Жексенбі, 5 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 531. Жазылғандар — 36. Қайтыс болғандар — 5
Қазақтың тілі 3102 30 пікір 7 Ақпан, 2020 сағат 13:26

Мұнда ғылым да, стратегия да жоқ. Тек саясат бар...

Ия, тіл жүйесі де тура би сияқты өзінің ішкі заңдарына сәйкес келмесе қисайып қалады, қабылдамайды не сыртқа теуіп тастайды. Мұнда басқа түркілерде бұлай екен, еуропада олай екен − деген уәждер жүрмейді. Ақаң төл әліпбиін түзе бастағанда жан-жағындағы түркілердің сан ғасырлық жазуы қолданыста болған. Тіпті қазақ ауылында да сол жазумен оқытатын мектептер болған. Сол кездегі қазақ оқығандары сол әліпбимен бір біріне хат жазысып, газет-жорнал шығарып тұрған. Ақаң өз әліпбиін түзерде мұның бірін де есепке алмады. Қазақ тілінің жүйесі не сұрайды, соған арнап әліпби жасады. Өзіміздің бұрынғыша оқығандарымыз бар, өзге түркілер бар бәрі өре түрегеліп,  Ақаңа бас салды. Олар әр ұлттың өз тілі, соған сай өз ұлттық әліпбиі болатындығын түсінбеді. Ал Ақаң өз әліпбиімен мектеп ашып газет шығарды. Төрт жылда құран жаттап барып зорға сауаттанатын бала бар жоғы төрт-ақ аптада хат танып жүре берді. Ақаң қазақ тілінің ішкі төл заңдарына ғана сүйенді. Ал біз әлі жалтақ-жалтақ етіп, әлі өз сүрлеуімізге түсе алмай жатырмыз.

Әліпби зерттеудің нәтижесінде жасалатындығы белгілі. Бұл істе саясат өз тізгінін тарта тұрып ғылымды тыңдауы тиіс. Біз кеше қоғамға айналасы бес айдың ішінде үш әліпби ұсындық. 2017 жылы 11 қыркүйек парламент нұсқасы (диграф). Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлыгымен бекітілген (апостроф) екінші нұсқа. 2018 жылдың 19 ақпанында алдыңғы шығарған «Қазақ тілі әліпбиін криллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлығына өзгеріс енгізді (акут). Бұл үшінші нұсқа.

Мұнда ғылым жоқ, мұнда стратегия да жоқ. Мұнда тек саясат бар, мәнөбір бар және осы еш ғылыми негізі жоқ әліпбилерді, бірінен кейін бірін іліп алып жетелеп келген жауапты адамдар бар. Қоғамды адастырған міне солар.Тілдің ішкі жүйесі ешкімге бағынбайды, өз заңы бар. О баста соны негізге алмаған соң екі жылғы жұмысымыз адыра калып отыр. Бүгін ғалымдарға, тіл мамандарына толық мүмкіндік беріліп отыр. «Әліпбидің латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіру керек. Мәдениет және спорт міністірі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр», деді Қ.Тоқаев.

Енді жауапты орындар осы іске біледі-ау дегендерді жинап, кеңінен талқылаудың орнына тағы да саяси ойындарды бастап отыр. Кеше емлені де солай ғылыми көпшіліктен тығып әкеп, үкіметке мақұлдатып, бас газет «Егеменге» жариялап жіберген едік. Оны көрген ғалымдар көтеріліп,   бірнеше рет қайта талқылап, әлгі мақұлданган жоба іске алғысыз болып қалған болатын. Аузы күйген үріп ішетін еді. Ал біз (әліпбиді билеушілер) тағы сол жалған арнаға қайта түсіп алып, алға ентелеп келеміз.

Айналайындар-ау, акутты жамап береке таппайтынымыз мектептегі оқушыға да белгілі ғой. Мұны ешкімге көрсетпей бекіттірелік-ақ дейік. Бұл әлгі лентасын қиып, болды бітті ұмытып кететін зауыт емес кой, жаңадан ашылып жатқан. Бұл ертең жұрт алдына барады. Түрік әліпбиіне негізделген таңба басы нүктеге толы жобаларды қабылдамай жатқан қоғам  акутты  қабылдай ма?! Белден басу, бассыздық. Неше рет бекітілді? Ертең ғылыми негізі жоқ шикі жобаны қоғам теріске шығарғанда айтатын ғылыми уәж де жоқ. Тек, тапсырыспен жазылған қолдау мақалалар ғана бар. Ертең бұл тұғыры бос құм төбедей шайылады да кетеді ғой. Неге асығамыз, неге менбілемдікке салынамыз? Неге осыған қатысы барлар мен жанашырларды түгел жинап ақылдаспаймыз. Миым жетпейді.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

30 пікір