Қаңырап тұрған мектептер қазақ балаларына неге берілмейді?
Қазір қазақ жеріндегі мектеп тарихы тақырыбын зерттеушілер тарапынан қағыс қалып келе жатқан бір мәселе бар. Ол – қазақ білім ошақтарымен бірге еліміздегі татар және украин мектептерінің жабылу трагедиясы. Бұрынғы Семей облысындағы аудандардағы татар және украин бастауыш мектептерінің 1950 жылдары шағын ауылдарды оңтайландыру кезіндегі жабылуына қатысты аз-кем әңгіме естігеніміз бар. Енді осы трагедияны араға 50 жыл салып, екі-үш қабатты мектеп ғимаратында 10-15 бала ғана оқитын орыс тілді өңірлердегі білім ошақтары бастан кешіп отыр. Тіпті, Семей, Өскемен қаласында бала саны аз болса да, жабылмай отырған орыс тілді мектептер баршылық. Оларды екі кезекпен оқитын қазақ мектептеріне беру мәселесіне осы қалалардың зейнеткер белсенділері тас-дуан тосқауыл болып келеді.
Енді еліміздің Шығысы мен Солтүстігіндегі орыс тілді мектептерді жабылудан сақтап қалу үшін осы облыстағы білім басшылары көзбояушылыққа барып отыр. Осы көз бояушылықты болдырмаудың алдын алу үшін не істеу керек? Бұл өңірдегілер қазақ мектебін ашу десе ат-тондарын ала қашады. Ал, ала қашатындардың көшін өзіміздің орыс тілді қандастарымыз бастап отыр. Шығыс пен Солтүстіктің қытымыр қысы осы аймаққа көшіп келіп қоныстанатын Оңтүстіктегі ағайындарға климаттық жақтан өте ауыр соғады.
Жақында татар және украин бастауыш мектептерінің 1950 жылдары шағын ауылдарды оңтайландыру кезіндегі жабылуына куәгер болған қарт ұстаз өз ойын ортаға салып, жабылудың аз-ақ алдында тұрған екі-үш қабатты білім ғимараттарын сақтап қалудың өзіндік идеясымен бөліскен еді. Және өз ақсақалдық арзу арманын «Abai.kz»-ге жариялауымызды өтінді. Әрі өзінің «Қазақстан – көпұлтты мемлекет» деген концепцияға қарсылығын «Азаттығы үшін ата-баба қаны төгіліп, отаршылдық зардабынан аштықтан сүйегі көмілген жерді тәуір тұрмыс іздеп қаңғып келген басқа ұлтқа қалай қиямын» деп білдірді.
Ақсақалдың айтуынша, Қазақстан – 1950 жылдан бастап, моноұлттық мемлекетке айнала бастаған ел. Елімізде КСРО кезінен төрт ірі диаспораға (орыс, ұйғыр, өзбек және тәжік) өз ана тілдерінде білім алу үшін туған тіл-әдебиеті және төл тарихынан, республиканың мемлекеттік тілін оқытудан басқа пәндерден бөлек бірыңғай одақтық оқу бағдарламасы жасалынып берілген еді. Қазақ мемлекеті де аталған диаспоралардың ұлттық мектептерін жаппай, қайта тап КСРО кезіндегідей оларға жағдай жасап жатыр. Бірақ осы ана тілінде қиналмай білім алатын диаспорлардан бөлек, өз балаларын тек орыс мектептеріне беретін дүңген, кәріс, украин, татар, шешен-ингуш сынды қарасы бірқыдыру аз санды ұлттар бар. Дүңгеннің артында – қытай тілі, кәрістің артында – кәріс тілі, украиндардың – өз мовасы бар және РФ ұлттық бірегейлігі үшін күресуден бас тартпайтын татар, шешен-ингуш халықтары бар. Олардың әр қайысысының еліміздегі үлес салмағы 50 мен 300 мыңның яғни бір немесе бір жарым миллионның ар жақ бер жағы. Жиыны 300 мыңдай мектеп жасындағы бала осы ұлттардан шығып отыр. Әрі саны аз болса, тәуелсіз Кавказ мемлекеттері Гүржістан, Әрмения және Әзербайжандардың оқу жасындағы шәкірттері үшін қос тілді қазақ мектеп-гимназиялары қажет-ақ.
Біз мемлекеттік тілді мансұқтап, тек өзге тілде білім беретін ақылы білім ошақтарын мүлдем жабуымыз керек. Бере ме ағылшын-қазақ тілінде, неміс-қазақ тілінде, қытай-қазақ тілінде, кәріс-қазақ тілінде ақылы білім беретін болып мемлекеттік білім лицензиясын алсын. Бір қателік қос тілді ақылы білім беруге орыс тілін қосақтау. Мен орыс мектебі жабылсын демеймін, ол бірыңғай қазақ-орыс мектебіне айналып, оған балама ретінде орыс тілінсіз оқытатын қазақ және өзге ұлт мектептері ашылсын деймін. Тура бір отар елде өмір сүргендейміз. Қазақ мектебінің өзге ұлттар үшін қос тілді болып ашылуы өмір талабы. Осыны шеше алсақ, Түркіменстандағыдай «нағыз орыс мектебі үшін онда таза этникалық орыстар ғана оқысын» деген талапты қоя аламыз. Бұл сексенге келіп селкілдеген ұлтшылдың сандырақ сөзі емес, қайта қазақ, татар, украин мектептерінің жабылу трагедиясын өз көзімен көрген жанның өмірден түйген өнегесі. Көрші РФ төл мектебі бар ұлттар 9 жыл ана тілінде білім алса, 10-11 сыныптарды тек орыс тілінде ғана оқиды. Біз неге тап осылай істемейміз? 10 мен 11-ді тек қазақша оқитын болса, бәрі тілімізді меңгеруге күш салар еді.
Және өз басым оқу жылын 1 қыркүйектен бастағанға қарсымын. Қыстың үш айында біздің өңірде жөнді сабақ болмайды. Балада қайдан білім болсын? Әрі мектеп көмірін жақпай экономдайтын, мектебі атқорадай суық директорларымыз да баршылық. Сабақ елімізде 25 наурызда басталып, 25 желтоқсанда бітсе деген ұстаздық арманым да жоқ емес.
Қарт ұстаз бір күрсініп, осы қазақ-өзге ұлт тілінде білім беру проблемасын ескермей отырған Қазақстан халқы Ассамблеясын бір сыбап алды. «Өз дербес мемлекеті жоқ: дүңген, татар, шешен-ингуш сияқты ұлттарға қазақ тілді интеллектуалды аралас мектеп-интернаттарды жабылудың аз-ақ алдында тұрған мектептер негізінде ашып беруді жолға қойса, онда өз мәдениетін қазаққа танытатын болашақ аудармашылар мен ғалымдарды өмірге әкеліп, өзге ұлтты қазақтандыруды жолға қояр едік. Әрі онда білім алған шәкірт қазіргідей орыстанбай өз ана тілін ардақтап, өз туып-өскен елінің нағыз патриоты болар еді-ау!»,- деді.
Жастарды мұғалімдікке оқытып жатырмыз. Олар кейін жұмыс таба алмайды. Егер жабылудың аз-ақ тұрған мектептерге жан бітетін болса, маман ұстаз барады. Онымен бірге өз ана тілінде білім аламын деген басқа ұлттың шәкірті де барады.
Шығыс пен Солтүстікте және орысы басым ірі қалаларды тұратын қазақ қана емес, ондағы аз ұлттар да жаппай орыстанып жатыр. Бұл – ел болашағы үшін үлкен қауіп! Ал, орыстану процесі жүріп жатқан аймақтағы ауылдық жерлерде мектептер қаңырап жатыр. Оны тек қос тілді (қазақ-шешен, қазақ-дүңген, қазақ-татар, қазақ-ингуш) интеллектуалды мектеп интернаттарын ашу арқылы шеше аламыз. Әрі бұған ана тілін ұрпағына үйреткісі келетін аталған ұлттардың өкілдері де қарсы болмайды. 100 пайыз қолдарын көтеріп қолдайды. Оның үстіне 10-15 бала ғана оқитын мектептерге мемлекет қыруар ақша бөліп келеді. Демек қаржы жағы табылады.
Ақсақал еліміз егемендік алған соң, Украина, Гүржістан, Әрмения, Әзербайжан және Оңтүстік Кореямен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазақ-украин, қазақ-гүржі, қазақ-әрмен, қазақ-әзербайжан және қазақ-кәріс мектеп-лицейлерін осы елдермен мәмілеге келе отырып ашуға болады деген ойын алға тартты. Бұған нақты дәлел Түрік-қазақ лицейлерінің әлеуетті және одан тәлім алған шәкірттердің қазіргі ел басқарудағы игі істері. Енді осы үрдісті жаңа бағытта дамытуымыз керек. Жеке ұлттық мектебі жоқ диаспораларды орыс мәдениетінен және орыстану үрдісінен алыстату үшін қазақ тілі негізінде өскелең ұрпағын ана тілінің уызына жарыту мемлекетті құрушы ұлт ретіндегі асыл парызымыз. Тіліміздің өзге ұлттардың арасында дамымай отырған себебі қазақ-өзге ұлт қос тілділігіне бағдар ұстанбауымыздан.
Осы мәселе саяси партиялар, мәжіліс депутаттары және ҚХА тарапынан өзінің оң шешімін тапса, Солтүстік пен Шығыстағы бала саны аз мектептерді сақтап қаламыз. Мысалы 1996 жылы 57 мың тұрғыны болған ШҚО Бородулиха ауданында дәл қазір 36 мың адам ғана тұрады. Енді 5 жылдан кейін осы аудандағы 34 білім ошақтарына бірінші сыныпқа бар-жоғы 250 шәкірт қана барады. 2026 жылы 150 бала мектеп табалдырығын аттайды. Ауданда тек Жезкенттің қос мектебі, Дмитриевка, Зенковка, Аманов атындағы, Әуезов атындағы, Новопокровка, Островский, Бородулиха қазақ мектебі, Коростели және Жаңа Шүлбі орта мектептері сынды 11 білім ордасы ғана әр сыныптағы 20-25 бала санына жауап бере алады. Ал қалған 23 білім ошағының кейбірінің 5-10 шәкірті бар екі-үш қабатты ғимараттары келе-келе талан-таражға ұшырайды. Жұрты азып-тозып көшеді.
Бұл ШҚО орыс тілді өңірлеріндегі бір ауданның ғана басындағы кеп. Осы бастан шәкірттер интернатта жатып оқитын қос тілді қазақ интеллектуалдық мектептерін өзге ұлттар үшін ашуда қолға алуымыз керек. Оған дайын қаражат та, ұстаз да, ғимаратта бар. Тек қазақ билігінде осыны жүзеге асыратын құлық болсын дейік.
Аты-жөнін атамауды өтінген қазыналы қартпен бірге өзге ұлттарға арналған қос тілді қазақ мектебінің болшағына ой жүгіртіп бір жасап қалдық.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz