Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6326 2 пікір 20 Қаңтар, 2020 сағат 11:09

Дүйсенәлі Әлімақын: Екеуіміздің арамыз шекарасыз...

ПАРАДОКС

Шаттығыңды күліп тұрған Күн деймін,
Жоқ күніңді жұлдызы өлген Түн деймін.
Сені аяйтын Мен бар екем жалғанда,
Мені аяйтын кім бар еді, білмеймін...

Енді ешқашан жығылмас ем, сүйесең.
Жанарыма жалғыз рет түне, Сен.
Сені ойлайтын батыл Жүрек менде бар,
Мені ойлайтын Жүрек кімде жүр екен?

Тағат таппай көңіл құрғыр желіккен,
Сені іздейді көшелерден, көліктен.
Саған раушан ұсынатын мен бармын,
Маған ешкім гүл бермейді неліктен?

Көз алдыңда бар ма жарқын елесім...
Мен туралы не білесің, Сен, осы?
Саған арнап қарға сонет жазамын,
Маған ешкім жыр жазбайды О, несі?

МЕН СЫЙМАЙМЫН САҒЫНБАҒАН ҚҰШАҚҚА

Тағдырын да, тарихын да ұғар ем,
Жанарыма сияр емес бұл әлем.
Тек сыйғаны, сенің кербез суретің,
Ақ теңізде ақ ханшадай күлесің.

Ондай жарқыл көрмегендей ешқашан,
Ондай ғапыл келмегендей от басам.
Мен өзіңе баяғыдай жақынмын,
Мен өзіңмен баяғыдай достасам.

Тағдырын да, жаңбырын да ұғар ем,
Жанарыма сыймай қойды мына әлем.
Тек сыйғаны саған барар жол екен,
Қайтып келші, қайта оралшы Сен, ертең.
Көзің болып мөлдірейді жұлдыздар,
Өзің болып сөйлеседі көлеңкем.

Сенсіз жерде елемеді, Түн мені,
Сенсіз жерде Жүрек-Айнам кірледі.
Сенсіз жерде түстім тағы қыс-отқа,
Сағынышым қардан бетер түсі аппақ.
Мен тулаймын Сенің дария кеудеңде,
Мен сыймаймын сағынбаған құшаққа.

Тағдырын да, барлығын да ұғар ем,
Жанарыма сыймай қойды мына әлем.
Тек сыйғаны сенің сол бір суретің,
Тек сыйғаны сенің атың – Ұлы есім.
Тек сыйғаны саған барар Жол екен,
Сенсіз жерде түсті тағы өр еңсем.

Ой қуалап отырғанда ұшақта,
Мен жіберген SMS-ті құшақта.
Сағынып кел, зарығып кел, болмаса
Мен сыймаймын сағынбаған құшаққа.

***

Маздатып жырын кеудемде,
Жетелеп кетті мені өмір.
Мен алғаш сені көргенде,
Бұдан да нұрлы еді өмір.

Отыңа түсіп күйгенде,
Жанарым жоқ боп кеткені.
Мен алғаш сені сүйгенде,
Бұдан да ернім отты еді.

Қасыңа жақын келгенде,
Айтылып тұрды көзіңде ой.
Мен сені алғаш көргенде,
Бұдан да тарпаң едім ғой.

Жаныма жарқын гүл берген,
Шақырып шексіз әлемің.
Мен алғаш сені сүйгенде,
Бұдан да мөлдір, пәк едім.

Цунами

Неге ілестім сол бір ессіз құйынға,
Неге ердім білмеймін?
Бір цунами бастап кеттің миымда,
Содан бері Нілдей мұң.

Жайдан-жайға кеткен жоқсың сен өзі,
Еріп кетті тынышым.
Аяқ асты сені көргім келеді,
Адыра қап жұмысым.

Сен келуге әлі қанша сағат бар,
Таусылды әне тағатым.
Жыр жазады еш кінісіз парақтар,
Жамылып ап қара түн.

Шыққан күнім еріне ұқсайды,
Батқан күнім шашыңа.
Мен отырар көлік неге шықпайды,
Жеткім келді қасыңа.

Неге ердім білмеймін,
Неге ілестім сол бір ессіз құйынға?
Содан бері күлмеймін,
Бір цунами бастап кеттің миымда.       

***

Сен болғанда бұл өмір боямасыз,
Құшағымнан Күн болып оянасың.
Екеуіміздің қаламыз – ғашық елі,
Екеуіміздің арамыз шекарасыз.

Жүрегім бе, байланып қалған еді,
Саған қайта қауышу арман еді.
Басқа дүние бос қалып, өзің жайлы
Оятады бір үміт таңда мені.

Жарып шығып күлтесін ар гүліміз,
Естелікке айналар бал күніміз.
Осы өмір өткел берсін деп тілейік,
Сол үміт екеуіміздің тағдырымыз.

Білесің бе, ғашық жан күнде өледі,
Сені ойласам жанымды гүл көмеді.
Әр күні өзің тұрған жаққа қарай,
Жетелейді бір жұлдыз түнде мені.

Дегендейін екеу болып оралыңыз,
Шақырады бізді арман аралымыз.
Көгінде аспанымның жанып тұрған,
Сол жұлдыз екеуіміздің жанарымыз.

Сен күлсең сыңғыр-сыңғыр бұлақ күлген,
Серім-ау, мен де сені ұнаттым де...
Өзің жайлы мендегі ынтық арман,
Есейіп шыға келді бір-ақ күнде.

Сен болғанда бұл өмір боямасыз,
Құшағымнан күн болып оянасың.
Екеуіміздің қаламыз – ғашық елі,
Екеуіміздің арамыз шекарасыз.

***

О, Ботам-ау,
Бұл не деген таусылмайтын от алау.
Дәл осы сәт әлем тыншы ұйықтасын,
Осы уақыт тоқтап қалса екен-ау.

Мынау шулы қалада,
Тағдырымыз түйілісіп барады ә?
Құшағымыз күйдіреді жер төсін,
Шықпайықшы далаға.

Хәлімізді қазіргі,
Ешкім жете түсінбейтін тәрізді.
Өзімізге айтылмаған гүл сөздер,
Көзімізге жазылды.

Екеу ара аңсау шын,
Бақыт атай жылы сөзбен қарсы алсын.
Осы сәтті, дәл осы бір минутты
Тарихшылар есебінен жаңылып,
«Екеумідің ғасыр» дей салсын.

Жанарымызда жоқ қайғы,
Құлшынбасақ тағдыр бізді соттайды.
Дәл осы сәт соқпай қалсын жүрегім,
Сенікі де тоқтайды.
Сосын.

***

Мені оятты Жұмағыңның желі кеп,
Ол Жұмаққа таныс әрі бөтенбіз.
Сен екеуміз не істей алар екенбіз?
Гүлге оранып тұруы үшін төңірек.

Мейірімге сусап тұрған жанарды,
Жұлдыз күткен тым ынталы түн деймін.
Біз құтқара аламыз ба, білмеймін,
Махаббатқа тым ынтызар ғаламды.

Тапсақ дедік сол бір мұңның дерегін,
Оған енді уақыт тапшы, жол қысқа.
Сезіндіре аламыз ба ел-жұртқа?
Шын сезімді қалай сыйлау керегін.

Сайтан ойдың сақ-сақ етіп күлгенін,
Естиміз де, білмегенсіп өтеміз.
Қай өлеңге сыйғызамыз екеуміз,
Еркіндіктің жалған шекпен кигенін.

ЫНТЫЗАРЛЫҚ

Шіркін, түннің тілін білсем,
шіркін, күннің тілін білсем,
Жастыққа айтар сырларыңды,
айтқызбай-ақ біліп жүрсем.

Шіркін, таңнан озар болсам,
шіркін, қардан таза болсам,
Сен туралы сағат сайын,
Тамаша жыр жазар болсам.

Сұлулыққа құмар болсам,
Жылулыққа құмар болсам,
Мен туралы ойларыңды,
Қарашығыңнан ұғар болсам.

Сезіміңнен бомбылансам,
Ұсына алсам сан мың раушан.
Көзіңдегі мейірімді,
Жанарыма қондыра алсам.

Жүрегіңнің оты болсам,
Тілегіңе қосыла алсам,
Ерніңдегі мөлдірлікті,
Ерініме көшіре алсам.
Шіркін.

***

І

Бізге енді бола көрме жол тұйық,
Берші өмір,қуанышыңды толтырып.
Айналамды қоршап алған қалың ән,
Қай біріңе бағынам?
Сен ұқшы,күн,сол сұлудың аңсарын,
Мен сол үшін қанша мұңды қаусадым.

Сен өпші,түн,сол сұлудың бетінен,
Бірақ,бірақ із қалмасын өтінем.
Жауһар жұлдыз,сен мазақтап күлмеші,
Сол арудың балалығын іздеші.
Менімен бірге.

II

Мықты болсаң кір дейсің-ау түсіме,
Сені ұқсатам еш кінәсіз мүсінге.
Бал ашамын ертеңіміз туралы,
Адасамын қарашығыңның ішінде.

Жете алмай жүр сені қуып көлеңкем,
Қайырылып қайта соқшы сен ертең.
Маған, маған,маған жетпей тұрғаны,
Саған,саған,саған барар жол екен.

Барам саған құшақ толы гүліммен,
Ақынға тән ең бір асқақ үніммен,
Арман жырын тыңдатуға асығып,
Аңғалдығым шығар саған жүгірген.

Жасын үміт жарысып бір желменен,
Ертелі-кеш сен деген.
Саған қарап,ешкімде жоқ әуезбен,
Тілім емес,көзім шығар сөйлеген.

Құтқар мені,"Аңсау" дейтін түрмеден,
Сартап мұңға салайын ба дүрбелең?
Сен екенсің кеудемдегі шоғымды,
Еппен ғана үрлеген.

ҮШТАҒАНДАР

ЖҰПАР

Махаббат. Шырқадым мен тылсым әнді.
Мен біреуге роза гүлін бердім,
Саусағымда сол гүлдің иісі қалды.

НАЛА

Әр таң туса,іңгәлар арманым көп.
Осы мен ақын емес шығармын-ау,
Өйткені,миф тудыра алғамын жоқ.

ДОССЫЗ ИМПЕРАТОР

Бұл өзі сан ғасырлық дерек еді.
Наполеон " Менде нағыз дос жоқ",- депті,
Соғысқанша дос іздеу керек еді.

ОҒАН...

Әркім оны жақыннан тыңдауға әуес.
Сенің дауысың емес пе,сенің дауысың
Жүрегімнен естілген жұмбақ дауыс.

АҢСАР

Дүние-ай,ерініңнен сүйгізбейсің.
Сенде бары қазірше тек асаулық,
Менде бары қазірше күндіз бен түн.

ҚҰС ҰҚСАТУ

Ұқсайды қиқуы да,ұшқаны да.
Алматыға топ етіп қона қалған,
Мыналар біздің ауыл құстары ма?!

САҒЫНЫШ. HOMESICK

Мың сағыныш және де мың аңсау бар.
"Біздің бала ауылды ұмытты",-деп,
Шақшасына түкіріп тұр-ау шалдар.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5493