Трамп: Мадуроның президенттік күндері аяқталды
АҚШ Венесуэладағы ықтимал әскери операцияларға арналған плацдарм дайындап жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі алынған спутниктік суреттерге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, 7 қыркүйекте Пуэрто-Рикода 20 жылдан астам уақыт қараусыз қалған АҚШ-тың Рузвельт-Роудс әскери-теңіз базасында құрылыс жұмыстары басталған. Онда ұшу-қону жолағына апаратын рулеждік жолдарды тазарту және жол жабындысын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұған қоса, АҚШ Пуэрто-Рикода және америкалық Вирджин аралдарының құрамына кіретін Санта-Крус аралында азаматтық әуежайлардың инфрақұрылымын кеңейтіп жатыр. Бұл аумақтар Венесуэладан шамамен 500 миль (шамамен 800 км) қашықтықта орналасқан.
Вашингтон Каракасты есірткі контрабандасына қарсы жеткілікті белсенді күреспейді деп айыптап отыр. Осы себептен де АҚШ Кариб теңізі аумағына ірі күштерін көшірді. The Miami Herald газеті хабарлағандай, америкалық билік Венесуэла аумағындағы әскери нысандарға соққы жасау туралы шешім қабылдаған.
Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп журналистермен болған әңгімеде Венесуэлаға соққы беруді қарастырып жатыр немесе бұл жөнінде шешім қабылдады деген болжамдарды жоққа шығарды.
Еске сала кетсек, АҚШ ең ірі әуе тасымалдағышын Венесуэлаға жібергенін жаздық. Оның алдында америкалық бомбалаушы ұшақтар Венесуэлаға мүмкіндігін көрсеткен еді.
Abai.kz