"Адамның ар-ұяты – Мән табушы орган"
Аялдамада автобус келгенше уақыт өлсін деп телефон шұқылап тұрған едім. Біреу аяқ киімімнің жанында жатқан кір-кір салафанды алып пакетіне салып жатыр. Әдепкіде қоқыс жинаушы деп ойладым. Жоқ, әп-әдемі киім киген, әдемі жігіт. Бұл неге қоқыс жинап жүр деп ойладым? Расымен таңғаласың ғой. Сосын біреу сыртынан видеоға түсіріп тұрған шығар деп ойладым. Арзан хайп қуалап жүрген біреу болды ғой...
Сөйтіп аялдамадан алысырақ барып, олай-бұлай қарап шықтым. Видеоға түсіріп тұрған ешкім жоқ.
Сонда бұл не үшін әдемі киімімен мусор тазалап жүр?..
Қызық болсын деп сыртынан ұзақ бақыладым. Расымен азамат екен. Мусордың бәрін жинап, тіпті темекі тұқылына дейін теріп алды. Бәрін бір пакетке салып, қоқыс жәшігіне тастады. Сосын қолғабын шешіп, қалтасына салды да, автобусқа мініп кетіп қалды.
Әшейінде, экософия деп айтқанда майын тамызып тұрып сөйлеймін, бірақ іске келгенде осылай жеңілетінім бар.
Бұл жігітті сауап жинап жүр деп те ойламаймын. Себебі көшедегі мусорды тазаласаң пәленбай сауапқа кенелесің деген уағызды өз басым мешітте естігем жоқ. Патриот, ұлтшыл деп те айта алмаймын. Себебі түріне қарасаң тегі орыс сияқты.
Яғни, ар-ұяты мазалаған шығар деп түйдім. Себебі адам өмірден мән іздегенде оған баратын жолды әманда ар-ұяты нұсқап тұрады. Сондықтан логотерапияда "Адамның ар-ұяты – Мән табушы орган" деп атайды. Адамзатқа ортақ Мәнді де адамның ар-ұяты ғана іздеп табады.
Әттең, мұндай жағдайда мені де ар-ұятым мазалайды. Бірақ, кеудеңде кісілік деген бір қара күш жерге иілітпейді-ау, шіркін, иілітпейді. Әйтпесе жақсы адам болып кетер едім. Бір жағыңнан "Мусор теретін қолғабың жоқ қой, байғұс-ау" деп сайтаның да сыбырлап тұрады екен.
Айбек Набидің әлеуметтік желідегі жазбасынан
Abai.kz