Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
6282 6 пікір 31 Қаңтар, 2020 сағат 12:16

Жаңаөзендіктер Президент Тоқаевқа ашық хат жазды

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының тұрғындары ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде мұнайшылардың бейбіт ереуілі кезінде халыққа оқ атуға бұйрық берген лауазымды тұлғаны анықтауды талап етіп хат жолдады,- деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Хатқа жүзден астам Жаңаөзен тұрғыны қол қойған. Олардың басым көпшілігі оқиға кезінде жақындарынан айырылғандар, жараланып, мүгедек болғандар.
Бұл хатты Президент Тоқаевқа тапсыру үшін Жаңаөзен тұрғындары Нұрлыбек Нұрғалиев пен Мұратбай Жұмағалиев арнайы елордаға барған. Тұрғындар мұндай хат осы уақытқа дейін экс-президент Н.Назарбаевқа бірнеше рет жолданғанын айтады. Алайда, еш жауап болмапты.

-Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты ауқымды негізгі мәселе – қарусыз халыққа полицияның оқ атуы. Атыс қаруын қолдануға бұйрық беруге құқылы бірден-бір уәкілетті тұлға, ол – Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы болуы мүмкін бе? Бірақ полиция – төменнен жоғарыға бағынатын, атыс қаруын қатардағы полицияның өздігінен қолдануы мүмкін емес орган. Яғни – бұқара халыққа қарсы атыс қаруын қолдануға міндетті түрде біреу бұйрық берді. Демек, бұйрықты берген кім? Қарусыз адамдарға оқ атқандарды анықтап, жауапқа тартпай Жаңаөзен жағдайы тұрақтанбайтынын ескертеміз,- делінген хатта.

Бұдан бөлек тұрғындар жараланғандарға, баласынан, туысынан айырылып, қатты күйзелістің салдарынан денсаулығынан айырылғандарға арнайы мәртебе беруді беруді талап етеді.

Айта кетейік, 2011 жылдың 16-желтоқсан күні Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында полиция бірнеше ай бойы ереуілдеп тұрған мұнайшыларға қарсы оқ жаудырып, күшпен таратқан. Кейін ресми дерек бойынша, 17 адамның қаза болып, 100-ден астам адамның жараланғаны анықталды.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036