Өйткені 86-дағы боздақтар сол үшін құрбан болды. Бабаларымыз 300 жыл сол үшін күресті, өлді, жығылды, қайта тұрды, мойымады. Олардың ерлігі еш ұмытылмайды. Мыңдаған қазақ бабалар ерлігі ұмыт болмау үшін бүгін, ертең, бір аптадан соң, ай сайын баласына, бауырына, досына, көршісіне Азаттықтың алауын жаққан батырлар жайлы айта береді, айта береді.
Асхат Қасенғалидың әлеуметтік желідегі парақшасынан
Abai.kz