Нұртөре ЖҮСІП . Тіл үшін күресу – тәуелсіздік үшін тіресу
Осы күні тіл туралы сөз бола қалса, екінің бірі бір-бірін кінәлайды немесе бар жүк пен жауапкершілікті билікке артып қояды, болмаса, күйініштен қолын бір сілтеп, халыққа жаба салады. Билік те біртекті емес: әр қилы буындарында осы елге, туған тілге, қазақ мемлекетіне жан жүрегімен болысқысы келетін, жаны ашитын азаматтар толып жатыр. Халық та қарап жатқан жоқ жылма-жыл баласын мемлекеттік тілде білім беретін мектептерге беріп, тілдің тез дамуының тетігін іздеп, құлшыныс танытып келеді. Тіл - ортақ. Ел - ортақ. Жер - ортақ. Мемлекет - ортақ.
Осы төрттаған тұтас тұрғанда бізді алатын жау жоқ.
Сәл шегініс жасасақ. 1987-1991 жылдар аралығында қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінде тіл үшін жанталасқан азаматтар көп болды. Орталық партия комитетіне хат жазып, телеграмма салып, ойдан-қырдан төпеп жүріп, тіліміздің мәртебесін бір көтеріп алдық. Одан кейін егемендік туы қолға тиді де бәріміз тіл төңірегіндегі күреске «мәртебе алынды, іс бітті» дегендей, бей-жай қарай бастадық. Кейін келе-келе тек салақұлаш хат жазу, қол жинау, үндеу қабылдау деген сияқты айғайы көп, аяны жоқ, байбайы көп, баяны жоқ жолға түсіп кеттік. Тайлы-таяғымыз қалмай тіл үшін күресуден шеттедік. Баяғы белсенділік тек естелік түрінде қалды...

Айтқалы отырған мәселеме келейін. Менің Шәмші деген досым бар. Алматы мен Астананың кез келген асханасына: мейлі ол үлкен мейрамхана болсын, шағын кафе болсын, бәрібір, кіріп келеді де бірінші кезекте ас мәзірін сұрайды. Қазақ тілінде жазылмағанын көрсе, дереу иесін шақырып алып екінші келгенде мемлекеттік тілде болуын талап етеді. Санап шыққан жоқпын, бірақ осы әрекеттің арқасында талай дәмхананың ас мәзірі туған тіліміздің пайдасына қарай өзгерді.
Азат деген тағы бір досым жүрген жерінде тек мемлекеттік тілде сөйлейді, сұрайды, талап етеді. МАИ қызметкері орысша «тоқта» десе, тоқтамайды. Салық қызметкері орысша «толтыр» десе, орысша құжат толтырмайды, қазақ тілінде толтырады. Заман талабындағы нәрсенің бәрін Ата заңға сәйкес орындайды.
«Маған ғана қарап қалды ма? Мен не бітірем?» дейтін жаман түсінік бар.
Шона Смаханұлы деген ағамыз болды. Жалғыз өзі шырылдап жүріп, Алматыда қанша қазақ мектебін ашқызды. «Жалғыздың үні шығатынын, жаяудың шаңы шығатынын» іспен дәлелдеп кетті.
Орыстілді қауымды бас-көз жоқ кінәлай бермей, әрқайсысымыз күнде істейтін нақты іс бар. Ол не? Ол - қазақтың тілдік ортасын кеңейту. Егер сізден біреу жөн сұраса, қазақша жауап қату. Орысша амандасса, қазақша амандасу. Банкоматтан ақша алғыңыз келсе, банк ұсынып отырған үш тілдің ішінде ең бірінші тұрған қазақ тілін таңдау. Көшеде, кафеде, көлікте кездескен кез келген адаммен қазақша сөйлесу. М-агентте отырған жастарымыздың тек қазақ тілінде хат-хабар алмасуы. Кеңсеге кіретін, шығатын хаттарды тек мемлекеттік тілде толтыру. МАИ қызметкері тоқтатса, айыппұл шағымдарын қазақ тілінде рәсімдеу. Салық мекемесіне барғанда, құжаттың қазақ тіліндегі үлгісіне басымдық беру...Айта берсе, толып жатыр. Осының бәріне күнбе-күн күрес керек. Табандап тұрып тіресу керек.
Егер әр қазақ осы талапты қаперден шығармай, күнбе-күн, сағат сайын басшылыққа алар болса, нәтижесін көп күткізбейді.
«Тәуелсіздіктің 20 жылдығы болғалы жатыр, ал тіл туралы мәселеде тұрған орнымызда тұрмыз, еш өзгеріс жоқ» деп құр даурыққанша, осындай бір талпыныс жасап көрсек.
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» үйренген ел едік қой.
Енді бір жағадан шыққан бастан бір тіл шығарсақ. Бәріміз тек бір тілде сөйлеуді қасарысып тұрып жүзеге асырсақ. Бойында бір қасық болса да қазақтың қаны бар азаматтардың ел тәуелсіздігін бекемдеуге қосқан нақты үлесі сол болар еді!
Нұртөре ЖҮСІП
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=9698&Itemid=2