Қазақ әртүрлі болғанмен, ұлттық мүдде біреу
Маусымның 16-шы жұлдызында «Альтернатива» ұлттық зерттеулер институты «Қазақстанның ұлттық мүдделері: қоғамдық өлшемі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Политолог А.Чеботарев сөз сөйлеп ашқан соң, Нұртай Мұстафаев, Қанат Нұров, Талғат Есмағамбетовтер ұлттық мүдденің маңайына жоламайтын абстрактылы ой-пікірлерін шүлдірлей жөнелді.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының Басқарма мүшесі Болат Дүйсенбі: «Ұлттық идея – тәуелсіздік кепілі» атты өз тұжырымында бізде әлі күнге ұлттық идеяның жоқтығын алға тартқанда ғана, негізгі тақырыпқа ер салғандай әсер алдық. «Жер халықтық меншікте болып, мемлекет тек оның пайдаланылу жағын реттеп отыруы керек»,– деп түйіндеді ойын саясаткер.
Мемлекеттік тілде сөйлеуді әдетке айналдырған «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі саясаткер Асылбек Қожахметов қазақтың қандай ұлт екенін, оны түрлі қоғамға жіктеп отырған шала қазақ, космополиттердің бет-бейнесін жіліктей келе, билік басындағылардың осы мемлекеттің негізін құраушы қазақ ұлтының мүддесіне шын мәнінде қырын қарап отырғанын тілге тиек етті.
Танымал саясаттанушы Айдос Сарым болса: «Жер мен жер байлығы қазақ халқына қайтарылмай, қазақ жерін мекендеген өзге диаспоралар да жақсы өмір сүрмейді»,– деген көзқарасын білдірсе, политолог Серік Сапарғали: «Өзгелер қазақтың қонақжайлылығын, кеңпейілділігін пайдаланып байып жатыр, ал қазекең қайыршылық қамытын жамылып отыр. Енді өзгелер тілімізді үйренгісі келмейді, менсінбейді. Ең бастысы, бүгінгі билікке қазақтың қайыршылық күн кешуі өте қолайлы болып тұр»,– деген ой айтты.
Қуаныш Мұқтай
«Қазақстан Заман» газеті 18 маусым 2009 жыл